Страница 17 из 28
Бұл үлкен билікке ұмтылған тәкаппар әскербасы ханның да мақсатына жете алмай алғаш қанаты қайрылып, пұшайман болып қалған сәті еді. Ал қалмақтардың Жезқазған маңындағы тағы бір оңбай жеңілген жері мен өзен алабы «Қалмаққырған» деген атау алды. Бұл шайқастардан кейін қазақ жерін жаудан толық азат ету кезеңі басталды.
Бұл азаттық соғысы барысында үлкен геосаясат ұстанған көрші Орыс мемлекеті бар ниетімен қазақтар жағында болғаны рас. Олар өкпе тұсындағы қазақ елінің күшті мемлекетке айналғанын қаламаса да қазақтарды даланың өзге көшпенді тайпалары тарапынан жиі-жиі болып тұратын сойқан шабуылдардан қорғану үшін қалқан ретінде ұстағысы келіп, беттерінен қақпай, олармен келіссөздер жүргізуге ықыласпен кіріскендері анық. Алайда, сол кездері билік еткен орыс патшасы Анна Ионовна кезінде дала елдеріне көз тіккен 1 Пётр өсиетімен бұл саясатын барып тұрған жымысқы, құйтырқылықпен жүргізді. Оның қазақтарға там-тұмдап берген көмектері мардымсыз болып, халықты қалыптасқан ауыр саяси-экономиялық тығырықтан алып шыға алмады. Сөйтіп бұл қазақтарды түбі орыстарға амалсыз бодандыққа кіруге мәжбүрлейтін жайсыз келісім-шарт жасауға итермеледі.
Әлбетте бодандық емес, ойларында тек одақтасу ниеті бар мұндай келісім-шарт жасауға алдымен орыстармен шекаралас жатқан кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұмтылғаны рас. Біржолата жойып жіберер зор қаупі бар жойқын жоңғар шапқыншылығымен күресте орыс патшасына арқа сүйемей болмайтындығын, әл-ауқаттарын да құдай қосқан көршісімен бейбіт сауда-саттық жүргізбей көтере алмайтындықтарын ол жақсы түсінген. Ханның бұл саясатын осыған дейін кімге бағынарларын білмей азып-тозып, бей-берекеті кеткен, артында қалың жұрты бар біраз би, батырлар да қолдап шыға келді.
Сөйтіп 1726 жылы өздеріндегі Ресей елшісі Максюта Юнусовпен алдын-ала кездесіп, сөйлескен Әбілқайыр хан ұзамай-ақ Петерборға Қойбағар Көбеев бастаған елшілікті аттандырды. Ал 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Мәскеуге екінші елшілікті жіберді. Оған табыстаған хатында хан: «Мен қазір өзімнің бүкіл аймағыммен қоса Сіздің Императорлық Ұлы мәртебеңізге бағынсам деймін… Біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің өзімізге қарайтын көп-көп… халықтарымен бірге Сіздің алдыңызда бас иіп… құзырыңыздан үміт етеміз»,– деп жазды дейді қазақстандық тарих ғылымының докторы В.Басин өзінің «Әбілқайыр» деген зерттеу мақаласында («Білім және еңбек» жұрналы. № 5, 1982 ж.). Әрине автор мақаласын дайындау кезінде о баста бұрмаланып аударылған хатты басшылыққа алғанын білген жоқ.
Келіссөз нәтижесінде 1731 жылдың 19 ақпанында императрица Анна Ионовна Кіші жүз қазақтарын Ресей одағына алу жөніндегі Грамотаға қол қойды. Бұл Грамотаны ханға тапсырып, оның антын алу үшін 1731 жылдың сәуірінде түркі тілдерін жетік білетін, Пётр патшаның кезінен жақсы белгілі, аса тәжірибелі, сауатты дипломат А.И.Тевкелев Петербордан Қазақ даласына аттанды.
Келіссөзді болдырғысы келмеген қарсы топтың қаскөй әрекеттерінен сақтанамыз деп елшілер хан кеңесіне ұмсынып үш ай бойы жол жүріп, неше бір азап, мехнеттер шегіп, азып-тозып Мойынтөбе алқабындағы (қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы) Әбілқайыр ордасына ақыры жетеді. Сөйтіп 1731 жылдың 10 қазанында 27 биі бас болып, Кіші жүз түгел және «Орта жүзден» Семеке ханға ілескен біраз би, батырлар ақ патшаға адалдыққа ант беріп, Ресей одақтастығына өтті. 1740 жылы бұл «жүзден» Әбілмәмбет хан мен пен Абылай сұлтандар да осылай етті.
Әйтсе де қазақтың біраз би-сұлтандарынан бұл құйтырқы саясатқа қарсы шыққандары да болды. Олар Әбілқайырдың орыс патшасы Анна Ионовнаға өз атынан хат жазып, Ресейдің қоластына өту жөнінде астыртын келіссөз жүргізуін келіспей істелінген, жеке басының мүддесі үшін ел тәуелсіздігін аяққа басып, бәйгеге тіккен бодандық, сатқындық әрекеттерге бару деп түсінді. Жеке басының мүддесі дегенде Әбілқайырдың ақ патша мен оның әскеріне арқа сүйеп, үш жүзге өз үстемдігін жүргізер үлкен хан болғысы келетін ойын меңзегендері. Тоқсан тілектің түйінінен жаратылған сайыпқыран хан ол кезде мұндай мақсат, пейілден мүлде ада, таза болды деп айту да қиын еді. Етек алып кеткен осындай өзара түсінбеушілік пен жіктелу салдары ақыры қанды уақиғаларға әкеліп соқты.
1748 жылы Орынбор губернаторы И.И.Неплюевпен келісім жүргізіп, қайтып келе жатқан сапарында сатқындық саясат жүргізіп жүрсің деген желеумен Қабырға өзенінің бойында өзіне бақас ескі дұшпандары Барақ сұлтан мен Сырлыбай, Баймұрат батырлардың қолынан жоңғарларға алғаш рет ойсырата соққы берген, үш жүз әскерін азаттық соғысына бастап шығушы кіші жүз ханы, дарабоз, дарынды бас қолбасшы Әбілқайыр хан қаза тапты.
Аз адаммен келе жатып тосқауылға ұрынып, сол ұрыста жарақаттанып ат жалын құша құлаған хан жүрегіне Барақ сұлтан өз қолымен қарыстай қара қанжарын қадап, мұратыма жеттім, елім, енді маған не істесең де көндім деп ашық далаға масаттана айқайлап шапқаны атақты жазушымыз Ілияс Есенберлиннің көпшілікке танымал әйгілі «Көшпенділер» атты трилогиясының «Жанталас» деп аталатын екінші кітабында шыншыл баяндалады (Алматы. 1973 ж. 167 б.).
Хан өлімін аяқсыз қалдырғысы келмей, кезінде Сейітқұл хажымен Самарқан маңындағы Нұратада қоныстанған 40 мың алшынды билеген Айтқұл бидің баласы Кедей биден туған Түрке батыр мен Қосқұлақ би Кенесары сұлтанның қарындасы Бопай ханшамен қосылып, Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевқа Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанға барынша қатал жаза қолдануды сұрап, өтініш хат жазғаны белгілі (Т.Дайрабаев, «Сырдың сырлы сыры». Арыс. Алматы. 2005 ж. «Шөменнің алтын сақасы» тарауы. 149 б.).
Осы жерде айта кететін жай мынау. Хан бір өзі шешім шығарып, ақ патшаға бір өзі хат жазбаған шығар дейміз. Қасында қаншама ру басы би, батырлары болды. Не істесе де солармен кеңесіп барып істеді ғой. Біздіңше хан сатқындық жасаса кейін артынан өзге ру, төрелер арасынан жоғарыдағыдай айтулы іздеуші, жоқтаушылар тобы шықпас еді деп те ойлаймыз. Барақ сұлтанның әрекеті айбыны асқақтап бара жатқан ханды көре алмаушылықтан туған жала екендігі көпе-көрнеу.
Бірқатар зерттеушілер азулы, ақылды, сайыпқыран Әбілхайыр хан Жайық казактарының басқыншылық әрекеттеріне үздіксіз, толассыз тойтарыс беріп, Орыс империясының сонау 1 Пётр патшаның кезінен-ақ шексіз, созылып жатқан қазақ жерін жаулап алуды мақсат еткен жымысқы, құйтырқы геосаясатын тамақтарына кесе-көлденең тұрып қалған сүйектей болдыртпай, жүзеге асыртпай келген хан, сондықтан амалы қалмаған ақ патша астыртын оған Барақ сұлтанды айдап салып, ақыры көзін жойып тынды деп жазып жүр. Сөздері қисынды деп санаймыз.
Жоғарыда бұрмаланып аударылған деп айтқандайын, осыған дейін барлық дерек көздерінде жұртшылыққа Әбілқайырдың ақ патшадан бодан сұрап жазған хаты деп ұсынылып келген құжаттың жалған екендігі жуырда анықталды. Қанша заман өтсе де Аллаһ-тағала ақыры шындықты жарыққа шығарды. Мұрағаттардың бірінен Әбілқайыр хан жазған хаттың түпнұсқасы табылды. Оның мазмұны біз білетін құжатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз осы жайды зерделеушілердің бірі, түрік тарихын ертеден-ақ зерттеп, талай еңбек жазып келе жатқан, көпшілікке кең танымал, тарих ғылымдарының кандидаты, Мадрид және Қазақ-Американ университетінің профессоры, испан, португал тілдерінен қазақтың аса жетік маманы, өзіміз көптен білетін алшын Самат Өтениязовтың жуырда ғана, яғни өткен жылдың 11 желтоқсанында "Ана тілі" газетінің 49–50 нөмірлерінде жариялаған "Жаңа заманның шамшырағы – Қазақ мемлекеті" атты зерттеу еңбегінен үзінді ұсынамыз. Онда Әбілқайыр хан турасында былай деп жазылған: "Қазақ-орыс қатынасы тарихындағы трагедияның үлкені Ақтабан шұбұрынды оқиғасы болса, ұлт-азаттық соғыстардың жарқын тарихы Әбілхайыр хан бейнесі екенін мойындаймыз. Бұл жағдайды сонау 90-жылдар соңында академик М.Қозыбаев пен профессор Ж.Қасымбаев – Әбілхайыр хан тарихын қайта қарау керек деп мәселе көтерген еді. Қазақ хандарының еліміз тарихындағы орнын "Ұлт мүддесі үшін ғасырлар бойы күрес жүргізген Әз-Жәнібек хан, Керей хан, Қасым хан, Әз-Тәуке, Әбілхайыр хан сияқты тұлғалардың дәуір тарихында шоқтығы биік-ақ" (8) деп жазған еді М.Қозыбаев. Әбілхайыр Ресейге қарсы 48 жыл бойы соғысып, қалайша бодан болуға өтініш жазды екен деп күдіктенген Ж.Қасымбаев осы тарихи тұлғаның тарихын қайта қарау керектігін айтқан еді (9). Алайда 2000 жылы Әбілхайырдың тарихи хатының түпнұсқасы оқылғанда төбеден жай түскендей әсер етті. Біз осы уақытқа дейін оның орысша аудармасын пайдаланып келіппіз. Сол орысша аудармасы талай ұрпақты жаңылыстырып келген еді. Ақыры шындықтың түбіне қол жеткіздік.. Сол тарихи хатта "бодандық" туралы бір сөз жоқ екенін көріп тарихшылар қатты қуанды (10). Әттең, Әбілхайыр хан тарихын қайта қарайтын ғылыми конференция өткіземіз деп жүргенде М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев қайтыс болып кетті де аяқсыз қалды…"