Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 15 из 28



Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Боранбай да өзінің «Қасиетіміз де, қастеріміз де–Қазақ хандығы» деген мақаласында ашық айту–ардың ісі деп осы пікірді ұстанады («Ана тілі» газеті. № 29. 2128.07.2011 ж.).

Сондықтан Қазақ хандығы құрылып, қазақ мемлекеттілігінің іргетасы қаланған жылдар деп бірауыздан осы жылдар алынып жүргендігін айту керек. Тарихтың тай қазанында қазақтың жаңадан ұлысты ұлт болып қалыптасуы тап осы кездері басталды. Бірақ, жоғарыда айтпақшы, өзге бірқатар ғалымдарымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің атақты "Тарих-и Рашид-и" атты кітабында Керей ханның Шу бойына көшкен уақыты Хижра жыл санауымен 1465 жыл деп көрсетілген деп қоймай жүр. Олар Мұхаммед Хайдар Дулатидің сол "Тарих-и Раши-диінің" тағы бір жерінде 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға дүниеден озғаннан кейін ішкі феодалдық алауыздықтарға байланысты олардың жұрты жиі-жиі қазақтар жағына өтіп кетіп отырғандығы, Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін оның да біраз ру-тайпалары Жәнібек ханға қосылып, қазақтардың саны 200 мыңға жеткендігі туралы жазылған деректерді ескергісі де келмейді. Сөйтіп қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы күзде атап өтеміз деп отыр. Бұған не дейсіз.

Осы ретте қазақ мемлекеттігінің қалыптасу мерзімін кейінге шегере бергеннен не ұтып, не өндіреріміз белгісіз. Бірақ осылай дей отыра жоғарыда келтірілген көп фактілерге қарамастан қазақ мемлекеттілігінің мерей тойын дауласа бермей, "көппен көрген ұлы той" деп биыл жақсылап, бірлесе өткізуге бармыз. Сөйтіп тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған бастаған бірқатар ғалымдар тобының мемлекет құру, оны қалыптастыру бір жылда бола қалатын іс емес деген пікіріне амал жоқ қосылмақпыз (Ғазиз Құрмашұлы. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. "Ана тілі" газеті. №46. 2014 ж.).

Біздер осы айтып отырған қуатты Қазақ хандығының тарихына құрметпен қарап, оның құрамында бастан өткерген қиын да қилы кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді ұмытпай еске алып, ұрпағымызға тәлім-тәрбие үшін әркез айтып отыруымыз керек деп ойлаймыз.

Ендеше осы хандық тарихына қысқаша болса да шолу жасап, оның ел басқарған тұтқалы да тұлғалы, қадір тұтар құрметті ұлдары жайлы тәппіштеп болмаса да, шама-шарқымыз жеткенше там-тұмдап болсын мағлұмат беріп кетуді жөн деп санаймыз.

Халық алдымен ақ киізге көтеріп, жасы үлкен деп Жәнібекке немере ағайын болып келетін Керейді хан сайлады. Абайға немере іні, халқымыздың ұлы ақыны, жазушыларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған шежіреде Керейдің азан шақырып қойған аты Шаһкерей деп аталады. Ақын өз атының да Шаһкерім екенін осында жазады. Қазақ хандығының ұзын-сонар тарихы, міне осы Шаһкерей ханның кезінен басталады.

Бірақ бірер жыл болмай науқастанып, дүниеден қайтқан соң хандық тізгіні енді немере інісі Жәнібекке тиеді. Жәнібек оның лақап аты, ал шын есімі–Әбу Саид еді. Халқы құрметтеп оны кезінде Әз-Жәнібек деп те атаған. Бұл хандардың тегін тарқатар болсақ, арғы бабалары–Шыңғыс хан, одан–Жошы, одан–Тоқай-Темір, одан–Өз-Темір, одан–Қожа, одан–Бәдіғұл, одан–атақты Ұрыс (Орыс) хан. Оның 7 ұлының үлкені–Тоқтақия хан, ортаншысы–Құйыршық хан болса, Тоқтақиядан–Болат хан, одан–Керей хан, ал Құйыршық ханнан–Барақ хан, одан барып–Жәнібек хан дүниеге келді. Сөйтіп бұлар үшінші атадан табысатын туыстар еді. Қазақ хандығы халықаралық аренада тұңғыш рет ел, мемлекет болып тап осы хан жүргізген шебер дипломатияның арқасында ғана танылып, қалыптасты, күшейді.



15 ғасырдың 70 жылдары Шығыс Дешті Қыпшағы үшін жүргізілген соғыстар салдарынан қазақтардың шекарасы бірде кеңіп, бірде тарылып отырған. Әйтсе де, қыпшақ, найман, қаңлы, керейіттер сияқты жаңа этникалық топтардың үзбей қосылып отыруына байланысты халқының саны молайып, нығая берді. Кейінгі жорықтарында этникалық жеріміз деп санайтын Сырдария бойындағы Отырар, Созақ, Сауран, Сығанақ, Түркістан қалаларын өздеріне қаратты. 80–90 жылдары қазақтың үшінші ханы Керейұлы Бұрындық ханның кезінде де бұл қалалар үшін соғыс толастамады. Қазақтардың Дешті Қыпшақ жеріне иелік етуі нығая түсті. Қазақ хандығы өз құрамындағы тайпалардың этникалық жерлерін 16 ғасырдың басында шамалы уақыт билік еткен Жәнібектің үлкен ұлы Әдіктен кейін таққа отырған қазақтың бесінші ханы Қасымның дарынды, көреген басшылығының арқасында түгелге дерлік қайтарып алды. Сөйтіп шекарасын батысындағы Жайықтан оңтүстік-батысында Сырдария жағалауларына дейін созып, солтүстігінде Ұлытау мен Балқаштан әрі асырып жіберді де, оңтүстік-шығысында Жетісудың Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендері алабын өзіне бағындырды.

Қазақ хандығының шекарасы барынша кеңейіп, мейлінше күшейген, халқы мамыражай өмір кешкен кезі қазақтың осы көреген, ақылды, шебер дипломат, дарынды да батыл әскери қолбасшы Қасым ханы билік еткен тұста болды. Деректер оның кезінде қазақтар саны 1 миллионнан асып жығылғанын айтады. Ол тек соғыстар жүргізумен ғана шектеліп қалмай, ел қамы үшін басқару, заң, сот жүйесін жетілдіру мақсатында түрлі реформалар енгізгені белгілі. Әйгілі «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін өмірдің түрлі жақтарын қамтитын заңдар жиынтығы сол кезде шықты. Хандық өзін біртұтас мемлекет деп, халық өзін толыққанды ұлт деп тап осы кезден сезіне бастады.

Бірақ Қасым ханнан кейін Қазақ хандығында құлдырау кезеңі басталды. Сұлтандардың билікке таласқан алауыздығы салдарынан 1523 жылы тақ мұрагері Мамаш хан мерт болды. Билік Қасымның немересі Таһир ханға ауысқанымен ол етек алып кеткен алауыздықты тоқтата алмады. Ноғай Ордасымен арақатынасын шиеленістіріп алып, ішкі билік жағдайын одан әрі асқындыра түсті. Осы кезде жеке басының қаталдығынан жәбір көрген көпшілік, жығылған үстіне жұдырық дегендей, оны тастап көше бастады. Нәтижесінде Таһир хан хандықтағы үстемдігінен айрылып, Жетісуды ғана иемденіп қалды. Онда да өз билігін сақтап қалу үшін жеріне көзалартуын тоқтатпаған өзбек Сұлтан Саидхан мен қырғыз манаптарымен үнемі соғысумен болды.

Қазақ хандығының жағдайы 16 ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан (1538–1580) билік еткен кезеңде ғана оңала бастады. Оның ұтқыр дипломатия мен жігерлі қимылдарының нәтижесінде хандық саяси жағынан қайта өркендей бастады. Жайықтың сол жағалауындағы толып жатқан көшпелі ру-тайпаларды өзіне бағындырып, Жетісу мен Тянь-Шаньға көз тігуін тоқтатпаған моғолстан ханы Әбд ар-Рашидке, Жетісудың шығысынан қауіп төндірген ойрат қалмақтарына тойтарыс берді. Көршілес орыс мемлекетімен саяси және экономикалық байланысын жандандыра түсті. Орта Азия халықтарымен бейбіт экономикалық-сауда қатынастарын одан әрі күшейтті. Нәтижесінде халықтың хал-ақуалы, тұрмыс жағдайы едәуір жақсара түсіп, сұлтандардың ішкі алауыздық, қырқысы бәсеңсіді.

Бұл ұтымды саясаттың хандық үшін аса тиімділігін Ақназар ханнан кейін жақсы түсінген Тәуекел хан болды. 1583 жылы қиын да болса, ел қорғанысы үшін аса қажеттігін түсініп, Бұхармен арадағы келісім-шартты бұзып, Сырдария бойындағы бұрынғы қазақ қалалары мен Ташкентті басып алып, өзіне қаратты. Ресеймен одақ құруға күшін салды. Осыған байланысты Мәскеудегі Ораз-Мұхаммедтің орнына аманатқа ұлы Хұсайынды қалдыруға дейін барды. Нәтижесінде орыстар әскери күшпен көмек көрсетіп отырды. Орта Азия мемлекеттеріне ықпал-әсерін күшейту мақсатында 1598 жылы Самархан мен Бұхараға жасаған жорығында қатты жараланып қайтыс болғаннан кейін, таққа інісі Шығайұлы Есімхан (1598–1645) отырды.

Соғыс, шайқастарда үнемі ерлігімен айрықша көзге түсетін оны халқы құрметпен «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кетті. Ол Бұхармен жасалған бейбіт келісім-шарттың нәтижесінде Сырдария қалалары мен Ташкентті біржолата Қазақ хандығына қаратып, оңтүстігіндегі маңызды сауда-қолөнер орталықтарын өзіне бағындырды. Осы көреген саясатының нәтижесінде экономикалық сауда-саттық қатынастары үшін аса маңызды Ташкент қаласы мен оның атырабы 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болды. Қазақ хандығына үнемі қауіп төндіруші ойрат қалмақтарын тойтарып отырды. Бейбіт қатар өмір сүру үшін қазақ-қырғыз ынтымағын нығайтуға барынша күш салды.