Страница 24 из 28
Төрелерміз деп өздерін тек бұлар ғана емес, Шыңғысханның өзге ұлттар құрамындағы ұрпақтары да «бабамыз нұрдан жаралған» деп өздерін дала ақсүйектері санатына жатқызады (Д-р. Эренжен Хара-Даван–Чингис-хан как полководец и его наследие. Алматы. Из-во "КРАМДС–Ахмед Яссауи. 1992 г.) Ал төлеңгіттер жайлы айтар болсақ, Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресінде» бұл туралы:«Қазақ сұлтандары мен хандарының көрші-қолаңы, малайлары мен шабармандарынан тараған ру. Бұлардың көпшілігі ертедегі жаугершілікте қолға түскен әр түрлі ұлттардың адамдары. Солар өз ара бір-біріне қыз беріп, қыз алысып Төлеңгіт руымыз деп өздерінше аталып кеткен. Төлеңгіт руы қазаққа не үш жүзге жатпайды. Төлеңгіттер Орал облысының Орда ауданын мекендейді»,-деп жазған (Төлеңгіт руы. 8 б.).
Ал Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресінде» бұл жөнінде былай делінген: «…Төлеңгіттер Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз ру-тайпалары орналасқан жерлердің бәрінде де кездеседі. Сан жағынан аса көп болмағанымен, қауымдасып өмір сүріп, қай жерде кездессе де бір-бірін қандас, қарындас санап, қыз алыспай жүретін Төлеңгіттердің шығуы жайлы керағар пікірлер көп. Біреулер «Төлеңгіт» деген ханның төңірегіне жиналған қызметкері, ру емес деп бұра тартса, енді біреулері ол ертеде қалыптасқан, «Мерген» деген атадан руға айналған дейді». Ал шымкенттік зерттеуші Даниярбек Дүйсенбайұлы төлеңгіттердің тегін Үйсін бабамен байланыстырады. Оларды Үйсіннің қытайлық келіншегі Ля Руннан туған Төлеңгіт атты баланың ұрпақтары дегісі келеді. Сөйтіп оларды: төре-төлеңгіт, қалмақ-төлеңгіт, моңғол-төлеңгіт, сосын тағы біреуін келтіріп, төрт тармаққа бөліп жіктейді. Х.Мадановтың айтуынша төре-төлеңгіттер Көкшетау, Талдықорған, Шығыс-Қазақстан облыстарында қоныс тепкен.
Көне көз шежіреші қарияларға жүгінер болсақ, олар төлеңгіттерді сонау Шыңғыс ханның кезінде, соның төңірегінде топтасып, қалыптасқан дербес руға жатқызады. Біздер осы байламды қабылдауға бейімбіз.
Әйткенмен жүзге кірмейтін тайпалар саны бұл үшеуімен шектеліп қалмайды. Олардың қатарында көбіміз біле бермейтін өзге де біраз ру, жұрттар тобы бар. Мәселен, Ноғайлы (Ноғайты) руы. Олар XVII ғасырда Ноғай ұлысының соңғы ордасы Аштархан хандығы құлағаннан кейін қазақ жеріне келген. Сөйтіп тілі мен діні ұқсас қазақ руларымен араласып кеткен. Ал Алтай-Қарпық руы Алтай бөктерін мекендеген қарлұқтардың бір сынығы. Бұлай деп XVIII ғасырда қазақтар арасына сіңе бастағанда аталған. Бұлардан өзге қазақтармен етене аралас-құралас болып кеткендердің бірі–Қалпақ руы. Ол XVIII ғасырдың соңында Хиуа жерінен келген қарақалпақтардан құралған. Ырғыз, Шалқар өзендерінің маңын мекендейтін көрінеді. Ендігі бір топ–Қырғызәлілер. Олар XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығынан ығып, қазақ жеріне келген қырғыздар. Бұлардан басқа қоныс аударушылардың ішінде–Қараша руы бар. Бұлар XVII ғасырдың соңында Цин (қытай) патшалығы жоңғарларды ойсырата талқандағаннан кейін солардың қазақ жерін паналаған Қарашың батыр (Гуранты Доржи) бастап келген тобынан құралған. Кейін соның атымен Қараша руы деп аталып кеткен.
Қазақтарға сіңіп кеткен ендігі бір үлкен топ–Қатаған руы. Ол XIV ғасырда Едіге батырмен бүгінгі қазақ жеріне келіп, қалып қойған ноғайлардың бір сынығы деген дерек бар. Олар алдымен Ұлытау, кейін Ташкент маңын мекендеген көрінеді. Ұлы жүздердің арасында жүргенде қалып қойған бір жұрты соларға өз атымен сіңіп кеткен бүгінгі Шанышқылы руы екен. Өйткені қатағандар іштей Жайма, Шанышқылы, Бөлеген, Сарықатаған деп бөлінетіндігі белгілі.
Келесі бір топқа – Дүрмен-Барлас руын жатқызуға болады. Оларды біраз зерттеушілер атақты Темірлан көрегеннің барлас руы мен найманның бағаналы атасынан құралған ру деп жүр. Ақмешіт (Қызылорда) маңын мекендейтін көрінеді. Ал Ташкент төңірегін қоныстаушылары өзбектердің құрамында еніп кеткен. Бұлармен қатар аты ауызға сирек алынып жүрген топтың бірі – Баршылық руы. Олар VIII ғасырда Орта Азия жеріне Қорасандық Шайбан шаһпен еріп келген парсылар көрінеді. Олар Сырдария, Ташкент, Жизақ маңына қоныстанған көрінеді.
Солар секілді құлаққа таңсық естілер рулардың бірі– Маңғытай руы. Бұлар ноғайлының маңғыт руы мен Саңғыл бастаған қытай жұрты сынығынан XIV ғасырда топтасқан ру екен. Шамалы жұрты Қоңыраттарға да сіңіп кеткен көрінеді. Оған аты ұқсас тағы бір рулы ел – ол моғолтайлар. Үндістанда билік еткен барлас руынан шыққан әйгілі түрік Бабырдың Моғолстан қағанаты құлағаннан кейін оның қазақ жеріне қоныс аударған шамалы жұртын жергілікті халық кейін келе моғолтайлар атап кетіпті.
Осындай жұрттың санатына жататындардың бірі–Көлеген руы. Қолөнері, егіншілік, мал шаруашлығымен қатар айналысатын олар ертеректе Сығанақ өңірін жайлапты. Қазір Түркістан, Шымкент, Жаңақорған, Арыс маңын қоныстанған көрінеді. Олар сонымен қатар көршілес өзбек, қарақалпақ халықтарының құрамында да кездеседі екен.
Ендігі бір ірі, ел арасына кең тараған, аты құлақта жүрген рулы жұртқа Сунақ тайпасын жатқызуға болады. Олар наймандардан өрбитін, жоғарыда атап кеткен Дүрмән-Барлас руының бір тармағы көрінеді. XV ғасырдың бас кезінде олардың Әбілғазы имам бастаған бір бөлігі Сығанақ қаласына келіп, табан тірейді. Онда ол өз қаражатына мешіт-медреселер салғызып, ел арасына ислам дінін насихаттап, емшілікпен де айналысыпты. Жергілікті сарт (соғды) халқы оны өз тілдерінде Сунақ (қарапайым жан) әулие деп атап кетеді де, оған еріп келген жұртты да кейін оның осы лақап атымен байланыстырып сунақтар дейді.
Бірақ бір айта кететін жайт біз Сайдаққожа Жүсіпұлының осы еңбегінде (Жүзге кірмейтін қазақ рулары."Ана тілі" газеті. 15.04 2005 ж. 5 б.) Орта жүздің құрамында бар қыпшақ, қоңырат, тарақты руларынан кезінде оқшауланып, бөлініп қалған олардың осы аттас сынықтарын жүздерге қосылмайтын рулар деп ерекшелеп атауына әрине қосыла алмаймыз. Қисыны жоқ сияқты. Қазақ елінің қай түкпірінде жүрсе де, қай жерін мекендесе де оларды о баста өздері бастау алатын басты рулардан бөлектеп, жүздерге кірмейтін топтарға жатқызатындай не бар десеңізші. Олар бәрібір сол баяғы бір қыпшақ, бір қоңырат, бір тарақты емес пе деп бұл турасындағы әңгімемізді тамамдағымыз келеді.
ЖЕҢГЕ, КЕЛІНДЕР МЕН КҮЙЕУ БАЛАЛАР ХАҚЫНДА
Бұл аталған қос жүз бен жүзге кірмейтін рулар тобы ішінде, жоғарыда атап кеткендей, құда-жекжаттарымыз, нағашыларымыз, шешелеріміз бен үлкенді-кішілі жеңешелеріміз, келіндеріміз бен күйеу балаларымыз, араласып жүрген етене жақын жора-жолдастарымыз көп болғасын артықтық етпес деп жазып отырмыз. Мәселен, әулетіміздің 5 келіні: Фатима, Еренкүл, Күлия жеңешелеріміз бен біздің үйдегі Сәуле мен Жарқынбек бауырымыздың шаңырағындағы Айгүл келіндеріңіз сиқымның аққойлы, қарақойлыларынан. Шешеміз Мейрамкүл мен Алтынбек бауырымыздың үйіндегі Зара жеңешеміз бен Алмас, Мұрат бауырларымыздың отбасындағы Гүлнәр, Ақгүл келіндер жаңабайдың қыздары. Жаңыл, Күлсара жеңешелеріміз шапыраштыдан, Айтмахан ағамыздың жары Райгүл жеңгеміз дулаттың шуылдағынан. Асан бауырымыздың үйіндегі Роза жеңешеміз бен Елмира қарындасымыздың күйеуі Әзімхан көне қаңлы руынан. Ал Баис пен Ермек бауырларымыздың келіншектері Гүлнәр (Шамшахан), Аида ойықтың қызылқұртынан, Өтеміс пен Қалдыбек бауырларымыздың келіншектері Сая мен Нұрпия тарақтыдан. Жоламан ініміздің үйіндегі Шынар келін жаныстан, күйеу баласы Нұржан ұлы жүздің шанышқылы руынан, ал жаңа түскен келіндері Асылай бектемістен. Ал Арслан ініміздің келіншегі Шолпан мен Асылбек ініміздің алғашқы әйелі Сәуле арғыннан, кейінгі алған Жанаты найманнан. Болат пен Руслан бауырларымыздың келіншектері Ақмарал мен Меруерт ысты мен жалайырдан. Сапарбек ағамыздың кенже ұлы Нұржанның келіншегі Анар орта жүздегі уақтың сіргелі аталығынан.
Ал Болат пен Мұрат бауырларымыздың тамырында Айымкүл жеңешемізден ауысқан, жанбайлардың арасында лақап ныспымен «Нақөз» деп аталып кеткен әйгілі араб жұртының да қаны бар. Халқымыз шежіресінде «Нақөз» жұртының атауын кезінде «Нөкіс» деп тілін сындыра дыбыстап, жаныс руының жанбай атасының құрамына енгізген. Жанбайлардың қатарына қосқан себебі бөлек хикая. Дегенмен қысқаша қайырар болсақ, жанбай сұлуы Ақбілекке үйленген араб патшазадасы қайтыс болған соң, оның ұлы Жиенбет нағашыларының қолында қалып, өсіп-өнеді. Көбейгеннен кейін жанбайлар оларды өз ішінен жеке рулы ел етіп, бөліп шығарады. Әңгімеміздің негізгі арқау, желісінен шығып кетпеу үшін Нақөз жөніндегі аңыз, хикаямызды оқимын дегендерге шежіреміздің соңындағы қосымша тарауда беріп отырмыз.