Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 25 из 82

Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады. әкеме бітпеген дәреже маған бітті. Бүкіл Қараөткелге аға сұлтан боп Абылайдың балалары емес, мына мен, Құдаймендінің Қоңырқұлжасы сайландым! Ал дәулет десең, менің дәулетім кімнен кем? Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды жасырып қалдым. Бүкіл Россияның қазынасын иемденген патша ағ- замға сегіз мыңнан түсер пайда мақтағанда бір күнгі салтанатты қонағасына жетер. Ал маған… Сексен жылқы сегіз ауылдың игі жақсысын сатып алуға жарайды».

«әңгіме сексен жылқыда емес, елді билей білуде ғой. Менің қызметіме ақ патша да, Омбы генерал-губернаторы да риза. Ал халық ше? Халық деген бір кеще жас бала, оны алдай алсаң болғаны, соңыңнан ере береді… Менің сол қасиетім ғой, осы уақытқа дейін жұртты уысымнан шығармай келгенім?»

Қоңырқұлжа бұқара алдында өзінің қадірін көтеретін істерін ойына түсіргелі сықсита жұмған көзін ашып алды. Жүзінде тәкаппарлық пайда болды. Кенет көзі аяқ жағында отырған тоқалына түсіп кетті. «Қалай қызықпассың, деді ол ішінен, әбден піскен бүлдіргендей ғой мына тоқалдың түрі… Бала таппағандықтан ба екен, дене бітімі әлі былтырғы жаңа түскен қалпындағысындай. Тек бөксесі шығыңқырап, кеудесі көтеріліңкіреген бе, қалай… Түнде менің кетіп қалғаныма өкпелегендей де кейіп бар ғой өзінде… Ой, тәйірі, қатын өкпесі бие сауымға жете ме, бауырыңа басып, бір умаштасаң… Әлде соны күтіп отыр ма?.. Онда..» Қоңырқұлжаның бойында қызу сезім кенет жарқ ете түсті де, әп-сәтте сөне қалды. «Иә-иә, деді ол тағы да ішінен, мен жұртқа аз жақсылық істедім бе? 1834, Жылқы жылы Мамыр айының он тоғызында ақ патшадан бұзау терісіне мөр бастырып, қазақтан солдат алмаймын деген ант қағазын әкелгенімді былай қойғанда, патша ағзамның менің өтінішім бойынша биылғы Тауық жылы Көкек айының бесінде жіберген Указының өзі не тұрады?!»

Өткен Мешін жылғы қыс қатты болып, Балқаштың арғы бетінде малын айдауға көшіп келе жатқан Кенесарыдан жасқанып, Арқада тебінге қалған Ақмола өкірігінің жүз қырық мыңдай қарасы шөп жетпей жұтқа ұшыраған. Оның үстіне ақпан — қаңтарда Ташкент құшбегісінің қарақшылары жүдеп отырған біраз ауылды шауып, Есіл, Нұра қазақтарының шаруашылығы әбден күйзелген.

Жаңа устав бойынша Ақмола өкірігі қазақтары осы биылғы Тауық жылынан бастап жасақ төлеуге тиісті болатын. Жұрттың күйін көрген Қоңырқұлжа, салық жинау қиындығынан қашып, бар халықтың атынан салықты Көкшетау, Қарқаралы өкіріктерімен қатарласа, екі жылдан кейін төлеуді өтініп қағаз жаз- ған. Бұл қағазбен қоса кешкі серуеніне мінсін деп Бірінші Николай патшаның өзіне арнап мойны қудай иілген алты ақбоз арғымақ жіберген.

Арғымақтың сұлулығына риза болған патша, Ақмола өкірігінің қазақтары қырқыншы жылға дейін салықтан босатылсын деген арнаулы Указын шығар- ған. Бұл Указ жүдеп қалған жұрттың көңілін көтерумен қатар аға сұлтан Қо- ңырқұлжаға өзге сұлтан, билердің алдында үлкен абырой әперген. Қоңырқұлжаның осал кісі емес екенін өзге жұрт та түсінген. Бұрын қыңыр қарап жүрген кейбір ауылдар енді қара суықтан ықтаған көтерем қозы-лақтай Қоңырқұлжаның қолтығына кіре түскен. Аға сұлтанның міндет етіп отырғаны осы жайт.

«Япырмай, деді тағы да ішінен Қоңырқұлжа, өткен жылғы қыстың орасан қатты болғаны есіне түсіп, қыстың осындай боларын есепші Жарқұлақ қарт айтқанда неге құлақ қоймадым? Қара малды алысқа айдай алмағанмен, жылқыны Баянауыл жағына өткізіп жіберуге болатын еді ғой. Есепші Жарқұлақ қарт алдына малта тәрізді өзен жағасының жылтыр сұр тастарын жәйіп қойып: «Міне көрдіңіз бе, аға сұлтан, деп еді ғой, егерде Маусым мен Қараша айларында Мерген Қауыс жұлдызы мен Егіз Зауза жұлдызы қатарласа көрінсе қыс ауыр болады. Қазір Қараша, Маусымда Мерген мен Егіз қатар көрініп отыр. Сен Тұяқтың қызы Қайнысаны алар жылы да осындай болған. Ол жылы Жылан еді ғой, қазір Мешін… Мұндай ауыр қатаң қыс отыз жылда бір соғады. Қапы қалма деген еді ғой. Артынан жауырыншы Дәкір білгір де меңсіз қара қойдың отқа күйдірген қу жауырынының сызықтарына қарай отырып, «жеті халықтың тағдырын, сол жеті халықты басқаратын жеті патшаның ажалын, күні бұрын болжай алатын қара басты қара қойдың қу жауырыны айтуына қарағанда биылғы жыл Мешін жылы, Мешін жылы күні қаһарған, бораны ақырған ауыр жыл, — биыл жұт жылы болар» деген.

Қоңырқұлжа мұртынан күлді. «Жарқұлақ есепші мен Дәкір жауырыншының тілін алмағаным қандай дұрыс болды. Олардың дегенін істеп, жылқыны тау тасалаған шығыстағы елге айдағанымда, ел мұндай апатқа ұшырап, патша Указы шығып, абыройым көтерілмес еді ғой. Жаратқан алла бұныңа да шүкір, жүз қырық мың мал қырылса, биылғы жылы жүз қырық мың төл туар. Ал жұрт көзінше қадірімді көтеретін мұндай патша ағзам Указы әр жылда шыға бермес. Бұл атақ — менің абыройыма тағылған бір жаңа алтын теңге емес пе».

Қоңырқұлжаның қабағы кенет тікірейе қалды. «Апат демекші, апат келе жатқан тәрізді ғой, айлакер болсаң құтылып көрші енді осы апаттан?!»

«Иә, шешелерінің жатырынан найза ұстап туған, Абылайдың қанды балақ ұрпақтары бір жағынан бастары алынып жатса да, тәубе етер емес.



Бегдербек құшбегі былтыр Есенгелді мен Саржанды өлтірсе, биыл Ләшкәр паруаншы алдап шақырып Қасым төренің өзінің басын алды. Ал бірақ бұдан кейін тоқтаған қайсы бар? Жараланған қасқырдай Қасымның Кенесары, Наурызбайы тіпті долданып алған жоқ па? Былтыр бес жүз үй болып ел шетіне келгеннен бері кең даланы күңірентіп жатыр. Бұлардың жеткені өзге елге қырсық болып тиді-ақ қой. Патшаға қарсы шығуды осы жұрт Қасым балаларынан үйренеді, осы уақытқа дейін кейбір қоқан-лоқысы болмаса, негізінде тыныш жатқан қалың Арғынның арасына да іріткі мықтап түскен секілді. Өзі де шығуға таяу тұрған көз еді дегендей, Кенесарының қайтқаны кесір болды. Қазірдің өзінде Ақмола өкірігінің Байдалы, Қойлыбай — Шағыр, Жанай — Қалқаман, Темеш, Тыналы болыстары бас көтеріп отырған жоқ па? Оған сонау Азнабай балалары шоқ салып кеткен Қаржас руын, Бектастың Таймасы жел беріп отырған Төртқара ауылдарын, Қарқаралы өкірігінің атқа қона бастаған Жеңбай — Шаңшақ, Қара — Ақтымбет, Қорсын — Керней, Қояншы — Тағай болыстарын, алты жүз отыз бес үй қырғызды, былтырдан бері ереуілдеп атқа мінген Кіші жүздің Табын, Тама, Жағалбайлы, Алшын, Жаппас, Шекті, Төртқара руларын, Дулаттың Иманы желіктіріп отырған Торғай бойының қалың Қыпшағын қоссаң не болды? Россия патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді. Бұған Ақмола өкірігінің Қыпшағы мен Керейі де қосылады деген сыбыс бар. Сонда бұ жұрт қайда бармақ? Бүкіл Арқаны қалың өртке айналдырмақ па? Сол өрттің көрігі биыл Ұлытау маңына, Қарақойын, Қашырлыға көшіп келген Кенесары. Жер дауын, салық дауын пайдаланып қалың қазақты патшаға қарсы өшіктіре түспек. Жұрттың өшігуі әсіресе мына Ақтау бекінісі салына бастағаннан бері тым өрши түскен тәрізді. Ақтау бекінісінің салынуын да Кенесары өз пайдасына жаратпақ, оған мүмкіндігі де бар: Ақтау, Қарқаралы, Ақмола, Аягөз өкіріктерінің тоғысқан жерінде тұр. Және оның болашақта атқарар борышы да зор…»

Ақтау бекінісінің неге салынып жатқанын есіне түсірейін дегендей Қоңыр- құлжа бас жағындағы кілем боқшантайына қолын созып қызыл сафьян мұқабадан қалыңдығы бір елі, екі басты самұрық құстың суреті салынған қағаз алды. Бұл осы жылы он бесінші Маусым күні Бірінші Николай патша қол қойған Ақтау бекінісін салу жөніндегі жарлық еді. Қоңырқұлжа көз жүгіртіп оқи бастады:

«Омбы облысына жататын сырт округтердің Ақтау деген жерінде бекініс салынсын. Бұл бекіністің бастығы-коменданты етіліп полковник не подполковник шеніндегі адам тағайындалсын. Комендант мынандай міндеттер атқарсын:

Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын.

Осы үш округ ауылдары оңтүстіктегі Бетпақдалаға дейін көшкенінде, солардың қорғаншысы болсын.

Шекараны үнемі бақылап тұрсын. Қазақтарды шекарадан әрі қарай бөтен жаққа өткізбесін. Басқа жұртты да шекарадан бері қарай кіргізбесін.

Осы үш округтің жерімен көшкен керуенді ұры-қарыдан, шапқыншылардан қорғасын.

Осы төрт міндетті орындау үшін жоғарғы аты аталған үш округтің әскерлері Ақтау комендантына бағынатын болсын. Және комендантқа біздің бекіністерімізге, не қоластымыздағы қазақ ауылдарына шабуыл жасайтын қастар табылса, оны Шу өзенінің бойына дейін қуып, қару қолданып тыйым салуға рұқсат етілсін».