Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 23 из 28



Ал керей мен найман жұрты аты жоғарыда аталған ұлы жорықшыдан көп бұрын қалыптасқан, оған бағынбаймыз деп онымен сан рет соғысып, үлкен қарсылық көрсеткен жауынгер, өркениетті мемлекеттердің бірі.

Қазақ Совет энциклопедиясында:"Найман–қазақ халқының құрамындағы ірі тайпалардың бірі. …Н-дар 12 ғ-да Ертіс пен Орхон ө-дерінің аралығын қоныс еткен түркі тайпаларынан саяси мемл. бірлестік құрды. Н. ұлысы Шығ. Қазақстан мен Бат. Монғолстан алып жатқан Алтай мен Хинган таулы өлкесіне орналасты. …Шежіре деректеріне қарағанда, қазақ халқының құрамындағы Н-нан Терістаңбалы (кейде Елата), Сарыжомарт (Ергенекті Найман), Төлегетай деген үш үлкен рулар бірлестігі тарайды. Терістаңбалыдан: Мәмбет, Рысқұл. …Сарыжомарттан: Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Қаратай. Төлегетайдан: Қаракерей, Мұрын, Төртуыл (кейбір мәліметтерде), Матай, Аталық (кейбір деректерде Кенже), Садыр. …Ал Н-ның ортақ таңбасы–γ (бақан), соңғы ұраны–Қаптағай",-делінген (Алматы. 1976 ж. 8 т., Найман. 261–262 б.б.).

Бұл тізімді біз білгенімізше толықтырар болсақ, Мұрыннан–Байыс, одан–Жанболат, одан–Даулет, одан–Әжіғұл. Осы Әжіғұлдан тарайтын кейінгі ұрпақтар: Айдар, одан–Күшіген, одан– Тұрдыбек, одан–Шөтіке, одан–Әубәкір, одан–Қарағаз, одан– Әмірзада. Қаракерейден тарайтын ұрпақтар ішінде әйгілі Қабанбай батырдың інісі Байжігіттен–Қайқы, одан тарайтын ұрпақтардан бізге мәлімі–Түсіпжан, одан–Рақымбай, одан–Жұмабек, одан–Есдәулет, Қанат, Санаттар. 17–18 ғасырларда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аттары шыққан Қабанбай, Қаптағай, Бөрібай батырлар мен атағы үш жүзге мәлім болған Ақтайлақ би, Сабырбай, Қуандық, атақты Сара ақындар осы найман руынан шыққан.

Ал керей руына келер болсақ: "Керей–орта жүз құрамындағы негізгі тайпалардың бірі. Шежре деректеріне қарағанда, ол Абақ К. (қ.Абақ Керей) және Ашамайлы К. (қ.Ашамайлы Керей)      деп аталатын екі үлкен тармақтан тұрады. …Көне тарихты зерттеушілер К-лерді ертедегі керейттердің (қ. Керейт) ұрпағы деп санайды. …Рашид ад-Дин, Әбілғазы Баһадүрхан, Х.Ховорс, С.Аманжолов т.б. оны ежелгі түрік тайпаларынан таратады.

Тарихи жазба деректемелерде К-лер б.з-дың 9 ғ-ынан белгілі. …К-лер ол кезде Онон, Керулен, Селенгі және Аргун өзендерінің бойын мекендеп, жеке мемл. құрған. Мәдениеті жоғары болып, көне түркі жазбаларын пайдаланған…

К-лер ұлан байтақ территорияға тарап, бірқатар түркі тілдес халықтарға сіңісіп кетті. Олар–өзбек халқының Кенегес тайпасындағы Абақлы және Ашамайлы, қарақалпақ халқының Қоңырат арасындағы Ашамайлы рулары. Абақ-Керей руы тубалардың, Қырым татарлары мен башқұрттардың құрамында да кездеседі. К-лердің дені қазақ жерінде қалып, Орта жүздің Керей тайпасын құрады. Найман тайпасының Қаракерей руы, Кіші жүздің Төлеу руындағы Керейт атасы–ежелгі К. тайпасының ұрпағы. К-лердің ұраны–Ошыбай, Ашамай, таңбасы–×",– деп баяндалады (Бұл да сонда. Алматы, 1974 ж. Керей. 5 т. 390 б.). Әкелі-балалы, ерен еңбектері үшін Социалисті Еңбек Ері атанған Қабаш Қозыбаев пен ұлдары, шежіремізде еңбектерінен үзінді келтіріп, сілтемелер жасаған, президент кеңесінің белді мүшесі болған, тарихшы, академик ғалым Манаш пен Қазақстан журналистер Академиясының күні бүгінге дейінгі төрағасы, тарихшы, ғалым, жазушы, журналист Сағымбай Қабашұлдары осы керей жұртынан.

Ал уақтар жайлы онда былай делінген: "Уақ– Орта жүз құрамына кіретін тайпа. Шежіре бойынша: Шоға, Сарман, Байназар, Сарыбағыш, Сіргелі, Еренші, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз руларына бөлінеді. Мұның соңғы төртеуін Ергенекті У. деп те атайды. Қазақ әңгімелері мен шежіре деректерінде У. аталарының бірі ретінде әйгілі Еркөкше батыр мен оның ұлы Ер Қосай батырдың аттары аталған. …Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша У. Керей тайпасымен туыстас. У-тың арғы атасының анасы ері Жаубасар өлген соң бір жылдан кейін әмеңгерлік әдет бойынша оның ағасы Ойшыбайға (Керейдің әкесі) тиеді. Сондықтан да У. Керейдің інісі болып есептеледі. Керей мен У-тың аталастығының тағы бір айғағы, олардың рулық таңбасының ұқсастығы, яғни "Ашамай таңба"(×) екеуіне де ортақ. У-тың алғашқы ата мекені Қазақстанның солт. шығысы мен Монғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан У-тар өзінің ата мекенінен ығысып, солт. Тобыл және Үй ө-деріне, батыста Торғай өлкесіне, ал оңт. Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына да жетті. …20 ғ-дың басында Кіші жүздегі У-тың аздаған тобы Торғай обл-ның Ақтөбе және Ырғыз у-дерінде бытырап қоныс тепті. …Ұраны–Жаубасар, Бармақ, таңбасы–П× (босаға, ашамай) (Бұл да сонда. Алматы. 1977 ж. 11 т. Уақ. 271272 б.б.).



7 бөлім

ЖҮЗГЕ КІРМЕЙТІН РУЛАР ХАҚЫНДА

Ауыз-екі тілімізде қалың жұртшылық жүзге кірмейтін руларға қазақ халқының арасына ислам дінін насихаттап, енгізуді көздеп келіп, қалып қойған араб миссионерлері ұрпақтарын, ежелден халқымыздың хандары сайланып келген Шыңғысханнан тарайтын сұлтандар әулетін – төрелерді, сосын солардың төңірегіндегі қызмет етуші төлеңгіттер тобын жатқызып келді. Мәселен, белгілі шежіре зерттеушісі Сайдаққожа Жүсіпұлы "Жүзге кірмейтін қазақ рулары" деген еңбегінде қожалар жөнінде төмендегідей мәліметтер береді: «Қожа тайпасы үш жүзге кірмейтін тайпалар ішіндегі ірі топтарының бірі. Бұл тайпа әртүрлі құрама рулардан құралған. Қожа деген сөз араб тілінен аударғанда «ағартушы» деген мағынаны білдіреді. Ал парсылар билеуші әмірлерді қожа деп атаған. Сондай-ақ оқыған оқымыстыларды жергілікті халық қожа деп құрметтеген.Ол оқымысты–ағартушылардың арасында жергілікті тайпалардан шыққандар да болған» ("Ана тілі" газеті. 5 б. 15 сәуір, 2005 ж.). Осылай дей келе қожалардың ішіндегі аға буынға кезінде пайғамбарымыздың сахабасы, кейін екінші халиф болған әйгілі Омар бин Хаттаб, белгілі дін уағыздаушылары Шайхы Бұзырық, оның ұлы хазірет Аиуб Әмин, оның жолын ұстаушы ұлы Гирамад Әзиз шыққан Саид тобын жатқызады.      Гирамад Әзиз VIII ғасырдың ортасында араб әскерімен Түркістан жеріне келгені белгілі. Бұл дін үшін болған мұздай қаруланған араб пен қарақұрымдай қаптаған сары шерік киген қытай әскерлерінің арасында 751 жылы болған әйгілі Атлах шайқасының қарсаңы болуы да ғажап емес. Жұртқа өз еріктерімен де, күшпен де ислам дінін енгізе алмаған арабтар, кейін өз нәтижесін берген тәсілмен, мешіт, медреселер салып, ислам дінін ақырын, асықпай уағыздай бастайды.

Сайдаққожа Жүсіпұлы мақаласынан әрі қарай: «Сол бір дін уағыздаушы Гирамад Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ Баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар. …Ысқақтың мешіт-сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр. Оның ұрпақтары Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Яссауи де тарихқа белгілі адамдар. Саид тобына қазіргі қожа рулары Сеид, қожа, Аққожа, Диуана қожа, Қылышты қожа, Қырық садақтар кіреді»,– деген шежіре жолдарын тауып оқуға да болады. Мұнда сонымен қатар қожалардың пайғамбар әулеті болып саналатын Қорасан тобы, төрелермен қаны араласқан Бақсайыс тобы, Жүсіп қожа, Түрікпен қожалар жайлы мағлұматтар беріледі.

Ал төрелер туралы айтар болсақ, Дешті-Қыпшақ пен қазақ даласына билік етіп, ұлыс хандығын құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары халық арасында әлі күнге дейін өздерін төрелерміз деп атайтындықтары белгілі. Қазақтар қарадан ешқасан хан сайламаған. Тарихымыздағы қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен кемеңгер әз-Жәнібек, елдің іргесін созып, кеңейткен қасқа жолды Қасым мен данышпан Тәуке, олардан кейінгі, аттары алты алашқа аян қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоң-ғарлармен жан аямай соғысқан сайыпқыран Әбілқайыр мен ұлы Абылай, ақ патшаның бодандық саясатына қарсы он жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген оның жүрек жұтқан немерелері Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, кіші жүздің соңғы Жәңгір ханы, қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов, Алаш-Орданың үкілі жетекшілерінің бірі Әлихан Бөкейханов, оның жанқияр, тынбас күрескерлері Сыздық, Әзімхан Кенесариндер, халық арасына аты кең тараған, әйгілі күйші, сазгер, домбырашы Дәулеткерей, ұлттық медицина университетіне есімі берілген атақты ғалым Санжар Асфендияров, қазақтың үлкен гидролог ғалымы, Мәскеу митрополитенін салуға атсалысып, сіңірген еңбегі үшін оның тас қабырғасына аты өшпестей болып қашап жазылып қалған Натай Әзімханұлы Кенесарин, Республикамыздың мемлекеттік елтаңбасын жасап берген, сырт жұртшылыққа да есімі кең танымал сәулетші Шота-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханов, бәрі, бәрі Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары екендігі баршамызға мәлім.