Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 6 из 74

Бірақ құлаштай сілтеген көк құрыш алдаспан оның мойнын қиғаштай кесіп, зәресі ұшып көзі адырайған басын анадай жерге ұшырып түсірген.

Қайтып оралған Жәнібек пен Керей Сарыбайдың әлі де болса жаны шыға қоймай, анадай жерде ақырын қимылдап жатқан басы мен қан-қан болып діріл қаққан денесін көрген. Бұйрығын орындай алмаған құлы енді тірі куәге айналмас үшін, ханның әдейі өлтіргенін екеуі бірдей ұққан. Бірақ Әбілқайыр:

— Жәнібек сұлтанға қастық ойлағаны үшін басын алдым! — деген.

Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған.

Хан қазір өзінің сол күнгі қылығын ойлауда. «Он алты жасымда Едігенің немересі Қазы биді өз қолыммен бауыздағанда, он жеті жасымда аталас туысым Дәшті Қыпшақ ханы Жұмадүкті туған баласындай боп қолында өскеніме қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өлтіргенде шімірікпеген басым, қастасқан жауым Жәнібекті қара құстан сойылмен бір салып өтуге қалай жарамадым? Кезі келгенде қандай құрбандыққа да болса бара алатын жүрегім, сол жолы қалай дауаламады?

Иә, өзгелер айқай-сүрең салып жеткенше, сойылмен бір-ақ періп өлтіруім керек-ақ еді, ар жағында аттан құлап ажал тапты деп көрсету — Сарыбайдың шаруасы. Ал мен… Міне, сондағы сәл бөгеліп қалғанымның күнәсін енді тартып жүрмін… Жауыңа деген сойылды дер кезінде соқпау — үлкен қылмыс! Енді міне Жәнібектің басын қалай алудың жолын таба алмай, аңыс-аужайым азаптануда… Ашық кетуге болмайды, қазір олар жағындағы ел аз емес. Әттең, әттең, сол бір сәт қайта оралар ма еді! Апырай, сол жолы қолымдағы сойылымды бір сілтеуге жүрегім қалай дауаламады екен. Дауалатуым керек-ақ еді».

Әбілқайыр ойына өлім жазасына бұйырмақ жігіті қайтадан түсті. «Иә, бұл жолы тағы мен үкім айтуым керек. Айтпасқа амалым жоқ. Орда маңына топталған Арғын, Қыпшақ арасындағы дау-жанжал бүгінгі күні осы жігіт арқылы шешілмек. Егер бұл жігітті өлім жазасына бұйырсам, Қыпшақ қуанады. Босатсам Арғын мәз болады… Қандай шешім алу керек? Орда бүтіндігі осы бір жігіттің тағдырымен байланысты. Қастасқан Жәнібек, Керей, Абақтардың да күтіп отырғандары менің шешімім, қандай үкім айту абзал?» Әбілқайыр терлеп кетті. Бір қара қазақтың тағдырының өзіне осыншама салмақ салғанына таң қалды. Ал өткен заман болса… «Иә, иә, Шыңғысхан бабамыз кезінде, бір адамның өмірі түгіл мың адамның тіршілігі де ұлы ханның бір қабақ қаққанынан шешіліп жатпас па еді? Иә, сөйтер еді-ау! Жоқ, Шыңғыс бабамды қойып, бертініректегі Мөңке ханның тұсында да, бір кісінің тағдыры ешкімнің ойына ойран салмас еді!».

Оның есіне Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз түсті.

Өзге жұртқа қарағанда монғол халқының өздерінің бекзадаларын жерлеуде екі айрықша дәстүрі болған.

Бірі — қабірге өлген сұлтанымен бірге бекзаданың құлын салу дәстүрі. Терең зираттың бір бүйірінен қуыс қазады. Оған өлікті түсіреді. Өліктің астына бекзаданың тірі кезінде ең жақсы көрген құлын жатқызады. Құл бірнеше сағат өліктің астында жатып тұншыға бастағанында оны бейіттен алып шығады. Есін жиғаннан кейін, құлды өліктің астына қайта жатқызады. Осылай үш рет істейді. Егер құл тірі қалса, оның сұрағанын беріп, құлдықтан біржолата босатады. Монғолдардың түсінігі бойынша құл бекзадаға шын берілген адам болып шығады. Қожасы өліп, құлы тірі қалғанда ол өмір-бақи қожасының бар күнәсін арқалап өтеді-міс. Сондықтан оны тірі қалдырады. Астоданға салынған өліктің денесін қуысқа тығады. Зираттың ішіне қазан толы ет, құмыра толы сүт қояды. Садақа етіп көптеген күміс, алтын білезік, сақина, алқа тәрізді қымбат заттар қалдырады. Бұндайда егер бекзада бай адам болса, алтын, гауһарлар зиратқа аянбай салынады. Бекзаданың жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке тимей кетеді деп ойлайды монғолдар.

Екіншісі — қойылған бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі керек. Бекзада қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі жылқылар өткізіліп жер бетін теп-тегіс етеді.

Мұндағы ойлары — қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. Римнің бір императоры «тарих менен басталады» деп өзінен бұрын өткен, капитолияның астында саркофагта жатқан жиырма тоғыз императордың бальзамдалған денелерін алып өртеп жіберген. Тірі кездерінде өшіккен патшаларының сүйектерін өлгеннен кейін қазып алып қорлау, бөтен елдерде де сан мәртебе кездескен. Мұндай сорақылық өткен замандарда жиі болып келген. Ескі монғол заңы бұндайға орын бермеген. Тірі — өлі жаннан өшін алуға тиісті емес. Сондықтан оның зиратының қай жерде екенін тірі жауы білмеуі керек. Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен-жексен етіледі.

Бір мың екі жүз елу тоғызыншы жылы Қарақұрымдағы Шыңғыстың ұлы тағында отырған Мөңке хан өлгенде, оның інілері Арық Бұғы, Құбылай Құлағулардың әмірі бойынша осы ханды жерлеуге қатысқан он мың адам тегіс бауыздалған. Ондағы ойлары — тірісінде қатігез болған ханның өлігінен Шың- ғыстың өзге балаларының ұрпағы өшін алып жүрмесін деген және монғол хал- қының отқа табынатын кездегі діни түсінігі бойынша бекзаданың жаны о дүние- де тыныш серуен құруға тиісті-міс.

Інілерінің Мөңке ханды аталары Шыңғыстан да артық етіп былайша дәріптеулерінде бұл екі салттан да басқа бір мақсат бар-ды. Ол мақсат — бүкіл әлемге, қала берді өздерімен бақ күндес жауларына, он мың адам қаза тапқан қанды қырғынмен сес көрсету болатын.

Сөйткен Шыңғысхан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр хан болса, енді мынау, бір жігіттің тағдырын шеше алмай жаураған торғайдай құты қашып тұр. «Бір Шыңғыстан тараған екі ұрпақтың біреуі он мың адамды бауыздағанын мақтан етеді, ал екіншісі бір адамды ажалға бере алмай, күні бойы әуре-сарсаң ойға берілуде. Бұл қалай? Расымен-ақ бір кезде бүкіл дүниені тітіреткен айбынды «әлем иесі» тұқымдарының уақтап кеткені ме? Солай тәрізді.

Әбілқайыр тағы да ауыр күрсінді. Расында да бұл оған Төле балаларының он мың адамды құрбанға шалғанынан шешуі қиын кесік еді. Пышақ кесті үкімін шығара алмай қиналуы да содан туған.

Қара қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс балаларының арасы қым-қиғаш бір тарих. Әбілқайырдың дағдаруының өзі де осыдан еді.

Үгедей балалары монғолдың өз жеріне Ұлы Ордаға ие болып қалғанда, Жағатай балалары мен Төленің кіші ұлы Арық Бұғы осы күнгі Орта Азия өлкесі — Жейхұн мен Сейхұн өзендерінің арасын — Мауреннахрдың бай алқабына ие болған-ды. Ал Төленің екінші баласы Құбылай Қытай жерінің Солтүстігі мен Батыс жағын жаулап алып, енді дені Дәшті Қыпшақ пен алан[8] 1 әскерлерінің күштерімен сол Қытайдың Оңтүстік жағын жаулауға кіріскен. Үшінші баласы Құлағу осы күнгі Кавказ жерінің бүкіл Оңтүстік тұсын шауып, Иранды алып, енді сонау Египетке қол соза бастаған-ды. Құлағуды жергілікті ел ықпалына түсіп кетпес үшін, будда монахтары — ұйғырлардан, тібіттіктерден, қытайлықтардан құрылған кілең сенімді адамдармен қоршаған. Бұлардың бәрі ұлы хан Мөңкенің қарамағында болатын.

Үгедей, Жағатай, Төле балаларының басшылық саясаты қан төгіспен, бағынған елді қыру, талаумен аяқталатын-ды. Қорқыту, қорғансыз елді тек найзаның ұшымен, айбалтаның күшімен бағындыру — бұлардың негізгі саясаты еді. Өртенген, қираған қала, құлазып бос қалған егін даласы, тау-тау болып үйілген адам сүйегі, қашқан, босқан жұрт — міне, монғол қанды балақтарының бір кездерде гүл-гүл жайнаған өлкелерге алып келген үлесі осы болатын…

Ал қазақ жеріне келген Жошы да осы саясаттан танбаған. Тек ойын орындау тәсілі өзгеше еді.

Қият руының батыры Есугейден туған Шыңғысхан Қоңырат Дай-ноянның қызы Бөртеден бес қыз, төрт ұл көрген. Солардың бір қыздан кейінгі ең үлкені Жошы. Монғол ғұрпы бойынша өз руынан әйел алуға болмайды. Жігіт қалыңдықты басқа рулардан, әсіресе нағашы жұртынан іздеуі керек. Осы дәстүрге қарап, Жошы да өзінің заңды төрт қатынының үшеуін Қоңырат руынан алған. Үлкен бәйбішесі Жүке-бегімнен үлкен баласы Орда, екінші әйелі Үкі-бегімнен Бату туған. Бұлар да нағашы жұртынан бір-бір әйелден алған. Осылай атадан әкеге, әкеден балаға ауысқан ғұрып бойынша Жошы ұрпағы Қоңырат руына күйеу жұрт боп кеткен. Ал бір кезде Керулен, Онон, Орхон өзендерінің бойымен көшіп жүрген Найман, Керей, Уақ рулары тәрізді монғол жеріндегі Қоңырат руы, енді бірінші боп Жошы ұлысына кіреді. Бұның үстіне «Шыңғыс монғолда хандыққа таласып жүргенде, Бөрте Керейдің бір батыр жігітімен көңілдес болған екен. Жошы содан туыпты» деген де қауесет бар. Бұл қауесет қисынға да келетіндей. Оған дәлел: Шыңғысхан енді өлетініне көзі жетіп, орнына Жошыны қоймақ боп бір мың екі жүз жиырма алтыншы жылы Ұлы құрылтайды шақырғанында, монғол жыраулары хан алдында «Жошыны қойма, ол сенің нәсілің емес», деп жыр айтады.

8

Орыс пен Дәшті Қыпшақ жауынгерлерінен құрылған «әлен асы» атты әскер құрамасы.