Страница 25 из 28
Бәрін тізіп айта бермесек те, Шүкір баурымыздың құдай қосқан қосағы Алтын мен Роза қарындасымыздың үйіндегі белгілі журналист, жазушы Мақұлбек ошақтының түлектері екендігін атап кету керек тәрізді. Ал өзімнің бел құда-құдағиым Есдәулет пен Айгүл, келінім Жанерке және Астанада тұрып жатқан Сәуле қарындасымыздың жан жары, елге танымал, белгілі кардиолог-хирург Ермаханбет, Марат ініміздің келіншегі Назира мен қарындасы Инараның құдай қосқан қосағы Нұрлан күні кешелері күрестен "Қазақстан барысы" атағын жеңіп алған Айбек Нұғмаровтай айтулы палуан шыққан көне найман руының ұл-қыздары екендігі белгілі. Есдәулет құда Терістаңбалы, Сарыжомарт, Төлегетай деп аталатын үлкен үш рудан тұратын найман елінің соңғысынан бастау алатын әйгілі қаракерей Қабанбай батырдың інісі Байжігіттен өрбісе, Айгүл құдағи осы Төлегетай ішіндегі Қаракерей інісі Мұрын ұрпағынан тарайды. Баис бауырымыздың күйеу баласы Берік белгілі сәмбет руынан, Шәдек ағам әулетіндегі қарашаңырақ иесі Бек ініміздің үйіндегі Айгүл келін ұлы жүздің қапалынан. Ал Шүкір бауырымыздың ұлдары: Алмаздың келіншегі Айткүл жүзге кірмейтін төлеңгіттен, кішісі Азаматтың келіншегі Динара орта жүздің керейінен.
8 бөлім
КІШІ ЖҮЗ БЕН ӘЛІМҰЛЫ ХАҚЫНДА
Әлқисса, әулетіміз де, өзіміз де ру-тайпаларының бірінен тарайтын болғандықтан, ендігі әңгімеміздің арқауы кіші жүз жөнінде болмақ. Соған кеңірек тоқталайық.
Жоғарыда «Кіші жүздің» алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы, Жетірудан тұратындығын айтып кеттік. Байұлы: Адай, Алтын, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық, Таз, Масқар деп аталатын он екі атадан тұрады. Оларды Он екі ата Байұлы деп атайтындығы да содан (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1975 ж. Кіші жүз. 6 т. 192– 193 б.б.). Осы ретте ондағы қос ата Алтын, Жаппасты ел арасында қосып Алшын–Жаппас деп атайтындар бар. Өз алдына жеке Алшын деген ру жоқ. Бұл жөнінде алдымызда әлі әңгіме етеміз. Сөзіміздің бас жағында айтып кеткенбіз, шежірешілер де, тарихшылар да бүкіл кіші жүзді алшын деп атайды. Олардың аузында жиі айтылатын "Ұлы жүз–үйсін, Орта жүз–арғын, Кіші жүз–алшын" деген қанатты, қағидалы сөздер де содан қалған (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. Жүз. 4 т. 520–521 б.б.).
Он екі ата Байұлының Байбақтысынан өрбитін Әлтекенің Қалматайынан зауытымыздың іргетасы мен кесегі енді қалана бастаған сонау 1976 жылдан бері 40 жылдай, демек бір азамат ат жалын тартып мінердей уақыт үзбей жұмыс істеп, оның Конструкторлық-жобалау бөлімін табысты басқарып келе жатқан біз білетін Қыдырғали Аманғалиұлы Темірғалиев тарайды. Еселі еңбегі үшін бірнеше рет облысымыз бен компанияның мақтау грамоталарымен, ал 2014 жылы үкіметіміздің «Еңбек ардагері» деген құрметті медалімен марапатталған ол зейнет жасына жеткеніне қарамастан әлі күнге дейін арамызда жұмыс істеп келеді. Таңаткүл екеуі 2 қыз, 1 ұл өсіріп, ата деп мойнына асылар 8 немере тәрбиелеп отырған жандар. Ал онымен бірге істейтін, ендігі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып үлгерген Серік Тоқашұлы Ақұпов Он екі ата Байұлының адайынан тарайтын еңбегімен елеулі іскер түлек.
Ал Жетіру: Табын, Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейіт, Тілеу, Рамадан деп аталатын жеті атадан тұрады. Еліміздің әнұранын жазған, халқымызға кең танымал, атақты әнгер, сазгер Шәмші Қалдаяқов осындағы жағалбайлы түлегі. "Сұрасаң руымды–Жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды. Жылқының көптігінен бұл Шәмшіңіз, Мінуге қотыр тай да таба алмайды",– деген әзіл-оспақты жыр жолдары оның өз аузынан жазылып алынған шумақтар (Нармахан Бегалыұлы. Төрт тараптан түскен нұр. Егеменді Қазақстан газеті. 3 б.).
Ел ішінде ежелден аға баласының ұрпағы деп саналып, алдымен аталып жүргендіктен, сосын өзіміз де осы Әлімұлынан болғандықтан әңгімемізді осы Әлімұлы ру-тайпалар одағын талдап, тарқатумен жалғастырғанымыз жөн сияқты. Қазақ Совет энциклопедиясында Әлімұлына мынандай анықтама беріледі: «ӘЛІМҰЛЫ–Кіші жүз құрамындағы рулар одағы. Кейде «Алты Әлім» деп те атайды. Оған кіретіндер: Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Шөмекей, Шекті, Қаракесек, Төртқара рулары Орал, Торғай обл-тарын, Сырдария обл-ның Қазалы, Перовск уездерін, Қарасақал–Қазалы маңын, Кете–негізінен Бөкей ордасын, Орал обл. мен Ақтөбе уезін мекендеген. Ә-ның таңбасы–Алшын таңбасының қосарланып өзгерген түрі(∑) (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1973 ж. 2 т. 38 б.).
Осы ретте шежірешілер аузында жиі айтылатын «Әлімұлы» түсінігін «Алты ата Әлім» атауымен шатастырып алмау керектігін айтып кеткіміз келеді. Өйткені алғашқысымен «Әлімұлы» одағына кіретін ру-тайпалар санының алтау екендігі көрсетілсе, кейінгісімен Әлімнен тарайтын ұрпақтың алтау екендігі меңзеледі. Жұрттың шатасатындығы «алты» сандарының бір-біріне сәйкес келіп, қайталап келіп тұрғандығы. Жұрт дейміз, ғалым, шежірешілеріміздің өзі кейде «Алты ата Әлім» туралы айтып келе жатып, «Әлімұлы» одағы жайлы әңгімеге ауысып кеткенін байқамай қалады. Мәселен, ғалым, зерттеуші А.И.Левшин (1798–1879) мен Абайдың немере інісі, баршаға мәлім ақын, жазушы, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858–1931) Әлімұлын: Қарасақал, Қаракесек, Төртқара, Шөмекей, Шекті, Кете деп таратса, ал ақын, жырау Қолдайбекұлы Ерімбет (1850–1911) оны: Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегінболат (Қарасақал), Тайқожадан (Ақ кетеден) тұрады дейді (Интернет. Ру (род) – Шомекей / История происхождения рода / Asekbook Ас Кос. 29.03.2011. Просмотров (10032). Метки: история происхождения рода). Соңғысында, көріп отырсыздар, Шөмекей аталмайды. Сөз жоқ, онда әңгіме Әлімұлы жөнінде емес, Алты ата әлім туралы болып отыр. Алты ата әлім мен Әлімұлын, біздіңше, шатастырып отырған тіпті Ерімбет жырау емес, оның сөзін жаңылыс көшіріп жазушы кейінгі зерттеушіміз бе дейміз.
Жоғарыда айтып кеттік, тағы да айтамыз. Қызығы сол, сонау кездерден бастап, осыған дейін бірде-бір зерттеуші, "ішің білсін әлу-ай" демекші, өз еңбектерінде осы екі атау-түсініктің жұрт арасында дау-дамай туғызып жүрген осы айырмашылығын атын айтып, ара жігін ашып, дұрыс түсіндіріп бере алмай келеді. Нәтижесінде күні бүгінге дейін өздерін де, өзге оқырмандарын да адастырып жүр. Сондықтан, өз шежіремізде алғаш болып осы мәселенің басын ашып, тігісін жазып берсек дейміз.
Бірлестік атауын шежіре, деректерде қатар айтылып жүрген «Алты ата Әлім» түсінігімен шатастырмай, ажырата білуіміз үшін оны әрқашан осылай, Әлімұлы деп атағанымыз оңтайлы да дұрыс сияқты. Керек десеңіз, М.Тынышпаев жоғарыдағы еңбегінде бірлестікті «Әлімұлы» емес, "Қаракесек тобы" деп атаған жөн дейді. Сөзінің қисынды болатын себебі Әлімнен тарайтын алты ұл да, Шөменнен өрбитін Шөмекейлер де, кетелер де, бәрі бір ортақ ата Қайырбай-қаракесектен тарайтыны белгілі.
Мұның дұрыстығын тарихшылар С.Асфандияров, С.Толыбеков, О.Миданов, зерттеуші К.Салғарұлы, шежіреші А.Ахметовтар құптап, қуаттайды. Бірақ ертеде жазылған бүкіл дерлік шежіре, жазуларда бірлестік «Әлімұлы» деп аталып кеткесін шара бар ма. Бірлестіктің «Әлімұлы» аталуы оның негізін сол кездері абырой-атағы асқақтап тұрған әулеттің үлкені Әлім ата құрғандықтан, бірлестікке алдымен соның ұрпақтары кіріп, саны жағынан олардың өзгелерден басым болғандығынан деп санаймыз.