Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 20 из 28



Мемлекеттік, әскери құрылысты жақсы білген ол сол кездегі «Дешті Қыпшақ» одағының басқару ісін жақсарту мақсатында ұланғайыр жерді алып жатқан тайпалардың ішкі-сыртқы маңызды істерін өздеріне тән жағдайға байланысты шешу үшін биліктің тізгінін бөлісуі–асқан білгірлік және табиғи нәрсе.

Жүзге (аймаққа) бөлу, ондағы тайпалардың ежелден келе жатқан жер жатысының, өмір тіршілігінің, дәстүрлерінің сыбайластығына қарай жүргізілген. Сонымен қатар Майқы би әр жүзге ұран мен таңба және олардың Ноқта ағасын белгілеп берген. Ұран мен таңба жүздер ішіндегі тайпалар мен руларды біріктіріп, олардың одағын нығайтуға бағытталды. Ұлы жүзге және бүкіл қазақ тайпасына Ұлық (Ноқта аға) етіп Жалайырды, Орта жүзге Арғынды, Кіші жүзге Алшынды ұлық етіп белгілейді. Сол сияқты Арғын ішінде Тарақты, Алшын ішінде Тама Ноқта ағалыққа ие болады»,-деген (З.Сәдібеков.«Қазақ шежіресі».ТашкентУзбекистон. 1994 ж. 126127 б.б.) және Қазақ Совет энциклопедиясында келтірілген: «Ж-дер бірлестігі көптеген түркі тілдес тайпалардың негізінде бір тұтас қазақ халқының қалыптасуынан бұрынырақ пайда болған да, кейінірек сол халықтың жеке бөліктері есебінде бізге дейін жеткен»,-деген мәтін жолдары біздің жоғарыда айтқан болжам-пікірлеріміздің растығын көрсетеді. (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. 4 т. 521 б.). Сондықтан бұл әкімшілік басқару жүйесін қазақ хандарына алыстан іздеудің керегі болған жоқ. Ол кешегі өздері болмаса да әкелері куә болған, бабаларынан мирас боп айтылып, жазылып қалған Шыңғысханның "Ясысы" сияқты ел, ұлыс басқару жүйесінің ілім-тәлімдері мен тәжірибелері ме дейсің.

Бұл айтқандарымызға Қазақ Совет энциклопедиясындағы «Майқы би» мақаласынан қосарымыз: «М.б. қазақ руларын үш жүзге ( «Жүз»–арабша «бөлік», «бөлім») топтап, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Ноғайлы хандарының бірі, Қызыл Арыстанның баласы Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы көтерді (қ. Жүз). Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Таңбалы тас–«Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған. …М.б-ді өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ халықтары да өз биі деп есептеді. Бұған Төбе бидің Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтар арасына барып,сіңісіп кетуі себеп болса керек»,– деген кейде ішінара аңыздардан да алынғандары бар ақпар, мағлұматтар (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1975 ж. 7 т. 383–384 б.б.).

Қызығы–осы көне шежірелерде кездесетін қазақ, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз сияқты термин, атау, ру белгілері күні бүгінге дейін өзгерместен осы аталмыш жүздердің ұран, таңбаларымен сәйкес келетіндігі. Мұндай ұқсастықты көне жазбалардан молынан ұшыратуға болады. Ұшырата отырып, Майқы би әріде емес, күні кеше, Шыңғыс ханның кезінде-ақ билігін пайдаланып, Дешті Қыпшақ жерінде бұрынғы қазақ ру, тайпаларынан мемлекет, хандық түрінде болмаса да жер жапсары мен жұрт тіршілігіне орайлас жүздерге бөлінген, бір кездегі Қазақия тәрізді ұлыстық әкімшілік-басқару жүйесін құрып, оларға байырғы қазақ атын қайта жаңғыртып, қайырып бергісі келгендігін байқайсыз.

Жаңғыртып ғана қоймай, оны біржолата орнықтырып, қалыптастыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеп баққанын көресіз. Осы ретте оны болашақ қазақ мемлекеттігі мен ұлттығын қалыптастыруға, оның алғы шарттарын жасап, іргетасын қалауға үлкен үлес қосқан данышпан дала көсемдерінің бірі ме дейсің. Майқы бидей көсемдердің осынау тірліктеріне қарап, «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ежелгі мәтел еріксіз есіңізге түседі.

Оның іскер тірліктері, тарих көрсетіп отырғандай, ол өлгеннен кейін жалғасын таппай, тоқтап қалған жоқ. Оның таудан аққан бұлақтың бұлау күшіндей елдікті, тәуелсіздікті, еркіндікті аңсаған өсиеттерін әрі қарай ұрпақтан ұрпаққа аманаттай аңыз етіп жеткізуші Бұқар, Асандай ақылгөй жыршы, жыраулар ел арасынан шығып жатты. Олар Керей менен Жәнібек сынды сұлтандар мен оларға бағынышты ұйымдасқан қалың жұрттың жігерін қайтпас күреске қайрақ тастай жанып, білеп келгендіктері белгілі.



Қазақтар «жүздік» әкімшілік-басқару жүйесіне ресми түрде негізінен Қасымханұлы Ақназар ханның тұсында көшірілді. Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Серғали Толыбеков өзінің «Қазақ шежіресі» атты кітабында бұл хан елін «үш жүзге» 1538 жылы бөлгенін айтады. Өзіне Моғолстаннан қосылған ру-тайпаларға «Ұлы жүз» деп, Ақорданың Сарыарқадан Шу өңіріне қоныс аударған ру-тайпаларына «Орта жүз» деп, ал Ноғай ордасынан бөлінген алшындарға «Кіші жүз» деп айдарлатып ат тағады. Әлбетте, олар «жүздерге» алып жатқан географиялық аймақтарына, тіл ерекшеліктеріне, тарихи тағдырларына, мәдени-тұрмысына, әдет-ғұрып, салттарына, шаруашылық кәсіптерінің біртекті, ұқсастығына орай осылай қайта жіктеліп, бөлінгендері анық.

«Ұлы жүз» бірлестігі Жетісу жерінде көне заманнан қоныстанып келе жатқан Шу мен Талас, Сыр мен Іле өзендерінің құнарлы кең алқаптарын иеленді. «Орта жүз» бірлестігі сайын Сарыарқа даласы мен соған иығы тиіп жатқан жақын жерлерді жайлады. «Кіші жүзге» Еділ, Жайық арасы мен Орал маңына дейінгі жерлер тиді. Әлбетте, билігіне қарай әр ханның кезінде бұл жерлер бірде қолдан шығып, бірде қайта иемделініп, бірде тарылып, енді бірде кеңейіп отырды. Сондықтан соғыс-түйіс жиі болып тұрған аумалы-төкпелі заманда пәлен жер түгендікі деп біржолата кесіп айту қиын еді. Бүгінгі менің жерім ертең өзгенің иелігіне айналып кетіп жатты. Бәрі шартты түрде кесіліп, белгіленіп отырды. Біз де шартты түрде айтып отырмыз.

Тілі дегеннен шығады, «үш жүз» жұртының сол кездегі тіл ерекшеліктері диалектілер түрінде күні бүгінге дейін сақталған. Мысалға, батыс қазақстандықтар бізге машық емес «қасқа», «нән», «не зат» сияқты сөздерді жиі қолданады. Сосын олар ауыз-екі тілінде «ұлы жүз» үйсіндері сияқты алыстан орап, майдалап сөйлемей, кісінің үлкен-кішілігіне қарамай «сен» деп турасынан тартып сөйлейтіндігін де айтып кетсе болады. Сол сияқты қызылордалықтарды да ән айту әуені мен ырғағына, терме тарту ерекшеліктеріне қарап, өзгелерден тез айырып, тани аласыз. Қарақалпақстан жақтан келген қазақтар тіліміздегі «мақұл», «жарайдының» орнына «боладыны» көп қолданады. Ал тойхана өткізерде жасайтын әдет-ғұрып, дәстүрлеріміз, ырым-жырым, жоралғыларымыз өзінше. Осы күндері балаларымыз үйленер болса, баратын жерінің салт-дәстүрін әлек-шәлек болып сұрастырып жатқанымыз. Алайда, бұл біздің бір ұлт ішінде құда-жекжат, құдандал болып, өзара түсінушілік, сыйластық, жарастық тауып, бір әкенің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп, тұрмыс құрып жатуымызға кедергі жасап жатқан жоқ. Бұл сонау Қасым, Ақназар хандар тұсында да ұлт болып топтасып, өз мемлекеттігімізді құруға нұқсан келтірген емес.

Әулетімізде біразымыздың аналарымыз, нағашыларымыз, енді біразымыздың құда-жекжаттарымыз, ал өкше басып келе жатқан біраз өскелең ұрпақтарымыздың шаңырақ ұйтқысы, өмірлік жансеріктері–келіншектері жер жәннаты Жетісу мен шөбі шүйгін, суы салқын сайын Сарыарқа даласын мекендеуші «Ұлы» және «Орта» жүз, сондай-ақ кейбір жүздерге кірмейтін рулардан болғандықтан, осы жүздер мен сол рулар тобы хақында да һәм қысқаша болса да мағлұмат беріп, әңгімелеп, тіл сындырып кеткенді жөн деп таптық.

Қазақ жүздерін жете зерттеген өткен ғасырлық атақты ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаевтың әңгімеміздің басында атап кеткен «Қазақ руларының генологиясы» деген тарихи еңбегінде («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.) келтірген ру-тайпалық бірлестіктер жөніндегі мәліметтері Қазақ Совет энциклопедиясының «Жүз» мақаласындағы деректерден пәлендей айырмашылығы жоқ (4 т. 521б.). Мұнда да қазақтар үш «жүзден» тұрады. «Ұлы жүзге»: Сарыүйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Шапырашты, Ысты, Ошақты Сіргелі және Шанышқылы; «Орта жүзге»: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ; «Кіші жүзге»: алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы, Жетіру кіреді. «Ұлы жүз» қазақтары қазан төңкерісіне дейін-ақ қазіргі Талдықорған (Қаратал өзенінің сол жағы), Алматы, Тараз, Шымкент және Ташкент қалалары маңын; «Орта жүз» қазақтары Талдықорған (Қаратал өзенінің оң жағы), Семей, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Астана, Торғай, Қостанай (солтүстік-шығыс жағы), Жезқазған, Қызылорда (шығыс жағы), Шымкент (батыс жағы) қалалары мен Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы жерлерін; «Кіші жүз» қазақтары Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда (батыс жақ жартысы), Қостанай (оңтүстік-батыс жағы) қалалары мен Жамбыл облысы (солтүстік-батыс жағы) жерлерін мекендеді. Олардың тілінде де, тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарында да кейбір өзгешіліктердің бар екендігі жөнінде біз осының алдында айтып кеткенбіз. Енді осы үш жүз тарихына азды-көпті болсын тоқталып кетейік.