Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 12 из 82

Екі жақ садақ оғы жетер мөлшерге келген кезде кенет бір бүйірден ұрандаған дауыстар шықты.

— Қара Қыпшақ Қобыланды! Қобыланды!

— Дулат! Дулат!

Жоламан жалт қарап еді, оң жақ қапталдан жауына қарсы ағызып келе жатқан самсаған қолды көрді. Ең алдында есік пен төрдей ала аяқ күрең мінген батыр, үстіндегі сауыты күнмен шағылысады, одан кейін боз атты біреу. Ал- ғашқысының қолында сойыл, екіншісінің қолында шоқпар. Боз аттағысы сонау тоғыз батпан шоқпарын таяқ сілтегендей үйірілтіп ойнап барады.

— Ау, мынау Қыпшақ батыры Иман ғой! — деді Жоламан, — астындағы ала аяғы соныкі тәрізді.

— Иә, аяқ алысы соған ұқсайды.

— Соңындағысы бағаналы Қараменді!

— Бұлар қайдан жүр бұ жақта?!

Өздеріне қарай шапқан төтен қалың қолдан сескеніп патша жасағы жалт бұрылды. Бұны көріп Жоламан тобы да лап қойды.

Қысқа айқаста жазым болғаны, жаралысы бар жүзге таяу солдатын шығын еткен патша әскері жүзге жетер-жетпес солдатпен әзер қашып құтылды.

Ұрыс біткеннен кейін сарбаздар қаза болған солдаттарды құмайт ернеудің борпылдақ топырағын опыра құлатып жардың етегіне көмді. Өздерінің жүруге жарамайтын жаралы серіктері мен қаза болған жолдастарының сүйектерін төрт сойылды белбеулерімен торлап, жайма жасап жатқызып, кеткен көштің соңынан ала жүрді. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, елуден асып кеткен Қыпшақ батыры Дулат ұлы Иманнан Жоламан өткен жылы ақ патшаға қарсы Ор мен Ұлытау ортасындағы Арғын, Қыпшақ, Найман, Керей, Алшын руларының көп аулының ереуіл көтергенін естіді. Ал биыл Торғай бойына көп әскер шығып, Иманның уақытша Мұғажар тауының ішіне сарбаздарымен тығыла тұруға мәжбүр болғанын білді.

— Қазір Арқаның көп жерінде ақ патшаға қарсы ереуілдер жиіленді, — деді Иман әңгімесін тұжыра, — жақында жеріме бекініс салдың деп Баянауылдағы Азнабайдың Тайжан, Сейтен атты балалары көтерілді. Әттең не керек, қос арлан мезгілсіз қолға түсті…

Ал қастарындағы балуан денелі, сом білекті, қара торы, қалың мұртты Құдайменді батырдың бұл жақта қайдан жүргенін Жоламан сұрағанда, Иман:

— Бағаналыдағы Жырықтың шонжары Сандыбайдың Ердені қалыңдығын тоқалдыққа тартып алып, аулына Қара Кеңгір мен Сары Кеңгірден қоныс бермей, Сарысу жаққа қуған соң, бізге келіп қосылды, — деді.

Содан кейін Иман өздерінің Мұғажар тауында арқар атып күн көріп жүріп Табын руына солдат шығыпты деген лақапты естіп, бір кемеге мінгеннің тағдыры бір дегендей, бәрінің арманы бір жерден түйіскен соң, ағайын басына күн туған шақта көмек беруге келгендерін айтты.

— Бүгінгі жақсылықтарыңды өмір-бақи ұмытпаспын, — деді Жоламан қалың қабағын дүр көтеріп. — Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді, деген осы. Үш батыр тізе қосып едік, көк темірге оранған жау шегінді.



Бүкіл Табын қан жылап, қара жамылып боздақтарын қойып, жетісін бергеннен кейін үш батыр қайта кеңесті. Енді ру-ру болып ақ патшаға қарсы шыққанмен мұраттарына жете алмайтындарын әңгіме етті. Елдігімізді сақтау үшін бүкіл қазақ бас қосып, бір туды көтеру ақ патшаға берілген сұлтандармен шайқасып келген Қасым төре балаларынан шығу керек деген тоқтамға келді. Осы тілекті білдіру үшін сонау Сыр бойындағы Қасым төре аулына әзірге соқа бас, содыр таяқ Құдайменді батырдың сапар шегуін жөн тапты.

Осылай уәделескен Иман батыр Қыпшақ руының басын қосып ақ патшаға қарсы дайындау үшін, Мұғажар тауында бас сауғалап жүрмей, енді сарбаздарымен өз еліне қайтпақ болды.

әзірге жау бетін тойтарған Табын руы биылдыққа осы Елек бойының жо- ғарғы жағын қыстап шықсын делінді. Егер тағы да солдат шығып, күресуге дәрмені жетпейтіндей халге ұшыраса, Торғай, Ырғыз өзендерінің күншығыс өңіріне Қыпшақ жеріне көшетін боп уәделесті.

Иман батыр Қыпшақ жеріне қарай Табын қозғалса, құшақ жайып қарсы алатынын айтты.

Үш батыр осылай серттесіп айырылды. Бірақ әр руы өзіне бір тайпы ел саналған, жерге төгілген бидайдай шашыраған қалың қазақ, бір тудың астына жинала ма, жиналмай ма бұған үшеуі де күпті еді.

ІІІ

Шым дуалды, күйген кірпіш мешітті, қалың жеміс ағашына бөленген Ташкент шаһары бүгінде әдеттегідей ыстық. Ақырған есек, шиқылдаған шаңырақтай қос дөңгелекті арба, шаң-шаң көшелерді қуалай аққан лай сулы арықтар да күндегідей. Науан базары да ежелгі қалпында. Қатар-қатар тізілген күрке тәрізді кішкентай дүкендердің алдына жайып қойған қызыл-жасылды жібектен, көк ала, сары ала, төгілдіре сан түрлі гүлмен, өрнекпен әшекейленген матадан көз тұнады. Тау-тау болып үйілген, сатуға арналған өрік, мейіз, хиуа мәуесі, ферғана алмасы, қытай жаңғағы… Ерте піскен әңгелек, қара көк күләбі, сары ала бұқар қауындарынан аяқ алып жүргісіз. Күміс жүзік, алтын білезік соққан ұста, қолында тәспісі, алдында төселген жайнамазына төгілген жеміс тәрізді сүйек құмалақтары бар қожа-молдалар. Отқа күйген семіз еттің иісі мүңкіген маңғал жанында бүк түскен нашар киімді дәруіш пен кәлендәр. Тек осылардың ғана жүздері солғын. Ал өзге ала шапан киіп, ақ сәлде ораған өзбектің қайсысының ишан екенін, қайсысының диқан екенін айырып болар емес. Кімнің сатушы, кімнің алушы екенін де ажырату қиын. Мұнда бәрі де сатылады, байдың ары да, жарлының малы да…

Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында. Науан базары да гу-гу, Ташкент көшесі де шаң-шаң, аспан айналып жерге түсердей күн де ыстық, күйіп тұр.

Тек Мәмет әлім орнына болған Ташкент құшбегі Бегдербек рабатында ғана бүгін бір ғажайып өзгеріс бар секілді. Бірақ құшбегінің бұлбұлдары сайраған, жұпар иісі аңқыған бау-бақшасында, есік пен төріне дейін Иранның жібек кілемі төселген, немесе қабырғалары Бұқардың гүлі төгілген сарғылт жібегімен көмкерілген салтанатты сарайларында ешқандай өзгеріс жоқ, Қолдан жасаған күміс көлдерінде де сұңқылдап үн қосқан аққу. Шық моншақты жасыл төккен бақшаларында да сайраған бұлбұлдар. Мөлдір фонтан суларында да жуынған алқызыл қырмызы гүлдер…

Мұндағы өзгеріс тек салтанат сарайындағы мүрит, софы, уәзір, наиб бекзадалардың жүріс-тұрыстарында, сөйлеген сөздерінде…

Жоқ, бұлар сөйлемейді — сыбырлайды, жүрмейді — қыбырлайды, аяқтарының ұшымен басып үнсіз қозғалады. Жүздерінде қобалжудан гөрі қорқыныш, бір-біріне ашық тілдесуден гөрі, сыр сақтау басым. Онсыз да құпияға толы қонақ сарайы — рабаты бүгін бұрынғысынан тылсым жұмбақ қапасқа айнал- ған. Бір сәт жаңбыр алдында түнере түскен жәйтке ұқсайды. Қонақ сарайының мұндай күйге түсуіне себеп болған не екен?

Бүгін түнде ай бойы әр күні айдай созылып, әбден сары жамбас болып құшбегінің рабат сарайында күтіп жатқан Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржан мен Шұбыртпалы Ағыбай бастаған жиырма жігіттің тағдыры шешілмек…

Және бүгін Қоқан даруғасы Ләшкәрдің ақылы бойынша құшбегінің арнаулы шақыруымен үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қара көк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік — аға, муәдзин, наиб, геджағы бар Қоқан ханы Мәделіхан (Мұғамет әлім) келген. Бұлар қалаға кірген кезде жұрт шырт ұйқыда еді. Сыз беріп келе жатқан таңмен бірге ұрылған дутар, ішін тарта барылдай шыққан зурна, танбур үндері бүкіл Ташкентті азан-қазан етті. Жұрт жау келіп қалған екен деп төсектерінен атып тұрды. Келген Қоқан ханы екенін білгенде жау шабардан бетер жанталаса есіктерін тарс бекітіп үйді-үйінде үнсіз жатты.

Күн шыға қаланың Мәделіхан кірген шетінен сәл қиыстау қақпадан екінші көш көрінді. Бұнда да тамаша салтанат бар. Жабық күймелі пәуескеге көсем салып үш ақбоз жеккен, алды-артында найза ұстаған сегіз салт атты нөкері бар көрікті керуен. Бұ да Ташкент құшбегінің арнаулы қонағы. Ұратөбе кентінде тұратын Омарханнан он алты жасында қалған, қазір отызға келген, бүкіл Орта Азияға аты шыққан, алтын айдай толықсыған сұлу жесір ханша Ханпадшайым, Мәделіханның өгей шешесі.

Ташкент он сегізінші ғасырдың екінші жартысында, белгілі әптуар шайқының кезінде үлкен шаһарға айналған. Мұнда жібек тоқу, алтын-күміс зерлеу, былғары илеу, темір қорыту, арақ-шарап қайнату тәрізді кәсіптер гүлденіп, қала бүкіл Орта Азияның Россия империясымен, Қашқария, Индиямен қарым-қатынас сауда жасайтын кіндігі болған.