Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 17 из 82

— Хан ием, ауруын жасырған адам өледі. Шыққалы тұрған бүлік жайлы ашық айтқанымды кешіріңіз, — деді құшбегі, ханның үндемей қалғанына ренжісе де сыр бермей. — Осы бүліктен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол — күні бұрын қимылдап, ұшқын өртке айналмай тұрғанда басу. Және аямай басу. Сіздің құрметті әкеңіз Омархан Тентек төрені қалай үйретсе, біз де Қасым төренің тентек сойыл балаларын солай үйретуіміз керек.

Бегдербектің көз алдына Саржанның бағанағы семсерге ұмтылған оқыс қимылы тағы елестеп кетті. Енді ол сол семсер суырылмай тұрып қимылдап қалайын дегендей тым жіті сөйледі.

— Есенгелді мен Саржанның басын алу өз қолымнан да келеді. Бірақ сіздің рұқсатыңызсыз әрекет істеуге дәтім бармады. Бұзық болғанмен олар да сіздің хандығыңызға жатады ғой.

Хан үндемеді.

Жоқ, хан жауап қайырудан қорқып отырған жоқ, оның ойы басқада. Құлағы анда-санда шалып қалған Тентек төре, Қасым төре… Есенгелді, Саржан деген сөздер тіпті миына кіріп те отырған жоқ. «Ол төрелерде менің қандай шаруам бар? Бәрінің құнын құшбегі жылда беретін жиырма мың теңге күміс ақшамен күні бұрын төлеп қойған жоқ па? Мейлі не істесе о істесін, тіпті сол төрелерді пісіріп жесін, қыңқ десем құдай соқсын»… Қазір Мәделіханның қиялы да, ойы да басқада. Оның бар арманы, бар көңілі сонау жас тоқал, бедеу шеше Ханпадшайымда!… «Денесі де ақ жүзіндей аппақ па екен? Қос анары да қолға қатты, кеудеге жұмсақ па екен? Иә, солай шығар. Бала таппаған әйел ғой, әлі ең қымбатты жерінің таңы айырылмағаны, анау ақ шәйі көйлек жасыра алмай тұрған жұмыр сандарынан-ақ аңғарылмай ма? Япырмай, туған әкемнің кешегі жас тоқалы туралы былай ойлауым күнә емеc пе? Жоқ жұрт көрмеген нәрсе күнә емес. Жұрт көрмейді деймін-ау, құшбегі ше? Бұл сұм бәрін де сезіп отырған жоқ па? Иә, сезіп отыр. Бірақ мені осы үшін шақырды ғой? Сонда қандай қулығы бар. Тоқал шешеме істегелі тұрған күнәм арқылы Есенгелді, Саржан сұлтандардың қанын сатып алмақ па? Мейлі. Жаныңды өртеген ләззатқа қарағанда айдаладағы түйе жүн шекпен киген қазақтардың басы неге тұрады? Бәрібір мен де өлемін. Есенгелді мен Саржан да өледі. Өлім туралы емес, өмір туралы ойлаған жөн. Ал Ханпадшайым шын өмір, шын арман…»

Бұлар сөйлескелі бірталай болған. Түн ортасы да таяу. Мәделіхан біресе Бегдербек сөзін тыңдайды, біресе тәтті қиялға кетіп үндемей ұзақ отырады.

— Хан ием, қандай шешім айтасыз? — деді құшбегі Мәделіханның тәтті ойын бұзғысы келмегендей жәдігөйлене күлімсірей сөйлеп.

«Қандай шешім? Иә, Мәделіхан қандай шешімге тоқтауы керек? Жоқ, Мәделіхан о дүниенің күнәсін бұ дүниенің қызығына айырбастауға міндетті. Жүрек соны аңсайды. Тоқал шешенің ақ денесін бүгін түнде құшу керек. Күйіп-жанып бара жатқан нәпсі тек соны тілейді… Ал таңертең Қоқанға қайтқаны дұрыс. Екі түнге қалуға болмайды. Сезіліп қалуы мүмкін. Ханпадшайым құшағы қанша қымбат болғанмен, хан тағы одан да қымбат. Әрине жүрегіңді өртеп бара жатқан сусыныңды тоқал шеше қандырса, оның көңілін мықтап риза еткен жөн. Досы бар, дұшпаны бар, Ташкентке келген бос пәуескесін сый-құрмет, тарту-таралғыға тиеп жіберу дұрыс. Бірақ сараң құшбегі қанша мүлік берер дейсің?» Кенет Мәделіханның көзі күлімдеп кетті. «Арқа сұлтандары қашан да болса жомарт келеді. Менімен жолығуға арнап шыққан болса, әкелген сый-құрметтері де бар шығар. Соның барын Ханпадшайымға берген жөн. Хан тек құшақтауға ғана құмар емес екенін білсін!» Осы ойға бекінген Мәделіхан енді Бегдербекке қарады.

— Қасым төренің балалары Қоқан ханына бастарын сый ғып тарту үшін ғана келді ме? — деді.

Есенгелді мен Саржан қазақ елінің дәстүрі бойынша Ташкент құшбегіне ер-тоқымы, жүген-құйысқаны күміс, жал-құйрығы төгілген, Арқадан келген тоғыз қара жорға, тоғыз боз жорға, әр ер басына байланған тоғыз қара құндыз, тоғыз қоңыр бұлғын әкелген. Арқаның аңқау батырлары қызыл тастап итті алдағандай, осы бір кәделі сый-құрметтерімен өздерінің түпкі ойын өткізіп кетпек болған. Бұлары ақ майды бауыр қосып асаттырғандары. Бірақ әккі тазы қызыл түлкінің қулығын алыстан сезеді, сұм құшбегі тарту-таралғыны қуана алғанмен, оларға терең орды қаза берді. Сол оймен ханнан сұлтандардың әкелген жорғаларын жасырып қалды.

— Қасым төре балалары сый-құрмет көрсетпек тұрмақ, Қоқан ханының басын олжа етуден үміті болмасын.

Тоқал шешеге Арқа сұлтандарының сыйлығынан ештеңе тарта алмайтынына ренжіп қалған хан қолын бірақ сілтеді.

— Өздерінің бастарын бағалай білмеген сұлтандардың құны жоқ, не істесең соны істе, менен рұқсат.

— Бұйрығыңызға бас ием, алдияр ханым.

Мәделіхан енді есіней керілді.

— Түн ортасы ауып бара ма, қалай?… — Ол алдында тұрған тағамнан шұқылап бірер түйір жеді де, көгілдір жүзім шәрбатынан бір кесесін жұтып салды, — бүгінгі әңгімеміз осымен бітсін..

— Құп, тақсыр, — хан бетіне Бегдербек бүгіндікке алғашқы рет тікелей қарады. — Хан ием, Ханпадшайымның қонақ бөлмесі қасыңызда… Екі есік бір адызда… Күзетті екі есікке де қояйын ба, әлде тек адыздың сыртқы жағына ғана қояйын ба?

Хан оған сынай қарады.

— Өзіңіз қай жағына қойғыңыз келіп еді?

Құшбегі күлімсіреп төмен қарады.



— Тек сыртына ғана…

Хан да күлімсіреді.

— Онда… Сіздің айтқаныңыз болсын.

Құшбегі енді басын төмен иді.

— Сеніміңізге рақмет.

Мәделіхан енді өзін ұстай алмады. Құшбегімен келіскеннен кейін, бұдан арғы сақтықтың қажеті жоқ деп тапты. Ол бірден Ханпадшайым бөлмесіне қарай беттеді.

Сұлу тоқал шешесін көргенше асыққан Мәделіхан бұл сәтте өз ниетін ақыл елегінен өткізбеді. Бұл желік алты жыл өткен соң қандай қанды уақиғаға апарып соғарын ойламады.

Аяғын асыға басып сырлы есікке қалай таяп қалғанын білмеді.

Ал Бегдербек болса Мәделіхан кетісімен, бөтен адыз арқылы жесір тоқал жатқан бөлменің тұсына келді. Тек өзі ғана білетін жасырын тесік көзден ақ мамық төсектен ақ қайран санын жарқ еткізіп атып тұрып Ханпадшайымның кіріп келген Мәделіханға құшағын жая қарсы жүргенін, екеуінің ұмар-жұмар бола кеткенін көрді де, тесікті қайта жапты.

Ол дәл осы сәтте Есенгелді мен Саржанның өлімін Мәделіханға жауып, өзін Қасым төренің алдында айыпсыз етіп көрсете алатынына сенді. Бірақ бұл қанды оқиға осы түнмен ғана бітпеді. Ләшкәр мен Бегдербек құшбегі: «Сенің балаларыңның ажалына біз айыпты емеспіз, Мәделіхан айыпты, кел өзара келісейік» деп Қасым төрені алдап шақырды. Созақтағы Телікөл жағасында Ләшкәр өз қолымен басын кесіп Ташкентке алып келді. Бұл қантөгіс бір жылдан кейін болды. Ал қазір… Мәделіхан мен Қасым төренің балаларының бірдей қақпанына іліккелі тұрғанына құшбегі мейлінше шаттанды. Ол дым көрмеген адамдай аяғын асықпай басып қонақ қабылдайтын үйге қайтып келді. Бегдербек өзін күтіп отырған жендеттерге:

— Есенгелді мен Саржан мырзаларды хан шақырып жатыр деп ертіп келіңдер, — деп әмір етті. — Бірақ Саржанның беліндегі семсерді күні бұрын алыңдар. Ханмен кездесерде қару тағып кіруге болмайды деңдер.

Жендеттер келгенде Есенгелді, Саржан, Ағыбай, Ержан төртеуінен бөтен жігіттердің бәрі өздеріне берілген бөлмелерінде ұйықтап қалған-ды. Хан әмірін естіп, Есенгелді мен Саржан киіне бастады. Белбеуіне семсерін тағып жатқан Саржанға ақ сәлделі, қатқан қара ешік-аға:

— Ханзадаға қарумен кіруге болмайды. Сондай тәртіп бар, — деді жайбарақат. — Тастап кетіңіз… Қайтып келген соң тағарсыз.

Ешік-ағаның «қайтып келген соң…» деген сөзінен Саржанның көңілі сәл орнықса да, іштей, семсерін шапанының астынан бағана байлай алмағанына жаман өкінді. Сұлтандарды әрине ешкім де тінтпейтін еді ғой, ал алда-жалда қауіп туып қалғандай кез болса, қанды жүзді алмас семсер ең жақын серік емес пе…

Саржан семсерін баласына ұсынып:

— Беліңе тағып ал… — деді де бірдеңе айтуға оқталып барып кілт тоқтады.

Бұлар далаға шықса, аулада тағы алты адам тұр екен. Бәрі де қарулы. Бағанадан бері — үн-түнсіз жүрген Ағыбай кенет бірдемеден сескенгендей болды. Жау тиетінін жылқы ішіндегі жорыққа мінетін ат ең алдымен сезеді дейді қазақ, үнемі айқаста өскен Ағыбай бірдемеден сескенді ме, кетіп бара жатқан сұлтандарға:

— Біз де еріп барайық, — деп соңдарынан жүре түсті.