Страница 19 из 28
Патша үкіметінің бұл отарлық реформаларына қатты қарсылық көрсетіп, өліспей беріспей табаны аттай 10 жыл бойы ат үстінде ерлікпен соғысқан Абылай ханның немерелері, Қасым төре ұлдары Кенесары хан (1841–1847) мен Наурызбай сұлтанның халық-азаттық қозғалысы тарих дестесіне «Кенесары–Наурызбай көтерілісі» деген айдарлы атпен енді. Сөйтіп бір кездегі үлкен Қазақ хандығының саяси-шаруашылық құрылымы ақыры осылайша ұсақталып өзгеріп, біржолата мемлекет болудан қалып, жойылды.
Не десеңіз де өзіңіз білесіз, бірақ бұл жоғарыда айтылып кеткен қаламы жүйрік ақсұңқар тарихшы-жазушымыз Илияс Есенберлиннің әйгілі трилогиясында айтылатын, халқын ақ патшаға қарсы күреске түбегейлі біріктіріп, түгелдей көтере алмай әбден күйзеліп, пұшайман болған Кене ханның ел аузында қалған атақты, әулие дерлік түсімен қалай дөп келгенін қарасаңыз. Онда әулет ақсақалдарының жоруы бойынша Кенесары жұртының алдынан алдымен арыстан болып ақырып, кейін жолбарыс болып жұлқынып, соңынан қасқыр болып азу тісін ақситып, бұдан кейін түлкі болып жылмиып жүгіріп өткен, ақыры бақа-шаянға айналып, жердің қуыс-қуысына кіріп бара жатқан жайсыз жайын көрген. Бұған не дерсіз.
Бірақ халқы батыр ұлдарының ерлігін ұмытпай, оларға арнап аттары белгілі қисса, дастандар жазды. Бертінде Олжас Сүлейменов Кенесары ханға арнап өзінің «Сарыкене» атты белгілі өлеңін шығарды. Бүгіндері ел ордасы Астанамызда Кенесары ханға арналып көкпен таласқан биік тұғырлы ескерткіш ашылды, оның алаңдарының біріне аты берілді.
Сонымен қазақ хандығы туралы әңгімемізді әрі қарай сабақтар болсақ, түрлі қилы кезеңдерді басынан өткерген қазақтар сыртқы күштердің арсыз араласуымен мемлекеттік дербестігінен айрылғанымен, құдайға шүкір, ішкі этникалық тұтастығын – өзінің қазақ деген ұлттық сипатын бәрібір жоғалтпай сақтап қалды. Бұл тарих аренасында бірде ыдырап, бірде қайта қосылып келген Қазақияның бұрынғы көшпелі ру-тайпалары Қазақ хандығының құрамында өткізген 400 шамалы жыл ішінде біртұтас қазақ ұлты болып бітеқайнап, ажырамастай кірігіп, бірігіп үлгергендігінің арқасы еді.
Ұлт болып қалыптасу қай елдің тарихында болмасын ұлан-ғайыр уақытты қамтитын тарихи ұлы процесс ғой. Бүгінде қанша күрескенімен ұлт болып бірігіп, мемлекеттігін құра алмай пұшайман жүрген қаншама жұртты білеміз. Бақытымызға орай бүгінгі сіз бен біздер тап осы Қазақ хандығы кезінде, құдайға шүкір, ұлт болып ұйып үлгердік.
Осылай Қазақ хандығы мен оның жойылу тарихы жөнінде жүгірте отырып болса да бірсыпыра жайды айтып өттік. Ендігі жерде оны құрайтын «жүздер» жайлы баяндасақ орынды-ақ сияқты. Өйткені қалай қазақ болғанымызды, қалай қазақ хандығын құрғанымызды, сөйтіп ұлт болып қалыптасқанымызды білгеннен кейін қазақтың қай жүзінен, қай ру-тайпасынан өрбіп тарайтынымызды да білуіміз керек емес пе? Бұл бөліну емес, қазақ деген біртұтас үлкен дүниенің неден тұратындығын саралап, пайымдау. Ағза екеш ағзаларымызды да танып, білу үшін микроскоптардың астында зерделеп, олардың ұсақ жасушалардан, ал олардың өз кезегінде молекулалардан, ал оларымыз жай көзге көрінбейтін атом, электрон, позитрон, нейтрондардан тұратындығынын білеміз ғой. Ендеше, әңгімеміздің ендігі желісі қазақтың осы жүздері мен оны құрайтын ру-тайпалары жайлы болмақ.
4 бөлім
ЖҮЗДЕР ҚАШАН, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Қазақ Совет энциклопедиясында «Жүз» сөзіне төмендегідей анықтама беріледі: «15–16 ғ-да Қазақстан жерінде қалыптасқан ру-тайпалық бірлестіктер. «Ж» атауы араб тілінде белгілі бір тұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды білдіреді. Қазақстанның табиғи ерекшеліктеріне, онда ежелгі заманнан бері мекендейтін көшпел ітайпалар мен рулардың шаруашылық және саяси жағдайларына байланысты «үш жүз» деп аталатын бірлестіктер пайда болды. Ұлы Ж. бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан. Орта Ж. бірлестігі Сарыарқа атырабында Арғын тайпасының, Кіші Ж. бірлестігі Бат. Қазақстанда Алшын тайпасының төңірегіне топтасқан. Сондықтан да бұл бірлестіктерді халық арасында «Ұлы жүз–үйсін», «Орта жүз–арғын», «Кіші жүз–алшын» деп те атай береді»,-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. 4 т. 520-521 б.б.).
Ал халқымыздың академик-жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты зерттеу еңбегінде «Үш жүз» атауы жөнінде: «Орыстың Шығысты, әсіресе Орталық Азияны, қазақ даласын зерттеген ғалымы Бичуриннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында, қазіргі қазақ даласында түркі тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермейтін қытайларға қарсы үш орда: Үйсін» жерінде Үлкен орда, Есіл, Ертіс бойында Солтүстік орда, Балқаштан Каспийге дейін Кіші орда болып топтасқан. Бичуриннің айтуынша қазақ жүздері осы үш ордадан басталады. Мен бұл пікірді қолдауға бейіммін»,-дейді (Алматы. 1974 ж.).
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбдуәли Қарағұлұлы өзінің «Ұлы йозілер»-ден «Үш жүз»-ге дейін» деген мақаласында: «Қытайдың жазба жылнамасында: «Ұлы йозлер» (ұлы жүздер) жыл санауымыздан бұрынғы Ш ғасырда Қытайдың батыс-солтүстік өңірін қоныстанған ежелгі ұлыстардың бірі екені айтылған. Кейін бұлар батысқа қарай ауғанда «Ұлы йозілердің» көше алмай қалған бір бөлігі Наншан тауына шегініп, сол жердегі тайпалармен араласып кеткен де, бұлар «Кіші йозі» деп аталған.Бұдан біз «жүз» деген атаудың өте көне сөз екенін, кейбіреулердің айтып жүргеніндей, сан мағынасында емес, ежелгі ұлыстар мен тайпалар бірлестігінің аттары екенін аңғарамыз»,-дейді («Ана тілі» газеті. № 27. 1997 ж.). Бұған біздің қосарымыз, «йоз» сөзі тілімізде транскрипцияға ұшырап, кейін өзімізге үйреншікті «жүз» атауы болып пайдаланылғандығы күмән келтірмейді. Алдыңғы еңбек үзіндісінен де, кейінгі мақала түзіндісінен де ұғатынымыз, «жүз» сөзінің астарында, Қарағұлұлы айтпақшы, сандық мән емес, заттық мағынаның жатқандығы. Түйгеніміз, қазақтың ру-тайпалық «жүздері» сол көне «йоздерден» бастау алатын бірлестіктер емес, өз дәуірінде қазақ хандары мен билерінің ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр сағымдай созылған сары даланы мекендеген сансыз көп ру-тайпаларды билеп-төстеуді жеңілдету үшін, әсіресе соғыс-түйіс кезінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» тез ұйымдасып, жұмыла әрекет, қимыл жасау үшін ескіден еске түсіріп қолданылған әкімшілік басқару жүйесінің бір көрінісі десек шындыққа жақындай түсетін секілдіміз.
Қазақ хандарына дейін де дала сахарасының билік жүйелерінде жүздер деп аталмаса да жүздерге ұқсас, соларды елестететін түрлі ру-тайпалық бірлестіктер мен ұлыстар болғандығы белгілі.
Шежіреші Зайыр Садыбековтің «Қазақ шежіресіндегі»: «Жүз–қазақ болып қалыптасудан бұрын, «Дешті Қыпшақ» дәуірінде құралған аймақтық одақ. Оған біріккен тайпалардың бәрі бірдей бір атадан емес. Жүз–көне түркі тіліндегі «Дүз»(дала) деген сөзден шыққан. Қазақта «құла дүз» деген сөз бар. Ол құла дала деген мағынада. Бір деректе «Жүз» араб тілінде «бөлік» дегенді аңғаартады дейді. Қайткенде де «Жүздің» пайда болуына жүз-жүзден құралған әскерлерден шықты дегенге қарағанда аймақтық ұғым–«Дүз» (Дала) деген сөз қолайлы сияқты. «Жүз»–ойрат тілінде біртұтас нәрсенің бөлігі деген ұғымда. Жүзді Жошы заманында Үйсін Майқы би бөлген деген пікір шындыққа жақын. Себебі сол кездегі тайпалық ұлыстарды басқарған билердің ішіндегі атақ-абыройы мен лауазымы жоғарысы Майқы би еді. Ол Дешті Қыпшақтағы түрік-монғол жұртында мейлінше құрметке, сенімге ие болған адам. Сондықтан оның көзі тірісінде-ақ: «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы Майқы би»,– деген қанатты сөз айтылып жүрді.
Майқы би Шыңғысханды ұлы хан етіп сайлаған 12 бидің бірі және бірегейі еді. Сол себепті Шыңғысханға қадірлі болды. Оның ел билеудегі ақылшысы еді. Кейде Шыңғысхан жорыққа аттанғанда өзінің орнына ел басқару билігін тек Майқы биге тапсырып кететін болған. Шыңғысханнан кейін ол Жошы ұлысының «Дешті Қыпшақ» бөлігін және Жошы әскерінің оң қанатын басқарған.