Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 24 из 82

«Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүктүсіп жатқан жерінен басын көтерді.

— Көке, — деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп, — «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.

— Сонда не істемексіңдер?

— Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.

Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:

— Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды, — деді, — Арқаға көшкен жөн, онда да Ұлытауға… Үш жүздің қақ ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.

— Ұлытау — Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?

— Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді, — Қасым ауыр күрсінді. — Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?

Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.

— Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды, — деді ол. — Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.

— Бұл табылған ақыл, — деді Қасым, — Терісаққаннан Күнімжан келіннің төркін жұрты да алыс емес.

— Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар, — деді Кенесары.

Қасым иек қақты.

— Бұ да табылған ақыл.



Қарақойын Қашырлыны жайлаған қыр Алтайы елімен сөйлесуге қос атпен Құдайменді батырдың өзі жүрмек болды. Қалған жұрт Ташкент құшбегінің қолынан қаза тапқан ұлдарының жетісін берісімен Арқаға қарай көшуді уәделесті. Ер азаматтар, шал-кемпір, бала-шаға туып өскен сар даласын сағынып-ақ қалған екен. Бұл хабарларды қуана мақұлдады. Кешеден бері елегізіп жүрген жастар енді белдерін бекем буып, ат құйрығын түйіп алыс сапарға дайындала бастады. Қорамсақтарынан екі қырлы өткір ұшты сауыт бұзар, төрт қырлы қозыжауырын жебелерін алып, тартылар жеріне жаңадан күшігеннің қойлық жүні, тазқараның тайлақ жүні деп аталатын күшіген мен тазқараның қауырсындарын қондырды. Ал кейбіреулері болат ұшты қос құлаш қайың найзаларының ұштарын өткір қайрап, ат құйрығынан жасалған шашақ тағып жатыр. Бағзы біреулер беліндегі сүйек сапты бұйда пышақтарын қылшылдата қайрап, бөтен қарулары болмағандықтан жуандығы білектей сай бойына біткен тапал қарағайдың түзулерін тауып алып, жұмыр түбірімен суырып, кеспелтек шоқпар жасауға кіріскен. Арқа жеріне қайткенмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан, мінер ат…

Қаратау қойнауындағы ауыл біткен қаза болған сұлтандардың жетісін берісімен бірден көтерілді. Қайтқан қаздай тіркеліп, сыңсып көшіп бара жатқан жұрттың ту сыртынан қарап дөң басында Кенесары тұр. Бір тілегінің орындал- ғанына іштей қуанса да, алдымызда қандай күн бар деп қобалжығандай…

Қалың ел екі аптадан кейін Бетпақдаланы көктей өтіп, Сарысудың құмға сіңіп жоқ болар етегіндегі Қызыл жыңғылда отырған Бәтеш ауылына жеткен кезде алдарынан Алтайдың жүрек жұтқан батыры, аталары Сеңгірбай, Жанұзақ Абылайдың үзеңгілес серіктері болған. Соңынан Жеке батыр атанған, Төлебай қарсы шықты. Қастарында ел билеуші екі-үш ақсақалы мен он шақты сойыл көтерген жігіттері бар. Астарындағы жұпыны аттары мен үстеріндегі елтірі тымақ, түйе шекпен, сірі етік, бұлардың кедей ауылдан екенін аңғартады. Төлебай батырдың да кигені бәлендей мәз емес, әйтсе де ол ерекше көзге түседі.

Төлебай көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қою, қара мұрты құлағына дейін жеткен үлкен қара көзді, қара сұр адам. Тақымындағы бұзау тіс шоқпары да өзіндей шомбал, астындағы мінген қара көк аты да ұзақ шабысты, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.

Төлебай батыр Кенесары тобымен көштен ұрын кездесіп, Арқаға қайтқан ағайынды құшақ жая қарсы алатындарын білдірді.

Көш қозғалғалы көңілі қобалжып келе жатқан Кенесарының енді еңсесі көтеріле бастады.

Екінші бӨлім

І

Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұл- жа әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың ойға кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. Қамшының алақанындай жалпақ келте мұрны пысылдап, кебежедей жуан қарны дем алған сайын көтеріле түсіп ырқ-ырқ етеді. Салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалады. Бұл жатқаны кіші тоқалы Зейнептің жеті қанат ақ отауы. Үй іші салтанатты; жерге төгілдіре төселген қырмызы қызыл түкті кілем, төрде қызылды-жасылды қаңылтырмен өрнектелген әшекейлі қос сандықтың үстіне керегені сірестіре жинаған шәйі көрпе, құс жастық… Есікке таман оюлы сырлы кебеже, екі жақ босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара түлкі. Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр…

Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған қан көрінеді. Оған қымсынар Қоңырқұлжа жоқ, тышқан көзін кейде жұмып, кейде ашып қалың ойға шомуда.

Аға сұлтанның аяқ жанында оның бүйендей жуан жүнді жұп-жұмыр балтырын сипап, былтыр ғана түскен, торқа мен жібекке малынған бүлдіршіндей жап-жас бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр. Ол күміс жүзік, алтын сақина салған мыртықтау саусақтарымен байының борпыл бұлшық етті балтырын шымши уқалайды. Шымшиды деген құр аты, бір жерін ауыртып алмайын дегендей, жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не реніш белгісі жоқ, бір тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір ұзын кірпіктерін көтеріп, Қоңыр төренің етегі мен ышқырындағы қанға көген көзі түсіп кеткенде ғана, барқыт қабағы сәл шытынап, піскен бүлдіргендей томпиған еріндері бұртия қалады. Бірақ жас тоқалының қандай күйде отырғанына көңіл аударар Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен.

«Абылай ұрпақтарынан менің нем кем, дейді ол ішінен, атағым ба, бағым ба, дәулетім бе? Олар сияқты мен де Шыңғыс ханның әулетімін. Ұлы бабам Орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Бұдан жүз жылдан астам бұрын Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Россия патшасына бағынам деп хат жазғанда сол жылы Орта жүздің ханы менің атам Сәмеке де хат жазған. Тек патшаның қарамағыма алдым деген Указы шыққанша дүние салды… Орта жүз содан кейін барып Түркістаннан келген Сабалаққа — әбілмансұрға ауған жоқ па? Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе… Әбілмансұрмен хандыққа таласуға қуаты жетпесе оған ол айыпты ма? Менің әкем Құдайменді қабылан болса, әбілмансұр — Абылай айдаһар еді. Айдаһардың қабыланды жеңуі ғажап па? Бірақ Абылай айдаһар болса да Құдайменді қабыланды жұта алмады. Сәмеке ханның ұрпағы деп Омбы генерал-губернаторы үнемі араша түсті. Соның арқасында ата мекен жерімізді де, қарамағындағы қалың арғынды да Құдайменді ешкімге берген емес-ті.