Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 47 из 82

Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай батыры намысқа шаппаған? әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса, бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып жіберсе қайтер еді? әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам? Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес».

Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол — осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу… Бірақ ағасының сыры өзіне мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің… Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе…

— Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек, — деді Кенесары, — бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара, Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз.

— Дұрыс.

Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді. Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті.

— Байтабын батыр келген екен!

Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып кетті.

Иә, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас. Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген. Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты ақсұңқар…

Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді.

— Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба? — деді.

Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен қастары көзінің ортасына түйіліп:

— Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі. — деді ол жігіттің жүзіне тесіле қарай, — алдымен бір өзара талас жәйді шешіп алалық… Байтабын, сені жұрт мерген деседі… Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!..

— Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей… — Байтабын Наурызбайға жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады.

Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты.

— Ақымақ оққа сен айыпты емессің!



Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға: «Ақбөкен үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па! Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?»

Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді. Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол қолына қондырды да қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті.

Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте… Наурызбайдың созылған қолының басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады.

Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да:

— Байтабыным, шын мерген екенсің! — деді. — Бүгінгі маған көрсеткен құрметің үшін қарамағымдағы елдің өзің таңдаған ең сұлу қызын ал.

Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды.

Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді. Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары түгіл, достарының қатты сөзін кешірмейтін өркөкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс таласы осылай бітті.

Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын күн туса тағдырын Қараүлек шешсін… Қасыңнан жау болып кеткен ақылды батыр шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті».

әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап:

— Байтабын батыр, — деді жылы шыраймен, — ал енді қиын-қыспақ, қауіп-қатерден аман қайтқан алыс сапарың жайын баянда.

Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де:

— Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда: Омбыдан да қалың әскер шығады деседі… Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ көрінеді, — деп сөзін аяқтады.

Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса, құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен. «Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар…»