Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 16 из 82

Бұдан артықты сұрауға болмайды. «Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз» деулеріне қарағанда құшбегімен жөнді бәтуәға келмеген ғой деді де қойды Ержан ішінен…

Рабатқа келгеннен кейін, өздерінің жатар бөлмелеріне кіріп алып, ағалы-інілі екі сұлтан ұзақ кеңесті. Құшбегі қанша жылы сөйлеп шығарып салғанына қарамастан, екеуі де бір сұмдықты сезген-ді. Кеңесе келіп, «есің барда еліңді тап» деген ақылды еске алып, Мәделіханмен сөйлескеннен кейін, бір сәт те кешікпей елге жүріп кетуді ұйғарды. Жан алайын деп тұрса да іші-бауырыңа кіріп жылы сөйлейтін өзбек бектерінің сайқал ұстамдылығы бұларға да аян. Бегдербек жайылып төсек, жазылып жастық болған сайын, ағайынды сұлтандар сескене түсті. Бірақ өзгелерді шошытпайық деп өздерінің күдіктерін қастарына ерген төлеңгіттеріне ашпады. Тек Ағыбайды ғана шақырып ап:

— Батыр, — деді Саржан неге екені белгісіз кенет толқып кетіп, — біз Мәделіханнан оралғанша Ержанды қасыңнан тастама. Және аттарыңа сақ бол, өзбек бақташылары бөтен жаққа әкетіп жүрмесін.

Жігіттер мініп келген аттар көршілес керуен сарайдың ауласына қойылған-ды, ал ер-тоқымдары осы рабаттың шыға берісіндегі бір бөлмеге үйілген. Бағушылар өзбек адамдары, тек төлеңгіттер анда-санда барып қарап тұратын.

Ағыбай Саржанның неге бүй дегенін саралап сұрамады. Жалғыз-ақ ішінен бір сырды түйді де:

— Құп болады, — деп шығып кетті.

Күн бесінге таяп қалған. Босқа сарылып отырмайын деп Есенгелді қалың ойға шома қалтасынан тәспиғын шығарып, сыртылдатып тарта бастады. Ал Саржан анандай жерде жатқан кілем боқшантайынан қол басындай қайрағын алып, белін шешті де, қынабынан ақ семсерін суырып, қанды айқас алдындағыдай әдетімен өткірлеп қайрауға кірісті.

…Есенгелді мен Саржан кеткеннен кейін құшбегі ұзақ уақыт үн-түнсіз отырды. Қанша ойланбайын десе де болмай-ақ қойды. Саржанның бағанағы семсеріне қолын салған қимылы көз алдына елестей берді. Тіпті кенет сол ақ семсер қынабынан жарқ етіп суырылып көкірегіне қадала түскелі тұрған тәрізденіп кетеді. Қанішер адамның тегі қорқақ келеді. Бегдербек қанішер де, қорқақ та еді. Осы гүлдене түскен дәулетті кентке қолы жетісімен Бегдербек Ақмешіттің хакімі Жақыпбекпен тізе қосып, ең алдымен Сыр, Созақ, Шу бойындағы қазақ ауылдарын бұрынғыдан да бетер қысымның астына алды. Өзінің тас жүректігімен Мәделіханға ұнап, Қоқан ханының бас қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілмек ойы бар. Бүгінгі қимылдары сол көтерілудің алғашқы сатылары.

Ал бұл — Бұхар ханының да Ташкенге көзін тіккен кезі еді. Бегдербек болса Бұхар елінен қатын алған. Оның үстіне болашақ — жер астынан жік шығарып, екі құлағы тік шыққан Қоқанда емес, ежелгі көне Бұхар әмірлігінде тәрізді. Бегдербек мұны да еске алды. Сондықтан сұм құшбегі Мәделіханды жар басына итере салуға дайын, өйткені Қоқан ханының біраз мінезі оған аян… Әсіресе қызба, нәпсі құмарлық қасиеттері. Ал Ханпадшайым — әйел жыныстысының күн мен айы. Оны көрсе періштенің де ақ жолынан таюы ықтимал. Адам Атаның жұмақтан қуылуына себепкер болған Хауананың көркі де осындай-ақ шығар. Бір көрген адамның Ханпадшайымға қызықпауы екіталай. Аппақ қардай ақшыл бетін аударып, тостағандай қарақат көзін күлімдетіп бір қарағанда, көңілдегі қайғысын ұмытпас бірде-бір еркек дүниеден табылмас.

Бегдербек осы Ханпадшайымның Мәделіханға тоқал шеше екенін де еске алды. Бар кәптің өзі осында еді. Нәпсіқұмар Мәделіхан осы сұлу тоқал шешесімен тіл тапса, екеу ара күлкі-қуанышы жарасса… Әрине, олардың сырын жасырар тас қабырғалар бар. Бірақ осы тас қабырғалар құшбегінің арқасында болған оқиғаны Бұхар әміріне жеткізсе… Құшбегінің бар арманының өзі сол емес пе! Ісләм дінін аяққа басып, өз әкесінің тоқалымен көңіл қосқан күнәліні кім қорғай алады? Мұхамед пайғамбардың салған жолы қатаң. Мұндай ханға бүкіл Ісләм әулеті қарсы тұрады емес пе? әрине қарсы тұрады… Сөйтіп, Бегдербек Бұхараға Қоқанды жығып бермей ме? Жығып береді. Осы еңбегі үшін Бұхар әмірі де оны ұмытпас. Мүмкін бүкіл Қоқанды билетер?..

Бегдербектің Мәделіханның келуін асыға күткен тағы да бір себебі бар. Ол Қасым балаларының тағдырымен байланысты. Әрине Қоқан ханының бұған тікелей қатынасы жоқ. Бірақ болғалы тұрған қанды уақиғаны соның әмірі етіп көрсетсе қайтер еді? Сақтықта қорлық жоқ, егер бұл істің өзінен шыққанын Абылайдың көкжал ұрпағы біліп қалса, әңгіменің аяғы неге барып соғарын кім біледі? Есенгелді мен Саржанға қадалар ақ семсер өзіне қадалмасына кім кепіл? Абылайдың отыз бір ұл, қырық қызынан тараған бықып жатқан бүкіл ұрпағының қаһарынан қалай құтылып кете аласың? Көптен кім шықпайды, олардан да бір Бегдербектің шықпасына кім куә? Ал егер күнәні Мәделіханға аударса, оған не істейді? Ташкент құшбегіндей іргелес ел емес, тоғыз таудың ар жағындағы дәу үйі тәрізді, Қоқан ханының салтанат сарайының тоғыз есігінен өтіп Мәделіге жеткенше кім бар, кім жоқ…

Бегдербек күлімсіреді. Оның есіне бағана Мәделіхан мен Ханпадшайымға арнап берген таңертеңгі қонақасы түсті. Хан мен тоқал шешесі құшбегінің жомарт дастарқанының екі жағынан қарама-қарсы орын алған.

Шайды Бегдербек өзі құйған. Құшбегі ұсынған көгілдір фарфор кесені алып Ханпадшайым сыңғырлай күлді.



— Мұхамед әлім еркем, сіз Қоқанға хан болғанмен маған баласыз ғой, — деді ол, — пәренжемді алып отырсам сөкет көрмейсіз бе?..

Хан жауабын күтпей Ханпадшайым бетінен пәренжесін алды. Қара бұлттың астынан жарқырап күн шыққандай, ел аузында ертегіге айналған Ханпадшайымның көркем ақ жүзі көрінді. Тоқал шешесінің сұлулығына таң қалған Мәделіханның қолынан кесесі түсіп кетті.

— Байқа, тентегім, — деді Ханпадшайым Мәделіханды еркелете күліп, — мүбәрәк саусақтарыңызды күйдіріп алмаңыз…

Бұдан кейін Мәделіхан шай ішіп отыр ма, у ішіп отыр ма аңғармайтын күйге жеткен, екі көзін алмай тоқал шешесіне қарай берген.

Шай құйып отырған құшбегі қайдағы жоқ бірдеңені сылтау етіп, далаға шығып кетіп, қайта оралғанында оңашада қалған өгей баласы мен тоқал шешесінің арасындағы тек қырағы көз ғана сезетін, бір тілсіз шаттықтың пайда болғанын аңғарған…

Бегдербек тағы күлімсіреді. Өзі құрған дұзаққа екі көгаршынның бірдей оп-оңай түскелі тұрғанына ол іштей мәз-мейрам. «Бәсе, ақылды адам қашанда болса ақымақтан құтылу жолын оңай таппас па! Бұхар әмірі бұған бүкіл Қоқанды билетпеген күнде де ұпайын түгел етпей ме! Қоқан ханына жылына төлейтін жиырма мың күміс теңгені, өз пайдасына қалдырса мұртын балта кесе ме? Жиырма мың жиырма сом емес қой, алты ұлына жаңадан алты шаһар салмай ма…»

Бұл кезде күн де батып кетті. Құшбегі жасыл бақшасында шақырған көкек үні естілді. Байғұс құс батқан күнмен бірге біреудің өшкелі тұрған бағын жоқтағандай тылсым білмей ұзақ шақырды.

Құшбегі кәрі белін уқалауға аяқ жағында отырған паша балаға түн ортасы ауа келуін әмір етті де, Мәделіханның дем алып жатқан бөлмесіне қарай аяң- дады.

Мәделіхан әбден тынығып қапты. Келе жатқан түнмен бірге өзін зор қуаныш күтіп тұрғандай екі көзі күлім-күлім етеді. Құшбегіні шақырғалы отыр екен, бұл келісімен-ақ екеуі құпия әңгімеге кірісіп кетті.

— Тентек төре бастаған ереуілден кейін қазақ ауылдары үнін өшірген тәрізді еді, — деді Бегдербек өз қарамағына жататын қазақтардың жалпы жағдайын сөйлей келіп, — ал қазір Ташкент уәлаятын тағы бір қауіпті қара бұлт қоршағалы тұр. Бұл бүлікті басқаруға дайындалып жатқан — Қасым төренің балалары. Қандай кесім айтасыз?

Мәделіханның әкесі Омархан кезінде де ауыр салық, орынсыз қиянатқа көнгісі келмеген Сыр, Сарысу, Шу бойының қазақтары сан рет бас көтеріп ереуілге шыққан. Соның ең үлкені Тентек төре атты кісі басқарған көтеріліс болды. Ол он екі мың атты сарбаз жинап алып, Қоқан ханының қарамағына енетін бірнеше қалаларды алған. Тентек төре Сайрамды босатып, сол жерге туын тіккен. Сайрамға Шымкент, әулиеата қалалары қосылған. Бұларға қарсы Омархан қалың қол шығарған. Тентек төре әскерін екіге бөліп, Сайрам мен Шымкентке бекініп алып ұзақ соғысқан. Ақырында азық-түліктері таусылып, амалсыз қарсыласуларын доғарған. Омархан ләшкерлері жеңілген елді қанға бояп, мал-мүліктерін талап, ойына келгендерін істеп, екі жүзге таяу адамды дарға тартқан. Сайрам жерін қан сасытқан.