Страница 5 из 6
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір сәт – мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатігездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көздің алдында ащы жастың алғашқы дымқылы мен иекті алатын кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.
Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, менен нені жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!
Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.
Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін ап-анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің қимастығың оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал, оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!
Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.
Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…
Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей, қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды.
Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқан Хақ пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған болатынмын.
Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдіреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім. Шын тілегенге Алланың жәрдемі тез келеді екен.
***
Бұл оқиға 1986 жылдың мамырында болған екен. Арада 26 жыл өткен. Бәріміз Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық.
Содан әркім туған күн иесіне ақ тілегін ақтарып, құттықтап жатты дегендей… Кезек маған келгенде, Маржаннан сұрадым:
– Маржан, сен 86 жылы Үржарға көктемде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.
– Білмеймін, бірдеңе еміс-еміс есімде бар – деп жауап берді.
– Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол демалыстан Талдықорғанға қайтып бара жатқаныңда автобус сынып, үйге оралып едің ғой? Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?
– А, иә, иә! Тура солай болған!
– Мхм…
– Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! – деп апайым аң-таң болды
– Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…
– Қалай сонда?
– Құдайдан тілегем.
Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік…
Олешка
Талдықорған демекші, сол жаққа көшіп кеткен бір көршіміз бар еді. Талдықорған маған ол кезде жұрттың бәрі көшіп жатқан Германияның маңында сияқты боп көрінетін. Кейін ер жеткенде ол ғажап шаһарды талай басып өттік.
Сол Талдықорғанға жалғыз бір сырласым көшіп кетті. Қазір бар ма, жоқ па, Құдай біледі.
Керемет әдемі бала болатын. Аты – Олешка. Заты грек болса да, маған ерекше жанашырлық танытып тұратын еді. Данышпан қайтыс болғанда, үлкендер сияқты маған көңіл айтқаны есімде. Сол Олешка бар ғой, әкесі қалаға кетерде тапсырыс беретін ойыншықтарын екі дана қылып алдыратын. Бір данасы – маған. Әйтпесе, маған ойыншық әперетін адам кәне?!
Бір күні Олешканың әкесі су жаңа велосипед сатып алып берді баласына. Жалғыз велосипед. Ол да бала емес пе, жарқыратып көшеге шыға келді. Үймелеп қасына бара қалдық. Сипап ұстап, көріп жатырмыз. Қызығып тұрмыз. Маған велосипед жоқ екенін бірден түсіндім. Жүрегім шым ете қалды.
Олешкада бөтен ой жоқ, «темір тайына» қарғып мініп ап, көше бойымен зырылдай жөнелді. Жұрттың балалары күбірлесіп, әркім өз ойынымен тарап жатыр. Менің көкірегім ашып кетті. Ешқандай ой жоқ, состиып тұрып қалдым. Состиып тұрып қалдым да… кенет Олешканың артынан қуып бердім. Ол жеткізбей заулайды. Мен жанталасып соңынан жүгіріп келем. Бір заматта іштегі шер сыртқа жас боп ыршып шықты. Көзімнен жас парлап, жүгіріп келем. Олешка мені көріп бара жатқан жоқ. Ол бақытты бала! Ол мәз. «Темір тайының» жүрісі неткен әсем! Дөңгелектері неткен жіңішке еді, «темір жануардың!». Екеуі біте қайнасып, сондай үйлесімді қимылдайды. Шіркін-ай, десеңші!
Жылап жүгіріп келем, неге жылап келе жатқанымды өзім де ұқпаймын. Қазір қалып қойсам, мәңгіге қалып қоятын сияқтымын. Қайда қалып қоям, неге қалып қоюым керек, ол да беймәлім. Дымымды шығармай, жылап, жүгіріп келем. Өкпемнің өше бастағанына мән берер емеспін. Әйтеуір қалмау керек.
Олешка автобаздың қасынан кері бұрылды. Мен де жеттім. Беті-ауызым айғыз-айғыз боп кеткен болу керек, Олешка түріме бажырая қарады. – Что с тобой? Что с тобой?
– Нет, нет, – дей беріппін.
– На, хочешь покататься?! – деп ол велосипедін ұсынды.
– Нет, нет, – деп, Олешканың иығына басымды қойып жылап жатырмын, жылап жатырмын…
– Ну, не плачь, не плачь! Успокойся. Почему ты плачешь? – деп аң-таң боп ол тұр.
– Незнаю…
Басқа не айтайын саған, Олешкам-ау!? Сен менің шешем де емессің, әкем де емессің. Өзің де мен секілді бүлдіршін бала ғанасың. Не түсінесің сен, Олешка! Қайда саған мені түсіну, досым-ау… Әкең ше? Ол міндетті емес ешкімге. Ол тіпті қазақ та емес қой, Олешка?!.
Үйге құр сүлдерімді сүйретіп қайттым. Олешканың «темір тайына» мінгем жоқ. Өйткені мен ол кезде велосипед тебе алмайтын едім.
***
Жалғыздық – адамға әуелі қорқыныш сезімін сыйлайды екен. Жалғанда өзің ғана секілдісің. Тіршілік біткеннің барлығы саған жау, бәрі саған қауіп төндіретін секілді. Қорқынышты жеңген адам ғана бұл дүниенің төріне шыға алады. Мен де сөйттім. Абалаған итке қарсы жүгірдім. Биік боп көрінген жардан секірдім. Жұдырығын тигізген балаға қарсы атылдым. Ешкімнен қаймықпайтын болдым. Жарақат алсам, жыламайтынмын. Көңіліме тисе, іштей ғана егілетінмін. Іштегі жасқа көбірек малынғаннан ба, әйтеуір, жүрегім ешқашан қатайған емес. Елжірек болсам да, былжырақ болғаным жоқ.
Шөпті де, талды да еркелетіп, ұшқан құсқа сәлем жолдап, жәндік біткеннің барлығына жаным ашып тұратын. Тіпті, төрт түлігі сай баланың жылағанына дейін жүрегіме ауыр тиетін. Сотқар болғаным рас. Бірақ менің сотқарлығым – қорғаныс еді, ардақты оқырманым. Қорғаныс еді.
Қалаң
Бір күні кезекті бұзақылығымның арқасында жеңгемнен күштілеп тұрып шапалақ жедім. Содан ойбайға басып, нағашы апамның қойнына тығылдым. Ешқашан дауыс көтермейтін апамның айқайға басқанын көрсеңіз сол күні! Маған емес, әрине.
Мен шапалақ жеген күні үйдің іші салқын тартты. Ертесінде шешем келді. Апам шақыртқан екен.
– Әй, Тұрлығайша, балаңды қолыңа алып, өзің тәрбиеле, менің енді оған шамам жоқ. Оның үстіне мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты өзіңнен жесін.
Шешем үнсіз мені қолымнан жетектеп, көлікке отырғызды.
Біз силикат кірпіштен қаланған, ақ қаңылтырмен төбесі қапталған, ауласы ат шаптырымдай үйдің алдына кеп тоқтадық. Анамның осы үйде тұратынын айтпай-ақ түсіндім. Әлгінің үйі шынымен үлкен екен, өзі бақуатты тұратын кісі екені анадайдан көрініп тұр.
Аулаға имене кірген мен, ең алдымен, сиыр сауып келе жатқан бір апаны көрдім. Апа жүрген жердің бәрі мейірімге толы болады деп ойлайтынмын. Оным бекер болып шықты. Қора жақтан шапшаң жүріп жеткен кейуана сүйкімсіз қап-қара кемпір екен. Мені көре сала кемпірдің көзі бағжаң ете қалды. Мойнын сол иығына әнтек бұрып, шырт түкірген ол жарты шелек сүтін қоюға кілет үйге кіріп кетті. Мен бүрісе түсіп, шешемнің бауырына тығылдым. Біздің жарылқаушы әкеміз малда жүрген болып шықты. Онымен таныстығым жоқ әзірге. Сыртынан бір көргенім болмаса.