Страница 15 из 17
Үшінші жәйт – Жер, Су, мал туралы. Осы уақытқа дейін мен Жәкеңнің жас кезінде мектептің, елдің халқының жақсы болғанын сөз қылдым. Бұл шынында да осылай еді. Бірақ сол кездегі халықтың күнделікті өмірінің көп кемістігі, қиыншылықтары да болатын. Үстіне киетін киімнің тапшылығы. Электр жарығының жоқтығы, біздің электр – жетінші, оныншы шамдар болатын. Ауылда телевизор түгіл радио болмайтын. Бүкіл бір колхозда бір машина болған емес, техника деген атымен жоқ. Жегетіні ат, өгіз, тіпті сиырды да жегетін. Шөп машинаға өгіздерді жегетін.
Тырнауышқа да өгіз жегілетін. Біз кино көріп өскен балалар емеспіз. Жәкең айтады: «Ауылға бір кино келіп, соны көруге бүкіл ауылдан үш сом ақша таба алмадым» – деп. Елде ақша болмайтын. Колхозшылардың балалары болса киноға әке-шешелерінің еңбек күнінің есебінен тізім арқылы жіберілетін, ал Жәкең мал дәрігерінің баласы болғандықтан, ақша төлеуі керек. Қорытып айтқанда, бізді цивилилизацияның, XX ғасырдың, техника ғасырының баласы деп айту қиын. Біз табиғаттың балаларына ұқсаймыз.
Шынында, біздің балалық шағымыз тоғайда, су бойын кезіп балық аулауда, айырыққа суға түсуде, мойыл, бүлдірген, долана теруде, асық ойнауда, аңға тұзақ құруда, отын әкелуде, колхозға көмек көрсетуде, атқа шабуда, тағы басқа толып жатқан жағдайларда өтетін. Осындай бала шағымыз, қазіргі цивилизацияның балаларының өмірінен әлдеқайда қызық болып көрінеді. Туған табиғат адамға көп береді, көп тәрбиелейді. Және ол кезде біздің тоғайлар – ну тоғайлар болатын. Ертістің айырығындағы су үзіліп қалмайтын, балыққа толы, суы мөлдір болатын, тоғайда мойыл тұнып тұратын. Ақ та көп болатын. Біздің Жәкеңде осы бала кездегі қызықтардың бәрін көрді десек артық емес қой деймін. Жәкең туған табиғатын ерекше сүйіспеншілікпен есіне алады, Жәкең туған табиғатының баласы, Жәкең бақытты бала болды. Шынында, осы ретте мысал келтіре кетейін. Ауыл баласының арманының бірі, қызығының бірі, бәйгенің атына шабу. Бірақ мұндай бақыт ілуде біреудің басында ғана болады. Осы бақытты Жәкең де көрді. Осы уақытқа дейін қызығып есіне түсіреді. 1945-1949 жылдары Май ауданында, ел аузына ілінген, бір топ жүйрік аттар болды. Бұлар Қызыл еңбек колхозының Көлтай торы аты (Үлкен торы ат!), Моряк – кіші торы ат, Ала айғыр, Қызыл көк ат, Жалтыр колхозының Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, Орджоникидзе колхозының күрең аты, Жаңа тұрмыс колхозының Бір жамбас аты, Бестау колхозының Сары бауыр аты, т.б. аттар болатын. 7 ноябрде, Май мейрамындағы ат шабыс балаларға, тіпті үлкендердің өзіне де, қазіргі дүниежүзілік олимпиадалық ойындай болып көрінетін. Бәйгеден озып келген аттар, оларға шапқан балалар көп уақыт ел аузында әңгіме болатын, біздерге дәл олимпиаданың чемпиондарындай болып көрінетін. Соның бірі – біздің Жәкең.
Қазір қалай екенін білмеймін, негізінде бәйге аттарды жақсы көру, оларды мадақтау, аңыз ету қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттердің бірі. Жылқыны тану қазақтардың төл мәдениетінің бір белгісі. Ауыз әдебиетінде Қобыландының Тайбурылы, Абайдың өлеңі «Аттың сыны», Ақан серінің Құлагері туралы біздің кезіміздегі қай қазақтың баласы сүйсініп оқымады десеңізші. Сондықтан біздің жас кезіміздегі Май ауданының бәйге аттары бізге, балаларға, тұлпарлар болып көрінетін, біздің жастық шағымыздың керемет поэзиясы еді. Әсіресе, Қызыл еңбек колхозының Көлтай торы аты – теңдесі жоқ жүйрік ат еді. Бұл ат аудандағы бәйгелерді ғана алып қоймай, тіпті облыста бірінші болып келген. Облыста алда келген ат – тұлпар емей немене? Осы ат туралы әлі күнге дейін бір көлемді әңгіме жазылмай келеді. Елімізде ат сынайтын керемет сыншылар да болған. Олар туралы ешқайда жазылмаған. Тіпті, елдің көрнекті, үлкен ақсақаладры мен азаматтары туралы да уақытында жазылмай жүр. Бұл болмайды. Бұл мәселелердің бала тәрбиелеуге тікелей қатынасы барын есімізден шығармауымыз керек.
Осы орайда тағы бір жағдай еске түседі. Ертеректе, біздің май ауданында, бұрынғыша айтқанда Кеңтүбек болысында, Райбай торы деген жүйрік ат болған екен, ол аттың иесі, еліміздің атақты сыншысы, қадірлі үлкен адамы Алданғор деген ақсақал болған. Торы атты, арық, жауыр, жаман дөнен кезінде Алдекең бір Райбай деген қайыршы шалдан сатып алған, содан аттың аты Райбай торы деп аталған. Осы ат Ертіс бойындағы Кереку, Өскемен аралығындағы ар жақ, бер жақты мекен еткен елдердің астағы, тойдағы, басқада атшабысында бәйге бермеген. Райбай торы Алданғор ақсақалдың қолында сегіз жыл тұрып, жиырма екі бәйгенің алдында келген. Бір рет екінші болып, ал бірінші болып Шәкәрімнің ақ қасқасы келген екен дейді. Бір рет жолда жығылып, Шабандозы қалып қойып,өзі аттармен көмбеге шауып келген. Райбай торы 1924 жылы ауырып өлген. Осы әңгімені бала кезімізде әкемізден талай естігенбіз, бірақ Райбай торыны бүкіл Қазақстанға паш еткен адам – Ғазиз Нүрпейісов. Бұл кісінің Алматыда, «Жалын» баспасында 1977 жылы басылып шыққан «Аңшы сыры» деген кітпашасында Райбай торыны әдейі әңгіме еткен. Қызығы, бұл кісі журналист, жазушы да емес, бүкіл өмірін аңшылыққа арнаған, көпті көрген қария екен. Тағы бір қызығы, бұл кісі Қостанайдың адамы, ал Павлодар облысының атын әңгімеге арқау еткен. Осындай адамдар біздің елде де бар шығар. Біздің елдің басқа атақты жүйріктері туралы жаза ма деген үміттеміз.
Енді Көлтай торы аттың әңгімесіне қайта оралайық. Аттың Көлтай торы деген аты елдің азаматына байланысты. Атты алғаш мінген осы адам болса керек, кейін бұл жігіт соғыстан қайтпаған. Атты бәйгеге жарататын Бәден деген ақсақал еді, ұмытпасам қой фермасының бастығы болатын. Атқа шабатын бала – Бегім. Бұл бала бізге жігіт болып көрінетін. Өзі мықты, айлакер, ат сиқырын білетін, жылқы баққан бала болатын. Көлтай торының басы қатты, бір езу еді, сондықтан оған шапқанда басына ие болу оңай болмайтын, ол тек Бегімнің қолынан келетін. Көлтай торы аттың бағын ашуда осы бір талантты баланың үлесі көп. Көлтай торы бәйгеге шапқанша алқам-салқам, олқы-солқы болып көрінетін, ал бәйгеден бірінші болып келгенде Жануар ерекше сұлуланып, билеп келетін. «Шіркін жарықтық-ай, бірінші болып келгенін біліп тұр ғой» – деп, халықтың айтқан сөзін талай естігенбіз. Кейінгі кезде, тер алғанда, Көлтай торыға біздің Жәкең де шауып жүрді. Бірақ бұл кезде торы аттың бағы тайып, аяғы кете бастаған кез еді. Әйткенмен де, Көлтай торы атқа шабу Жәкең үшін қандай абырой, қандай қуаныш болды десеңізші. Космосқа ұшқанмен тең.
Жәкеңнің негізгі шабатын аттары бұл Қызыл Еңбек колхозының Моряк деген кіші торы аты мен Қызыл көк деген ат еді. Осы Қызыл көк атпен аудандағы жетінші ноябрдің талай бәйгесіне қатысқан.
Жәкеңнің жас кезінде атқа шабуда жеткен үлкен жеңісі бұл Бестау колхозының Сары бауыр атының бағын ашуда.
Әлі есімде, біздің үйге жетінші ноябрдің қарсаңында Бестау колхозының бастығы Қапсалық келіп түсті. Өзі бір аңқылдаған, ақ құба, келіскен адам екен. Ноябрь бәйгесіне қосуға алып келе жатқан Сары бауыр аты бар екен. Ат – жас ат. Осы атқа шабуға әкемнен Жәкеңді сұрап алды. Жәкең осы бәйгеде Сары бауыр атты екінші келтірді. Тіпті, бірінші орын алуы да мүмкін еді, егер Жәкең осы жас аттың, жетінші ноябір мейрамының үлкен бәйгесіне түсіп тұрған аттың, сырын сәл ертерек білгенде. Сөйтіп Жәкең осы Сары бауыр аттың бағын ашты. Бұл бәйгеге Май ауданының неше түрлі аты шулы жүйрік аттары қатынасқан. Солардың ішінде Жалтыр колхозының қоян жүйрік Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, басқа да тамаша аттар. Жәкеңнің аты осы екі жиреннің ортасында келген.
Тағы да бір жәйт. Жәкең мен ес білгелі, мектепте әйтеуір бір бастық болатын – комсомол ұйымының хатшысы, учкомның бастығы, т.б. Жоғарғы кластарда өзімен бірге оқыған балалардың лидері. Өзі жақсы оқитын, өзі бастық, қарапайым, досқа көмекке дайын тұратын. Қыздарды да жек көрмейтін. Осы тұста бір мысал. Жәкең тоғызыншы класта. Сол кезде біздің колхоздан қырық шақырым жерде тұратын Киров совхозының жетінші класта оқитын Амангүл деген қызы ән айтып аудандық Олим- пиадада бірінші орын алыпты. Осыны естіген Жәкең, қызды көрмесе де, сыртынан ұнатып, сол қызға өлеңмен хат жазады. Ол хат Кировтағы мектеп директорының қолына түседі. Бұлар, әйтеуір бұл жақсы нәрсе емес деп, әлгі қызды педсоветке (мұғалімдер кеңесіне) салады. Қыз байғұс жылайды, бұндай баланы білмеймін, көрген емеспін, пәле болды ғой маған деп зар илейді. Не керек, біраз шатақ болып, қыз өлдім-талдым дегенде әзер мектеп қабырғасында қалады. Кейін осы қыз біздің Жәкең оқып жүрген мектепке келіп оқиды, себебі Киров совхозындағы мектеп тек жеті жылдық мектеп болатын. Жәкең мен қыз бірінші рет біздің мектепте кездесіп, біріне-бірі ұнап, дәл ауылдың Ромео және Джульеттасындай болғаны. Біздің үйге осы Амангүл құрбы қыздарымен келгенде шешеміз байғұс әбден әбігерленіп қалатын.