Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 18 из 82

Бірақ ешік-аға алдын кес-кестеп:

— Хан ием, тек Есенгелді мен Саржан мырзаларды ғана қабылдайды, — деді тағы да жайбарақат үнмен, — өзгелерің ұйықтай беріңдер.

— әй, сен өзің… — деп Ағыбай ананы қолымен кейін сырғытып тастап, сұлтандардың соңынан жүре берем дегенде, Ержан қарынан ұстай алды да:

— Хан бұйрығы солай болса, жамандасып қайтесіз, Ағыбай аға, — деді қобалжып тұрғандарын жендеттерге сездіргісі келмей, — одан да ат жақты шолып қайталық.

Ағыбай бөгеліп қалды. Аналар ұзап кете барды. Батыр тісін қайрап тұр. Неге екенін өзі де білмейді, бір мезет анау Есенгелді мен Саржан мырзаларды қоршап кетіп бара жатқан ақ сәлделі, қанжар асынған адамдарды қуып жетіп, семсерін оңды-солды сілтеп, бастарын қағып алғысы келді.

Заты момын Ағыбайға мұндай ашу қайдан пайда болды, өзі де білмейді. Кенет көз алдына баяғыда өткен бір алыс уақиға елестеді.

әкесі өлген жылы қыс қатты болды. Төрт баламен қалған Дәметкеннің бар күн көрері сүті бұлақтай боталы інген. Бір күні, үскірік соғып тұрғанда, ол кездегі Қарқаралы аға сұлтаны Тәуке ұлы Жамантайдың шабармандары келіп, Олжабай үш жылдан бері ақ патшаға шаңырақ салығын төлемепті деп жалғыз інгенді ботасынан айырып тал түсте алып кетті. Даладағы үскіріктен де жаман ақырған, қылыш асынған кілең қаныпезерлерге жесір әйелмен төрт жетім бала не істей алады, жылай-сықтай қала берген.

Өмірде Ағыбайға деген ең ауыр сын содан кейін басталған. Енесінен айырылған жас бота боздаса, ең үлкені сегізге келген Манабай, Танабай, Мыңбай үшеуі ботаның жанына барып қоса боздайды.

Төрт бейшараның даусынан Ағыбайдың сай-сүйегі сырқырайды. Солардың көз жасын көрмейін деп үйден далаға қашады.

Мұндайда азапқа шыдай алмаған Дәметкен бір күні Ағыбайға:

— Қалқам, мына төртеуін бүйтіп еңіретіп қоймайық, — деді. — Ботаны сойып алайық, балаларға аз күн қорек болсын, күзгі жалғыз тайыншаның еті таусылуға айналды.

Үш кішкентай баласы ұйықтаған кезде, Дәметкен ауыз үйге ботаны жығып, төрт аяғын байлап, Ағыбайдың қолына үлкен лөк пышақты беріп:

— Құлыным, обалы ақ патша мен Жамантайға бауыздай ғой, — деп, өз қолымен бауыздатқан ботаның ажалын көргісі келмей үйден шығып кетті.

Ағыбай пышақты алып ботаның жанына барды. Бірақ ботаның мөлдіреген көзіне көзі түсіп кетіп еді, ал кәні бауыздауға қолы барсайшы!

әлден уақытта «бауыздадың ба, құлыным!» деп үйге кірген шешесіне ол:

— Апа, ертең сояйықшы, бейшара бір күн болса да жүре тұрсын, — деді.

— Жарайды, қалқам, — деп Дәметкен көзіне келіп қалған жасын қолының сыртымен сүртті.

Ағыбай ботаны ертеңінде де бауыздай алмады.



Сөйткен Ағыбай, тіпті бейтаныс, жазықтары бары-жоғын білмейтін, сонау кетіп бара жатқан жасауыл жігіттердің бастарын шауып тастамақ. Бұл қайдан келген қанқұмарлық, жауыздық?

Жоқ, Ағыбай табиғатынан мұндай болып жаратылмаған. Оны жауды аямас- тыққа да, ерлікке де үйреткен өзіне істеген қиянат.

Сол жалғыз түйелерін алып кеткен күннен бастап «шаңырақ салығын» сал- ған ақ патша мен сол «шаңырақ салығы» үшін жалғыз түйелерін шабармандарына алдыртып, жас ботасын боздатқан Жамантай сұлтанға деген өшпенділік он үш жасар бала жігіттің жүрегіне қара қан боп қатқан. Сол өшпенділік Жамантай мен ақ патшаға қарсы Саржан тобына әкеп қосты мұны. Сол өшпенділік сансыз айқастарға араластырып жауына рақымсыз болуды үйретті. Міне бір кезде жас ботаны бауыздауға қолы көтерілмеген Ағыбай, қазір сонау топ адамды қырып салуға бар. Олар өз елінің жауы. Ал елге жау Ағыбайға да жау. Ондайларды бауыздауға Шұбыртпалыдан шыққан тас жүрек батырдың қолы дірілдемейді.

Ержан ойға беріліп кеткен Ағыбайдың жеңінен ақырын тартып:

— Ағыбай аға, аттарды бір шолып қайтайық, — деді.

Бұлар жылқы жаққа бұрылған кезде, сегіз жендеттің қамауындағы Есенгелді мен Саржан қонақ қабылдайтын бөлмеге кіре берді. Төрде тәспі тартып тұрған құшбегіне бастарын ие сәлем берді. Дәл осы сәтте сұлтандардың екі жағында тұрған екі жендеттің жалаңаш өткір қылыштары жарқ етіп жоғары көтерілді де, сыр етіп төмен ақты. Төмен иілген екі бас көтерілместен домалап жерге түсті. Бастарынан айырылған екі дене екі-үш аттап барып сылқ құлады. Екі үш аттап барып, аунақшып барып тынды.

— Ел болып бас қосуды көксеп жүргендеріңде, өз бастарыңнан айырылдыңдар ма, сабаздарым, — деп құшбегі кекете күлді. Сөйтті де жерде жатқан Есенгелді мен Саржанның бастары мен денелерін көрсетіп: — бір-екеуің мыналарын зынданға апарып тастаңдар! Ал қалғандарың ұйықтап жатқан жігіттерін жайғастырыңдар, — деді.

Топ жендет әр бөлмеде алты адамнан жатқан үш бөлменің бірінен соң біріне кіріп он сегіз жігітті қойша бауыздап шықты. Тек Ағыбай мен Ержан аман қалды. Олардың бағына жендеттер ат қора жағына бармады. Ешік-аға сыртқы есікті күзетіп тұрған мосқалдау келген жасауылды шақырып алып:

— Сен барып әлгі екеуіне «сұлтандар келді» деп хабар бер деді.

Өздері есік алдында күтіп қалды. Қарулы Ағыбаймен кең аулада кездесуге жүрексінді.

Мосқал адам ерте кезде қазақ арасынан Қоқан хандығына сатылып келген құл болатын. Ағыбайды бауыр тартып, жасырын бір-екі рет тілдесіп те қалған. Ол көрші аулаға барысымен Ағыбайға болған уақиғаның бәрін айтты. «Алысқанмен құр қаза боласыңдар, тез аттарыңа мініп қашыңдар» деді. Ендігі айқас- тың орынсыз екенін түсінген батыр жендеттермен ұрыспақ боп қылышын су- ырып алып жұлқынған Ержанды еркіне қоймай соңынан ертіп, аттарға жайдақ міне сап ауладан шыға берді. Ұйқысынан шошып оянып, шылбырына жабыс- қан күзетші жігітті, томардай аяғымен теуіп жеберіп, шалқасынан түсірді.

ІV

Күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан қара-қошқылданып көрінеді. Кей тұстары ат жалды, түйе өркештеніп ирелеңдеп жатыр. Селдір бу, жеңіл тұманнан ада, ашық аспанмен аймаласқан қатпар тасты қырқа, адыр үсті көгілдір тартады. Кешкі зауал шақ. Ақырғы сәулесін жартас басында ойнатып, күн де батып барады. Қаратаудың батыс жақ еңісінде иін тірескен қалың ауыл отыр. Аралары, ұрыс кезіндегідей, жақын. Қыз емшектеніп қатар келген жақпар тасты қос адырдың қойнауынан бұлқып атып мөлдір сулы жіңішке өзен ағып жатыр. Осы өзеннің сағасын құлдилай алқақотан қонған ауылдың үстінен бықси жанған шала тезектің түтіні көкке көтеріледі. Көл жағасына өлең қуа қонған көп ауылдың біреуі ғана кілең ақ үйден. Өзгелерінің дені көнетоз бозғылт, қараша үй, тозығы жеткен лашық, күркелер… Сырт көріністеріне қарап бәлендей бай деп айту да қиын. Кешкі жайылыстары бірімен бірі қосылып кеткен әр ауылдың тұсында ойдым-ойдым түйе, қара мал. Тек көгілдір далаға бұраң-бұраң шимай салып аққан жіңішке өзен бойында сонау төмендегі жалтыраған көл жағасында шашыраған тас тәрізді жамыратып жіберген қозылар мен бірге бірталай қой-ешкі көрінеді. Одан әрі Қаратау қойнауына қарай бозаң, қылаң түсті үйір-үйір жылқы ала-құла боп өріп барады. Көбі жарау, құлынды жылқы аз. Шамасы олар алыстағы жайылымда тәрізді. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді. Сойыл, құрық ұстаған он шақты жылқышының анда-санда құр-құрлаған айқайы тынық кеште сампылдап естіледі.

Бұл екі жыл бұрын ата-мекен Қаратау қойнауына, осы жақта қалған Қоңырат, Қыпшақ рулары мен Бестаңбалы жеріне көшіп келген Қасым төре мен Алты, Тоқа, Алтай, Уақ ауылдары еді. Сонау ортадағы бозаңынан ақшылы басым елу үй Қасым төренің ауылы. Абылайханның бел баласының бірі болға- нымен Қасым төре асқан шонжар емес, сондықтан бұл маңда өрген малдың да қарасы оңай-ақ көзге түседі. Уақ, Тоқа, Алты да Арғынның өзге руларына қарағанда шағын ауқатты рулар. Оның үстіне Арқаның көк шалғынына үйренген мал, Қаратаудың ши мен көкпек араласқан бозаңын жерсінбей, бәлендей өрбіп, өсіп кете алмаған.

Осы ауылдардың Қазықұрт жағындағы бір биік төбе басында бір адам тұр. Қой-қозысы маңырап, балалары жылап азан-қазан болып жатқан ылдидағы жұрттан қашып шыққандай.

Сонау көз ұшында ноқаттай болып көрінген көк тұйғындай қиялы әлдеқайда алыстап кеткен.