Страница 22 из 28
Тарихта аттары қалған әйгілі Қотан жырау, оның әрі батыр, әрі би ұлы Ақжол, атақты шақшақ Жәнібек, Абылай ханмен жоңғар басқыншыларына қарсы иық тіресе соғысқан, оның жауынгер серігі қанжығалы Бөгенбай батыр, аты алты алашқа әйгілі Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы осы жұрттың түлектері. Осындағы арғынның Мейрамынан өрбитін Қаракесектен бастау алатын бір тармақ Бошан ұрпақтары. Одан–Машай, одан–Бораншы, одан–Тілеулі, одан–Кәрсөн (Керей немесе Қарсан, Қарсын), одан–Тәңірімберді, одан–Бекназар, одан–Таныбай батыр (Түркістанда Қожахмет Яссауи мавзолейі іргесінде жерленген), одан–Бапақ, одан–Пұшан, одан–Шыңғысбай, одан–Байғон, одан–Мұқашбек, одан бүгін біз білетін, зауытта бірге еңбектеніп жүрген Жобалайбек ұрпақтары тарайды.
Осы ретте бір айта кететін жайт, арамызда ғылыми деректерге терең бойламай, мәліметтерін қайдан алғандарын өздері де анық білмейтін, жаңағы біз тілге тиек еткен тарақты мен тобықтыны арғын емес деп көпе-көрнеу босқа даурығушылар бар.
Жоғарыда айтып кеткендей, Тарақтының қыздың баласы, жиен екендігі рас. Бірақ қалың арғын бас қосқан үлкен жиында дәстүр бойынша боз биені сойдырып, қолына жілік ұстатып, өз баламыз деп атағасын, ал кейін аз болғандай оны жай емес, арғынның "ноқта ағасы" деп жариялағасын оны бүгін арғын емес деп қалай айтпақпыз. Әлде ертеде өтіп кеткен ақсақалдар бас қосқан сол алқалы жиын шешіміне сенімсіздік білдіріп, оны бүгін жоққа шығаруымыз керек пе екен? Әуелі, бақадай басымызбен, тұрымтайдай тұсымызбен талай ғасырлар өтіп кеткесін өйтуге бүгін біздің қақымыз бен құқымыз бар ма екен, соны ойланбаймыз ба? Ұлы жүзде жалайыр жоқта бас ұстайтын сарыүйсін де, кіші жүзде адай да осындай қыздың балалары. Бірақ соған қарап оларды ешкім ұлы жүз немесе кіші жүз емессің деп айтып жүрген жоқ ғой. "Аспанда құдай, ортада адай, жерде мұнай" дейтін адуынды адай ағайындарға кіші жүз емессің деп бетіне басып айтып көріңізші, не дер екен сізге.
Сол сияқты біз білетін тарих, шежіреден әкесі мен анасы анық белгілі арғынның тобықтысын да қай дерекке сүйеніп бөтен дейтіндері түсініксіз. Ондайларға сонша білгір болсаңдар тарақты мен тобықтының әке-шешесінің атын атап, түсін түстеп, қайдан, кімнен тарайтындықтарын, егер олар алты арыс орта жүзге кірмесе, онда қай жүзге, оның қай ру-тайпасына қарайтындықтарын анық айтып берер, қарсы қояр уәждерің қайсы демекпіз? Әлде олар жүздерге кірмейтін рулардан ба екен? Ондай да дәлелдері жоқ. Ендеше, алдымен ғылыми негізі бар дәйекті деректерді тауып алып ұсыныңыздар дейсіз. Ал ондайларыңыз болмаса, онда несіне сонша қызылкеңірдек болып босқа дауласып, таласасыздар, әлде бұл "атың шықпаса жер өрте" дегеннің кебі мен кері ме екен дегіміз келеді. Ал негізі тарақты мен тобықтының арғын екендігін не еместігін олардың өздерінен басқа кім айтып, кім шешпек? Өзге ешкімге ондай құқық берілмесе керек. Менің бабаларым арғынның тобықтысынан деп сөйлейтін ұлы Абай мен ол турасында «Абай жолы» атты өлмес туынды жазып кеткен ұлы Мұқтардан артық оны кім білмек?
Тобықтының Арғын тайпасының үлкен руы екендігі, ұраны–арғындікіндей Ақжол, таңбасы қоскөз – екендігі Тобықты" мақаласында да жазылған (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1977 ж. 11 т. Тобықты. 70 б.).
Реті келіп тұрғасын айта кеткен жөн шығар, кейде Елбасы есептерінде еліміздің алдыңғы қатарлы кәсіби орындары санатында ауызға алып жүрген, сонау тоқырау жылдары қолдан-қолға өтіп, жоқ болып, жойылып кетуге шақ қалған өзім істейтін химия алыбын өз қолына алған, сөйтіп қайраңнан шығарып, аман сақтап қала алған, содан бері оны үзбей, үздік басқарып келе жатқан, Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров осы арғын халқының түлегі. Аты әлемге мәшһүр әскербасы Ескендір Зұлқарнайын кезінде жарты әлемді жаулап алса, Ескендір Зұлқарнайұлы Мұқаш өзі өндірер өніммен бүгінде бүкіл әлемді жаулап алып, елінде Ер атанып, төсіне Алтын жұлдыз тағып отыр.
Сапалы өнімдері үшін 1994 жылы Испания өнеркәсіпшілері мен бизнесмендері Ассоциасынан «Алтын Арка», 1995 жылы Данияның Копенгаген қаласында «Алтын Глобус», 1998 жылы Мексикада «Гауһар Жұлдыз» жүлделерін, ал 2007 жылы сапа саласындағы қолжеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған, жыл сайын өтіп тұратын түрлі Халықаралық көрмелердің алтын, күміс, қола жүлдегерлері саналып жүрген "Қазфосфат" компаниясының сары фосфоры мен одан өндірілетін өзге қосалқы өнімдерді Азия ғана емес, тіпті Еуропа да емес, Америка материгінен, тағы басқа да шалғай елдерден алушылар баршылық.
Компания филиалы болып табылатын зауыт кәсіподақ комитетін де көп жылдардан бері жұмыскерлер қамын жеп жүрген осы арғын руынан өрбитін ұлан Шахтыбай Жобалайбекұлы Байғанов басқарады.
Зауыт қабырғасы көтеріле бастаған сонау 1977 жылдан бүгінге дейін қатарымызда қажырлы еңбек етіп келе жатқан, зауыттағы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының бірден-бір лауреаты, 1983 жылдары зауыт жұмыскерлері арасынан алғаш болып "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған, біраз жылдардан бері цех бастығы болып істейтін дастарқандас дос-жолдасымыз Сәлімбаев Сәкенғали да осы жұрттың өкілі. Жақсы, жақын білетіндерім жайлы ғана айтып отырмын.
Ал енді көне Дешті-Қыпшақ жерін мекендеген қыпшақтарға келер болсақ, оларды көптігіне орай "90 баулы қыпшақ" дейді. Қазақ Совет энциклопедиясынан:"Қыпшақ (Европада–кумандар, Россияда–половцы) – қазақ халқының құрамына енген ежелгі ірі тайпалардың бірі. …Араб, парсы зерттеушілері сол кезде Қ-тарға бағынған түрік тайпаларының бәрін Қ. деп есептеген. …Шежірелердің көбі Қ. руларын былай ажыратады: Қ-тан Сүлімалып, одан Көбекалып (Ақ Көбекалып), одан Мүйізді, одан Сарыабыз. Осы Сарыабыздан бес таңбалы Қ. (Бұлтың, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалық) өсіп-өнген… М.Мұқановтың айтуынша, Сарыабыздан Қарақыпшақ, Қытайқыпшақ, Құланқыпшақ, Торықыпшақ рулары тараған…
Қ. сөзінің шығуы жайында әр алуан жорамал, аңыздар бар. Мыс., Рашид ад-Дин Қ. сөзін "қабуқ" (қабық, іші бос қуыс ағаш) деген ұғымнан пайда болған дейді. Оғыз қаған бір жорықтан қайтып келе жатқанда, ағаш қуысында жаңа ғана босанып, ұл туған әйелді кездестіреді де, ұлды асырап алып, атын Қыпшақ қояды. Өскесін Қ. атақты батыр, қолбасшы болып, ел билейді. Одан тараған ұрпақтар Қ. аталып кетеді. …Бірақ мұның бәрін мәселенің толық ғылми шешімі деуге болмайды. …Қ. тарих сахнасына Ертіс бойында өмір сүрген Қимақ мемлекетінің (9–11 ғ.) ыдырауына байланысты шықты…
Ол тұста Қ-тар Орта Азияны, әсіресе Сырдария бойын, Еділ мен Дон арасын, Кавказ бен Қырым тауларын, Солт. Каспий даласын, қазіргі Қазақстанның орт. аудандары мен солт. бат. аймағын жайлады. Бүгінде олар көбіне Ақтөбе, Қызылорда, Оңт.-Қазақстан облыстарында шоғырланған…
Қ-тар ұраны–Ойбас, таңбасы–екі тік сызық ІІ (қос әліп)",– деген жазу жолдарын оқуға болады (Алматы. 1975 ж. 7 т. Қыпшақ. 102–104 б.б.).
Қыпшақтар Орта жүз құрамындағы тайпа. Олардың аталарын өзбек халқы сияқты өзге түркі жұрттарының ішінен де молынан ұшыратуға болады. Қарақыпшақ сапынан аты жыр, аңыздардан жақсы белгілі атақты қарақыпшақ Қобыланды батыр мен оның 12-буыны – есімі әліге дейін ел аузынан түспейтін, аты әлемді дүркіреткен әйгілі палуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов шықты.
Ал қоңыраттарға келер болсақ, ол–қаһарымен төрткүл дүниені тітіреткен, жер-жаһанның жартысын жаулап алушы әйгілі Шыңғысханның анасы Аяулым мен әйелі Бөрте дүниеге келген, сондай-ақ аты көне қиссалардан ертеден-ақ елге белгілі атақты Алпамыс батыр тарайтын көне ру. Қазақ Совет энциклопедиясында: "Қоңырат–Орта жүз құрамындағы тайпа. Қазақ шежіресі бойынша, Көтенші, Көктіңұлы деген екі бірлестікке бөлінеді. Көтеншіден Саңғыл, Сүйімбай, Сүттібай, Аққошқар, Амантай, Жаманбай; Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Оразкелді, Қарасирақ, Тоқболат, Құлшығаш, Алғи рулары тарайды. …Қ. Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес жергілікті тайпалармен араласып, қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамына еніп, сіңісіп кетті. Қ. тайпасының ортақ таңбасы–Ғ "босаға таңба", ұраны–"Алатау", "Мүкамал",– деп жазылған (Алматы. 1975 ж. 6 т. Қоңырат. 601 б.).