Страница 3 из 6
***
Сол сұрқайы күзді есіме алсам, денемді әлі күнге дейін бір отты шер қариды. Қазанның сүрекей сүйкімсіз күндерінің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан көп ұзамай аспаннан салбырап қыс түсе қалатын. Сондай бір жауынды-шашынды, ызғарлы күндердің бірінде мен аяулы ағамнан айырылып қалдым.
Данышпан екеуміз қуықтай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте қатар жататынбыз. Бір күні кешке қарай мазасы болмай тұрған ағам менен су сұрады. Ойын баласымын, шаршап, сілікпем шығып келіп құлаған мен оның көңілін қимай ожаумен су әкеп бердім. Ол оны ішпей, «мынауың жылы екен, суығын әкел», – деп қайта жұмсайды. Тағы әкелем. Ол «құдықтан тартып әкел», – деп тағы жібереді. Мен баруға ерініп, «өзің тұр да ал», – деп жатып кеп қырсықтанам. Сөйтіп, салғыласып жатып ұйықтап қаппын. Кейін ойлап отырсам, Данышпан ағам бұ фәни жалғаннан кететінін біліп, өлгенімді көрмесін деп далаға шығара берген екен ғой…
Түн ішінде біреу мені көтеріп ап, басқа бөлмеге ауыстырып жатқызып жатқаны есімде. Таңертең оянсам, сыртта жұрт жиналып қалған, у да шу, біреулер еңіреп жылап, біреулер басу айтып жүр. Түсінбеймін. Басқа бөлмеде жатқаным да түсініксіз.
Біз Данышпан екеуіміз үйдің қасындағы өзен арнасында нағашы апамыздың қазын бағатынбыз. Күнделікті әдет бойынша, атып тұрып, Данышпан жатқан ортақ бөлмемізге беттедім. Біздің төсек жиналып, бөлмеге басқа көрпеше төселіпті. Соның үстінде бетіне ақ мата жабылған біреу жатыр. Ашып қалсам, ағам! Оятам деп жұлқылайын кеп. «Тұр, тұр, Дәкай! Қазды шығару керек, апам ұрсады ғой!» – деп қоям. Ағам қозғалмайды. Көздерін тарс жұмып алған. Бала санам оның ойлы жанары жарық дүниені енді ешқашан көре алмайтынын түсінбеген еді. Далаға атып шығып, жылап отырған шешеме келіп: «Дәкай тұрмайды, мен қазға жалғыз бармаймын!» – деп қиғылық сала бастадым. Бір жағынан жиналған жұрттың жылауы маған бір сұмдықты сездіргендей шошытып, дауысым бәсең шығып, аяқтарым дірілдей бастағанын да сезіп тұрмын.
Шешем:
– Дәкай қатты ұйықтап қалды. Ол енді оянбайды… – деді. Мен әлі де елең-алаң қалпымдамын. Бір кезде санамның түкпіріне «ағам қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Осылайша мен алғаш рет ажал деген сұмның бар екендігін білдім. Қазалы жұрттың бір шетінде, «енді маған кім сурет салып береді, кім мені қорғайды енді?» – деп еңіреп жылап тұрғаным көз алдымда. Сол кездегі ащы өкініш сезімі әлі күнге дейін кеудемді тозақ отындай күйдіріп, ұмытылмай жаңғырып тұр.
Ержеткен соң, ағамның рухына бағыштап, өлең жаздым.
ЕЛЕС
Ағам Данышпанның рухына
Бір көрініс келгенде көз алдыма кештетіп,
Опынумен отырам, көңіл өшіп, ес кетіп.
Құтыла алман одан мен…
Дымқылданса жанарым,
Өлең жазу тек қана – құтылатын амалым.
Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып,
Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр,
Аппақ үйді көремін,
Шөлмектерін тізілтіп,
Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып,
Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып.
Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап,
Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап.
Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені,
Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені…
Сол бір елес, білемін – өң мен түстің арасы,
Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып.
Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын,
Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын.
Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбаттым,
Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі – өз әкемнен аумаған)
Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан.
Ағам еді ол менің, елес іші қамалған,
Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған.
Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым,
Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым.
…Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан,
Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан…
Құдайдың баласы
Шешем бір жылдан кейін күйеуге шығатын болды. Бұл мен үшін мүлде күтпеген жайсыз хабар еді. Марқұм нағашы апамның: «Мамаңды бір жақсы аға үйіне әкетеді, сол сенің папаң болады», – деп жатқаны жадымда.
Әке болудан әдірам қалғыр әлгі «жақсы ағамыз», елу жасына дейін жылқы бағып, дала кезген, адамдармен араласпағасын түз тағысына айналған, қарабайыр һәм қатал адам екен. Елу жасына дейін әйел мен бала дегенді білмеген дүлейге менің шешемді зорлап қосқан сияқты. Шешемнің қалыңмалы ретінде нағашы апамның босағасына бір қара бие байланды. Сол қарыны қампайған қара биені сұмдық жек көретінмін. Ешкім жоқта қорада тұрған байғұс жылқыға алыстан тас атамын. Сөйтіп, менің шешеме айырбасталған жануардан өш алғандай боламын.
Шынымен бір күні шешем ақыры үйден кетіп тынды. Есімде қалғаны той болатын күні мені үйге қамап тастады. Түні бойы я қорқыныштан, я қорланғаннан, я шешемді қимағаннан ба, ұзақ жыладым. Ертеңгі күні тойдан әкелген бауырсақты жеп, өксігі басылмай отырған мені Маржан әпкем жұбатқансыды: «мамамыз барған үй үлкен екен, болашақ папамыз бай екен, бәрімізді жарылқап тастайды екен», – деген сөздерді айтып, өзі де қыстыққан жасын жасыра алмай жылап жіберді.
Күннен күн, аптадан апта озып жатты. Мен болсам, көзім бозарып нағашыларымның үйінде әлі жүрмін. Шешем анда-санда келіп тұратын. Кейін онысы сирей бастады. Соған қарағанда, қара қайыстай күйеуі жібермейтін болуы керек деп ойладым.
Бестен асып алтыға бет алған кезім. Күнде бір ермек тауып алып, ағам мен анамды ұмытуға тырысып жүрмін. Түк етпейді деп қоям, өскесін мамамды анабір сорайған сұмырайдан құтқарып алам деп өз-өзіммен серттесемін. Сол ұлы жорыққа аттану үшін, ағаштан қылыш жасап, садақ иемін. Күнде кешке қарай қысқа көшенің ана басынан мына басына дейін жүгіріп жаттығамын. Мен бір күні анамды құтқарамын!
Шешем кеткеннен кейін, бұрыңғы менің әңгімемді асыға күтіп жүрген тындармандарым енді еңбексіз кәмпит-сәмпиттерін беретінді шығарды. Біреу қолыма құрт немесе пішінә бере қалса, бір әңгіме бастай қалсам, «рахмет, айтпай-қой», – деп, басымнан сипап, күрсініп кете беретін. Мен оған не боп қалды-ей деп, артынан қуып барам. Жетіп алған соң, «бір әңгіме айтып берейінші», – деп жалынам. Ол: «Жоқ, кәмпитті былай-ақ ала қой», – дейді. Мен түсінбей далмын. Олардың мені аяп жүргендерін қайдан ғана білейін? Осындай екі-үш жағдайдан кейін, жыным ұстап, тегін келетін тәттіден бас тарттым. Содан бері тәттіге жаным қас, мүлде жемеймін, осы күнге дейін.
***
Шешем тұрмысқа шыққалы, ағам қайтыс болғалы көңілсіз күндердің тізбегі еш толастаған емес. Бір күнім бір күнімнен аумай, ақырын жылжып өтіп жатты. Сырттағы жылдың қай мезгілі де еш өзгермейтін секілді боп көрінетін. Көшедегі ойынға да, үстелдегі кәмпитке де зауқым жоқ.
Біреуді барып, жабысып құшақтағым келетін сияқты. Біреу мені құшақтап, еркелетсе деп армандаймын. Нағашы ағаларым өз балаларын айналып-толғанып жатқанда, маған да бір жылы сөздің ұшқыны тиіп қалар деп жәутеңдеп тұрғаным.
Өзіңіз ойлаңыз: мен әкемнің жан еркесі, шолжаңбайдың нақ өзі болған баламын. Жұмыстан келе сала әкейдің мойнына мініп алып, «анау тиісті, мынау тиісті!», «ананы әпер, мынаны әпер!» деп ырбиып жылай беретін балпанақтай баланы арада екі жыл өтпей-ақ сирақтары сыриған, көзі мұңлы, жан-жағына үрейлене қарайтын, өзі сақ, бетінде қан-сөлі жоқ балаға айналады деп кім ойлаған! Әке-шешесінің қасында пысылдап ұйықтап, көзін былшықтан тазарта сала, еркелеп ойнақтаған баланың алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім білді дейсіз?!
Тәңірі салса, бәрін көресің. Аяқ-астынан бәрі өзгеріп шыға келгенде, не істеріңді білмей абдырап, жан-жағыңа жаутаңдайсың да қаласың. Жып-жылы үйден даладағы қақаған аязға лыпасыз лақтырып жібергендегідей күй. Қорғансыздық. Һәм осы хәл әділетсіздік секілді. Немесе біреудің қылық-күнәларының өтеуі сияқты. Бірақ неге мен? Қаршадайымнан жүрегімді қарыған осындай сұрақтарға мен қаншама рет кездестім екен?..