Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 23 из 82

Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйіттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.

Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:

— Кіші төрем, неден жүдей қалғансың? — деді, — бір жерің ауырғаннан саумысың?

Наурызбай қапалана жауап қайырды.

— Ауру екенім рас, жеңеше… Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады…

Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ. Күнімжан енді жігер бере сөйледі.

— Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.

— Қашан?!

— Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.

— Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бөрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір…

Кенесары кенет інісіне қарады.

— Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан…

— Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.

— Кейде жауын да мерт етпей ме?

— Маған ондай ит-жығыстың керегі жоқ, — Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі, — маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.

Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып;

— Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды, — деді, — алдыңда ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.

Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:

— Құба-құп, — деп төмен қарады.

Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.

Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:

— Ойпырмай, мынау Ағыбай болмаса етті, — деді кенет қобалжи, — астындағысы Ақылақ тәрізді…

Наурызбай да тесіле қарады.

— Иә, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.

— Иә, солар.

Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айқайы да естілді.

Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.

Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.

— Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.

Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.

— Қашан? Қалайша?



Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:

— Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен. Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.

әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді.

Қапыда кетті қос арлан,

Жау сөзіне бос нанып.

Аямады қас дұшпан

Батырып қанға кек алып…

Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-ілезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.

Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған. Бұл кейін «Наурызбай — Ханшайым» қиссасында:

Қасым хан өзгелерден асып туған,

Көңілін дұшпандардың басып туған,

Қарнында анасының қан шеңгелдеп,

Қызарған екі көзін ашып туған,—

деп бесігінен қанқұмарлығы, аяусыздығы дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұрда-жық, қатігез Қасым төре емес. Иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәрі-құртаң шал. Тек көзінде ғана ыза, ашу қалдығы бар.

Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және аулында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.

Аз уақыт үндемей отырып басын көтерді.

— Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» — деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!..

Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.

— Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, — дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем. — Кенет ол бойын жинап алды. — Ендігі кезек сенікі, — деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді, — әумин!

Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:

— Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, — деді.

Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар деге-ні еді.

Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.

— Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін.

Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.

— Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза!

Кенесары басын төмен иді.

— Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.

— Мейлің.

Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.