Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 16 из 28



Ішкі саясатында Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған күшті мемлекет етуді көздеді. Сондықтан ел басқаруында бір ханға бағынуды, соғыс істерінде болсын, бейбіт тұрмыс тіршіліктерінде болсын бір ханның шешіміне бой ұруды уағыздады. Осыған байланысты ішкі өмірде халыққа ықпал-әсері көп феодалдық, діни топтардың мүддесін көздеп, ескі салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды: қанға қан алуды, кек алуды, құн төлеуді, барымта алуды, құл сатуды, жазаға дүре соғуды, көп әйел алуды, әмеңгерлікті, зекет, ұшыр жинауды, ескі діни сенімдерді ұстануды жан-жақты насихаттауды қолдап отырды. Осы үшін де қарапайым халық оның бұл реформаларын ел арасында «Есім ханның ескі жолы» деп атап кетті.

Әйтседе, адамның айтқаны емес, Аллаһтың дегені болады демекші, Есім ханнан кейін феодалдық алауыздық бәрібір қайта бас көтеріп, ушықты. Ол Есім ханның ұлы Жәңгір ханның (1652 ж. қ. б). кезінде де толастамады. 1643–1644 жылдары жоңғарлармен болған жан беріп, жан алысқан қырғын соыста қазақтарға 20 мың қолмен көмекке келіп, саны басым жауды талқандауда шешуші роль атқарған Самарқан билеушісі, әлімнің төртқара руынан шыққан, атақты Әйтеке бидің атасы Жалаңтөс баһадүрдің тарихта жазылып қалған теңдессіз ерлігі осы Жәңгір ханның кезінде болды.

Жәңгір хан 1652 жылы жоңғар қонтайшысымен болған қарымта соғыста жеңіліп, қаза тапты. Етек жайған алтыбақан алауыздық салдарынан жүздерде топтасқан жекелеген қуатты қазақ сұлтандары іс жүзінде тәуелсіз болуды аңсады. Бұл ақыры «үш жүздің» әрқайсысы өз жүзіне өз сұлтандарынан хан сайлау дәстүріне әкеліп соқты да, үлкен ханның билік ету күші бірте-бірте әлсірей берді. Бара-бара ол ел басқару ісінде номиналды ханға айнала бастады. Алайда, әр жүздің бақталас хандары өзгелерге өзінің күшті, ықпалды екенін көрсетуге ұмтылумен болды. Осыдан барып олардың арасынан өзгелерге өктемдік жүргізгісі келетін қуатты хандар шыға бастады. Олар өз мақсаттарына жету үшін өз руларын ғана емес, өзге ру-тайпаларға да ықпал-әсерін күшейтіп, төңірегіне топтастыруға тырысты. Жаппай етек алған тап осындай шаралар біртұтас Қазақ хандығын алауыздық салдарынан біржолата ыдырап, жойылып кетуден сақтап қалды десек те болады. Бұл құрылғанына 200 жылдан асқан кезде Қазақ хандығы душар болған саяси ақуал еді.

Хандық бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуға күш салған осындай қуатты, ықпалды хандардың бірі Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан (1680–1718) болды. Арабша хат таныған сауатты, ел басқару ісінде әмір Темір жолын ұстануға тырысқан, діншіл басшы. 1680 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бас қосқан хан, сұлтандар мен ру басы батыр, билер жиынында ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. Ол ыдырауға шақ қалған қазақ руларын төңірегіне қайта топтастырып, біріктіруге шара жасады. «Жүз» хандарын ыдыратпай, уыста ұстау үшін қолданылып жүрген құқық нормаларын жетілдіріп, тарихта «Жеті жарғы» деген әйгілі атпен із қалдырған заң жобаларын жасатып, іске қосты. Бұл заңдар жиынтығы феодалдық право тәртібі мен мемлекеттік құрылыстың негізгі шарттарын белгілеп берді. Ол бытыраңқы қауымдардың ішкі шаруашылық өміріне сәйкес құрылып, бүкіл қазақ сахарасына тиесілі заңдар кодексі деп жарияланды. Түркістанда «Үш жүздің» атақты биі, батыр, хандары бас қосқан үлкен жиында қабылданды.

Ол байырғы әдет-ғұрып нормаларын жеті үлкен салаға бөліп қарады. Оның «Жеті жарғы» аталуы да осыдан. Оған билер сотын жүргізудің түйінді мәселелері, хандықтарды бірлікке, ынтымақтастыққа үндейтін, сыртқы жауға әскер бөліп, күш біріктіріп аттануға міндеттейтін, ру-тайпа басшылары–би, батырлардың ел басқарудағы рөлі мен орнын анықтайтын, көрші елдермен дипломатия, сауда-саттық жүргізу құқықтарын белгілейтін заңдар мен актілер кірді. Сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық іс жүргізу, қылмыстық істер, неке, қалың мал, әмеңгерлік, шариғат, құн мен айып төлеу нормалары, хандық, сұлтандық, билік, ру басылық борыш салықтарымен бірге, жаңа аманаттық алым-салық түрлері, хандар мен билер кеңестерін, «жүздік» шонжар жиындарын шақыру тәртіптері енгізілді. Мәселен, Құн төлеу нормалары бойынша сұлтан мен қожалар құны қарапайым қаралар құнынан 7 есе артық болса, әйелдер құны ердікінен 2 есе кем болды. «Жүз» аралық үлкен дау-жанжал, жетім-жесір тартыстарын атақты үш би–Төле, Қазыбек, Әйтеке билер шешетіні ресми түрде алғаш рет осы «Жеті жарғы» заңдары арқылы бекіді. Барлық ру-тайпалар ұраны мен олардың мал-мүліктеріне басатын таңба түрлері де ең алғаш осы заңдарда белгіленді.

Алайда бұл шаралар бәрібір «үш жүз» хандарын ұзақ уақыт бастарын қосып ұстап тұра алмады. Тәуке ханнан кейін үлкен хандар «жүз» хандарына билік жүргізуден бірте-бірте қала бастады. Кейінгі 20‒25 жыл ішінде биліктің бұл тоқырауы қатты белең алды. 18 ғасырдың 20 жылдары сыртқы жауларға қарсы соғыстарда әскери дарыны, ерекше ерліктерімен көзге түскен, сөйтіп халық арасында заңды беделге ие болып, абыройы асқақтаған «Кіші жүз» ханы сайыпқыран Әбілқайырдың өзі керек кезінде билігін хандыққа түгел тарата алмады. Болат хан өлгеннен кейін Семеке мен Күшік хандар «Орта жүз» хандығын бөліп биледі. Ал осы жүздің Барақ, Әбілмәмбет сынды сұлтандары өз иеліктерін жеке басқарды.



Осындай хандар мен сұлтандар арасында орын алған бірін-бірі мойындағысы, бір-біріне бағынғысы келмеген алтыбақан алауыздық салдарынан қазақтар 1723 жылы басталған жоңғарлар шапқыншылығына бір кісідей ұйымдасып, жеткілікті дайындала алмады. Нәтижесінде ұрыстарда жауға қарсылық көрсете алмай, үсті-үстіне қирай жеңілді. 1724–25 жылдары Түркістан мен Ташкент қалалары талқандалды. «Ұлы жүз» түгелдей жоңғарлардың қол астында қалды. Қалған қазақтар Орта Азия мен батысқа, Ембі, Елек, Жайық өзендері алқабына жөңки қашты.

Әскери шығын былай тұрсын, қонтайшылардың қанқұйлы зұлым әрекеттеріне шыдамай беталды босқан бейбіт халық, аштықтан азып-тозып, қатты шығынға ұшырады. Бұл қырғынды оқиға тарихқа «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қайғылы, қасіретті атпен енді. Естіген жанның жүрегін ауыртып, жанын сырқыратар «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген "Елімай" жырының зарлы жолдары да жұрт аузында сол зұлматты жылдары туды.

Халықтың үштен біріндей мөлшерін алып кеткен осы және сол кездегі өзге де соғыс шығындары ұлтымыздың кейінгі демографиялық есеп санына айтусыз үлкен зиян тигізгені анық. Хан, сұлтандардың сол кездегі бір ғана өзімшіл алтыбақан алауыз әрекеттері салдарынан енді ғана ұлт болып қалыптасып келе жатқан тұтастай бір халық ойламаған жерден осылай біржолата жойылып кетер қауіп-қатерге тап болды. Халық бұл қатерден 1729 жылы үлкен жиында өздері төреден дарабоз етіп сайлаған кіші жүз ханы Әбілқайыр мен қарадан әскербасы етіп таңдаған кіші жүз батыры табын Бөкенбай ердің Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итішпес көлшігінің маңында, Бұланты өзенінің бойындағы Қарасиыр деген жерде алғаш ұйымдаса жүргізген шайқасынан кейін құтылды.

Жан беріп, жан алысқан қырғын ұрыста қазақтар асқан ерліктің үлгісін танытып, жоңғарларды ойсырата жеңді. Қалмақтар қатты қырғынға ұшырап, аңырай қашқан сол ұрыс кейін тарихқа әйгілі «Аңырақай шайқасы» деген атпен енді. Дала да кейін сол атты иемденіп, «Аңырақай» аталып кетті. Бірақ «Аңырақай шайқасындағы» бір өкінішті жайт–жау қолының біразы қырылып, қалған 30 мыңы аңырай қашқанда оларды біржолата жойып жібергісі келіп, әскербасы Әбілқайыр арттарынан өкшелей қуғанда өзге сұлтан, хандар "қолжеткен жеңісімен арамызда абыройын асырып, үстемдік алып кетер" деп қорқып, қолдамай орындарында қалып қойғандықтары. Өзгелерден ұзап кеткен Әбілқайыр хан егер жау бұрылып қайта шапса өздерін жазым етерін түсініп, ащы өкінішін баса алмай тоқтағаны белгілі. Қайта шапқан жау жаман демекші, сол 30 мың қол кейін толығып келіп қайта ұрыс салып, талай қыршын, боздақтардың обалына қалатындығын қалып қойған күңей көп сол сәт білгілері де келмеді.