Страница 3 из 17
Оныншы класта балалардың алды болып, ең қызығы әлгі физика мен математика ұнайтын болды, тіпті ММУ не ҚазМУ-дың физика не математика факультетіне түссем деген ой да келетін болды.
Арада уақыт өтіп 1954 жылдың 1 қыркүйегінде ҚазМУ-дың физика-математика факультетінің физика бөліміне түстім. Мен 16 жаста болатынмын. Мектептің физикасы мен математикасын толық білгендіктен бірден курстастарымның алды болып кеттім.
Өзімнің алғашқы курстық жұмысымды 3 курста өз тақырыбыма жазған едім. Жұмыстың аты «Дербес туындылы дифференциалдық теңдеуді канондық түрге келтіру». Бұл жұмысты оқытушыларым ҚазКСР ҒА академигі К.П. Персидскийге көрсету керек деп ұйғарды. Менің жұмысымды көріп шыққан академиктің маған айтқаны: «Бала жақсы есептейді екенсің, бірақ сенің жұмысың, есебің тіпті сонау 30 жылдардың басында, сен тумай тұрып КСРО ҒА академигі Г.И. Петровскиймен жасалған, шешілген. Ол кісі ММУ-дың ректоры. Ренжіме, мұндай жағдайлар болып тұрады. Сен физика бөлімін тастап математика бөліміне ауыс. Н.Н. Лобочевскийден қалған бірнеше интеграл бар, соның бірімен шұғылдан». Теориялық физика кафедрасының меңгерушісі доцент Н.М. Петрова керісінше кеңес берді. «Ешқайда ауыспа, болашақ теориялық физика маманына математика өте қажет» дегені. Сонымен, осы теориялық физика кафедрасында қала бердім.
5 курстағы дипломдық жұмыстың тақырыбын осы Н.М. Петровадан алдым. Бұл кісі КСРО ҒА академигі В.А. Фоктың оқушысы болатын. Тақырыптың аты: «Орталық симметриялы өз өсінен айналып тұрған дененің гравитациялық өрісіндегі қозғалыс». Бұл тақырыптың шығуының өзінше бір тарихы бар. 1954 жылы «Доклады АН СССР» деген орталық журналда Г.В. Скроцкийдің «Өз өсінен айналып тұрған дененің ауырлық күші өрісінің жарықтың таралуына әсері» деген мақаласы шықты. Бұл мақаланы шығару үшін редакцияға жолдама берген академик В.А. Фок. Н.М. Петрова маған ең әуелі, осы жұмыспен танысыңыз деді. Кейін осы таныстықтан жоғарыда айтылған дипломдық жұмыстың тақырыбы шықты. Біздің есебімізде жарықтың орнына массасы бар материалдық нүктенің қозғалысын зерттеу керек болды. Мен бұл есепті төтенше, өте қысқа жолмен – Гамельтон-Якоби теңдеуін пайдаланып шешпек болдым. Бізден бұрын осы теңдеу Шварцшильдің «Материялық нүктенің орталық дененің гравитациялық өрісіндегі қозғалысы» деген есебінде пайдаланылған. Біздің есебімізде осы орталық дене өз өсімен айналады. Бұндай есеп жаңа және қызық та еді. Жолымыз болып осы есепті шештік. Гамильтон-Якоби теңдеуіне айнымалыларды ажырату әдісін пайдаландық. Осы кезде қуанғаным-ай! Менің қуанышымды ғылыми жетекшім Н.М. Петрова және дипломдық жұмсымның рецензенті ҚазКСР ҒА астрофизикалық институт директорының орынбасары профессор Г.М. Идлис те бөлісті. Не керек, дипломдық жұмысты беске қорғадым. Оның үстіне ҚазКСР ҒА астрофизикалық институт директоры, КСРО ҒА академигі В.Г. Фесенковқа аспирантураға түсуге жолдама алдым. Алда физикадан мемлекеттік емтихан қалған. Бұл 1959 жылдың мамыр айы еді. Осы кезде кенеттен бір пәлеге ұшырадым. Мені ұлтшыл деп айыпқа тартты. Істің мән жайы былай. 1958 жылы күзде менімен жатақханада бірге жатқан қазақ баласы жасы үлкен, бірақ менімен бірге оқитын орыс баласымен айтысып қалады. Айтыстың басы орыс баласының: «Қазақтардың физикаға таланты жоқ» деген сөзінен шығады. Айтыс қызады, басқа студентер де жиналады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, орыс баласының солай айтып отырғаны, бізде, физика бөлімінде, жоғарғы курстарда қазақ балаларының саны өте аз болатын. Бірінші курсқа қабылдайтын барлық баланың саны 75 болса, оның ішінде тек оны ғана қазақ еді.
Меніңше, бұның себебі мынада болуы керек. Ол кезде физика-математика факультетінің физика бөлімі тек орысша болатын, қазақ бөлімі болмайтын. Оқуға түсерде біз сегіз емтихан тапсыратынбыз. Оның үшеуі орыс тілі – әдебиет, тіл, шығарма. Орыс, қазақ деп бөлінбейтін. Сондықтан, қазақ ауылдарынан, қазақша мектеп бітіріп келген біз сияқты балаларға орыс тілінен үш емтихан тапсырып, орыс балаларымен конкурсқа түсу өте ауыр да, әділетсіз де жағдай болатын. Оны ойламайтын орыс баласы жазған қазақтарды физикаға таланттары жоқ деп айыптайды. Айтыс қызады. Бір мезгілде қазақ баласы өз бөлмемде тып-тыныш ұйықтап жатқан мені оятып, қоярдан қоймай, дедектетіп айтыс болып жатқан жерге алып келсін. Мен де бұл айтысқа белсене кірістім, бір мезгілде, қызып алғаным ғой, біздегі оқуға түсер алдындағы алатын емтихандар тәртібі дұрыс емес, әділ емес, бұндай бостандық – буржуазиялы бостандық деппін. Тағы да біраз нәрселер айтқаным болуы керек, әйтеуір осы әңгімені мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жеткізеді. Бұлар менің сыртымнан тоғыз айдай бақылау жасаған көрінеді. Әйтеуір, құдай сақтап, басқа мұндай әңгіме болмағанға ұқсайды. Екінші бір жақсы болғаны, бұдан біраз жылдар бұрын КОКП-ның 20-шы съезінен кейін, 19-ға дейінгі жастарды саяси мәселелерге байланысты түрмеге жабуға болмайды деген өкіметтің қаулысы бар екен. Сөйтіп, не керек, менің жеке мәселем курстың кеңейтілген комсомол жиналысында қаралатын болды. Бұл жиналысқа қауіпсіздік комитетінің адамдары да қатынасты. Үлкен жиналыс болды, студенттер қыза-қыза сөйледі, соңында не керек, тамаша орыс достарым – С.П. Пивоваровтың, Э.Я. Вильковискийдің, Е.М. Якушевтің, т.б. студенттердің арқасында бұл жиналыс мен үшін дұрыс бітті.
Бірақ, жиналыстан кейінгі жағдайда мен біраз опық жедім. Бірінші – маған: «Жолдас Абдильдиннен 5-курста оқыған кезінде ұлтшылдық байқалды. Бұл жағдай 5-курстың комсомол жиналысында қаралды» деп мінездеме берілді. Екінші – қызыл дипломнан айырылдым. Жоғарыда айттым ғой дипломдық жұмысты беске қорғап, алда физикадан мемлекеттік емтихан ғана қалған деп. Дәл осы екі арада әлгі ұлтшыл деген пәле басталды, қайта-қайта қауіпсіздік комитетіне шақырады, «байтал түгіл бас қайғы» – дегендей, емтиханға дайындалуға мүмкіншілік болмады. Басқа топпен тапсырайын деп рұқсат сұрап көріп едім, ешкім тыңдамады, не керек, дайындалмай физикадан болатын мемлекеттік емтиханға баруға тура келді. Емтихан билеттерінде үш сұрақ бар: біреуі – теориялық физикадан, екіншісі – атомдық физикадан, ал үшіншісі – ядролық физикадан. Жауап бердім. Теориялық физикадан (кафедра меңгерушісі доцент Н.М. Петрова) – бес, атомдық физикадан (кафедра меңгерушісі, доцент П.П. Полатбеков) – бес, ал ядролық физикадан (кафедра меңгеруші профессор Чердынцев В.В.) – үш. Бұл профессор мен жауап берген кезде: «Саған орыстар не істеді» – деп, маған тап берді. Ақыры не керек жалпы баға төрт болып, менің бес жылғы оқуым далаға кетті де, мен қызыл дипломсыз қалдым. Үшінші – жоғарыда айтқандай мені аспирантураға қалдырған, енді осының бәрін жойып, мен Краснояр өлкесіне үш жылға бір мектепке мұғалім болып баратын болдым. Көнбеуге шама жоқ, бұның бәрінің осылай тыныш біткеніне шүкіршілік қылып жүрмін.
Бір күні, ҚазКСР ҒА академигі, біздің ҚазМУ-дың ректоры Т.Д. Дарқанбаевқа кірдім. Керемет жақсы адам екен: «Айналайын, бұл саяси нәрседен арылып шықпасаң, ертең алдыңнан шығады да тұрады» – деп, маған қалалық партия комитетіне, тіпті болмаса облыстық партия комитетіне бар деп, өзі сол жақтарға телефон соға бастады. Әйтеуір не керек, біраз уақыттан кейін, Т.Д. Дарқанбаевтың арқасында ҚазКСР ҒА ядролық институтына кіші ғылыми қызметкер болып баратын болдым. Бұл жерде, тағы да бір қол ұшын берген адам бар – ол ядролық институт директорының орынбасары, кейін ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі болған, тамаша ғалым, жақсы адам Д.К. Каипов. Осы ағай радиоактивтік сәуле шығару лабораториясының меңгерушісі еді. Лабораторияға ең алғаш жұмысқа келдім. Бір-екі айдан кейін мені Д.К. Каипов Ленинградтағы КСРО ҒА А.Ф. Иоффе атындағы физика-техника институтына ұзақ командировкаға жіберді. Бұл институт Кеңес Одағыың ҒА ең бір таңдаулы институты еді. Мұнда заманында В.А. Фок, Л.Д. Ландау, П.Л. Капица, Н.Н. Семенов т.б. данышпан ғалымдар жұмыс істеген. Менің келген бөлімім – ядро теориясы бөлімі болатын, оның бастығы профессор Л.А. Слив еді. Ол өзі бір жуас, адамға жаны ашитын тәуір адам. Келе сала физиктерге тән «Ландау минимумы» дегенді тапсыра бастады. Бірте-бірте Ландаудың барлық томдарын тапсырып, 1961 жылдың 1 қыркүйегінен аспирантураға түстім де, ғылыми жетекшім профессор Л.А. Слив болып тағайындалды. Менің диссертациялық жұмысымның тақырыбы «Ядродағы нуклондардың арасыдағы қалдық күштердің маңызын зерттеу» болып бекітілді. Бұл кезде 23 жастамын. Құрдастарым әлі институт бітіріп жатқан, мен болсам Ленинградта, атақты физтехте екі жыл жұмыс жасап үлгердім. Жағдайым сондай жақсы сияқты еді. Аяқ астынан тағы бір пәлеге ұшырадым. Істің мәні былай. Мен айттым ғой: Ленинградта екі жыл жұмыс істеп үлгердім деп. Осы кезде, бос уақыт көп болған соң, мен өзімнің дипломдық жұмысымды ары қарай жалғастырайын. Осы жалғастыру кезінде менің басыма екі идея келсін. Бұл екі идея менің бүкіл ғылыми өмірімнің арқауы болды. Бірінші идея – Эйнштейннің жалпы салыстырмалы теориясын (ЖСТ) Күн системасынаның космогониясына қолдану. Менің ойымша, Күн системасындағы Кеплердің үш заңы Ньютонның гравитациялық теориясымен түсіндіріледі, ал Күн системасындағы күрделі заңдылықтарды Эйнштейннің гравитациялық теориясымен, басқа сөзбен айтқанда ЖСТ-мен түсіндіру керек деген идея. Екінші идея – бұл гравимагнетизм. Белгілі ғалымдар Блэкет пен Вильсонның аспан денелерінің магнетизмі туралы айтқан гипотезаларын қарастыра отырып және осы мәселе туралы айтқан Эйнштейннің кейбір пікірлерін еске түсіре отырып маған мынандай ой келді. Эйнштейннің ЖСТ бойынша: егер гравитациялық өріс уақыт бойынша өзгеретін болса, онда құйынды гравитациялық өріс пайда болады. Менің ойымша бұл олай емес. Егер гравитациялық өріс уақыт бойынша өзгеретін болса, онда магниттік өріс пайда болу керек. Расында, біз электродинамикадан көреміз: электр өрісі уақыт бойынша өзгерсе, онда құйынды магниттік өріс пайда болады. Кванттық механикада да осындай болу керек. Меніңше, магниттік өріс ерекше қасиеті бар өріс. Электр өрісінің, ядролық өрістің, гравитациялық өрістің өзінше жекеленген зарядтары бар, ал магнит өрісінің жекешеленген магнит өрісі жоқ. Магнит өрісі басқа өрістердің уақыт бойынша өзгергенінде туатын ерекше қосымша өріс. Осы идеяға сүйене отырып, мен айдың магнит өрісі болу керек және оның шамасын 10-5 эрстед болады деген болжау айтқанмын. Менің «К единой теории магнитного поля вращающихся тел» деген мақалама академик В.Г. Феснков жолдама беріп, «Доклады АН СССР» деген журналға жіберілді. Мақала журналдың редакциясына 13.10.1962 жылы келіп түсті. Біраздан кейін космостық ракета айда магнит өрісі жоқ деген хабар әкелді де, менің мақаламды кері қайтарды. Арада бірнеше жылдар өткен соң американдық ракеталардың магнит өрісін өлшегіштері айда магнит өрісі барлығын дәлелдеді және ол біз болжағандай 10-5 эрстед екен. Сөйтсе, Кеңес Одағының 2-ші ракетасындағы магнит өрісін өлшегіштер тым дөрекі екен де, 10-5 эрстед магнит өрісін анықтай алмайды екен. Өкініші сол, менің мақалам далада қалды.