Страница 2 из 5
Сіз: «Мұның бәрі керемет, бірақ мен жұмыс істеуім керек» деп айтуыңыз мүмкін. Онда сізге тағы да бір пайдалы жаңалықтар бар:
Сіз «Унесённые ветром» романының қалыңдығын елестете аласыз бе? Маргарет Митчелл, американдық жазушы және журналист, оны «Атланта Джорнал» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде жазған, ол жұмысты күніне сегіз сағат емес, он алты сағат істейтін.
Уильям Шекспир туралы ойланыңыз: «Мен мектепте оқу мен жазудан басқа түк үйренген жоқпын, мұғалімдердің бәрі топас» деді, бірақ ол өз бетінше ізденуді жалғастырған және керемет жазушы болды. Ағылшын ақыны және драматургі, ең ұлы драматургтердің бірі болып саналады.
Сіз өзіңіздің денсаулығыңыздан айырылып қандай да бір кемшіліктерге, кемістіктерге байланысты өзіңізді жоғалтқандай сезініп көрдіңіз бе? Сіз бірден «Құдай сақтасын» дейсіз. Кемтар, мүгедек бола тұра, тарихта жақсы атпен қалған адамдар көп болған.
Полиомиелитке шалдыққан және инвалид болып қалған АҚШ-тың 32-ші президенті Франклин Рузвельт бір кездері: «Біздің ертеңгі жоспарларымызды жүзеге асырудағы жалғыз кедергі, біздің қазіргі сәттегі күмәніміз болуы мүмкін» деп айтқан.
Советтік және латвиялық шахматшы, сегізінші әлем чемпионы, гроссмейстер, Михаил Таль, сирек кездесетін патологиямен дүниеге келді – оның қолында тек үш саусақ болды. Бұл оның тарихтағы ең жас әлем чемпионы болуына және фортепианода ойнауды үйренуіне кедергі болмады.
Кеңес Одағының Батыры, жауынгер ұшқыш Алексей Маресьев, Ұлы Отан соғысы кезінде ауыр жараланды, соның салдарынан екі аяғынан айырылды. Бірақ содан кейін ол басқаларынан артта қалмады және протездермен қайтадан аспанға ұшты. Жалпы алғанда, соғыс кезінде ол 86 рет соғыс жүргізді, жаудың 10 ұшағын атып түсірді: үшеуі жараланғанға дейін және жетеуі кейін. Екі аяғы жоқ, бірақ өмірге деген құштарлығына таң қалған жазушы Борис Полевой кеңес ұшқышының ерліктері туралы кітап жазды, оны «Нағыз ер адам туралы әңгіме» деп атады.
Британдық музыкант Рик Алленнің өмірі қайғылы басталған жоқ. Бірақ 1984 жылы ол өз көлігін басқарып келе жатқанда, басқа жүргізуші оны жолда қорқыта бастады. Рик жас, ашулы және жылдамдықпен жарысқанды жақсы көретін. Осылайша ол көлік апатына ұшырап, қолынан айырылады. Дәрігерлер Алленге (21 жасында) «Барабанды ұмытыңыз, Құдайға шүкір деңіз, сіз тірі қалдыңыз» деп айтады. Бірақ ол қандай жағдай болмасын, музыкадан бас тартқысы келмеді. Көп ұзамай Рикке таяқшаны ұстау үшін арнайы протез жасалды. Оған қосымша ол өз аяқтарын қолдануды үйренді. Содан бері, концерттерде ол үнемі жалаңаяқ жүретін болды. Барабан оның қалауына бейімделіп, Аллен сахнаға оралады. 1986 жылы оралғаннан 8 альбом шығарды. 2001 жылы ол әйелімен бірге арт-музыкалық терапияның белсенді қатысуы арқылы емделуге көмектесетін Raven Drum Foundation ұйымын құрды. Британдық Gigwise сайтында ол ТОП-үздік барабаншылардың бірі. Жанкүйерлер оны күн күркіреуінің құдайы «Тор» деп атайды.
«Мен ешқашан қолымды жоғалтқан уақытты кері айналдыруға келіспеймін. Онсыз мен өзімнің қаншалықты мықты екенімді білмес едім» – дейді ол.
Мен Ник Вуйчич туралы айтпай-ақ қояйын, оны сіз менен артық білесіз деп ойлаймын. Енді тағы да бір ерекше адамға назар аударсақ:
Сіз әлемдегі ең бай адам (2021 жылы атанған) Илон Маск, американдық кәсіпкер, инженер және миллиардер, оның бала кезінде өте тұйық болғанын білесіз бе? Оны мектепте бірге оқитын сыныптастары бірнеше рет туалетте сабап, ойына келгенін істеп, қорлаған. Мектептегі Илонның құрдастары соққыға жығып, мұрнын талай рет сындырған. Ол күнделікті ұрыс-керіс, төбелестің салдарынан ата-анасының ажырасуын көрген.
Сіздің жаныңызда, жүрегіңізде, ішіңізде (миыңызда) сақталған қалауларыңыз, арман-мақсаттарыңыз, жоспарларыңыз туралы тағы бір рет ойланыңыз. Өзіңіз ойлап тапқан аргументтерді қайта өлшеңіз, «мүмкін емес» дейтін сылтауларды жақтамаңыз, сіз олай өзіңіге қарсы әрекет жасайсыз, олардың көзін құртыңыз. Сіздің арманыңызды неге орындай алмайтындығыңыз үшін ойлап тапқан дәлелдерді қайтадан қарастырыңыз. Бұл сылтаулардың жалған екенін түсініңіз. Оларды шетке тастаңыз және сіздің тілектеріңіз орындалатынына көз жеткізіңіз және де олардың орындалуы сіздің ғана миыңызға байланысты екенін түсініңіз.
Есіңізде болсын: Өзімізді бір орында ұстап тұрған жалғыз адам – өзіміз ғана. Өз арман-мақсаттарымыздың бетін қайтарып жатқан өзіміз ғана. Өз бағымызды байлап жатқан, сананы шектеп жатқан, жасанды мүгедек жасап жатқан өзіміз ғана. Екі өмірде де бақытты болуға кедергі – өзіміз ғана.
Мойындайтын уақыт келді
Көптеген жылдар бұрын Неапольдің вице-королі, герцог Испанияға, Барселона қаласына сапар жасады. Ол кезде айлақта (теңіз жағасындағы кеменің тоқтауына, келіп-кетуіне қолайлы алаң) галера (бұрын Еуропада құлдар, жазалылар немесе тұтқындар ескекші болатын әскери кеме немесе қайық) болды, онда ескекші (қайықты есуші) сотталушылар болды. Герцог осы галераның бортына көтеріліп, барлық тұтқындарды аралап шықты, әрқайсысынан оны галераға алып келген қылмыстары туралы сұрады және олардың қайғылы оқиғаларын тыңдады.
Бірінші адам, судья оның жауларынан пара алып, оған әділетсіз үкім шығарғандықтан ғана осында болғанын айтты. Тағы біреуі, оның жаулары, куәгерге ақы төлегенін және сотта оған қарсы жалған куәлік бергенін айтты. Үшіншісіне – ең жақын досы оған опасыздық жасапты, әділдіктен қашып оны ақша үшін құрбан етіпті. Соңында герцог кінәсін мойындаған адамды тыңдады: «Мырза, мен бұл жерге лайық болғандықтан келдім. Мен көп ақша алғым келіп, әмиян ұрладым. Мен төзуге тура келетін нәрсеге лайықпын және дайынмын».
Герцог таң қалды. Ол галера капитанына бұрылып: «Бұл адамдардың бәрі кінәлі емес және әділетсіз сот үшін осында келді, бірақ олардың арасында бір қылмыскер бар. Одан басқасының бәрі ақ екен, пәк екен, күнәсіз екен, ал мына қылмыскер өзінің бүлінуімен осында келді, сондықтан өз күнәсін басқаларға жұқтырмайынша, оны тезірек босатайық». Өз кінәсін, қателігін мойындаған, келіскен адам бостандыққа шығарылды және кешірілді, ал ақталатын дәлел іздеп, айыпсызбын деп өзін ақтағандар мен сылтауды таңдағандар галерада қалды.
Бұл шын мәнінде болған оқиға және бір қызығы, ол біздің өмірімізде не болып жатқанын дәл көрсетеді. Біз қателесеміз және қатені мойындаудың орнына өмір бойы өзімізді ақтаймыз. Біз басқаларды (ортаны), жағдайды кінәлаймыз, оның орнына біз неге былай айтпаймыз: «Мен өз өмірімді өзім басқарып келдім. Менің миымдағы ойларды басқаратын жалғыз менмін және дәл қазір менің кім екенім, қандай екенім – менің өзіме өзім жасағаным». Осы ақиқатты түсінген сәтте біз осы өмірдің галерадағы құлдығынан арыламыз және өз өмірімізді өз еркімізге қайтарып, басқаша, ақиқатқа сай, лайықты өмір сүре аламыз.
Өз өміріңізге қараңыз. Өзіңізді және өмірді түсініңіз, реттеңіз, тәртіпке салыңыз. Қателіктеріңізге қарамастан өзіңізді кешіруге және сүюге үйреніңіз. Қателіктеріңізді қабылдаңыз. Осы қателіктер үшін өзіңізді кешіріңіз және жақсы көріңіз, содан кейін сіз галерадағы құлдықтың өмірінен босатыласыз. Сіз өмір сүруіңіз керек жолмен өмір сүруге мүмкіндік аласыз: бақыт, тыныштық және керемет денсаулық. Мұның бәрі сіздің өткеніңіз, бүгініңіз және болашағыңыз үшін жауапкершілікті алудан басталады.
Өмір дегеніміз кітап
Сіз қазір отырған немесе тұрған жерде бір кітап бар ма, маңызды емес қандай болса да? Егер «иә» болса, тапсаңыз, менен сізге бір өтініш – кітапты қолыңызға алыңыз. Бұл кітаптың не туралы екендігі маңызды емес: оны жай ғана алыңыз және оған қараңыз. Енді оны сіздікінен өзгеше көзқараспен көруге тырысыңыз. Елестетіп көріңізші, бұл кітапты, сіз қолыңызда ұстап тұрған, белгісіз бір аралға теңіз толқындары жағаға шығарды. Кітап су-су болып қалды деп ойламаңыз. Ол әлі құрғақ. Бұл аралдың тұрғындары ақылды және мәдени тұрғыдан дамыған екен, бірақ алфавит, әріптер туралы түсінік жоқ.
Олар енді не істейді? Олар кітапты алып, әдемі жасалған қағазды көреді. Олар баспаға қарап, әріптер мен тыныс белгілерінің күрделі құрылымын көреді. Олар бұл өте қызықты өнер түрі деп ойлайды және кітапты осы тұрғыдан бағалайды.