Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 10 из 82

Серғазының халінің қиындағанын көріп, Ақбөкен әшірап пен Дәулетшіні күзетіп отырған екі нөкерге хабар берген. Сөйтіп Серғазы үй ішінде домалап, ал әлгі нөкерлер не істерін білмей әбігер болып жатқанда, Ақбөкен арбаға байланған арқанды пышақпен кесіп екі қашқынды босатып алып сайға түсіп кеткен. Сайда қыз аңдып жоғалған нөкерлердің жайылып жүрген ерттеулі үш атын үшеуі мініп алып, қараңғы түнді пайдаланып Жоламан көшінің соңынан зытып отырады. Ақбөкен Табын руының қалай қарай көшкенін бұрын естіген. Бала жастан үйренген даласы емес пе, дұрыс тауыпты.

— әттең не керек, күшәла аз болған секілді, — деді Ақбөкен сөзін аяқтап, — мен шығып бара жатқанда Серғазы көзін ашты…

Жоламан ақырын басын шайқады.

— Серғазы өшін әке-шешеңнен алады деп ойламадың ба?

— Олардың қандай айыбы бар?

«Иә, олардың қандай айыбы бар? Бірақ бұл заман айыпсыз жанның айыпты болатын заманы емес пе? әйтпесе соңымыздан қол шығарар біздің қандай айыбымыз бар? Жерімізге, елімізге тиме дегеніміз бе?» Жоламан ауыр күрсінді. Енді ол қатар тұрған дембелше, мығым башқұрт жігіттеріне бұрылды.

— Сендер енді қайда бармақсыңдар? — деді.

— Егер алсаңыз, сіздің сарбаздарыңыздың қатарында қалғымыз келеді, — деді қазақ тілін әбден біліп алған ақ сары әшірап.

Жоламан екі жігіттің бетіне сынай қарады.

— Қолдарыңнан не келеді?

— Құрыш табылса зеңбірек құя аламыз, — деді бағанадан бері үндемей тұрған қалың қабақты қара торы Дәулетші, — кенді топырақтан қорғасын қорытып оқ та жасай аламыз.

— Рас айтасыңдар ма?

— Рас болғанда қандай! Бұрын екеуміз де Оралдағы Димитриевтің қару-жарақ заводында жұмыс істегенбіз.

— Жақсы, — деді Жоламан ойын ашып айтпай, — әзірге біздің көшпен бірге болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз — бір жігітке бұрылып — жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп сал, — деді. Енді ол Ақбөкенге көз тастады, — қарағым, сен де әзірге біздің үйде бола тұр.

— Мақұл, аға.

Байтабын сәл қозғалып:

— Көке, бұл кісілерді мен апарып келейін, — деді.

— Болады. Бірақ тез орал.

— Құп.

Байтабын қайтып келгеннен кейін Жоламан сарбаздарының қалғанын ертіп, алдыңғы жақтарында сұлай созылған белестің үстіне шығып бекінді. Арт жақтарында әр жерде жылтылдаған от көрінеді, қалың ауыл қонып жатқан тәрізді. Ай сәулесі жүдей, күншығыстан таң білініп келе жатқандай…

Жоламан сарбаздарын әбден жайғастырып болды. Күнгейден Терістікке қарай созылған қатпар тасты, ойлы-қырлы қырқада екі жүздей сарбазы орналасқан. Жігіттердің бәрі жерде жатыр, аттары қырқа тасасында… Бұл қырқадан күншығысқа қарай кең құшақты сай кетеді. Жазғытұрым оны қуалай шалшымақ су ағады. Түбі құмайт, уақ тас, жағасы сирек ши. Осы сай күншығыстағы бір шақырымдай жердегі тарам-тарам жылғалы, қараған, жыңғыл қалың біткен, ойдым-ойдым талды ойпатқа барып тіреледі. Онда Жоламанның екі жүз жауынгері тұр… Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды Қара Бура, ақкөз ЖәбірЎйіл, Маңқа әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен айқаспақ (оның жүзі ортадағы сай бойында), содан кейін екі жақ әбден қалжырады-ау деген кезінде артында тығылулы ұшқыр атты екі жүз жігітін жауып жібермек! Алдыңғы шепті өзі, артқы шепті Байтабын басқармақ. Өз тобының сарбаздары дені садақпен, біразы хиуа мылтықпен қаруланған. Байтабын тобы кілең сойыл, найза, шоқпармен сайланған. Бұл топ жауға атой беріп, қоян-қолтық шабуылға арналған. Екі топ бағанағы Қанат, Қайрат деген егіз жігіттер арқылы байланыс жасап тұрмақ…

— Сұңқарларым, — деді Жоламан бір тізерлеп отырып, — іштегі болмашы жара дертке айналған заман болды ғой. Қара бастың қамын жесек, дәулетім де, шен-шекпенім де бар, бір бүйірге жантая кетер едім. Өйткенде жерінен, елдік деген атынан айрылғалы тұрған қыруар Табынның қамын кім жейді? Сол Табын деп атқа қондық, сол Табын деп жан қиярмыз. Кеше Хиуа ханына сатылып хан деген атаққа ие болып, бүгін таулы жердің қу түлкісіндей ақ патшаға құйрығын жылмаңдатып астына кіріп отырған Серғазы иттің жігіттері мен Эссен жанаралдың солдаттарына кездескелі тұрмыз. Дауды ақыл жеңеді, жауды батыл жеңеді.



— Сөз бар ма! — деп жігіттер қозғалып қойды.

— Мылтық даусы зор болса да бір-ақ адамға тиеді. Бұл зеңбірек емес. Ал келе жатқан қолдың зеңбірегі жоқ көрінеді.

— Онысы дұрыс болған екен.

— Карабін мен іштесердің оқталуының өзі бір қауым уақыт. Ал садақ дегеніңіз…

— Уа, бұл шіркіннің несін айтасың! Тек тарта біл.

— Екі туып бір қалмақ жоқ, мылтықтың даусынан құттарың қашпасын, жауға садақпен қан жұтқызып алайық та, содан кейін найза, сойылға жол берейік. Өздерің көріп тұрсыңдар, олар тек бізге жазық жермен ғана келе алады. Ең мықтағанда ши түптерін қалқан етеді. Садақ оғы әбден мазасын алған кезде, мен ақ орамалымды найза басына көтерермін. Сонда бәрің бірдей атқа қоныңдар.

— Құп, батыр.

— Ал енді орындарыңа барыңдар. Анау ақ тастан бастап, мына шоқ тобыл- ғыға дейін біріңнен бірің алыстамай қатарласа жатыңдар. Тәңірі жар болсын!

— Айтқаныңыз келсін!.. Олар да біз секілді анадан туған, болар. Көрерміз!

— Уа, алла, ақсарбас жолыңа!

Жігіттер орындарына жете бергенде, Жоламанның құлағы тағы бір дүбірді шалып қалды. Ынтыға тыңдап еді, ат дүбірі алыстап бара жатқан секілді. Және екі жақтан шыққан тәрізді ме, қалай. Бірі алдыңғы тұсынан, ал екіншісі солтүстіктен…

Расында да Жоламан қателескен жоқ-тын. Бағана көш көзден жоғалған кезде, Карпов пен Серғазы жасақтарының ертәуілдері де жеткен. Олар ойпатта жылтыраған көп отты көрді. Көш осы жерде екен, енді бізден құтылмайды, жарық түсе тиісеміз деп құр алыстан бақылаумен болды. Жасақтарына да осылай хабар берді. Шұғыл жүріспен әбден қалжырап келгендіктен жау таң ат- қанша ылдидағы бұлақ жағасында аттарын шалдырып, бір мезет көз шырымын алдырып алған соң, тыныш жатқан ауылды таң сәріден баспақ болды.

Жол соғып әбден қалжыраған ертәуілдері де кезектесе тыныға бастады. Енді біраздан соң құланиектене таң сыз берді. Олар сонда ғана барып өздерінің алданғандарын білді. Сарбаздар бұлар жатқан жерден бұрыстау орналасқандықтан, қара-күңгірт таңда қырқаның бергі қойнауындағы тұсалған аттарды көрмеген еді.

Жоламан жаңағы дүбір жау барлаушыларының дүбірі екенін айтпай түсінді. Ол енді қанын ішіне тартып қатты да қалды. Таң әбден атты. Күн де шығуға жақын екенін сезіп, бозаңда бір топ қара торғай әнге сала жөнелді. Оған шөп арасында жүгірген бытпылдықтың да бырылдай шыққан үні қосылды. Ақселеу- лене көгеріп келе жатқан аспанда жем іздеп қалықтаған бірен-саран қара лашын, ақ тұйғын да көрінді. Шығып келе жатқан күнді құттықтап құстар ән салып, оған шегірткелердің шырылдағаны дем беріп, жер-жиһан біртүрлі ғажайып шаттық үніне бөленді… Бұл шаттық қазіргі қан төгілгелі тұрған айқастан мүлде қаннен-қаперсіз, бар әлемді тек қана тыныштық, бейбітшілік қуанышы әлди- леген!

Аздан кейін қызғылт жалқынын көкке атып күн де шықты. Дәл осы мезетте Жоламанның қырағы көзі төменгі жақтан топтанған салт аттыны шалды. Сірә көштен айырылып қалдық, тез қуып жетейік деген ынта да болуы керек, олар үш бөлек боп жедел жүріп келеді. Алдарында сарт етіп қапқалы тұрған қақпан бар екенін сезбеген тәрізді. Жоламанның да күткені осы еді.

— Жігіттер, садақтарыңды дайындаңдар, — деді Жоламан, — тек таямай атпаңдар!

Сыпайлардың жемге байланған аттары оңалып қалған тәрізді, ауыздықтарын керіп, бастарын шұлғып тастап, алға қарай тарп-тарп ұмтылады. Көтеріле түскен күн сәулесімен шағылысып сары ала қылыш, көк темір мылтық ұштары оқтын-оқтын жарқ ете түседі. Бұл Карпов жасағы болып шықты. Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр. Ат үстінде қопақ-қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді.

— Қара Бурадан өзгесін көздеңдер, — деді Жоламан. — Ол менікі!

Долы, бір сөзге келмей тарпа бас салатын Карповке Жоламан аса кекті. Былтырғы бір ұрыста ол жалаң қылышпен ұрып, оң қолын жаралап кеткен. Жазылғаны да жаңада. Сондағы өшін қазір алмақ.

әскер садақ оғы жететін жерге келіп қалды. Жоламан білтелі мылтық пен семсер жұмсауға үйренбеген. Ұрыс қаруының ішіндегі ең қолайлы көретіні шоқпар, сойыл. Найзаны да сирек қолданатын. Ал садақ тарту қазақ батырларының үйреншікті өнері. Жоламан да садақты жақсы тартады. Ол енді өзінің жас қайыңның бүртікті ағашынан иіліп жасалған, адырнасы тоғыз қабат түйе таспадан өрілген, «Қайың ажал» дейтін садағын қолына алды. Ұшы оқ жыланның уымен суарылған, біз тұмсық «Тау тесер» сегіз қарыс ақ жебесін салып, сол қолымен садақ ағашының жебемен түйіскен жерінен айқара ұстап, адырнаны тарта бастады.