Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 5 из 74

Ханның аңға аттанатын күні жеткенде адыр басына керней-зурнайшылары шығып, бүкіл даланы басына көтере, барылдата тартып, аңшыларға «жиналыңдар» деп белгі берді. Оқшау төбелі мидай дала. Ат құлағы мен бұйра қымыздығы аралас біткен жасыл шалғын. Әлжуаз сабақтары толығып ылдидағы қызғалдақ, сарғалдақтар көк майсадан жоғары көтеріліп, өрекпіп жеткен… Тұс-тұстан төбе басына сұлтан, әмір, бектер ағыла бастады. Кенет хан ордасы жағынан бір топ адам көрінді. Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілқайыр ханның өзі. Соңынан ергендері үзеңгілес батыр нөкерлері. Кілең жеңіл сауыт, ықшам киім киген. Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер. Үстеріндегі сауыттары, асынған қару-жарақтары күнмен шағылысқан осынау топтың ішінен үш-төрт әйел көзге түседі. Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сайгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі — бәрі сары алтынмен апталған. Әйелдің үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен әдіптелген. Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай, көзді тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұ жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл — Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым — Самарқант ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлу еді. Бұлар төбеге жеткен кезде солтүстіктегі ақ ордалардан тағы бір топ салт атты көрінді. Алдарында қос қара көк жүйрік мінген Жәнібек пен Керей. Екеуі де аңға шыққандарын әдейі аңғартқандай иықтарына қаршыға қондырған. Ерлеріне атпа найза ілген. Киімдері де ықшамды. Құндыз жағалы, қысқа лұқпан шапан, бастарында қазақы қимаш бөрік, сырттарынан қимылымызға жеңіл болсын деп кереге көз торлы сауыт киген. Ерлерінің басына ешкі терісінен жасаған дабыл іліп алған. Бұл топтың арасында да үш-төрт әйел. Бұл әйелдердің ішінен біреуі ерекше көзге түседі. Бұл Жәнібек сұлтанның екінші әйелі. Алтын хан еліндегі монғолдармен аралас отырған көшпелі Керей руының қызы Жаған бикем. Бұның астында аты шулы «Киік-аяқ» атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс… Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипай тартқан болмысымен көздің жауын алады. Әсіресе Рабиу-Сұлтан-Бегімдей емес, қолына ұстаған найзасы, басына киген меруертпен торлаған қызыл барқыт сәукелесі, астындағы ақ боз аттың кекіліне таққан үкісі, бұның жауынгер елден шыққан әйел екенін көрсетеді. Дене келбеті де, астындағы атының бітімі де Рабиу-Сұлтан-Бегім көркі мен мінген жүйрігінен анағұрлым асып түскендей. Жұрт оған сүйсіне қарауда. Әбілқайыр да көз астымен Жағанды бір шолып өтті. Кенет оған бір күпірлік ой келе қалды. «Сұлу-ақ екен. Хан әйелі болуға әдейі жаратылғандай. Егер Жәнібек сұлтан осы жолы жазым болса, алтыншы әйелім етіп алармын-ақ!».

Хан бетінен көзін алмай тұрған Жәнібек, Әбілқайырдың зұлым ойын көз қарасынан түсінгендей, теріс бұрылып кетті. Енді ол адыр басы мен етегіне жиналған бекзадаларға бажайлап қарай бастады. «Қайсысы екен маған ажал әкелер!» Кенет көзі топтан сәл оқшаулау тұрған үш қоңыр киімді жат адамға түсті. Бұрын аңға шығып жүргенде, бұл үш қоңыр пішін болмайтын. «Осылар екен. Тек сақ болу керек» деді Жәнібек ішінен.

Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды. Бұлар арада бір қонып, келесі күні Ұлытаудың солтүстігіндегі, Кішітаумен жалғасып жатқан, Арғынаты құз-асуларына келіп, қостарын тікті.

Бұл ескі қиссада:

Ұрпақтан ұрпақ қуып бізге жеткен, Ежелден Арғын атам қоныс еткен.

Көк шалғын, күміс бұлақ Арғынатым…

Шықпайтын арманымсың көкіректен, —

деп жыр еткен қазақтың көне мәдениет ошағы — Арғынаты тауларының кең өңірі еді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үзіле созылған жықпыл тасты құздар, түкті қабақты қайғылы жартастар. Үстін қарақат, мойыл, көк шалғын басқан ұры сайлар, тағы қойнаулар. Жағасын айбалдырған мен ақшуағы аралас белден келер көгал шөп көмген, жұлындай боп жер астынан шығып жатқан, сылдыр қаққан жіңішке бұлақтар. Қуаңшылық жылдардан басқа кезде, қаптаған малын суаратын Барақ көлден бөтен мол сулы айдыны болмағандықтан бұл араға жаз ел сирек қонатын. Сондықтан да Арғынаты төңірегінде қырғауыл, дала қазы секілді суы аз жерде үйреншікті құстар мен арқар, бөкен, киік көп кездесетін. Хан тобы үш күн бірдей аң аулады. Дабыл қағылып, қаршығалар жерден жаңа көтерілген кездерінде кекілік пен ұларды топырлатып ілді. Мерген жігіттер киіктерді садақпен қиядан қағып қырып салды. Бірақ Сарыбай бастаған үш жігіт қанша аңдыса да, көз қиығын бұлардан аудармаған Жәнібекті қолдарына оңаша түсіре алмады. Ажал алайын деп қанша құлшынғанмен, жауыздықтың реті келмеді. Әбден ызаланған жігіттер не істерін білмей, хан ертең елге қайтады деп тұрғандарында, Жәнібекті мерт етер бір жағдай кездейсоқ тап болды. Аң аулау қызығына кіріп кетіп, әбден елеуреген Жәнібек бір мезет аужайын байқай алмай қалды. Қастарынан жанай қашқан ақ бөкенді көре сала, атын борбайлап тұра қуды. Күнімен аң соңынан шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті. Ол ақ бөкенді қуып келе жатып, төтеден қосылған хан тобы мен әлгі үш қоңырды көрді. Хан атын жаңа ғана ауыстыр- ған. Ал Сарыбай тек Жәнібекті аңдумен ғана жүріп астындағы жүйрігін тың ұстаған. Әрі-беріден соң Жәнібек, хан, Сарыбай үшеуі өзгелерден қарасын үзіп, үздік кеткен. Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айнал- ған бөкенге бірдей таянған. Әбден дымы құрып етпетінен құлаған дала еркесінің үстіне аңшылар бірдей жеткен. Аң құмар Жәнібек сойылын лақтырып жіберіп, бөкенді бірінші боп бауыздайын деп, қынабынан кездігін ала атынан секіріп түскен. Дәл осы сәтте: «Жоқ, олжа менікі!» деп Сарыбай да сойылын ыңғайлап бөкенді бауыздауға еңкейген Жәнібектің ту сыртынан ұрмақ боп таяй берген. Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған, Жәнібектің тізесінің астына түсіп қалғанын бір-ақ білген Сарыбай ханға:

— Ау, ұрсаңызшы көк желкеден! — деген, ханның қолындағы сойылға көзі түсіп.

Неге екені белгісіз, ханның бойы дірілдеп кетіп, Жәнібекті сойылмен ұруға қолы көтерілмеген.

Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға келген. Тізесімен Сарыбайды бір-екі нығарлап жіберіп Жәнібек: «Бір жолға қастығыңды кештім, екінші мәртебе қолыма түссең өзіңнен көр» деп түрегелген де, жатқан аңға қараған. Өкпесі өшіп әбден орнынан тұра алмай қалған бейшара, сол мойнын созып етпетінен құлаған қалпында әлі жатыр екен. Жәнібек оны аяп кеткен. «Жазықты жауыма тіршілігін қиғанда, жазығың жоқ, ақбөкен, сені несіне өлтірем», деп анандай жерде жатқан сойылын алып атына мінген. Осы сәтте Керей де жеткен. Болған оқиғаны айтпаса да түсінген Керей сұлтан, інісін қасына ертіп, ханға бұрылып та қарамастан, шауып келе жатқан топқа қарсы ақырын аяңдап жүре берген.

Бұл кезде тәлтіректеп орнынан Сарыбай да түрегелген. Атының үзеңгісіне аяғын салып жатып:

— Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, — деген алқына сөйлеп, егер де жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді дейтін едім. Қалай өлгенін көзімен көрген ешкім жоқ… — деп келе жатты да, — тақсыр хан, кешіріңіз… — деп басын қолымен қорғай берген.