Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 15 из 82

— Кіші жүз бен Ұлы жүз басын біріктірсе Орта жүз орта жолда қалмайды. — Есенгелді шын ойын айтты, — Абылай атамыздың үш жүздің басын қосып, ақ туын тіккен жер емес пе, күреске дайын тұр.

Құшбегі жымия езу тартты.

«Дәмелерің алыста екен! әрине бар қазақтың басын қостырып қойсақ сендерге Қоқан да, Хиуа да төтеп бере алмас. Россия айдаһары да оңайлықпен жұта алмас. Жоқ, қымбатты сұлтандарым, біз сендер ойлағандай ақымақ емеспіз. Россия да, Қоқан да, Хиуа да сендерді майшелпек етіп асай бергісі келеді. Оған қазақтың малы да, жері де жетеді. Бізге сендердің бір болғаныңнан алауыз болғаның тиімді».

Алаяқ Бегдербек бұл ойын тағы да жасырып, күлімсіреген үстіне күлімсірей түсті.

— Бұған Серғазы хан қалай қарайды? Ортақ өгізден оңаша бұзау артық демей ме? Бүкіл қазақты біріктіргеннен гөрі Кіші жүзді өзінің бауырына басып отырғанын жақсы көрсе қайтесіңдер? Онда Аллақұл хан қайын атасының сөзін жерге тастай ала ма? — Құшбегі қиқылдай өтірік күлді. — Өзі жас тоқалын жақсы көреді дейді ғой. Кейде оймақтай дүниенің алтын аймақтан да артық құны болатын әдеті…

— Серғазы Кіші жүздің ханы емес. Аллақұл оған ондай ат бергенмен Сер- ғазыға тек Табын мен Шекті рулары ғана бағынады. Бұның өзі екі ұшты жәйт. Табын руының көпшілігі қазір Жоламан сұлтанның соңында…

«Бәсе, өзім де ойлап ем, өзі қазақ бола тұра бір тайпы ел қалай бір ханға бағынып жүр деп… Жоламан дегендері де осы Қасым төре балалары секілді, өз алдымызға ел боламыз, хан боламыз деп көксеген біреу шығар».

Бірақ құшбегі Жоламан жайын тез ұмытты. Ол сөзді кенет күлкі-сықақ арнаға бұрды.

— әкесін бір тайпа елге хан етердей Серғазы мырзаның қызы қандай еді? Басы алтын, арты күміс пе екен?

Мұндай сұраққа жауап беруді ар көріп Есенгелді де, Саржан да үндемеді. Бұлардың ренжіп қалғанын аңғармағандай құшбегі күлімсіреген қалпында:

— Қазақ сұлтандары хан болудың жеңіл әдісін тапқан екен, — деп қалжыңдай түсті. — Мүмкін Қасым төренің де сұлу…

Саржан қолын семсер сабына қалай апарғанын аңғармай қалды. Есенгелді сабырлы қимылмен Саржанның қарын қысты. Бегдербек сұрланып кетсе де, ештеңе сезбегендей күлімсіреп сөзді бөтен жаққа бұрды. — Мүмкін Қасым төренің Серғазы секілді хандарды жақтырмауының бөтен де себебі бар шығар. Қызын беріп, хандықты сатып алу — сұлтандарға ұнасымды іс емес қой.

«Жоқ, жоқ, деді бірақ, ол ішінен, кенет бойын алып кеткен дірілін әзер басып, бұлардың көзін тез құрту керек… япырмай, кісі қабылдайтын үйге қарулы адамды кіргіздірмеуді бұрын қалай ойламағанмын? Бұны бұдан былай қарай қатты еске алу керек екен. Кім біледі, ашу үстінде Саржан секілді бір ноқай…»

Құшбегі өзінің ағат сөйлеп қалғанын бірден аңғарды. Намысқой Саржанның оқыс қимылынан іштей жаман шошыды. Енді ол бұдан әрі сұлтандармен әңгімелесудің еш қажеті жоқ деп тапты. Бәрі де айқын болды. Тек сұлтандар сес алып кетпесін деп бұрынғысынан да бетер күлімсірей түсті.

— Ел қамын ойлаған ер азаматтардың ашуын да, өкпесін де түсіне алмасақ қалай жұрт билей аламыз? — деді ол ана екеуінің бетіне ашық жүзбен қарап, — Саржан мырза, сіздің күйігіңізге де түсінем, сол себепті кейбір қызба сөздеріңізді де кешірем. Өзбек қазаққа дос ел. Дос болмаса Мәмет әлім құшбегі алты мың әскерін ертіп Арқаға бара ма? — Ол енді ұялғандай жерге қарады, — қолынан келмеген іске ол айыпты емес. Мәмет әлімнің күнәсін кешіріңдер. Ал сіздердің тілектеріңізді бүгін кешке хан иеме жеткізем.

— Егер ханзадасыз шешілмейтін болса, — деді абайлап сөйлеп Есенгелді, — біз өзіміз де о кісімен дидарласамыз ба, қайтеміз? әрине, сіз рұқсат етсеңіз…



Бұл сөзге Бегдербек қуанып қалғандай ишарат көрсетті. «Өздерінің тілегін пайдалану керек. Қайткенмен де бұлардың тағдырын бүгін түнде шешкен жөн».

Ал сұлтандарға:

— Бұларың табылған ақыл, — деді. — Хан иеме сіздерді қабылдатуды өз міндетіме алайын. Тек о кісі ертең Қоқанға қайта жүріп кетеді. Сондықтан бүгін жолығып қалғандарың жөн. Мүмкін хан ием сіздерді кеш шақырып қалар, жігіттеріңіз жата берсін, ал өздеріңіз ұйықтамай менен хабар күтіңіздер…

Ташкент құшбегінің дуан сарайы қонақтар жататын рабаттан әжептәуір қашық болатын. Бұл екеуінің ортасында сыңсыған жеміс ағашы, гүлдер алаңы, тынбай аққан лайлы сулы атжал жатыр.

Есенгелді мен Саржан Бегдербекпен әзірге қош айтысып диуан сарайдан шығып, құшбегінің ішкі, сыртқы есіктердегі күзеттерінен өтіп, өздері жатқан рабатына беттей беріп еді, оларды бір теректің жанында шұбыртпалы Ағыбай батыр мен Саржанның он тоғыз жасар ұлы Ержан күтіп тұр екен. Ержан әкесіне тартқан ат жақты, ақсары, талдырмаш келген бала жігіт. Әкесінен гөрі көзі шегірлеу, бойы шағындау. Арқа салдарынша киінген. Басында үкілі құндыз бөрік, үстінде жібек белбеумен қыналған оқалы мол жеңді барқыт шапан мен жарғақ шалбар, аяғында күміс зерлі биік өкше етік.

Шұбыртпалы Ағыбай Қасым төре балаларының соңынан ерген, кедейден шыққан батыр. Биыл отыз төртте, зор денелі, түкті қабақ, қара сұр, шүңірек көз кісі. Қолдары бақандай ұзын, саусақтары анау-мынау адамды маңдайынан бір шерткенде үнсіз қатыратындай салалы, жұп-жуан. Сақал-мұрттан ада дерлік, тек иек астында селдір ғана сақалсымақ бірдеңе бар. Құрдасы Кенесарыдан бастап үзеңгілес серіктерінің бәрі оны «көсе» деп атайды. Сырт бейнесі ызбарлы, бір көргеннен-ақ күш иесі екені танылады.

Үстінде мол тігілген қара шекпен. Басында да түйе жүн қара далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Аяғында кең қоныш саптама етік. Белінде тізесіне тиетін қайқы қара қылыш пен қап-қара болат семсер. Тек арқасына үнемі таңулы жүретін болат қалқаны ғана бозғылт.

Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал жай жүргенде қолына ұстайды. Бұл найзасын Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жас-танып жатады. Батырдың денелілігі соншалық, биіктігі кіші-гірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде, есекке мінген өзбектей, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұрады.

Үсті-басы қара қоңыр, темір тор сауытты Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңет көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбай қалған емес. Ал әлдеқалай түнде кездескен адам, ертегінің дәуін көргендей жүрегі жарылып кете жаздайтын. Оның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалатын.

Қарқаралыдан шыққан Ағыбайдың әкесі Олжабай батырға бір боталы түйе, жауға мінер бір ат, балаларына сүт болар жалғыз сиырдан бөтен мал бітіп көрген емес. Ал шешесі Есіл бойындағы Тарақты руының қызы еді. Бұ да адуынды, батыр мінезді әйел болатын. Олжабай балалары ер жетпей дүние салды. Шешесі Дәметкен Ағыбай, Манабай, Танабай, Мыңбай атты төрт баламен жесір қалды. Ең үлкені Ағыбай ол кезде онға жаңа жеткен. Балаларының аттары кілең «баймен» бітсе де Олжабай дүние салғанда бұлардың бар малы боталы жалғыз қара інген болды. Жоқшылықтан бөтен серігі жоқ қайратты Дәметкен, төрт баланың қамы үшін, ағайынның бермесін күшпен тартып алуға кірісті. Қолына сойыл ұстап өзіндей кедей адамдарымен бірігіп қараңғы түнде бай ауылдардың сояр соғымын барымта етті.

Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі, осындай өжет ананың баулуында қанаттанған Ағыбай да батыр болып өсті. Он сегіз жасынан Қасым төре балаларының соңынан ерді. Отыз төртке келгенше басынан талай айқасты өткізді. Қазір Ағыбайдың суарылған көк темірдей әбден пісіп, мейлінше қайралған кезі.

Есенгелді мен Саржан асықпай аяңдап өздерін қобалжи күтіп тұрған Ағыбай мен Ержанның қасына келді. Ағыбай гүл-бақшаның ортасында әлдеқалай тұра қалған қара жартас тәрізді. Анандайдан дөңкие көзге түседі. Саржандар келе жатқан жаққа тесіле көз тастауына қарағанда қобалжып тұрғаны айқын. Бірақ сырын сыртына шығармай, үн-түнсіз қатып қалған. Бұлар жақындаған кезде Ержан Есенгелдіге қарап:

— Көке, сөйлесе алдыңдар ма? — деді.

Есенгелді жүре жауап берді.

— Сөйлестік, қалқам… Енді Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз…