Страница 7 из 74
Осындай себептерімен Жошы Қоңырат, Керей руларын іштей қанап жатса да, сырттай жақын ұстаған болып көрінеді…
Жоқ, қарамағындағы жұртты Жошы қандас болдым деп аяған емес. Оған басқаратын, әмірін жүргізетін ел керек. Ал Дәшті Қыпшақ Жошы хандығының туын тігетін негізгі жері болуға тиісті еді.
Демек, қазақ шежірелері Жошыны Шыңғыстың өзге балаларындай қанішер атамайды. Жыр, аңыздарда кейде қаһарымен бірге сөзге тоқтайтын, ашуын ақылға жеңгізе білетін адам етіп көрсетеді. Бұған «Ақсақ құлан — Жошы хан» аңызы куә.
Қайткенмен де осы Жошы Жағатайдай басып алған елін құртып жіберуге құштар болмаған. Оның бүйтпеске амалы да жоқ еді. Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары сан жағынан жүздің біреуіндей-ақ аз-тұн. Шыңғысхан жаулап алған жерінде төрт басына төрт ұлыс етіп бөлгенінде монғол әскерінен әрқайсысына он санадан[9] бар бергені төрт мың әскер деген ақпар бар. Монғол нояндары да, бір шелек суға салынған бір уыс тұздай қалың қазақтың арасына кіріп біржолата оның тілін, дінін алып өздері де қазақ болып кетеді. Тек Шыңғыс ұрпағымыз, төре тұқымымыз дегенді өздерінің үстемдігін қорғауға ғана пайдаланады.
Тағы бір еске алатын жағдай: қазақ жерінде, Хорезм, Киев тәрізді үлкен қалалар болмағандықтан, Жошы тұқымы қан жоса етіп алатын бекіністер де аз еді. Дәшті Қыпшақ рулары да монғол тәрізді көшпелі жұрт, қашып жүріп, босып жүріп соғысып өз теңдігін оңайға бермеді. Жошы ұрпағына бұнымен де санасуға тура келді. Тиімді болса қазақтан қыз алып, қыз беріп кетуден де тайынбайды. Осындай жағдайда Бату өзінің бір қызын Маңғыт жігітіне береді. Одан Ноғай деген инал[10] туады. Ноғай асқан батыр, ақылды кісі болады. Хан тағына отыруға хақы жоқ, әке жағынан Шыңғыс тұқымынан емес, бірақ Батухан өлген кезде оның әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын істеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып, өз қолымен алып тастай алатын әмірші болады. Ақырында Алтын Ордаға Мөңке ханның бесінші баласы Тоқтағу (қазақтар оны Тоқтайхан деп атаған) хан болады. Бұл кезде Ноғай батырдың қартайған шағы. Жас ханмен кәрі тарлан айқаса кетеді. Дәшті Қыпшақ елінің ру-руға бөлінген алауыздығын пайдаланып, Тоқтағу әскері Ноғайды жеңеді. Ноғай он жеті нөкерімен Башқұрт жеріне қашады. Жолай оны Алтын Орда қызметіндегі бір князьдің жауынгері ұстап алып өлтіреді. Басын Тоқтағуға әкеп береді. Бірақ жауынгер қылығынан шошынған Тоқтағу «Қарапайым адам хан тұқымына қол көтермес болар» деп өзінің басын алдыртады.
Хан атын алмағанмен, Ноғай Ұлы би аталған. Дәшті Қыпшақ жерінің батыс бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт руы.
Әбілқайырдың да өзінің қол астындағы Арғын, Қыпшақ руларының белді адамдарынан сескенуінің де бір себебі осында. Ноғай батыр секілді Ақжол бидің де (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) артында тұрған қалың Арғын елі бар. Ал Майсара Қобыланды батырдың соңынан ерген Қызыл бас елін шауып, қисса жырына айналған арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жау жүрек бықыған айбарлы Қыпшақ жұрты тұр… Қайсысының сөзін жақтау керек. Бұдан қиын хан басына сын бар ма?
«Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс-мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт — абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы — біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз».
Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары. Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады. Мауреннахр бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр, достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі, соларға қарай иек артпақ… Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан салған алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес… Тек солардың санын көбейте түсу керек».
Жәнібек, қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер… Ұлдары сойылға жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар…
Жәнібекті таныған ақсақал:
— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын. Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.
— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер.
Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұрат- қа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек келтірмеген.
Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру — Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты үміттенген. Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса, Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы Алтын Ордаға деген өшпенділік өрши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе, жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды, тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ ондай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».
Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда әлі де талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа сала біл! Аужарлық етпе!».
Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады… Ерік беріліп еді, Мысырға құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен қуды…».
Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып, жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған ашуланған Бату венгер короліне хат жазды. Ол хатында: «Оның үстіне менің Қыпшақ құлдарыма сен қорған болатын көрінесің. Мені өзіңе қарсы қоймайын десең, бұдан былай қарай қарамағыңа Қыпшақтарды ұстама. Қыпшақтарға менен қашу жеңіл, — олардың үйі-күйі жоқ, шатырда тұрады, ал сенің үйің бар, жерің бар, қалаларың бар. Менен қалай қашып құтыласың» деп қорқытқан Бату.
9
Б і р с а н а д а — жүз адам.
10
И н а л — көне түркі тілі, шешесі хан тұқымынан, әкесі қара қазақтан шыққан кісі. Бұның да хан тұқымынан шыққан ақсүйек адам екенін білдіріп, арнаулы «инал» деген ат берген.