Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 26 из 82

Қоңырқұлжа Указды оқып шығып, оның маңызына жете түсінейін дегендей сәл үндемей жатты. Аздан кейін ғана барып тағы да сәл күлімсіреді. «Асықпаңдар. Тек осы Ақтау бекінісі салынып болсын. Сонда көрерміз қайсыңның қалай тырп еткендеріңді!»

Жанында отырған тоқалын Қоңырқұлжа адамға санар емес, Указға риза болып кетіп, қос басты самұрық құс салынған жерін шөп еткізіп сүйіп алды да орнына қойды. Енді осы Указбен бірге Омбы генерал-губернаторына жазған патшаның екінші жарлығын оқуға кірісті. «Ақтау бекінісіне шіркеу салынсын. Шіркеуде бір поп, екі дьякон, бір күзетші ұстауға рұқсат етілсін. Поптың жылдық жалақысы мың сом болсын, мүриттерге, дьякондарға алпыс сомнан, күзетшіге — тоғыз сом елу тиын жылына жалақы берілсін. Ал попқа, Ақмола, Қарқаралы Аягөз приказдары бойынша жолға шыққанында, заңға сәйкес жол құны төленсін және одан бөтен арақ-шарап секілді керектеріне жылына тағы екі жүз елу сом ақша қосылсын».

Қоңырқұлжаның мұрты ұйқыдан оянып керілген мысықтың құйрығындай тікірейе қалды. «Бұл қалай, деді ол тағы да ішінен, Абылайхан Қалдан Сереннің Шарша деген баласын өлтіріп, енді орыс патшалығына бағынам деп Тұғым деген баласын жібергенінде, қатын патша оған хандық құрмет қағазымен, жылына үш жүз сом ақша, екі жүз пұт ұн төленіп тұрсын деген жарлық берген еді ғой, ал мына попқа… Иә, сонда қалай болғаны? Патша ағзамның қазір байығаны ма, әлде үш жүздің ханы саналған Абылайға жылына үш жүз сом төлеп көңілін өзіне аудармақ болғанда, бар қазақтың бостандығын бір поптың жалақысы құрлы көрмегені ме?»…

Қоңырқұлжа өз ойынан өзі шошып кетті. «Түфа, түфа» деді патша ағзам үш жүз сом түгіл, бүкіл қазақты босқа неге алмайды? Қыңқ десем жаным шықсын. Тек Құдайменді тұқымын көлеңкесімен қорғай жүрсе болғаны! Иә, иә, көлеңкеңнен айналайын ақ патша, сенің жақсылығың аз тиді ме? Мен де сол жақсылығыңды ақтап жүрген жоқпын ба? Қолымнан келгенін аяған жерім бар ма? Омбы облысының бастығы генерал Талызинның бұйрығы бойынша, Кенесары жағына шықпақ болған руларға қасыма үш сұлтан ертіп өзім бардым, көшпеңдер дедім. Талызинның жұртты қорқытқан, үркіткен, маңдайынан сипап алдаған қағаздарын да тараттым, тіпті болмаған соң ереуілді елге Омбы облысының мұсылман мешітінің басы Габдырахман ұғлы Мұхаммед Шариф имамды да шақырттым, бірақ көтерілісті басу менің маңдайыма жазылмаса не істеймін. Ақ патшаға қарсы желіккен қазақ Наурыздағы шабынған бура тәрізді, мауқын баспай, бетінен қайтпайды. Қой десең өзіңе қарсы ұмтылады. Кенесары отырған елдің ортасына баруға, маған да жан керек, бәлелі тесікке бармағымды тығып не жыным бар, бар қолдан келгенім сол болды.

Ал Кенесары дегеніңіз кекілікті ілуге әккі болған кезқұйрық тәрізді, сотқар әкесі мен тентек ағаларының соңынан жүріп әбден шынығып алған, ұрысқа бірден кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды қағып тастап, күш жинауда…

Омбы генерал-губернаторына, «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін ата-бабамыздың жері еді, сендер соларды тартып алып, бекініс салып жатырсыңдар. Мал бағып, күн көретін бізге де жер керек», — деп әлсін-әлсін хат жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынады дегеннен бері тіпті өшігіп алды. Қан төгіспейік, Ақтау бекінісін салмаңдар дейді. Ал атамекен Көкшетауы мен Қараөткелдің арасына орнатылған бекеттерге маза беруді қойды…

Бірақ ақ патшаға Кенесары кім? Ай далада ұлыған бір аш қасқыр. Жазған хаттарына жауап қайтармақ түгіл осы хатты әкелген адамдардың өзін ұстап алып шетінен Сібірге айдауда. Ал сонда, Кенесары не істемек? Бізде жазық жоқ, өтіндік, құлаққа ілмеді, ал енді атқа қонайық деп қалың бұқараны көтермек… Сондықтан да жерінен айырылып ақ патшадан түңілген жұрт Кенесарыға қосылуда. Омбы генералдары мұны неге түсінбейді? Көктемде көтерілген дария түгіл кішкентай өзен де бір күні шеңберінен шығып тасиды. Ал Омбы бастықтары қалың қол шығарып, Кенесары күшеймей тұрғанда қырып салудың орнына, біздің өзімізге ереуілді тоқтат, немесе тың тыңда деп бұйрық беруден басқаны білмейді».

Қоңырқұлжа кілем боқшантайға тағы да қолын созды. Бір қағазды алып тесіле оқыды. Бұл полковник Талызинның ең соңғы жарлығы еді. «Осы жарлықты алысымен көтерілген ауылдардың мақсатын білу қажет, райларынан қайтпаса, қан жұтқызып басу үшін жиырма төрт сағаттың ішінде сол ауылдар- ға өзіңнің балаларыңды жіберуіңізді ақырғы рет бұйырамын. Бұл жарлықты сіз бұлжытпай орындауға тиістісіз», — деген сөзді оқып шықты.

Қоңырқұлжаның онсыз да қара қоңыр жүзі енді тіпті қошқылданып кетті. Қараөткел бекінісіндегі бәйбішесі Қайнисаның үйінен әдейілеп арнап тоқалының аулына да осы жарлықтың әлегімен келген. Аға сұлтанның Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген Жәнәділ, Шыңғыс деген екі баласы бар. Қоңырқұлжа бұларды патша қызметі үшін қауіп-қатерлі Кенесары ауылдарына жібермек түгіл, аждаһаның апанына да жұмсауға шімірікпейді, тек… балалары айтқанын орындай ма, гәп сонда. Жәнәділ үлкен бәйбішесі Қайнисадан, Шыңғыс екінші әйелі, Уәлиханның немересі Аққағаздан туған. Жәнәділ ынжық, қорқақ, бірдеңеге берілсе тез ат құйрығын кесе алмайтын босаң. Ал Шыңғыс шаш ал десе бас алатын қатал, әрі өжет, әрі батыл. Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы жұртына тартқан ақсары, шегір көз. Төре тұқымының жанжалшыл, ұр да жық мінезінің бәрі де бойына біткен. Жастығына қарамастан ел арасындағы дау-жанжалға да араласа бастаған. Былтыр есаул Лебедев Балқаш көлінің тұсында көшіп бара жатқан Сейтенді қолға түсіргенде тілмаш болып барған да осы Шыңғыс. Ал Жәнәділде бұл жігердің бірі де жоқ. Бір биеден ала да, құла да туады деген міне осы. Аға сұлтан екі баласын да жек көреді. Өз қолымен ажалға айдап салуға бар, бірақ төркіндері мықты, адуынды әйелдерінен ғана именіп жүр…

Қоңырқұлжаның көзі қайтадан жас тоқалына түсті. Бұл жолы бағанағыдай емес, шүңірейген кішкентай көзінің түбінде бір қияпат ашу ойнай жөнелді. Жас тоқалының бетіне тесіле қарап, ішіп-жеп барады. «Мынау тығыршық төс, бөлек бөксе кімді болса да қызықтырар… Осы сұлу тоқалы баласы Шыңғыспен көңілдес дегенді бәйбішесі Қайниса көптен бері құлақ-қағыс ететін. Аққағазды жек көретін, күндес қатынның шері ғой деп Қоңырқұлжа бұл сөзге бәлендей көңіл қоймайтын. Алайда тоқалының қасына бір жансызын тыңға қойған. Сол жансызы жақында мұның өсек емес, шын екенін айтқан. Бұл суық хабарды естіген шақта қанша бұлқан-талқан болып ашуланғанмен, өш алуға келгенде айлақор, үндемей бас салатын сабырлы аға сұлтан табанда шу шығармай «тұра тұр бәлем!» деп іштен тынған да қойған. Сөйтіп ызаға үнсіз жанып жүргенінде екінші бір сұмдықты тағы естіген. Үлкен баласы Жәнәділ осы кіші тоқалының аулындағы бір төлеңгіттің қызына ғашық екен. Қыз да мұны жақсы көреді-міс. «Егер әкем айттырып бермесе, осы қызды нағашым аулына, немесе Омбыға алып қашам», — дейтін көрінеді Жәнәділ..

Бұл хабарды естігенде Қоңырқұлжа тіпті күйіп кетті. Аға сұлтанның баласы қарашының қызын алмақ деген не сұмдық! Қоңырқұлжа кіші шешесінің қойнына барып жүрген Шыңғысқа да мұндай ашуланып көрген жоқ, ал бұл жолы… Жәнәділді жедел шақыртып алдыртты да:

— Сенің қарашының қызы, әбдіуақит төлеңгіттің Күмісін алам дегенің рас па? — деді екі көзі қанталап.



Жайшылықтағы ынжық, қорқақ Жәнәділ сірә Күмісті шын жақсы көретін болуы керек, күтпеген жерден табандылық көрсетті. Әкесіне тіке қарай алмаса да, қызға берген уәдесінен таймады.

— Рас.

— Ал сен бүкіл Ұлытау, Қара Кеңгір, Сары Кеңгірдің қожасы Ерденнің кіші қызын саған айттырғанымды білмейсің бе?

— Білемін. Ол қызды Шыңғыс алсын…

— Ей, не малтаңды езіп тұрсың өзің? «Шыңғыс алсының» қалай?! Қатынды саған айттырамын да, алатын Шыңғыс болғаны ма?

Жәнәділ төмен қарап міңгірледі.

— әкесінің жас тоқалына барғанда, ағасының қалыңдығын ала алмай ма?.. Алсын. Мен Күмістен бөтен ешкімді алмаймын. Алдырмасаң бауыздалып өлемін.

Қоңырқұлжа күйіп кетті. Жәнәділді бас салып тепкілейін десе, Зейнеп пен Шыңғыстың арасын жұртқа жаяр деп қорықты. Ашудан өзін өзі әзер ұстап:

— Шық үйден! — деуге ғана мұршасы жетті.

Осыдан кейін төсек тартып үш күн жатып алды. Қалың ойға шомды. Шешімге де келді. «Зейнеп пен Шыңғыстың арасы жұртқа тарамасын. Ағайын-туған естісе абыройымның айрандай төгілгені. Бұл екеуінің тартар жазасын тек өзім ғана білуім керек. Ал Жәнәділді қарашының қызы Күмістен алыстатқан ақыл. Сандыбайдың Ердені өзіммен терезесі тең шонжар. Онымен құдандал болу — он екі қанат ақ ордама тағы да бір жаңа тіреу қосылды деген сөз. Нағашысы Тұяқбай қарадан шыққан қыңыр еді, көрдің бе жиенінің қалай қарай тартқанын? Қайткен күнде де Күмістен ажырату әдісін табу қажет, нағашысы секілді тоң мойын ит айтқанға көнбесе…»