Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 28 из 82

— Қамзолыңды шешіп, ана есіктің тиегін салып кел, — деді Қоңырқұлжа өзі ыңғайлана беріп. Қуанып кеткен жас тоқал орнынан асыға тұрып ырғала басып барып есіктің тиегін салды. Дәл осы кезде сырт жақтан біреу есікті тарт- ты. Зейнеп босағадан сығалап жіберді де:

— Сұлтаным, Шыңғыс пен Жәнәділ, — деді, — ашайын ба?

— Жандары шығып кетпес, күте тұрар, өзің бері кел…

Тоқалдың ұпайы түгенделіп болғаннан кейін, әлден уақытта барып, есік ашылып, үйге Шыңғыс пен Жәнәділ кірді. Түстері солғын. Әсіресе Жәнәділ. Екі ұрты суалып, көзі кіртиіп, бір түннің ішінде сүзектен тұрғандай ілмиіп қалған. Күнәні әкесі емес, өзі істегендей, Қоңырқұлжаның бетіне қарай алмады, басы төмен салбырап кеткен. «Бәсе, нағашыңа тартқан бөз өкпе боларсың деуші едім, дауыс көтеруге жарар түрің жоқ қой. Күмістің де енді маңайынан жүрмессің», — деді ішінен аға сұлтан. Жәнәділ расында да әкесінің айтқанындай боз өкпе, босаң бел, жігерсіз жігіт еді. Бар махаббатын түнде жылап тауысқандай Күмістен де күдер үзген, әкеге де қарсы сөз айтар дәрмені жоқ, қазіргі тұрысы қажырсыз, салы суға кеткен адамның кейпі еді.

Ал Шыңғыс болса сусыны қана умашталған тоқал шешесінің жайраңдаған түрін көріп, жанжалдың жеңіл біткенін түсінді. «Татуласқан екенсіңдер. Бәсе, қара ниетті кәрі қорқау, жүзге істеген қиянатының өзіне қайтарылған бірін кешірсе керек етті. Енді әкеден келер қауіп жоқ».

әкесінің сырын осы күнге дейін анық түсінбеген Шыңғыс, оның баласына өлмей кешпес кек сақтап қалғанын қайдан білсін!

Қоңырқұлжа боқшантайынан Талызинның бұйрығын қайта алып, балаларына оқып берді де:

— Сендер ақ патшаның офицерлерісіңдер. Бұйрықты орындау — борыштарың. Әрқайсың жүз сыпайдан алып, ереуіл көтерген елдерге жүріңдер. Айтқандарыңа көнсе көшкен жұртты кейін қайтарыңдар, көнбесе бастарына ақыр заман орнатыңдар, — деді.

— Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес.

— Ақ патша офицерінің сөзі емес айтып тұрғаның, қарғам. Құдайменді ұрпағының атына кір келтірмеңдер! — деді аға сұлтан келте қайырып.

Көрер көзге өлімге айдап салғанынан Шыңғыс қатігез әкенің өз күнәсін кешпегенін ұқты. Аға сұлтанға енді сөз қайтармай екі баласы үн-түнсіз үйден шығып кетті.

Аздан кейін олардың Қараөткел бекінісіне қарай шауып бара жатқан дүбірі естілді.

Қоңырқұлжа сәл тыңдап тұрды да:

— Қашанғы тоқал шешесінің етегіне жабыса береді, Шыңғысқа да өзін көрсетер мезгіл жетті, — деді.

Зейнептің жүрегі мұздай боп кетті. «Бәрін де біледі екен. Мезгілсіз келгенінің де себебі сол болды. Анау етегіне жабысқан қан да соның есебі екен. Қарамағында кісі жоқтай, туған балаларын өлімге айдап салуы да соның өші. Көкжал болсаң осындай бол».

Кәрі тарлан Қоңырқұлжаға Зейнеп сүйсіне қарады. Айыпты екені есіне түсіп кетіп, аяғына жығылып кешірім сұрағысы да келді. Бірақ оны істемеді, әйел болса да түбі Бөкейханның ұрпағы екенін ұмытпады. Сол сазарған қалпында:

— Ал Жәнәділдің жазығы не? — деп сұрады.

— Жазығы баласы мен шешесінің қылмысын біледі. Және сұлтан басын қарашының қызына қор етпек болды.

— Бәріне де түсіндім. Енді мені төркініме қашан апарып тастайсың?

— Баланы өзім таптырдым, өзім жазалаймын. Ал қатынды қырық тоғыз төлеп сатып алғам, қалың малымның құны қайтпай бостан-босқа неге апарып саламын? — деді қабағын түксите, сөйтті де сәл жібіп, — қымызың болса әкелші, шөлдеп кеттім, — деп теріс бұрылды.

«Арам қолдан қалай адал қымыз ішуге дәті барады», — деп Зейнеп сәл таң қалып тұрды да, өзін-өзі жұбатты. «Жарайды, хан тұқымында бұдан да сорақы күнәлар болған. Өзі кешсе, маған не сор?».

Ол енді жорғалай басып, босағада тұрған күміс піспекті қара сабаға қарай беттеді.

Осы кезде үйге біреу кірді.

— Ассалаумағалейкүм.

Қоңырқұлжа сәлем берген адамның бетіне бұрыла қарады да, кенет жүзі жылып сала берді.

— Ау, Ожар сабазсың ба?

— Иә, аға, сұлтан, өзімін.

— Жарқыным-ау, тірімісің, қайдан жүрсің? Жоғары шық.

— Омбыдан. Және жалғыз емеспін, — деді Ожар төрге таман отырып жатып.



— Қасыңда кім бар?

— Қатыным.

— Кімнің қызы?

— Тайжанның.

— Қай Тайжан? әлгі патшаға қарсы шығып атылған… Азнабайдың Тайжаны емес пе?

— Иә, сол кісінің қызы…

— Онда қыз бар ма еді?

— Өзі ұсталғанда… Алтыншаш деген қызы қалған екен. Тайжанның үй-ішін Туринге айдағанда Омбының бір бай саудагері сол Алтыншашты сатып алып, генерал Фондерсонға тарту етіпті… Биыл он алтыға шықты.

— әңгіме сенде екен ғой!.. Иә, сен оған қалай үйленіп жүрсің?.. Өзі қайда… Үйге неге кір демейсің…

— Көрші ауылда… Қалай үйленгенім ұзақ жыр…

Ожар қымыз сапырып жатқан Зейнеп жаққа көз тастады да, сөзін тия қойды. Аға сұлтан бірден түсініп әйеліне:

— Тоқал-ай, сыртқа шығып қонаққа шай қойғыз, қой сойдыр… — деді.

Зейнеп: «Менен жасырасыңдар ғой сырларыңды», — дегендей кекете езу тартты да үйден шығып кетті.

Ожар Сейтенмен қалай серік болғанын, оны қалай ұстап бергенін, өзінің тұтқын болып неге бірге жүргенін бастан-аяқ баяндап берді де:

— Омбыға барған соң да екі жетідей абақтыда жатуға тура келді. — Сейтенді бөлек, мені бөлек «соттамақ» болды, — деп күлді. — Бір күні Фондерсонның өзі келді. Генерал дегенді жақын жерден бұрын кім көрген, сары ала түймелі, қайқиған жирен мұртты, түсі суық кісі екен. Сейтен мен Тайжанды ұстап бергеніме рақмет айтып, не тілегің бар, сұра деді… Омбыға былтыр бір жәрмеңкеге келгенімде Алтыншашты көргенім бар… Сонда аузымнан сілекейім ағып құмар боп кеткем. Тәуекел деп генералға: «Маған қатындыққа есігіңде жүрген қырғыз қызын берсең болады», — дедім.

— Жиырма бесінші жылғы заң бойынша қыздың кімге тием десе де өз еркі. Біздің зорлауға хақымыз жоқ, — деді генерал. — Қыз көнсе…

«Байқаймын генералдың Алтыншашты маған берер түрі көрінбейді. Заңды өздері қолдан жасап алып жүрген жоқ па… Темір торлы абақтысы бар қала түгіл, жалпақ жатқан қазақ жерінің өзінде де қыздың еркін кім сұраған. Әйтсе де мен:

— Қызды көндірудің міндетін өзім алайын, — дедім.

Генералдың көзі шарадай болып кетті.

— әкесін ұстап берген адамға ол қалай көнеді? — деді.

— О жағын өзіме жіберіңіз, — дедім.

Генерал айтқан сөзін қайтып ала алмады. «Жарайды» деді.

Бұрын бізде күзетте жүрген бір шоқынды татар уряднигінен естігем: «Фондерсон үйіндегі малай қыз сізді екі-үш рет сұрады. Егер тамақ берсем тапсырасың ба?» — дейді деген.

әрине, әкесінің ағасымен бірге абақтыға түскен соң, мені солардың адамы екен деп ойлап жүргенін бірден ұқтым. Жемін сезсе жиырылған кірпі бауырын жазады, азырақ ақша беріп, әлгі урядниктен мені қызбен бір жолықтыруын сұрадым. Өз дінін сатқан урядник, патша қызметін де сатты, бір кезекте тұрған күні Алтыншашты маған әкеп жолықтырды. Қыз кісендеулі Сейтен екеумізді генерал үйінің жанынан абақтыға айдап апара жатқанда көрген екен. Жаны ашып түнімен жылап шығыпты. Байқаймын, шет жақта өскенмен, өз тумаластары десе үзіп жанын беретін түрі бар. Оның үстіне мен оған елінің азаттығы үшін күресіп жүрген бір батыр жігіт боп көрінген тәріздімін. Қысқасы, біз шу дегеннен тіл таптық. Сөйтіп, бір-екі кездескеннен кейін, екеуміз қол ұстасып елге қашпақ болдық.

«Біздің осылай уәделескенімізді Фондерсонға айтып едім, ол шу дегенде жаман ашуланды. Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайды» деген осы деп бір сәтте Алтыншашты жазаламақ та болды. Дегенмен ақылды адам ғой, аздан кейін сабасына түсіп «Сенің мұның дұрыс екен. Алтыншашты алып еліңе жет… Халқының азаттығы үшін күрескен кісінің қызын алып қашып келсең, саған жұртың сөзсіз сенім көрсетеді. Ал бізге қазақ арасында, әсіресе Кенесары жігіттерінің арасында сендей жансыз көз-құлағымыз болғаны өте қажет», — деді. Сөйтіп мен қазір Алтыншашты қатын етіп алып, Кенесарының аулына бара жатырмын, — деді сөзін аяқтап Ожар.

Қоңырқұлжа риза болып қарқ-қарқ күлді.

— Жігіт болсаң міне осындай бол! Қой да аман, қасқыр да тоқ, қатын да бар.

Ожар төмен қарап күлімсірегендей езу тартты.