Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 4 из 6



Дегенмен бала жанымды шырқыратқан, азапқа салған осынау шиеленісті күндерде менің қазіргі күрделі болмысым қалыптасып жатты. Мен өмірдің бояуларын өзімше көруге үйрендім.

***

Шешем басқа үйге көшкен жылы, Маржан Талдықорғандағы училищеге оқуға түскен еді. Одан да көп болды, хабар жоқ. Жалғызсырағанның көкесін көрген екі бала болса, оның бірі – менмін. Жалғыз болса, тағы – менмін. Жаратылысымнан жүрегім нәзік екенін сезетінмін, бала кезімнен өзге балалардан жүрісім де, тұрысым да өзгеше болатын. Дүниені қабылдауым да. Бұдан кішкентай кезімде қандай қияли болғанымды жоғарыда сізге баяндап бергем. Қазір де жетісіп тұрғаным шамалы. Әрнені қиялдап, жоқтан бар жасап, жан-сарайымда өзіме ұнайтын әлемімді сомдап алғам. Ол әлемде бәрі мүмкін.

Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасырдан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұратын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегідей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды қашыратын. Тәнімнен гөрі, санамның тез есейіп келе жатқанын мен сол ұзақ-ұзақ кештерде өте жақсы түйсінгем. Ауладағы балалардың сөздері сәбидің былдырындай әсер ететін болды. Еш менсібеймін. Сөйлескім де келмейді. Ойындары да қызық емес. Мұның бәрі жалғыздықты одан әрмен үдеткенін сізден несіне жасырайын, қадірменді оқырманым.

Адам қандай жағдайға түссе де көнеді екен ғой. Егер ол қуанышты жағдай болса, оны тудырған уақыт лезде жоғалады. Қиын жағдай болса, созыла береді. Менің балалық шағым да созылмалы дерттей бітпей қойды, өтпей қойды.

Өзім де ержетпей қор болдым. Кілет үйдегі (біздің елде артық-ауыс заттар тұратын қойманы «кілет үй» деп атайды) бағанаға сызып қойған межеге бойым әлі жетер емес. Турникке тартылып, сәбіз жесем де, бойым сол қалпы. Ал ойым бойымнан әлдеқайда өсіп кеткен. Сыртым – бала, ішім үлкен адам боп қақ жарылдым.

Ертерек ержетсем, мына адамдардан, мына үйден, мына ауылдан қарамды батырамын деп ойлайтынмын. Алматыда дүниеге келсем де, ол кезде менде қала туралы түсінік мүлде жоқ қой. Барлық ойым: әйтеуір үлкен адамдар сияқты бөлек тұру, ызғарлы жанарлар қарасынан құтылу болатын.

Алайда ол күндер әлі тым алыс еді. Ол күндерге жеткенше әлі талай қызық пен теперіш көруім керек екенін мен ол кезде әрине білген жоқпын.

Дегенмен бұл дүниеде мейірім бар, достар! Мәселен, нағашы апам мені керемет жақсы көретін. Менің әкем жайлы қызықты әңгімелерді де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу баласын өз ұлындай көргендігін жиі айтып отыратыны жадымда. Есімде қалғаны, нағашы апам зауыттағы станокқа қырқып алған шолақ саусақтарымен күнұзаққа картоп аршып отыратын. Ырғағы әдемі бір әнді ыңылдап отырушы еді, жарықтық.

Сөйтіп жүргенімізде, кейінгі күндері нағашы апам мені «Құдайдың баласы» деп атайтынды шығарды. Бала болған соң, ойнап жүріп бірдеңені бүлдіріп қоясың. Онсыз да жүрегің езіліп жүргенде, қырсығып, айтқанды тыңдамайсың. Сондай кездерде нағашыларымның бірі қабағын шытып ұрысса, апам: «Әй, тиме оған, ол Құдайдың баласы емес пе!» – деп бетін қайтарып отыратын. Бір емес, екі-үш рет естідім. Беті жұп-жұмсақ, қызылшырайлы әжелер келіп, шай ішіп отырғанда: «Еее, Құдайым-ай, аман болсыншы әйтеуір! Енді бұл Құдайдың баласы ғой…» – дегенді тағы да естігем. Сонда мен «неге Құдайдың баласы? Ол кім Құдай деген?» деп ойлайтынмын. Апамнан осыны сұрайыншы деп жүргенде, өзі бір күні мені айналып-толғана қалды.

– Апа, менің папам Құдай ма?

– Не дейт, пәтшағар! Әкең Құдай болса, неге өліп қалды? Үй, жүгірмек, қайдағыны айтпа!

– Апа, айтшы енді! Менің папам Құдай ма?

– Жоқ, сенің папаң Құдай емес!

– Енді сен ылғи мені «Құдайдың баласы» деп айтасың ғой, сонда қалай? Әлде мамам Құдай ма?

– Әй, баламысың деген…Мамаң қайдағы Құдай, Құдай болса, тағдыры анадай бола ма? – деп ауыр-ауыр күрсінді.

– Туу, апа, айта салшы, Құдай кім?

– Анау төбедегі Күнді көріп тұрсың ғой, анау талды ше? Соны сенің әке-шешең туды ма?! Ой, шіркін-ай деген! Мені де, сені де жаратқан Құдай бар. Ол бәрінен күшті, бәрінен мейірімді, балапаным.

– Ол қайда сонда?

– Анау жақта! – деп апам шолақ саусақтарымен аспан жақты нұсқайтын.

– Ол неге түспейді бізге, апа?

– Ол түссе, жер көтере алмай қалады Оны…



– Рас па не? Не, Ол соншалық алып па? – деп менің ауызым ашылып қалатын…

– Ол – дәу, Ол – өте күшті және құдіретті!

– Мен сонда кәдімгідей сол Құдайдың баласымын ба?

– Иә, құлыным! Бар ойнай ғой, бара ғой…Ииии, сары сапалағым, қайтейін…

Мәссаған, мынау қызық болды ғой! Мұны, бәлем, ана Татарков Женя білсе, шалбарын дымдап қоятын шығар, ә! Анау тракторист Жәкеңнің қарабұжыр баласына айтпасам осыны! Жақсы болды-ей! Енді маған көшедегі боқмұрындар «папаң да жоқ, мамаң да жоқ, кім сені қорғайды?!» – деп көрсін осыдан!

Көшеге атып шығып, жан-жағыма қарасам, Жәкеңнің қарабұжыры құмырсқа төбелестіріп отыр екен. Шалқая басып қасына бардым.

– Ей, қара маңқа, бері қара!

– Немене деп тұрсың-ей?! Кім қара маңқа? Көрсетейін қазір мен саған, қара маңқаны.

– Тұра тұр, тұра тұр-ей, ұрсаң, пәлеге қаласың! Сен менің кімнің баласы екенімді білесің бе?

– Иә, кімнің баласы екенсің? Ана байға тиіп кеткен шешеңнің баласысың да, басқа кімнің баласы едің?! Әлде, әкең тіріліп келді ме?

– Сен білмейді екенсің ғой, мақау-ей! Мен – Құдайдың баласымын!

– Құдайдың баласы? Хахахахахаха! Қайдағы Құдай? Құдай жоқ қой! Не тантып тұрсың?

– Қалай жоқ, бар?! Апам айтқан! – деп аңтарылып қалдым кәдімгідей.

– Апаң оттай береді, Ленин: «Құдай жоқ» деген.

– Кім ол Ленин деген? Ол менің апамнан артық біле ме, не?

– Ой, ақымақ, анау автобаздың маңдайшасында кімнің суреті тұр? Сол Ленин деген атамыз. Сол айтқан «Құдай жоқ» деп. Хахахаха, Құдайдың баласымын дейді ғой! Бері кел, сөзіңе жауап бересің қазір.

Зытып бердім. Қашқан бойда, жүгіріп кеп қой қораның артындағы көңнің үстіне отыра кеттім. Апам «Құдай бар» дейді, қарабұжыр «жоқ» дейді. Апам «бар» дейді, Ленин «жоқ» дейді. Қарабұжырдың Ленині бар. Менің апам бар. Апамның сөзі маған қанша жерден жақын боп тұрса да, әлгі Ленин дегенің бір пәлені білетін сияқты. Тұра тұр, сонда апам өтірік айтқан ба? Жо-жоқ, апам ешқашан өтірік айтпайды. Ленин апамнан ақылды болса, ақылды шығар, бірақ апам өтірік айтпайды. Ол нақты. Онда неге Лениннің суретін автобаздың маңдайшасына жапсырған? Егер апам ақылды болса, автобаздың маңдайшасына апамның суретін ілер еді. Қап-ай! Құдай бар ма, сонымен жоқ па? Әлде ана Күнді, талды және апамды Ленин жаратты ма екен? Миым ашып кетті, құрысын. Татарков Женяға айтпаймын деп шештім. Тағы да күлкіге қалып жүрермін.

Құдай бар болса, Оның Өзі аспанда. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Екеуі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта. Жарайды, бірдеңесі болар. Солай да солай боп жүргенде қыс өтіп, жайнаған көктем жетті.

Көктеммен бірге Талдықорғаннан бойжетіп, бәденді өңі ажарлана бастаған Маржан келді бір күні. Мереке күндері болу керек, демалысқа келіпті. «Урррааааааа!!!» Әкейден қалған екеуміз ғана. Көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.

Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Әр қимылын жіті бақылаймын. Түріне қарай бергім келеді. Менің апайым! Бірдеңелерді былдырлап айтып жатырмын, айтып жатырмын. Менен назарын алып кетпесе екен деп сөйлей беремін, сөйлей беремін, бірдеңелерді сұрай беремін, сұрай беремін. Бар өнерімді көрсетіп әлекпін. «Міне, мен бір аяқпен көп уақыт тұра аламын!» «Міне, мен төбелескенде былай ұрамын!» «Міне, мен демалмай осыншама уақыт шыдай алам!» «Қарашы маған! Менің бойым кішкене өсті!» «Қарашы маған, Маржан! Міне, мен ән айта аламын! Үнді әні! Тыңдашы, Маржан!» «Үстелдің үстінен кәмпит ұрлап әкелейін бе?» Жауап күтпей, кәмпит әкелем. Әйтеуір, апайымның көңілі мен жақта болса екен деп тілеймін. Бақыттан басым айналып жүр. Ең қуанышты күндерім сол күндер еді. Апайым мамама барып келіп, маған көйлек әкеп кигізді. Мамамыздың әзір келе алмайтынын айтты, ауруханада ма, бір жақта бөпелі боп жатыр екен. Оған да аса назар аударғам жоқ. Есіл-дертім қаладан келген апайымда.