Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 11 из 82

Көздеген жері Қара Бураның өкпе тұсы. Жау жасағы үзеңгілерін сартылдата тебініп, аттарын ауыздығымен алыстыра келіп қалды.

— Атыңдар! — деп бұйрық берді де, Жоламан садағын шірене тартып жіберді. Бірақ сәл кешіккен екен, жебе ентелей ұмтылып келе жатқан шолақ құйрық тор атымен Қара Бураның алдын көлегейлей берген жай сыпайлардың бірін жер қаптырды.

— әттеген-ай! — деді ызаланған Жоламан тепсініп қалып.

Дәл осы сәтте жау жасағына садақ оғы қардай жауды. Тура тартылған жебе кеудесіне кірш еткен кейбіреулері аттың жалын құшты, енді біреулері әр жерден жеңіл жараланған сияқты. Бірен-саран білте мылтықтың да шаңқ-шұңқ еткен даусы шықты, ана бір құлаған солдат қорғасын пытырадан мерт болғандай, бозаң шөптің үстінде аунап-аунап түсті…

Ойда жоқта жасалған шабуыл әрқашан да қауіпті. Әп-сәтте Карпов жасағының быт-шыты шықты. Бірақ соғысқа үйренген тәртіпті солдаттар Қара Бураның әмірін тез орындап, он шақты өлігін далада қалдырып, кейін шегінді де, садақ оғы жетпейтін жерге келіп аттарынан түсті. Енді олар қалың шиді қорғалай, қатар түзеп, мылтықтарын бытырлата атып, жер бауырлай жылжып, алға ұмтылды.

Екі жақтан оқ қардай борады. Мылтықтың күшейе түскен гүрсілі жер жарып, сарбаздардың құтын қашырып барады. Жоламан қатарынан талай қыршын жас оққа ұшты. Бірақ ер жүректі жігіттер әрі-беріден соң мылтық дауыстарына да құлақтары үйреніп, табан тіресіп атыса берді. Аңдысып атқан садақ пен мылтық қоя ма, екі жақтан да адам шығыны көбейе түсті. Осындай қызу ұрыстың үстінде кенет Жоламанның оң қол жағынан;

— Ойбай, келіп қалды! — деген қатты дауыс шықты. Батыр жалт қарағанында қия тасты өрмелей, оқ жетер жерге жетіп қалған топ әскерді көрді. Бірден білді, бұл Серғазы адамдарының жасағы. Ішінде солдаттары да бар, ана бір қақырайған қалпақты ақ көз Жәбірәйіл, ана бір жатаған сарысы маңқа әлексалды. Жоламан бірден таныды, бәрі өзіне таныс сұмырайлар.

Қара Бурамен атысып жатып, бүйірден келген жасақты аңғармай қалған Жоламан енді тез қимылдады. «Келіп қалды!» деген сөзді естіп дір ете қалған жасағына «Тез атқа қоныңдар!» деп, ақ жалау байланған сойылды басынан асыра әлсін-әлсін былғады. Бұл Байтабынға берген әмірі еді. Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып «Табын! Табын!», «Тіленші! Тіленші!» деп ұрандай ат қойды.

Бұл кезде Серғазы жігіттері де бекінісіп үлгерген-ді. Ойпатта қаптап келе жатқан сарбаздарға мылтық пен садақ аралас оқ жаудырды. Хорунжий Карповтың әскері шилерді тасалап қырқа басына таяй түсті. Бірақ Жоламан тобы көп шығынға ұшырамай аттарына қонып алды. Енді бұлар Байтабын жасағына қосылды. Қырқа төбенің басына бекініп алған Серғазы жігіттері мен Карпов солдаттары шыдатар емес, амал жоқ Жоламан бытырай ат қойған сарбаздарын жинап, сап түзеп шабуылға шығу үшін кейін шегінуге әмір берді. Лапылдап шауып келе жатқан жігіттер көзді ашып-жұмғанша аттарын бұрып алып жыралы ойпатқа кіріп жоқ болды.

Сарбаздарын сапқа тұрғызып, Жоламан тобы бірнеше рет жауға қарсы майданға шықты. Бірақ сәл тыныстың арасында мылтықтарын қайта оқтауға мүмкіндік алған жау жағы, қырқа төбелердің басында отырып алып, беттеттірмейді. Сойыл соғар жерге жете алмай Табын жігіттері әлсін-әлсін кейін шегінді. Әр шегіністе бес-алты адамы оққа ұшты.

Сойылшылардың ұрысқа деген әдеттенген тәсілі бар. Лап берген сойылшылар жұбын бұзбай жау шебіне тұтас кіріп, сойылдарын оңды-солды сілтеп, қарқындарын бәсеңдетпестен, сол шапқан қалпында қарсы шепті жайпап өтеді де, тоқтамастан орағыта шауып, жұбын жазбай тағы лап қояды. Мұндайда тасыған судай қалың қолға қандай жау болса да төтеп бере алмайтын. Соққан құйындай шауып өткен топқа қарсы келе алмай қалатын, ал жау кейін қарай орала шапқан жігіттерінің соңынан түре тиіскенше, Жоламан сарбаздарының алдыңғы тобын ұрысқа қайта салатын.

Көп мылтықты жау жағы, биігірек бекіністе отырып алып, сол жағдайға бір жеткізбеді. Бар қолдарынан келгендері, әлсін-әлсін шабуылдап, таяй түсіп садақ атып кейін шегіну болды. Мұнда да бірен-саран жау оққа ұшады, бірақ шабуылшы жақтың тастап кететіндері көбіректеу. Осындай бірнеше айқастан кейін, жау жағы өзінің күшінің басым екеніне көзі жетті ме, тегіс атқа қонды. Бірақ, орын тепкен адыр, төбелерін тастамай, бөлектене топталып, оқ жаудыра берді. Дәл осы сәтте Жоламанның есіне бағанағы Байтабын айтқан арбадағы оқ-дәрі түсті. Сірә ол қырқаның арғы бетінде болуы керек. Егер сол күбіні көкке ұшырса, оқ-дәрісіз қалған Қара Бура жасағының жеңілгені. Бетпе-бет сойылға түсуге солдаттарда қайрат жоғы өзіне мәлім.

— Байтабын, осы шабуылда бағанағы арбаның қайда екенін байқап қал, — деді Жоламан жиеніне тағы да жау шебіне ат қоярында.



Жоламан аналардың да атқа қонғанын көріп тұр, егер бұлар енді атой салса олардың да қарсы шабатынын біледі. Бұл ұрыс заңы. Осыны ескерген Жоламан қайтадан ұран тастап, сарбаздарын бастап лап қойды. Бұ жолғы ойы таяп келіп, садақ тартып кейін шегіну емес, қарсы топты бір жайпап өту. Лақылдап келе жатқан қалың сарбазға хорунжий Карповтың атты әскерлері де қылыштарын жалаңдатып қарсы шыға шапты. Бірақ Жоламанның әдісімен таныс Гаврилло мен Александр урядниктер өздерінің солдаттарын тырп еткізбей, ат үстінен оқ жаудырып орындарында тұра берді. Жоламан сарбаздары Карпов әскерлерін бір жайпап өтіп, қырқаны бауырлай орағыта кейін бұрылғанында, арбалы оқ-дәріні көремін деп өздері тұрған төбешікке шапқылай көтерілген Байтабынды қоршап қалды.

Осы сәтте қайтадан сап түземек боп кейін шегініп бара жатқан Жоламанның құлағына жау қоршауында қалған Байтабынның;

— Көке, көке! — деп айқайлаған даусы жетті.

Сарбаздарының көбі жыңғылды ойпатқа кіріп те үлгірген еді. Сап түзеп қайта шапқанша Байтабынның мерт болуы кәміл. Ал кейін шапса өзінің сау қайтары екіталай. Осы кезде Байтабынның;

— Қош, қош! — деген даусы тағы естілді.

Жоламан атының басын қалай кейін бұрып алғанын өзі де сезбей қалды. «Аруақ! Аруақ!», «Тіленші! Тіленші!» деп Байтабынның даусы шыққан жаққа астындағы қамыс құлақ, бота тірсек талай-талай топ жарған атақты күреңін құйындата ұмтылды. Батырдың ұранын естіген сарбаздары да аттарының басын бұрып алып «Жоламан! Жоламан!» деп кейін ұмтылды.

Құстай ұшып қырқаға шыққанда, ең алдымен көзіне түскені астындағы күрең бестісін бір орында шыр көбелек ойнатып, ұзын ырғақты қарағай шоқпарын жайпап сермеп тұрған тұла бойы тегіс қан Байтабын болды. Одан кейін Байтабынды тірідей қолға түсірмек боп жалғыз арланды қоршаған ұялы көкжалдардай жалаң қылыштарын ойнатып жиенінің жан-жағынан төніп келген көп солдатты көрді.

Жоқ жерден пайда болған батырдың түрінен шошып, абыржып қалған солдаттардың бір-екеуін сойылмен қағып түсіріп, Байтабынға «бас қамшыңды атыңа!» деп Жоламан топ жарып қырды бөктерлей өте берді. Байтабынның да бедеуі ала жөнелді. Қалған солдаттар мылтықтарын қайта оқтап атқанша бұлар сарбаздарын шұбырта жыңғыл арасына кіріп те үлгірді.

Таңертеңгі ұрыстан бері жасағы әжептәуір сиреп қалғанын Жоламан енді ғана анық аңғарды. Аттары да болдырғандай. Темірді темірге сала берсең, екеуінің де жүзі майыспай ма, сол тәрізді ажалға қарсы шабуылға шыға-шыға сарбаздардың да беттері қайтып қалғандай. Жауға енді салуға жасағының жарар емесін батыр анық түсінді. Бірақ сонда не істеуі керек? Жалғыз жол — кейін шегіну ме? Өйткен күнде қашқан жауға қатын да ер, қандай береке қалады?

Енді шабуылға қарсы жағы дайындала бастады. Өздерінің әлі де тың екенін демеу етсе керек. Сап түзеп, лек-легімен бері қарай қозғалды. Садақ оғы жетер жерге дейін ат қояр емес. Әзірге құр сұс көрсетіп, дабылын қағып ақырын сырғып келеді… Кезеген мылтық, жалаңаш қылыштың түсі қандай зәрлі, Жоламан тобындағы кейбіреулер сескенейін деді. Бірақ амал бар ма, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген», бұлар қарсы шығуға мәжбүр болды.

Өштескен екі жақ енді бір-біріне қарсы тұрды. Жоламан іштей сезіп келеді, күш жүзден астам мылтығы бар жау жағында. Олар сойыл ұруға жеткізбей жігіттердің көбін жайратады. Әйтсе де мұндай ұрыста кім ажалдан қорықпаса сол жеңеді, әлі де болса сойыл соғар төрт жүзге таяу сарбазы бар, тағы да бір рет айқасып көрген жөн, тек белдесуге жағдай туса жарар еді.