Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 18 из 28



Керемет емес пе, автор оқушы қауымға атышулы хаттың орысша аудармасы мен түпнұсқасын салыстыра зерделеу үшін қатар ұсынады. Әйткенмен оны өзге әңгіменің арқауы ғой деп шежіремізде келтірмедік. Оқып, білгісі келген қауымға ол газетті тауып алу әсте қиын емес. Сөйтіп шындығында да үлкен қуанышқа орай, бүгінгі ұрпақ қазақ үшін жанын қиған бірегей, біртуар, дарабоз тұлға, бабалары Әбілқайыр ханды кезінде ақ патша ұйымдастырған қара жаладан бүгіндері осылайша ақтап, арашалап қалып отыр.

Сонымен ниетіне кесе-көлденең кедергі, тосқауыл болып келген қазақ хандығының қақпасы іспеттес кіші жүз ұлысынан Әбілқайыр ханды алып тастау арқылы Ұлы Орыс империясы көрші жатқан ұланғайыр қазақ жерін қан төкпей басып алу, отарлау саясатын осылай бастады. Кейін бұл дата қызыл Кеңес заманында «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген атпен тарихымызда елеулі із қалдырған айтулы оқиғаға айналғаны анық. Бұл құжат сол кезден бастап, Қазақстан егемендік пен тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың желтоқсанына дейін өз күшін жойған емес.

Әлбетте, патша үкіметі аталмыш келіссөзді бетке ұстап, осыған дейін жасырып келген түпкі мақсаты–қазақ жерін отарлау саясатын енді ашықтан-ашық жүзеге асыра бастады. Ежелгі қазақ жерлері өзін-өзі билеу еркінен айрылып, бодауға түсті. Шаруалар малы мен жанының кепілі болып келген жаз жайлауы мен қыс қыстауларынан, шұрайлы деген өрістерінен айрылып, жұтқа, аштыққа ұшырады, тұрмыс жағдайлары ауырлап, құлдырай бастады. Қазақтарды бөлшектеп ұстауды тиімді санаған орыс үкіметі мен жоңғар билеушілері неше түрлі қулық-сұмдыққа барып, олардың бір ханға бағынған күшті мемлекет құруына іс жүзінде жол бермеуге тырысты.

Мұның бәрі жұрт пен жеке дара билеуді көксеген хандар арасында түсінбеушілік пен толқу туғызып, үлкен хандықтың іргетасын шайқалтар жайсыз жайларға алып келгені анық. Алайда, Аллаһқа шүкіршілік айтамыз, мемлекеттігімізді ұсақталудан сақтап, хандық билігін бір қол мен бір ноқтада ұстап қалуға бар күшін салып тырысқан көреген хандар мен халық арасынан шығып, бірлікке шақырған Бұқар сияқты айтулы би, жыраулар табылмай қалған жоқ. Бұқардың елге ой салып, бірлікке шақырған "Керей қайда барасың?!" деген атақты жыр-декларациясы осы кезде туған еді.

Сонымен Әбілқайыр хан қаза тауып, Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан соң, қазақты бір жағы жоңғар, бір жағы орыс – екі оттың арасынан оның елдігі мен мемлекеттігін аман сақтап алып шығуға бар ақыл-айласын салып, көп әрекеттеніп, тырысқандардың ішінде Абылайдан өткен өзге сұңғыла хан болмады. Азан шақырып қойған аты Әбілмансұр болып саналатын ол 15 жасында Әбілқайыр ханның жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресінде жауға атасының атымен "Абылайлап" атойлап шапқан жанкешті ерлігі үшін жұрт арасында Абылай аталып кеткен еді. Қазақ хандығы сол кездері, құдайға шүкір, тап осы дарынды, саясаткер, ақылды ханның білгір қимылдарының арқасында мемлекеттігін жоғалтып, ыдырап кетпей, тағы бір зобалаң күйреуден аман қалды. Әйткенмен мұндай қауіп-қатер қазақ хандығының басынан оның ақырына дейін бір сейілмей қойды.

Бұлай дейтін себебіміз, 1756–58 жылдары Цин империясының манчжур-қытайлары 90 мыңға жетерлік үлкен әскер шығарып, өздеріне шабуылдап қоймай жүрген жоңғарларды түптұқиянына дейін түк қалдырмай, біржолата қырып салып, қазақ шекарарасына жақын келіп қоныстана бастағанда да Абылайға осы орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жан сақтап қалу үшін тағы да не бір дипломатиялық айла-әрекеттерге барып, жанкешті саясат жүргізуге тура келді. Екі бірдей күшті жауға қарсы күресте ол Ресей патшалығына арқа сүйеп, онымен одақтас болды, ал одан ызғар көргенде Қытай жағына қарай ақырын ойысып отырды. Сөйтіп жоңғарлардың кебін киіп қырылып, елдігі мен мемлекеттігінен айрылып, тарих аренасынан біржолата жоғалып кетпеуі үшін көп әрекет етті.

Абылайдың бұл іспеттес өзге тірліктерін түгел тізіп айтып жатпасақ та билік пен мемлекетаралық қарым-қатынас үшін үзілмей жүріп жатқан осындай қым-қуат, жан беріп, жан алысқан, қызу саяси істер барысында оның өз жұртының экономикалық хал-ақуалы мен тұрмыс жағдайын да қолдан шығарып, ұмыт қалдырып алмағанын айта кету керек секілді.

Ел бірлігін ұстап, мемлекет қуаты мен оның қорғаныс күшін сақтап қалу үшін көрші елдермен сауда-саттық қатынастарын үзбей жүргізіп, дамыта беру аса маңызды іс екенін жақсы түсінген ол көршілес елдермен түрлі сауда-саттық келісім-шарттарын жасап, жаңа керуен жолдарын ашты. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саудагерлерге біраз жеңілдіктер беруге барынша тырысты. Бәрін бірдей тәппіштеп айта бермесек те солардың бірі ел солай атап кеткен әйгілі "Абылай жолы" еді.



Бұл турасында бізге Қазақ Совет энциклопедиясы: "18 ғасырдың орта шенінде Абылай хан белгілеген сауда-керуен жолы. Қазіргі Семей обл., Абай ауд-ның батысынан басталады. Шыңғыс тауын бөктерлеп, Ертіс өзенінің сол жағын бойлай, шығысқа қарай созылып жатқан бұл жолды халық "Хан жолы" деп атайды. Ел аузында оның "Шаңды жол" деген де аты бар",-деп баяндап береді (Алматы. 1972 ж. 1 т. 36 б.).

Халқы да, тарихы да хандар мен би, батырлар бас қосқан үлкен құрылтай жиылысында боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп, ұлы хандықтың үлкен ханы етіп сайлаған соңғы хандарының бірі Абылайдың елі үшін сіңірген осындай ерен еңбегін осы күнге дейін еш ұмытпақ емес.

Абылайдан кейін Уәли сұлтан (1781–1819) тек «Орта жүзді» биледі. 1783–1787 жылдары ақ патша мен олармен ауызжаласқан хан-сұлтандарға қарсы тұрмыс-халдері нашарлап, наразылығы күшейген «Кіші жүз» қазақтарының 14 жылға созылған (1783–1797) Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалды.

Көтеріліс аяқталғаннан кейін Қаратай, Жантөре сияқты сұлтандардың арасында қайтадан таққа талас басталды. Соның салдарынан бейбіт ауылдарға шабуыл жасау, олардың малын айдап кету, барымта, кісі өлтіру көбейіп кетті. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, Жайық казактарының да қанқұйлы тонаушылық әрекеттері жиілей берді. Бұл 1795–1796 жылғы жұттан әлі оңала алмай, қатты күйзелген жергілікті біраз жұртты шарушылығы мен тұрмысын жөндеп алу үшін жаңа қоныс іздеуге мәжбүр етті.

Сол кезде билік еткен орыс патшасы Павел І-нің рұқсатымен 1801 жылдың наурызында Бөкей сұлтан бастаған «Кіші жүз» қазақтарының бір бөлігі оның қалмақтар тастап кеткен Орал мен Еділ арасындағы Нарын жеріне көшті. Орыс мемлекеті үшін хандықтың бөлшектеніп ыдырауы тиімді еді. Сондықтан олар бұған қарсы бола қойған жоқ.

XIX ғасырдың басында Бөкей сұлтан осы жерде өз хандығын–Бөкей ордасын құрды. Әуелде үй саны 5 мыңдай болған қазақтар 1812 жылы 7500, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10 490 үйге жетіп, халық саны 50 мыңнан асып кетті. Бөкейден кейін орданы оның туысы Шығай сұлтан, ержеткен соң ұлы, тарихтан белгілі 1836–1837 жылдары орын алған атақты Исатай–Махамбет батырлар бастаған халық көтерілісін аяусыз жаншып басқан Жәңгір хан биледі. Жәңгірден кейін патша үкіметінің жымысқы саясатымен мұнда хандық үкімет мүлде жойылып, Орданы «уақытша кеңес» деп аталатын патша чиновниктері басқарды. Ақ патшаға өкпе тұсында өршіген біртұтас күшті қазақ мемлекетінің болғандығы тиімсіз де, қауіпсіз де емес еді.

Қазақ хандығының өзге жерлерінде де осындай жайлар орын алды. Қазақтарға үстемдігін әбден күшейтіп алған патшалық Ресей үкіметі осындай құйтырқы әдіс-тәсілмен отаршылдық қанау саясатын жүргізіп, оларда ел басқарудың жалпыресейлік тәртібін орнатуға кірісті. Қазақ хандығының басына түскен қасіретті тарихтың алғашқы қаралы беттері осылай ашыла бастады. Хандық 400 жылдық егемендігі мен тәуелсіздігінен кейін басына Ресей патшалығының бодандық қамытын қалай өлшеп кигенін өзі де білмей қалды. Уәли хан өлгеннен кейін (1819) «Сібір қазақтары туралы Уставқа» сәйкес (1822) «Орта жүзде» хандық өкімет біржолата жойылды. «Жүз» жері сегіз округқа бөлініп, оларды аға сұлтандар басқарды. «Кіші жүздің» соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, оған күміс ақшамен 150 сом айлық тағайындалғанымен ол елдің тек номиналды билеушісі ғана болып қала берді. Іс жүзінде орданы мұнда да патша үкіметі тағайындайтын аға сұлтандар бөліп басқарды.