Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 27 из 82

Бүкіл Қараөткелді бір шыбықпен айдаған Қоңырқұлжа өз басына түскен ауыртпалықтан осылай күбідей ісініп не, істерін білмей жүргенінде, Талызинның әлгі хаты келген.

Қоңырқұлжа қуанып қалды. «Ау, туған балаларыңды көрер көзге ажалға айдағаның ба, деген іштей сұраққа: — үш жүз бірдей мадақтаған Абылай өзін Хиуа ханының құлдығынан алып қашып, еліне аман-есен әкелген Ораз құлды ер жеткен кезінде «Басымнан өткен қашқындық, құлдық қаралы күнімнің куәсі болады», — деп өз қолымен бауыздаған жоқ па еді?! Жамандық ісіңнің айғағы болар адам тірі жүруге тиісті емес. Бұл салтты Абылай балалары берік ұстағанда Сәмеке ханның ұрпағы неге қашады? Аға сұлтан Қоңырқұлжа өзінің тоқал шешесінің қойнына барған баласы Шыңғысты ерлік көрсетер сын сапар- ға жұмсауы күнә ма?» — деп мырс-мырс күлген.

Енді осы шешімін айтпақ боп іздеткенінде, Омбы кадет корпусынан жазғы демалыстарына келген Жәнәділ де, Шыңғыс та аулында болмай шыққан. Кенет бойын қызғаншақтық, ашу билеген Қоңырқұлжа оларды іздетіп шақыртып алуға шыдай алмай, қасына он бес баскесер нөкерін ертіп, өзінің әлі түнейтін кезегі жетпеген жас тоқалының аулына түсіп кеткен. Бірақ Жәнәділ мен Шың- ғыс мұнда да болмай шыққан. Сірә әкелерінің келе жатқанын естіп, көрші ауылға кетіп қалған тәрізді. Бір нөкеріне «тауып әкеліңдер» деп бұйырып, өзі тоқалының үйіне түскен. Мезгілсіз келген байының түксиген қабағынан Зейнеп сескене қалса да сыр бермеген. Сұлу денесінің еркектерге алдымен көзге түсетін ерекше жерлерін күзгі семірген тоқты қойдай әдейі бұлтылдата, көзін жерден бір алмай, аяғын ұшынан басып қызмет істеген. Жас бағланның тез піскен етін тұтасымен бір өзі жеп, бір шара қымыз ішіп ықылық ата бастаған Қоңырқұлжа қырмызы қызыл түлкідей құлпырып өзінен әлденені дәметіп монтиып отырған тоқалға сонда ғана қараған. Жеген еті мен ішкен қымызы бойға тарап, денесін кенет бір алуан қызу сезім билей жөнелсе де, «тоқалым, сенің көңіліңді соңынан табармын» деп далаға шыққан. Ел жата бастаған кез еді. Жәнәділ мен Шыңғыс әлі келмеген екен. Қоңырқұлжаны бөтен ой билеген.

— әбдіуақит төлеңгіттің үйі қайсы? — деді ол қасында тұрған нөкеріне.

— Мынау шеткі қараша үй.

Қоңырқұлжа ешкімге тіл қатпай сол үйге қарай жүре берген. Аға сұлтанның ізін басып оны күзетіп жүрген топ нөкері де соңынан ерген.

Қоңырқұлжа «Ассалаумағалайкүм» деп кіріп келгенде, ең алдымен қараша үйдің дәл ортасында қып-қызыл боп жайнаған тобылғы шоғын көрді. Одан кейін қара көлеңке үйдің оң жағында құрама көрпенің үстінде шашының ұшын өріп отырған бой жете бастаған жас қызға көзі түсті. Бөтен жан жоқ. Бейсауат келген аға сұлтанды танып қыз не істерін білмей тыпырлаған да қалған.

— әбдіуақит қайда? — деді аға сұлтан, қыз бетіне сүйсіне қарап.

Қыз бұрынғыдан да саса түскен.

— әлгі көрші ауылдағы нағашым үйі шақырып еді… Кіші баласын сүндеттетеді екен. Апам екеуі соған кеткен… Көп кешікпей келіп қалар…

— ә-ә… Атың кім?

— Күміс…

Шешім табанда келген. Қоңырқұлжа мінезіне әккі болған нөкерлер үйден шығып кеткен.

Аға сұлтан қызға қайта қараған. Күміс десе күміс екен. Маңдайы қақтаған күмістей кең, өзі жұмыртқадай аппақ, сазды жерге біткен сары ағаштай сұңғақ бойлы, уылжыған бір керемет. «Жәнәділ де текке құмартып жүрген жоқ екен!» — деді ішінен кенет бойы балқып кеткен Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртына жамыла салған қара пұшпақ ішігін иығынан сілкіп түсіріп, көйлекшең қалды да, сабадай кең жарғақ шалбарының ауын шешіп жатып, Күміске қарап:

— Балам, ана бір кеседегі сусынды бері әкелші, — деді.

Аңшы қуып жеткен еліктің лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан шыға жаздай жаутаңдаған Күміс бір сәтте далаға қаша жөнелгісі де келді, бірақ сыртынан есікті ұстап тұрған жігіттерді аңғарып, «ештеңе ете қоймас. Сусын сұрап отыр ғой…» — деп дірілдеген буынын әзер басып, майыса түрегеліп аяқ жағында тұрған саумал құйылған, қаңылтыр сыммен шандыған ескі кесені ұстап, арбаған жыланға таяған торғайдай, Қоңырқұлжаға жақындай берді.

— Мінекейіңіз…



Сол-ақ екен Қоңырқұлжа Күмістің ақ білегінен шап беріп ұстай алды да, өзіне тартып алды. Қыздың тек «ойбай» деген даусы ғана шықты. Ар жағында жағалтайды ілген қара бүркіттей Қоңырқұлжа Күмісті қозғалтпастан балдыр- ған жас денесін шөккен бураша алпамсадай кең бауырының астына алып, әлі әбден қатпаған қабырғасын сындырардай қыса, умаштай жөнелді…

Қанша бұлқынғанмен аузын кеудесімен тұншықтырған алып күш қоя ма, аздан кейін Күміс талықсып кетті. Бірақ аға сұлтан оған қараған жоқ. Елуге келсе де, әлі күші қайтпаған, бағлан қозы еті мен уыз қымызға тойынған Қоңырқұлжа енді жас Күмістің абыройын қызыл қан етіп ағызды.

Қоңырқұлжа мауқын басып, маңдай терін сүртіп жатқан кезінде сырттан:

— Сұлтан, қайтесіз қызуланып, сізге кіруге болмайды, онда аға сұлтанның өзі бар, — деген бас нөкерінің даусын есітті. Қоңырқұлжа баласы Жәнәділдің келгенін білді.

Дүлей күшке қарсы тұра алмай ақ жүзін мөлдір жасы жауып талмаусырап жатқан «жас иісті» тағы да бие сауым мезгіл әурелей, аға сұлтан әлден уақытта орнынан тұрды.

— әкесі қатын қылған қызға үйленсін енді Жәнәділ! — деп есіней күлді де, ішігін иығына іліп, жарғақ шалбарын қолтықтай үйден шығып кеткен.

Тоқалының отауына жақындай беріп, анандай жерде, көген қасында екі бетін қолымен басып, екі иығы бір көтеріліп, бір түсіп үнсіз жылап отырған Жәнәділді көрді. Қайырылып қараған да жоқ. «әкеңнің тоқалына ініңнің барғанын бетіме салық ететін сабазсың ғой, ал енді не айтар екенсің?» — деді ол күбірлеп, өзінің туған баласын табалай, сөйтті де ақ отауға беттей берген.

Бір нөкері соңынан асыға қуып келіп:

— Алдияр аға сұлтан, әке-шешесін қайтеміз, көрші ауылдан келе жатқан бетінде қол-аяқтарын байлап сайда ұстап тұрмыз? — деп еді, Қоңырқұлжа:

— Қоя беріңдер, — деді де ақ отауға кіріп жоқ болған.

Қоңырқұлжа шаңырақтан түскен күн сәулесінен бетін сәл әрірек қозғады да, қайтадан тоқалына қарады. Одан бетін аударып босағаға көз тастады. Босағада керегеге жібек бүлдіргісінен ілінген сегіз қарыс, өрімі қос саусақты ырғай сапты қамшы тұр.

Өз балаңмен ойнас болатын патшағарсың ғой, алсам қайтер еді ана қамшының астына, деп ойлады ол бір сәтте. Бірақ ол ойынан тез қайтты. Зейнеп осал жердің қызы емес. Қарқаралы аға сұлтаны Жамантайдың кенже қарындасы. Бұ да Тәуке сұлтанның қызы. Сұлтан қызын ұруға дәстүр жоқ. Ұнамаса, немесе дәм-тұздары жараспастай кектессе сұлтандар ғұрып бойынша ондай әйелді ұзатып әкелгеніндей, бір көш етіп ырғалтып-жырғалтып төркініне апарып салуы керек. Күнәсін өз әкесі тартқызады. «Иә, бұл қамшы саған емес, бөтендерге арналған, анау қорғасын сымды төрт таспа, осы Қоңырқұлжаның өз қолымен-ақ талай құл мен күңнің арқасында ойнаған».

Аға сұлтан қайтадан тоқалының бетіне көз тастады. Таң ата Қоңырқұлжа үйге кіргенінде Зейнеп, ұйықтамай күтіп жатыр екен. Тоқалға нәпсіқұмар сезіммен көңіл қосқан жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді. Аға сұлтан төрге келіп жантайып көзі ілегіп кеткенше, Зейнеп болыскей кереуетті сақырлатып, «жаныма келсейші» деп шақырғандай әлсін-әлсін дөңбекши берген. Бір шапса ұзақ шабатын әбден қалжыраған кәрі мәстек, жас байталдың ойнағысы келгенін білсе де, шаршағандықтан жастыққа басы тиісімен қор ете қалған. Содан сәске кезінде көзін ашса, аяқ жағында тоқалы отыр екен. Ызалы жастан бұлауланған екі көзі Күмістің абыройы қан боп қатқан Қоңырқұлжа көйлегінің етегіне қадалған…

Қоңырқұлжа қымсынар емес. «Өзіңнің көп істегеніңнің бірі ғой менің түндегі бозбалашылығым», — деп қанды етегінен именбестен жүнді балтырлы аяғын созып;

— Уқала, — деген. Содан қайтып тіл қатқан жоқ. Ал Зейнеп сол сәскеден күн көтеріліп, түске таяғанға дейін әлі қозғалмай отыр. Ұзын жібек кірпіктерін анда-санда бір көтеріп, қара көздерін Қоңырқұлжаның кіндік тұсынан төмен бір қадап қояды да, қабағын сәл шыта көйлегінің етегіне аударады. Ақырын ғана күрсінгендей боп демін алады да байының жүнді жуан балтырын қайтадан уқалай түседі.

Қоңырқұлжа тынығып қалған екен. Әлі де болса бірдемені дәметіп мөлиіп отырған тоқалды кенет аяп кетті.