Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 4 из 17



Менің осылайша ЖСТ мәселелерімен қызыға-қызыға шұғылданып жүргенімде, аспирантураның бірінші курсының қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппын.

Жылдың аяғында институтта аспиранттарды аттестациялау комиссясының жұмысы басталды. Комиссияның бастығы УССР ҒА академигі А.П. Комар деген шал мынадай екі шешім қабылдау керек деді. Бірінші – Абдильдинді физтехтың аспирантурасынан шығару керек. Себебі, бұл аспирант бір жыл бойы ғылыми жетекшісінің берген тақырыбымен шұғылданбай, басқа, ЖСТ мәселелерімен шұғылданған. Екінші – Абдильдиннің болашақта өзіне ұнайтын ЖСТ мәселелерімен шұғылданғаны дұрыс болар.

Менің алдыма қиын Гамлет сұрағы пайда болды: бүк не шік?

Осы қиын кезде менің ғылыми жетекшім профессор Л.А.Слив үлкен адамгершілік жасады: «Сенің ЖСТ-дағы жасаған жұмыстарыңды, ойларыңды университеттегі академик Фокқа көрсетейік, айтайық» – дегені. Сөйтсе профессор Л.А.Слив кезінде кандидаттық диссертацияны осы Фоктан қорғаған екен. Ал, Фокпен дұрыстап танысайық. Атақты Капица Сталинге жазған хатында: «Фок және Ландау Кеңес Одағының ең ірі физиктері» – дейді. Кезінде Геттингенде – математиканың Меккесінде – Фокты «Орыстың математикалық зеңбірегі» – деген. Мәскеудің мемлекеттік университеттерінің студенттеріне арналған «Квантовая механика» деген оқулығына УССР ҒА-ның академигі А.С. Давыдов былай дейді: «Атомдық және ядролық құбылыстарды түсіндіретін ғылымды кванттық механика дейді. Осы ғылымның негізін салғандар: Бор, Шредингер, Гейзенберг, Дирак, Фок және Паули» – делінген. 1937 жылы 18 ақпанда Ленинградта талантты жас ғалым Фок тұтқынға алынады. Келесі күні Капица Сталинге мынадай хат жазады: «Фокты осылай қорлау біздің елдің және шет елдердің ғалымдарының арасында үлкен наразылық тудырады. Осы жағдайды Эйнштейнді Германиядан қуумен ғана салыстыруға болады». Осындай хаттан кейін, бір ғажабы, Сталин Фокты қолма-қол босаттырып жібереді.

Ал ЖСТ-ға келсек Кеңес Одағында бұл салада Ленинградтық Фок пен Фридманнан асқан оқымыстылар болған жоқ.

Сонымен не керек, бір күні біз профессор Л.А. Слив екеуміз данышпан Фокқа келдік. Мен жүрегім лүпілдеп, қысылып, сасып әзер дегенде ойымды Фокқа айтып шықтым. Мәссаған ғажап, бір мезгілде ұлы ғалым өзімен-өзі күбірлеп: «Менің де жас кезімде осыған ұқсас ойларым болып еді. Бірақ оларды зерттеуге қолым тимеп еді. Мынау жас жолдас аспирантураны менде өтсін. Мен ғылыми жетекші болуға келісім беремін» – дегені. Менің де, Сливтің де ауыздарымыз ашылып қапты. Әп-сәтте, аяқ астынан мен Фоктың оқушысы болып шыға келдім. Ғажайып! Фантастика!

Бір жақсы жері математиканы тәп-тәуір білуші едім. Бұған себеп ҚазМУ-да жүргенімізде бізге жоғары математиканы Б.Т. Төлегенов деген доцент, өте талантты педагог берген еді, екінші – өз бетіммен ізденудің арқасы.

1966 жылы 14 сәуірде Ленинград университетінің физика факультетінің ғылыми кеңесінде «Эйнштейннің гравитациялық теориясынан космогония үшін шығатын кейбір салдар» – деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Өзінің 2 желтоқсан 1965 жылы, ғылыми жетекші ретінде менің диссертацияма берген бағасында Фок былай деп жазады: «Абдильдиннің жұмысы бүкіл Одақтық Тбилисидегі (сәуір, 1965 жылы) болған гравитациялық конференцияда баяндалды және менің дүние- жүзілік Лондонда болған гравитациялық конференциядағы (шілде, 1965) баяндамам бойынша талқыланды. Барлық жағдайларда бұл жұмысқа жоғары баға берілді. Абдильдин диссертациялық жұмысын басынан аяғына дейін (мәселені қоюдан соңғы нәтижені алғанға дейін) бір өзі жасады. Шындап айтқанда, бұл жұмыс деңгейі қатардағы кандидаттық жұмыстардан әлдеқайда жоғары».



1966 жылы шілде айында Алматыға қайтып, Астрофизикалық институттағы қызметімді жалғастырдым. 1967 жылы, қазан революциясының 50 жылдығына байланысты ҚазКСР ҒА-да бірінші рет жас ғылымдардың ғылыми конференциясы және конкурс болды. Мен де қатыстым. Жұмыстың аты: «Жалпы салыстырмалық теориясының тағы бір интерпретациясы». Конкурс нәтижесінде бірінші орынды биолог М. Айтхожин (кейін академик, ҒА-ның президенті) алды, екінші орынды физик мен (кейін ҒА мүше- корреспонденті, ҚазМУ-дың ректоры) алдым, үшінші орынды химик Е.Е. Ерғожин (кейін академик, ҚазМУ-дың ректоры) алды.

1970 жылы ҚазМУ-дың физика факультетінің деканы С.И. Исатаевтың шақыруымен теориялық физика кафедрасының менгерушісі болып КдзМУ-ге ауыстым. Үзіліс кезінде, 1981-1986 жылдары, кафедраны профессор Л.А.Сливтің шәкірті, бертін келе Кеңес үкіметінің атақты физиктерінің бірі академик А.Б. Мигдалдың оқушысы болған, жас талантты физик Т.А. Қожамқұлов басқарды. Қазір осы жігіт КдзҰУ-дың ректоры.

Ғылым жағына келгенде мен кафедраның бұрыннан келе жатқан тақырыбы «Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысының мәселелері» – деген бағытқа ғылыми жетекшілік еттім. Бұл мәселе ЖСТ-ның өзекті мәселелерінің бірі, онымен Эйнштейн және Фок шұғылданған. Біраздан кейін КСРО-ның Жоғарғы Оқу Министрлігінің жанындағы ке- ңестің гравитациялық секциясының мүшесі болып сайландым. Теориялық физика кафедрасы «ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелері» деген тақырыпты зерттеуде одақ бойынша басшылық жасайтын болды (КСРО Жоғарғы Оқу Министрлігінің № 1278, 21.12.1982 жылғы бұйрығы).

1985 жылдың 12 маусымында БССР-дың ҒА физика институтының Д.006.001.002 – арнаулы кеңесінде «ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелерін Фок әдісімен зерттеу» деген тақырыпта 01.04.02 – «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша докторлық дисертация қорғадым. Осы кезде Белоруссияда салыстырмалық теориясы және гравитациядан үлкен ғылыми мектеп бар еді. Оның басында академик В.А. Фоктың оқушысы, үлкен ғалым, жақсы адам – БСССР-дың акдемигі Ф.И. Федоров болатын. Сөйтіп жүргенде мен теориялық физикадан Қазақстанда бірінші доктор, бірінші профессор (1987), бірінші ҚазКСР-ның ҒА мүше-корреспонденті, қазақтан бірінші ҚазМУ-дың теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болыппын.

Тағы бір жәйт. 1988 жылы жазда мен қазіргі белгілі хирург – академик М.А. Алиевпен Кисловодскіде дем алып, енді Алматыға келсем, қалада ҚазМУ-дың ректорын сайлау өтіп жатыр екен. Мұндай демократиялық сайлауға дүмпу болған М.С. Горбачевтың демократия және жариялылық деген саясаты себеп болса керек. Үміткерлердің (кандидаттардың) ішіне мені де қосып қойыпты. Ол кезде ректордың, проректордың және деканның орнына резерв дайындайтын тәртіп болатын. Мен сол ректордың қызметіне бірінші болып резервте тұрғанмын. Демократияны сақтау үшін мені кіргізбесе болмайды екен. Сонымен не керек ректордың орнына 10 үміткер жиналдық. Біраз сынақтардан өттік. Ақыры ҚазМУ-дың кеңейтілген үлкен ғылыми кеңесіне төрт адам түстік. Ойламаған жерде, тіпті бірінші турда, үлкен басымдылықпен ҚазМУ-дың ректоры болып сайландым. Халықтың көзқарасы осылай болды, ал бастықтардың өкілдері (Орталық комитеттің, обкомның және жоғары білім беру министрлігінің) бірі де мені құттықтамады. Мұның себебі, олардың өздерінің өткіземіз деп жүрген адамдары болған екен.

Менің негізгі ғылыми еңбектерім, жоғарыда айтылғандай, ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелері. Біз осы теориядағы денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалыстарының релятивтік теңдеулерін негіздедік. Эйнштейннің гравитациялық теориясының механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін бердік. Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысының адиабаттық теориясын құрдық. Дененің өз өсінен айналысы жөніндегі мәселені зерттеуде гидродинамикалық аналогияны пайдалануға болатынын көрсеттік. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясының негізгі күрделі мәселелерінің бірі: өз өсінен айналатын екі денеден тұратын жүйенің қозғалысы туралы есепті шештік. Бұл жолда белгілі асимптоталық жуықтау теориясын кеңінен пайдаландық. Гравимагнетизм гипотезасын кіргізіп, жалпы салыстырмалы теориясындағы Эйнштейннің белгілі теңдеуінің интерпретациясын өзгерттік «On Interpretation of the Einstein Equations in General Relativity» (Gravitation & Cosmology6 Vol.5 (1999), No.3 (19). Pp. 219-221).

160-тан астам ғылыми мақалалар және үш монография жаздым. «Эйнштейннің гравитациялық теориясының механикасы» деген алғаш монография (Ғылым баспасы, 1988) ЖСТ-дағы қозғалыстың күрделі мәселесіне арналған Қазақстандағы бірінші кітап.