Страница 21 из 28
5 бөлім
ҰЛЫ ЖҮЗ ХАҚЫНДА
Сонымен «Ұлы жүз» жөнінде қысқаша баяндап кетер болсақ, аңыз бойынша олар бастауларын Майқы бидің Бақтиярынан өрбитін Үйсін батырдан алады. Одан –Абақ, Жансақал (Тарақ) дүниеге келеді. Абақтан–Ақсақал, ал Жансақалдан–Жалайыр. Бұл атау оған шашының екі жаққа жалданып, бөлініп туғандығына орай берілсе керек. Одан–Манақ, ал кейбір деректер бойынша одан–Шуманақ пен Сырманақ. Олардан–Орақты, Жазықты, Тарихты. Тарихтыдан ұл болмай, Орақтыдан–9 ұл, ал Жазықтыдан–3 ұл туғандықтан олардан тарайтын ұрпақтар кейін 12 ата Жалайыр деп аталып кетеді. Сонымен Ақсақалдан Айдарлы мен Сақалды дүниеге келеді. Деректерде олар егіз, екеуі де батыр делінген. Нәмі абақтық Сақалды керей руының қызына үйленіп, түрлі себептермен солардың ортасында біраз уақытқа қалып қойғандықтан одан өрбитін ұрпақтар кейін абақ-керей аталып кетеді. Ал Айдарлы үйленген Уасила-Банудан әйгілі Қараша би туады. Қараша би үйсін тайпаларын бііктіріп, 100 мың әскерімен қытай басқыншыларына қарсы күресіп, сондай үлкен шайқастардың бірінде қаза тапқан батыр, қолбасшы. Аты алты алашқа мәшһүр атақты Байдібек би мен бауыры Байтулы (Байдулла) осы кісіден туған. Байтулыдан – Шақшам. Ендігі бір деректерде Қараша бидің бұдан басқа Жәнібек, Мәділбек деген де ұлдары болған. "Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары",– деген тұжырымды Қазақ Совет энциклопедиясының "Үйсін" мақаласынан да ұшыратасыз (Алматы, 1977 ж., 11 т.,Үйсін, 401 б.).
Бәйдібек би ата-анасынан 3 жасында жетім қалып, жақын туыстарының қолында өсті. Шынтас байдың табынын бағып жүріп есейді. Байдың малын барымташы, жаулардан қорғаймын деп жүріп шабандоз, сайыскер, батыр, жауынгер болып қалыптасты. Сөйтіп жүріп ел арасында әділ шешен-би деген де атаққа ие болды. Оның сол кездері айтқан сөздері халық жадында қанатты сөздер, мақал, мәтелдер ретінде осы күнге дейін сақталып қалды. Бір деректер бойынша шамамен 1356–1419 жылдары өмір сүрді.
Бәйдібек би кейін келе табын-табын жылқылары, қора-қора ірілі-ұсақты малдары бар жұртқа сыйлы, құрметті, бақуатты, бай адамға айналды. Үш әйелі болды. Бірінші әйелі Арыстан бидің қызы Гүлжамал еді. Оны жұрт Сары бәйбіше деп атады. Екінші әйелі Қызыл бидің қызы Зеріп, ал үшінші әйелі тарихта "Домалақ ана" деген атпен әйгіленіп қалған, дала ақсүйегі саналатын қожаның қызы Нұрила ана еді. "Домалақ ана" деген ат оған бір қолының саусақтары доғалданып кеміс біткендігіне орай таңылған-ды.
Бәйдібек бабаның Сары бәйбішеден 9, ал Зеріптен Жалманбет деген бір ұлы болды. Осы Жалменбеттің қоңырат тайпасынан алған Мелде би қызы Мапырашты (Жұпар) деген бәйбішесінен кейін Шапырашты, екінші әйелі–Мапыраштының сіңлісі Қарашаштан (Тұмардан) Ошақты, ал үшінші әйелі Сыландыдан–Ысты (Нұртай), ал одан–Жауатар, одан–Тілік, Ойық деген ұрпақтар дүниеге келді. Оның ішінде Ойықтан Қызылқұрт, Аузыүсіген (Жанкөз), Көкшекөз, Сәтек аталары өрбіді. Сары бәйбіше Нұриланың толғағы ұстап жатқанда көреалмаушылықпен арнайы адам жіберіп, егер ұл туар болса нәрестені білдірмей өлтіруді тапсырады. Ол жіберген адамы нәрестені құрсақтан шығарып аларда басын қатты қысып, жарып жібереді. Бірақ құдайдың құдіретімен бала бәрібір тірі, аман қалады. Азан шақырып қойған аты Тілеуберді болғанымен ол кейін басының жарықтығына байланысты Жарықшақ деп аталып кетеді. Бір деректерде шамамен 1398–1475 жылдары өмір сүрген делінеді.
Нұрила ананың тегін адам болмағандығы аңыз әңгімелерде де айтылады. Ұлына пәленің қайдан келгендігін тез аңғарған оның наза, наразылығы ізсіз кетпейді. Сары бәйбішенің 9 ұлы бір шайқаста түгелдей опат болады. Әулетінің бұл тармағы тұқымсыз қалмауы үшін Бәйдібек баба құдайы шалып, сол үлкен жиында жалғыз қызы Алтыннан (Байтоқты) туған бір жиеніне ақсақал, жұрттың келісімімен жілік ұстатып, бата бергізіп, өзіне бала қылып асырап алады. Азан шақырып қойған аты Сыйлықсары болғанымен жұрт оны лақап атымен кейін Сарыүйсін атап кетеді.
Ендігі бір деректер нағашы жұртында өскен оны Ұшан деп те таратады. Бәлкім еркелетіп қойылған атау болуы мүмкін. Аңыз бойынша, Сарыүйсіннің әкесі бір талас-тартыстан кейін жұртына өкпелеп, үйсіндердің арасына көшіп барып, Бәйдібек бабаның қызын алған кіші жүз руының бірінен деген де болжам бар. Салт-дәстүрге берік қазақ қайсыбір отырыста болмасын мал басын алдымен Жалайырға ұсынып, ал ол болмаса, кезекті Сарыүйсінге беріп жүр.
Бәйдібек баба 1419 жылы қайтыс болып, бүгінгі Оңтүстік-Қазақстан облысына қарасты Бала Бөген деген жердегі Дөңгелек төбенің етегіне жерленеді. Соңғы жылдары ұрпақтары басына күмбездеп үлкен ескерткіш орнатты.
Нұрила ана 1424 жылы есейген ұлы Жарықшақты нағашысы Моғолстан ханы Уайсқа алып келіп таныстырады. Уайс хан Жарықшақтың терең білім алуына көмектесіп, Ташкент қаласындағы бір мешіттің имандылығына тағайындайды. Кейін Ташкент шаһарының әміріне кеңесші етеді. Соңынан оның бүкіл Жетісуды билеуіне көмектеседі. Жарықшақ оны ұзақ жылдар билейді. Сонда жүріп, Парсы сияқты үлкен мемлекетпен халықаралық қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосады, сөйтіп ел билеу ісінде айтулы дарындылық танытып, зор даңқа ие болады.
Жарықшақтың екі әйелі болды. Бәйбішесі Тәуекелбибіден Албан, Суан туылды. Ал кіші әйелі, қожаның қызы Бибіфатимадан Дулат дүниеге келді. Ол көне түркі деректерінде Дулу, ал парсы жазбаларында Дуглат, Дукулат деп аталды. Қызайымынан туғандары өз жұртында қызай-наймандар деп аталып кетті.
Дулат Бұхараның Дәрілфі медресесінде дәрістеп, үлкен білім алады. Іле алатауына қарасты алқаптарды билеу мұра ретінде еншісіне тиді. 1452 жылы Есенбұға ханның көмегімен әкесінің орнына бүкіл Жетісуды билеуге қолы жетті. Бірақ анасының кеңесімен Жетісудың шығыс бөлігін бауырларына бөліп беріп, ал өзі оның тек батыс бөлігін ғана биледі. Дегенмен бұған разы болмаған бауырлары Албан мен Суан одан бөлініп, Көкше өңіріне қарай жылжыды. Кейін Албан қайтып оралғанымен, Суан сол жақта қалып қойды, ал біраз бөлігі тіпті Моңғол даласына өтіп кетті. Дулат 1426–1506 жылдар аралығында өмір сүріп, 80 келген жасында өмірден озды. Дулаттан: Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр деген 4 ұл тарайды. Бұлардың әрі қарай қалай тарқайтындығын білгісі келгендер оны шежіреміздің соңында берілген қосымша тараудан оқып, зейіндей алады
6 бөлім
ОРТА ЖҮЗ ХАҚЫНДА
Орта жүзден құдандалдығымыз арғын, тарақты руларымен бар. Арғындар тарихымызда аталатын Ұлы қоныс аудару жылдары Алтай өңірінен бірге көшіп келген өте көне, үлкен, белді рулардың бірі. Айтулы Сүйінбай ақынның қырғыз Қатағанмен айтысқанда айтатын: "Мынау тұрған арғының–арғын деген сансызың. Жер түбіне кетесің ұстасаң оның тамырын",– деген жалынды жыр жолдары осы халыққа арналған.
Қазақ Совет энциклопедиясында: "Арғын – Ота жүз құрамына кіретін алты арыс елдің ең көбінің бірі… Арғынның бірінші бәйбішесі Ергүлден–Мейрам, оның балалары: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек. Қыздан туған жиені Тарақты–А-ның "ноқта ағасы" деп аталады. Екінші бәйбішесі Момыннан төртеу: 1) Ақсопы, одан–Қанжығалы, Тобықты; 2) Қарасопы, одан–Бәсентиін, Қарауыл; 3) Сарысопы, одан–Атығай; 4) Тәнбіссопы, одан–Сарыжетім, Шақшақ. Момыннан тараған бұл ұрпақ "Жеті Момын" деп аталады. Ғылми жағынан көзге ерекше түсетін жай – А. тайпасының елдік аты (этнонимі). Ол бізге ежелгі заманда жасаған Ғұн (Ғын) елінің атын еске түсіреді. Сол елдің аты осы А. тайпасында сақталған деуге болады…
Тарихи мәліметтерде А. аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғұн, Тағ-Ғұн… Мұндағы "Ақ", "аруғ" (арық) сөздері "таза", "ару" деген ұғымды көрсетеді. Ерте кезде тайпаларды біріктіріп, оған басшы болған оқтарды осылай атайтын болған… А-дарды және оның құрамына кірген Басымылды (Басым елі) оңт. пен солт. Тайпаларының араласунан шыққан ел деп бірінші айтқан – франц. ғалымы Дюканже. Бергі кезде бұл пікірді Н.А.Аристов пен В.В.Бартольд те жақтады. Осындай ойды 13 ғ-да Марко Поло да айтқан. Қашғария өлкесін, Жетісу, Алакөл өңірегін аралап жүріп, ол былай дейді: "Бұл жерде Арғон дейтін ел бар. Олар екі атаның араласуынан құралған. Ислам дінін қолданады. Түрі сымбатты, өздері ақылды, сауда істейді. Керей Уан ханның жерін қоныстайды". Автордың айтып отырған жерлері–Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы даласы, Аякөз төңірегі", -деп жазылған (Алматы. 1972 ж.. 1 т. Арғын. 450–451 б.б.).