Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 29 из 82

— Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген ғой біздікі.

— Дегенмен екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді, сақ бол. Әсіресе Кенесары аулында… Сұлтанның көзі қырағы, қате бассаң бірден сезеді. Және ол ауылда жалғыз ғана Кенесары емес қой.

— Қасымның ұрпағынан басқа қасында тағы кімдер бар екен, хабардарсыз ба?..

— Қазір көп жұрт солай қарай бет бұруда ғой. Жақында сол жақтан бері өткен бір мәліш сәудегерінен естідім, атақты батырлардан бүгін таңда Шұбырт- палы Ағыбай, Алтай Төлебай, Бестаңбалы Бұқарбай, Бағаналы Құдайменді, Қыпшақ Иман бар көрінеді, ал Табын руының батыры Тіленшінің Жоламаны біз де сендермен біргеміз деп жақында Байтабын деген жас батыры мен Сер- ғазы хан тоқалдыққа алайын деп жүрген Ақбөкен атты батыр қызды жіберіпті…

— Қатын құтырған заман болды ғой осы кез… Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па?

— Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.

— Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші…

— Неге?

— Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар.

Өзін ана жылы Байгөбектің асында көргенім бар, ағасы тәрізді көзінен қаһар шашқан ақ сары қатын екен. Астына боз жорға мініп алып сайысқа түсті. Бірде-бір еркек шыдатпап еді… — Ожар бірдеме ойына түскендей Қоңырқұлжаға бұрыла қарады, — жаңағы айтқан батырларыңыздың бәрі, Жоламан сұлтаннан өзгесі кілең ашық кеуде, жалаң төс кедей сарбаздар екен… Ел билеген бай, манаптан ешкімнің аты естілмей ме?

— Малымды шауып алар деп қорыққан жүз-жүз елу шаңырақты Шорманның Мұсасы, Жақыптың Елемесі, Асылғазының Бабатайы секілді мыңды айдаған азғантай байлар болмаса, ел ағалары «түбі қалай болады» деп артын күтіп отырған тәрізді ғой. Әзірге қосылғандар Қарқаралы өкірігінен Қазының Құдаймендісі мен Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы. Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы…

— Бектастың Таймасы дейсіз бе? — деді Ожар сәл қобалжи. — Япырмай…

— Неге шошыдың? Қастасқан жерің бар ма еді?

— Жоқ… Дегенмен… — Ожар сырын айтар-айтпасын білмей сәл отырды да, сөзін қайтадан бастады. — Таймастың Кенесары қасында болуы… Маған қауіп туғызып отыр, — деді ол күбірлей, — былтыр Сейтен екеумізді ұстап Омбыға апара жатқанда біздің тоқтаған аулымыз тек осы Таймас аулы ғана болды. Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім…

— Басқадан күдігің болмаса Таймастан әзірге қорықпай-ақ қой… Ол осыдан бір апта бұрын Жоламан мен Иман ауылдарына жүріп кетіпті. Жұрт ыңғайына қарай Ырғыз бен Торғайдан да әрі барады деседі. Шамасы Кенесары ереуіліне Ақ Жайық, Ор бойының ауылдарын да қоспақ ниеттері бар тәрізді. Таймас о жақтан күзсіз қайта алмайды. Балта көтерілгенше, ағаш жал табады дегендей, сен де тірі жансың ғой, оған дейін сенімге кірерсің. — Қоңырқұлжа ырқылдай күлді. — Тақа болмай бара жатса «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп қатыныңды алдыңа тартып, мойныңды ұсына берерсің. Өзі ұсынған мойынды қылыш кеспейді.

— Таймас алыста болса… жөн екен. Бөтен бәлендей қауіптенерім жоқ. Омбыға жеткеннен кейін, Сейтенді атқанға шейін тірі жанға жолықтырған жоқ. Екеуміздің арамыздағы сырды ол өзімен о дүниеге бірге алып кетті. Оған менің көзім кәміл жетеді. — Ожардың қайтадан еңсесі көтерілді, — әзірге Кенесарының қасына тек ақ патша жерін тартып алған рулар ғана шоғырланып жатқандай ғой. Мұндай жағдайда астындағы оты күшті болса, қазан тез қайнағанмен тез суалатын еді…

— әй, білмеймін, — деді Қоңырқұлжа, — бұл жолғы көтеріліс өзге уақыттағыдай лап етіп жанып, сөне қалатын жалынға ұқсамайды. Кенесарының осыншама қол жинап үндемеуінен сескенем. Және қасында жалғыз қазақ емес, басқа ұлттан шыққан ақылшылары да бар дейді жұрт. Бұ да еске алатын жәйт.

— Қойыңызшы?

— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді… Бас ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді.

— Япырмай ә… Жақсы, — деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп, — не болса да барған соң көрермін. Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды.

— Хабарды қалай бермексің?



— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады.

— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем? — Қоңырқұлжа тағы ырқылдай күлді, — көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін бір белгісі бола ма?

— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.

— Кісесі ше?

— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін.

— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем нетсін…

— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас, — Ожар күлімсіреді де сәлден соң орнынан түрегелді. — Ал көріскенше бар болыңыз.

— Ас ішіп кетпейсің бе?

— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар…

— Онда жолың болсын.

Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.

Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық.

Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат:

— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? — деп дауыстады.

Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді.

— Аш!

Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев жүгіре шықты.

— Не болып қалды? — деді ол солдатқа түйіле.

— Беда, войсковой старшина, — деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, ыңқылдай сөйледі, — біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс сойылға жықты. Астымдағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана құтылдым…