Страница 9 из 82
— Бізге қарсы Орынбордан солдат шықты деген сыбыс бар. Серғазы төбеттің аулына астыртын барып қайт, анығын біл. Және біздің губернаторға жазған хатымыздан не дерек бар екен, соны да сұрастыра кел, — деді.
Жұрт кетіп, Байтабын екеуі оңаша қалғанда:
— Қарашығым, бақыт деген бір қоңыр қаз, ер жігіт оған тұзақ сала ма, тор құра ма, ұстай білуі керек, — деп күрсінген. — Сен қос қылаңды ал да, Сер- ғазының аулына жет. Ақбөкен көнсе алып қаш, көнбейтін түрі болса… Серғазы сұмырай қашан ұзатып алмақшы екен, соны біл, сегіз жүз жылқымды құрбан етсем де, ауылын шауып, құдай қосқан қалыңдығыңды тал түсте тартып әперем.
Қос қылаңы — Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері еді. Байтабын жұрт көзіне түспес үшін, қасына жігіт ертпей, сол түнде-ақ жүріп кеткен. Серғазы аулына жақындағанда, ханның бүгін-ертең Ақбөкенді алмақ болып жатқанын естіді. Оның үстіне Жоламан аулын шабуға осыдан үш күн бұрын екі жасақ шыққанын білді. Бұл жақта енді аялдаса аулының қан болатынын түсінді. Ақбөкен арманы қаншама жанын жегенмен, ел-жұртын апатқа қимады. Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты. Біреуін зорықтырып жолға тастап, екіншісімен жеткен еді.
— Қалай жолыға алмадың? — деді Жоламан жиенін жұбатайын деген ойменен.
— Көке, ел қырғынға ұшырағалы тұрғанда, — деді Байтабын жүдей, — өз кеудеме қадалған шөңгені ойлағым келмеді.
— Айналайын құлыным, ел қамын ойлар азаматтың сөзін айтып тұрсың. Алайда өзіңе бекем бол, жазылмайтын жара жоқ…
— Жоқ, көке, бұл жара жазылмайды.
— Жазылмайды, дейсің бе? Түсінбей келдім бе, жараң тым ауыр екен. Жарайды, осы айқастан сау шықсақ, турармыз Серғазының түндігін!..
Жетіқарақшы шөміштене, жұрт қорғаны ақсақалдар да жиналды. Бәрі дөң басында дөңгелене отырып кеңеске кірісті. Жоламан бар жайды айтып беріп, ақыл сұрады. Бие сауымындай кеңесіп үлкендер қауымының шешкені мынау болды: Табын көшіне енді бұл арада қалуға болмайды, бала-шағаны қырып алмас үшін, тоқ етер шешімге келгенше қалың ел осыдан күншілік жердегі Мұғажар тауының батыс саласындағы ну жыңғылға көшіп, әзірге бой тасалай тұрғаны жөн. Қазір найза ұстаған мың сарбаз бар. Бес жүзін саралап алып жауды осы арада қарсы алу керек. Ал қалған бес жүзі — заман қандай, заң қандай, — жау жасағы торып алдарынан шығар болса, төтеп беру үшін көшпен бірге аттануға тиіс. Жоламан ойынша солдаттар осы араға таң ата жетуге тиісті. Мүмкін ат ауыстырып отырса түнделетіп те келіп қалулары ғажап емес. Сондықтан көш қозғалысымен жауды жаңылдыру үшін, он шақты жігіт әр жерге көптеген от жағып. ауыл әзір қозғала қоймағанын аңғартар жалған көрініс жасауға осы арада қалғаны дұрыс…
Осындай шешімге келген ақсақалдар өздерінің көштеріне қарай беттеді.
Жоламан мен Байтабын жігіттерін бөлуге кірісті. Найза ұстаған, білте мылтық асынған сарбаздар алдарынан сап-сап болып өтіп жатты. Кейбіреулерінің арқаларына таңған қалқандарының дөңгелек күміс шұғымдары ай сәулесімен ойнап жалт-жұлт етеді. Жоламан оң қолын көтерген сап көшке бұрылып, сол қолын көтергені осы төбенің етегінде қалып жатыр.
Бие сауымы өтпей, қалатын жауынгерлер таңдалып алынып, көштің алды қозғала бастады. Үрейлі атүсті өмірге дағдыланған жұрт, үн-түнсіз шұбырып кете барды. Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді…
Көш айлы түнде сырғып, бұлдыр белестен өтіп жоқ болып кетсе де, ауыл әлі де осы арада тәрізді. Дәйекші жігіттер жаққан оттар жыпыр-жыпыр етеді. Қалың ауыл осы араға жаңа келіп қонып ас-суын дайындап жатқанға ұқсайды.
Жоламан қалған жауынгерін екіге бөліп, бірін тапал қарағаш тоғайлы ойпаттау келген сай бойына орналастырды. Екінші бөлегін қырқа тасасына қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері естілді. Сарбаздар елегізе қалды. Тынық түнде шыққан дыбыс қандай үрейлі! әсіресе дәл қазіргідей жау күткен шақта.
Көп кешікпей күнгей жақтағы белесті бауырлай ай астынан бір топ салт атты көрінді. Найза, сойылдарын көлденең ұстаған. Бұл Табын руының салты. Өздерінің арғы бетке қойған ертәуіл[5] жігіттері екен. Олар орталарындағы біреулерді қоршай шауып келеді. Әне-міне дегенше түнгі даланы қақ жарып батырлар тұрған төбеге жетіп қалды. Иә, бұлардың қоршап келе жатқандары үш салт атты. Түрлері де анық көріне бастады. Біреуі қыз тәрізді. Ал қалған екеуінің киімдері тіпті өзгеше. Жайық қазақтарының киіміне ұқсамайды. Аласа төбелі екі елідей-ақ тері ұстаған бөрік, үстерінде мұжықтардың киетіндері тәрізді тоқыма қара шекпен. Аяқтарында мәсі ме, әлде жіңішке қоныш етік пе, айырып болмайды. Кім болса да жат адамдар, үшеуінің де қару-жарағы жоқ. Аттары да әбден болдырған. Тек жан-жағындағы жігіттердің сүйемелдеуінің ар-қасында ғана келе жатқан тәрізді. Шапты деген құр атағы. Төбе етегіне жетер-жетпестен, дәл бір салы суға кеткен адамдардай, бастарын жерге салбыратып, төрт тағандап тұра қалды. Гүрс етіп құлап түсуі де ғажап емес.
Ертәуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын;
— Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе, — деп дауыстап жіберді.
Қыз да таныды.
— Байтабынсың ба? — Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді. — Армысыздар ағалар?
Жоламан жауап қайтарды.
— Барсың ба, қарағым.
Расында да бұл Ақбөкен еді. Ақбөкен десе ақбөкендей әдемі екен! Ат жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған. Көтеріңкі қос алмалы кеудесі сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі кәмшат бөркі, қыпша беліне мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы пешпенті жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп кетіп, арқасынан төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы. Мұндай да ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр.
— Қарағым, жол болсын, — деді Жоламан.
— Қол бастаған кемеңгер аға, — деді Ақбөкен тағы да басын иіп, — біз бір қара құзғыннан шошып ұясын тастап ұшқан әлсіз көгершін…
— Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер! — деп Жоламан әмір берді.
Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен Ақбөкенді ат үстінен жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара санына тигізер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды.
Ақбөкеннің шашының кереметтігін жұрт енді көрді. Нағыз қара толқын тәрізді төгіліп жерге тиіп жатыр. Қыз шашын бір қолымен ортан белінен ұстап, аш беліне орай салды. Ол енді әдепті үнмен Жоламанға бастан кешкен хикаясын айта бастады.
Жанындағы серіктері патша қысымдарынан қашқан әшірап, Дәулетші деген башқұрт жігіттері екен. Серғазының төлеңгіт аулында бас паналап жүреді. Осыдан үш күн бұрын Серғазы күйеу жігіт ретінде ұрын келеді. Ханның нөкерлері ауылда тығылып жүрген әшірап пен Дәулетшіні ұстап алып, таңертең Орынборға қарауылмен жүргізбек боп, Жантемірдің үйінің жанындағы арбаға қыл шылбырмен байлап қояды. Бір-екі айдан бері бауырларындай болып кеткен қашқын жастарды ауылдың қыз, бозбаласы жаман аяйды. Бірақ қолдарынан ештеңе келмейді.
Түн ортасы ауған кезде қыздың жеңгелері Серғазыны Ақбөкеннің отауына алып келеді. Қазақ дәстүрін мүлтіксіз орындап, «күйеу балаға» қалыңдығының қолын ұстатып, аларын алып кетіп қалады. Ауру тазыдай имиген, қансыз-сөлсіз қатып қалған рабайсыз Серғазыдан қалай құтыларын білмей аласұрып отырған Ақбөкенге, төсекке жатар алдында:
— Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, — деп Серғазы әзілдеген болады.
Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі. Келе жатып, әнеукүні тісі ауырғанда басқан күшәланың бір бөлегі қалтасында екені есіне түседі. Ойланбастан сол күшәланы алады да тостағанның ішіне тастай салады. Бүкіл халыққа бүйідей тиетін, қатыгез Серғазыны ашу үстінде «өлмесе өлем қапсын» дейді.
әбден сусаған Серғазы қалыңдығының өзі оң қолымен берген қымызды жұта береді. Сырлы аяқты босатып үф деп демін алып, екінші бір сырлы тостағанды сындырмақ ойымен киімін шешпек болады. Бірақ қымызға еріген күшәла басын айналдырып құстыра бастады. Қалыңдығына барған ханзаданың қызығын көруге ешкімге рұқсат етілмеген, нөкерлері бірен-саран желіккен бала-шағаны отау маңынан бағана қуып жіберген. Өздері де әрірек барып тұрған. Нөкерлер де тірі адам ғой, алпысқа таяп қалған қарт он алты жасар қызбен, өрге қарай тас көтерген кісідей әуре боп жатқанда бұлар қалай шыдасын, күзетке саңырау, дүлей біреуін тастап, өзгесі өз қамын ойлап төлеңгіттердің алтыбақаннан қайтқан қыз-келіншектерін аңдып кетіп қалған.
5
Е р т ә у і л, е р т ө л е — барлаушы.