Страница 26 из 28
Әлімұлы бірлестігіне Әлімнің Ұланағы–Қаракесек, Жаманағы–Шекті, Қарамашағы–Төртқара, Айнық пен Тегінболат ұрпақтары–Қарасақал, ал оның Кетебикеден туған Тайқожасы мен осы анадан дүниеге келген Байсарының Бозаншары және әкесі асырап алған Сәду (Ожырай), сонымен бірге Шөменнің Түменқожасы төрт аталық Кете деген лақап аттармен енеді. Ал алтыншы болып, Шөменнің бәйбішесінен туған Шөмекей атымен оның 4 ұлы: Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек кіреді деп мәселенің басын ашып, кесіп айтпақпыз.
ТЕГІМІЗДІ ШӨМЕН БАБАДАН ТАРҚАТУ КЕСТЕСІ
Г.Спасский жазбаларында желдер–джидлер, тоқалар–туки, ал көнектер– куняки деп орысшаланып беріледі.
2-кесте
3-кесте
Алдияр мен Сарт – бір ата. Сарт–Алдиярдың лақап аты дейтін де деректер бар.
4-кесте
5-кесте
Сондықтан «Алты ата Әлім» немесе «Алты Әлім» дегенде Әлімнің өз белінен тарайтын балалары Ұланақ, Жаманақ, Қарамашақ, Айнық және Тегінблат, Тайқожаны айтамыз да, ал «Әлімұлы» дегенде кестеге оның Қарасақал, Қаракесек, Төртқара, Шекті деп лақап аттармен бірігіп кіретін аталықтары, ал бесінші болып кете деп бір атаумен ныспыланған Кетебике анадан тарайтын ұрпақтар, ал алтыншы болып бұл кестеге шөмекей деген атпен одан тарайтын, жоғарыда аталып кеткен төрт–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек аталары енетіндігін айтамыз.
Шөмекейді бұлайша бір ата емес, төрт ата деп беруіміздің себебі бар. Өйткені әйгілі Әйтеке би шежіресінде осылай деп айтылады. Онда «Әлімұлы» бірлестігіне «Алты ата Әлім, төрт ата Кете, төрт ата Шөмекей кіреді»,– деп анық жазылған. Бұл 1680 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мешітінде билер мен ру басылары, батырлардың қатысуымен өткен, Тәукені ақ киізге көтеріп хан сайлайтын үлкен жиында кіші жүздің төбе биі Әйтекенің алты ата Әлім, төрт ата Кете, төрт ата Шөмекей, он екі ата Байұлы, мен жеті ата Жетірудың атынан 33 шарды толық салдыртып, Тәукенің Қазақ хандығы тағына отыруын қуаттаған ісінен де анық көрінеді (Қойшиев Өтеген Әбілдәұлы. «Тұлға». «Мұсылман» жұрналы. № 2. 2008 ж. Алматы. 9 б.). Шөмекей атадан тарайтын төрт ұрпақтың Әлімұлы бірлестігі құрылмастан көп бұрын болғандығы жөніндегі деректер де бұл ұстамның дұрыс екендігін аңғартады. Бұл туралы, әлбетте, Әйтеке би мен Шөмекей тарихына жеткенде жеткізе айтып кетеміз. Демек,
Алты ата Әлім
дегеніміз азан шақырып қойған аттары төмендегідей аталар
1.Ұланақ
2.Қарамашақ
3.Жаманақ
4.Айнық
5.Тегінболат
6.Тайқожа
Әлімұлы
дегеніміз бірлестікке лақап аттарымен кірген төмендегі ру-тайпалар:
1.Қаракесек
2.Төртқара
3.Қарасақал
4.Шекті
5.Кете
6.Шөмекей
Бірақ осы жерде басын ашып айта кететін бір жайт бар. Алты ата Әлім құрамы сандық жағынан өзгермегендігімен ондағы аталар аттарын кейбір шежірешілер кейде әртүрлі етіп беріп жүр. Мәселен сыр ақыны Әлиакбар Жұматайұлы «Шежіре өлеңінде» бесінші етіп Шіңгір аталығын, ал Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресінде» алтыншы етіп Кенжебай (Құлтелі) аталығы ауызға алады. Сөйтіп одан Мамат, Түйте тарайды деп көрсетеді (Кіші жүз шежіресі. Атамұра–Қазақстан. Алматы. 1994 ж. Алты ата Әлім. 119 б.). Айтпағымыз, бұл қателік емес. Олардың бұлай жазуының өзіндік себебі бар. Бұл–Айнықтың тым ерте қайтыс болуы мен Тайқожаның ақкете болып, кетелер құрамына өтіп кетуіне орай Алты ата Әлім аталары өз санын кемітіп алғысы келмей, кеткендердің орнын өзіндегі өзге өскен буындармен толықтырып отырғандығынан демекпіз. Мәселен, Шіңгір Тегінболаттың ұлы. Ал Кенжебай болса, өзге біреу емес, Құлтелі деген лақап атпен берілген Тайқожаның ұлы дегіміз келеді. Өйткені Хамит Маданов Тайқожаның Қараш ұлынан тарайтын Мамат, Түйте ұрпақтарын осы Кенжебайдан (Құлтеліден) таратуы тегін емес. Біздіңше, Кенжебайдың өзі де лақап ат. Ол Тайқожаның Тұрсынбайдан кейінгі ұлы Қарашқа кенжелігіне орай осылай еркелетіп қойылған есім, Х.Маданов соны біліп, жазып отыр деп шамалаймыз. Кенжебай (Құлтелі) есімі тек бір соның шежіресінде айтылуы осы ойымызды қуаттай түседі. (Кіші жүз шежіресі. Атамұра. Қазақстан. Алматы. 1994 ж. Алты ата Әлім. 160 б.). Сонымен Кенжебай (Құлтелі) өзге, бөлек аталық емес, ол Қараш аталығы, соның лақап аты дегіміз келеді. М.Неталиевтің: «Тайқожаны бір автор Құлтелі деп атапты»,– деген сөздері де бұл екі аталықтың арасында біз тұспалдағандай өте тығыз байланыстың бар екендігін аңғартады («Атамекен». 08.03.2002 ж. 5 б. «3. Алты аталы Әлім», 4-бағана). Оның бір автор деп отырғаны осы Х.Маданов болмаса екен деп ойлаймыз. Мұның бәрі, әрине, тереңірек зерттеуді талап ететін ұстам, деректер.
Осы ретте, қайран шежірешілер жазған кезде Алты ата Әлімнің өз сандарын кемітіп алмау үшін саптарына Айнықтың орнына Тегінболаттың ұлы Шіңгірді, ал Тайқожаның орнына оның ұлы Қарашты кіргізгендерін жұмбақтамай, неге бірден басын ашып, кесіп, ескертіп айтпайды екен деп толғанасыз. Сондықтан біз Алты ата Әлім кестесінің жоғарыда келтірген алғашқы ұстамын да, оның өмір ағымына сай өзгеріп кеткен кейінгі балама ұстамын да қатеге санамай, басшылыққа алу керектігін ескерткіміз келеді.
«Әлімұлы» туралы әңгімемізді әрі қарай осы ру-тайпалар бірлестігіне аты берілген Әлім баба мен оның ата-тегі кімдер деген сауалмен жалғастырғымыз келеді. Бұған жауапты ақын, сыншы, аудармашы, шежіре зерттеуші Мақсұт Неталиевтің 2002 жылдың 8 наурызында «Атамекен» газетінің 5-бетінде жарияланған «Кіші жүздің шежіресі» атты мақаласынан табамыз. Онда: «Кіші жүздің Әлім атасы жайлы айтылып та, жазылып та жүрген аңыз-әңгімелер, болжамдар аз емес. Олардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, түп төркіні бірдейге жуық болып басталады да, талдана, тармақтала келе бір-бірінен алшақтап, әр қияға тартып кетеді…Дұрысы былай: Алшыннан–Қыдуар. Бұдан екі бала: Қайырбай (лақап аты Қаракесек) және Қыдырбай (лақап аты Байұлы). Көптеген шежірелерде Қайырбайдың жарлы болғандығынан ел оны Қаракесек деп атап кеткен дейтін сөз бар. Сол жарлы Қайырбай-Қаракесектің Тоқсұлу атты бәйбішесінен Байсары туады. Тоқсұлу қайтыс болған соң қайын атасы оған екінші қызын (Қағазды, авт.) қосқан көрінеді. Одан–Әлім, Шөмен туады…»,-дейді.
Реті келіп тұрғасын айта кеткіміз келеді. Біз мұндағы Қаракесек жарлы болған деген ұстаммен онша келіскіміз келмейді. Біздіңше, егер Қаракесек жарлы болса қайын атасы оған екінші қызын қоспас еді деп ойлаймыз. Сосын Қыдуардың екінші ұлы Қыдырбай әкесі бақуатты адам болмаса лақап атпен Байұлы деп аталмас еді. Ал егер әкесі бай, інісі бай, ал өзі қарашаңырақ иесі бола тұра Қайырбай неге жарлы болмақ дегіміз келеді. Сөзіміз қисынды емес пе. Мәселен біз еш жерден Қыдырбай қарашаңырақ иесі дейтін деректі кездестірген емеспіз, ал Қайырбай жөнінде мұндай деректер бар. Мысалы, алшын Серік өзінің аталмыш еңбегінде бұл жөнінде былай дейді: «Қазір халық санасынан бірте-бірте байқаусыз өшіп бара жатқан бір шындық–Кіші жүз руларының ішінде Қаракесек руының билік айтуға ерекше құқы болғандығы. …Бір қызығы, қазіргі ұрпақ бұл ерекшелікті қазіргі ділдік тұрғыдан қабылдаса, бұрынғы ұрпақ бұған заңды түрдегі көзқараспен қараған. …Қаракесек руының ұрпағына билік айтқызу дәстүрі мойындалған, ешбір талқылауға жатпайтын жайттай қабылданған. …Әйтпесе өздерінің көптігіне, жауынгерлігіне қарамай, Байлы («Байұлы» емес) рулары «Әлім–аға баласы» деп Қаракесекті құрметтеуі несі? Осыған қарағанда, көшпенділер о бастан «жол ұстау» (заңға бойұсыну) билігіне тәнті болған. Әйтпесе өмірде қаншама аға-іні өтпей жатыр?!».