Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 20 из 82

Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек.

Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Россия патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.

Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айрылуының ең басты себебі — «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. Сол қазақтың басын қосуға бола ма? деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.

Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.

Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.

Абылайдың тұсында Россия патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Россияны еміндіріп, біресе Қытайды дәмелендіріп екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Ал қазір қазақта ондай мүмкіншілік жоқ. Бір жағынан әбден орын теуіп алған патша әскері болса, екінші жағынан қазақ жерінің бүкіл оңтүстігі мен Сыр бойын басып алған Қоқан мен Атырау, Арал тұсынан Үстірт, Маңғыстауға дейін өкімін жүргізген Хиуа хандықтары тұр. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.

Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза, қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қан жұтып ол отыр.

Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.

Абылай ханның қай қатынынан тараған ұрпағын алсаң да, тастай берік, ұйымшыл. Әсіресе Қасым төре ұлы-қызы: Есенгелді, Саржан, Күшік, Мұса, Кенесары, Наурызбай, әбілғазы, Кенесарының апасы батыр Бопай, олардың балалары Құдайменді, Ержан, Иса, Қошқарбай, әбілпейіз. Қасымның інісі Дайырдың балалары Тәті, әті, Сатыбалды, оның баласы Қалдыбай, бәрі өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды дегендей, үлкені қайда бастаса, өзгесі соңынан еруге бар. Нағыз бір ұялы көкжал қасқырлар тобы дерсің. Тек аталас Күшік қана бозөкпелеу. Әкесінің айтқанына тек қатігез бауырларынан қорыққанынан ғана көнетіндей. Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмырт- қа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.

Аға алдына түсу Қасым төре балаларының арасындағы дәстүр емес, сөйтсе де ағалары Саржан мен Есенгелдінің қылығына Кенесары түсінбейді. «Несіне Ташкент құшбегісінің алдына барып тізе бүкпек? Қас дұшпаннан тіленіп не табады олар? Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. Құлдың тілегін кім орындаған? Жоқ, билік өзіме тиер болса, бұның бірін де істемеймін. Не болса да дұшпандарыммен алысып өлемін. Ағаларыма да соны айтам… Тек өздері сау қайтса екен!»



Кенесары тағы да ойға шомды.

«Абылайдың жолын қуу — бүкіл қазақтың басын қосып, үш жүзді билеу деген сөз.

Үш жүзді билеу — сұлтан атаулыны аяғыңа жығылтып, Әбілқайыр, Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Серғазы, Уәли ұрпақтарын өзіңе табындырып, барлық қазақты аузыңа қарату. Үш жүздің баласын қойдай өргізіп, қозыдай көгендеу. Сонда ғана Абылай ханның қалмақ әйелі Хочадан өрбіген ұрпақтарының ежелгі арманы орындалады. Қазақ елінің жаудан жерін, еркіндігін қорғау мен Үш жүзге Қасым төре балаларының үкімін жүргізу — қазір бір тілек, бір мақсат. Ал осы тілек, осы мақсаттың орындалуына ең қолайлы кезең бүгінгі кезең. Өзінің тәуелсіздігін қорғауға көтерілгелі тұрған халық, егер бастай білсең хандықты, Үш жүзді билеуді саған өзі алып бергелі тұрған жоқ па?!»

«Бұдан былай қарай мұндай сәтті кезең тумауы мүмкін. Россия патшасы, Қоқан, Хиуа хандықтары тәрізді жауларымыз халықтың еңсесін мықтап тұрып бір түсіріп тастаса, қызба қанды қазақ қайтадан бас көтере алмайды.

Жоқ, бүгінгі күн — ең қолайлы күн. Тәуекел не болса да айқасты бастау керек! Бірақ айқасты қай тұстан бастаған жөн?! Үш дұшпанның қайсысының бізге салғалы тұрған шырғысы берік, ең алдымен соны үзу керек!».

Кенесары енді қабағы қарс жабылып, өзінің қойған сұрағына шешім іздеп ой теңізіне біржолата сүңгіді. «Қоқан мен Хиуа хандары мейлінше тас жүрек, жеңілсең қанға бояйды, қарамағындағы азғантай қазақты түгелімен қырып тас- таудан тайынбайды. Ал Россия патшасы ондай емес. Кейбір қанішер шенеунектері болмаса, қалың бұқараны аты-жөні жоқ қыра бермейді. Оққа байлап, Сібір айдаса тек бетке шығар жақсыларын ғана айдайды. Үлкен жұрт сөйтіп қашан да кең пейілін танытпай қалмайды. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары ше? Бұлар қорқау қасқыр тәрізді. Жан кетіп өлексеге айналсаң, өлексеңді де талай береді. Тек қорыққандарын ғана сыйлайды. Оларға бой көтеріп, күш жинағанда ғана тиісу керек. Егер әлдеқалай ондай күн туса аянып қалуға болмайды. Қоқан мен Хиуа өздері қырған он мыңдай ер азамат үшін жауап берсін. Ауғанстанға, Персияға күңдікке сатқан қазақтың қыз-қатындарының қарғысының азабын тартсын.

Кенесарының соғысты ең алдымен Россия патшалығымен бастауды қалап алуына басқа да себептері жоқ емес. Патша солдаттарының бекініс, зеңбірек, карабин штуцерлері болса, қазақтың далиған жалпақ даласы бар. Егер тығылар жыңғыл, жықпыл сайы көп болса, қыр қоянын арлан тазы да ұстай алмайды. Арқаның жері мол, бір шеті Қарқаралыдан Ақ Жайыққа, екінші шеті Қызылжардан Бетпақдалаға дейін созылып жатыр. Қалай ойыссаң да жер жетеді, тек үзеңгің берік, қайтпас қажырың болсын. Ал зеңбірек сүйреткен патша әскерінің мұндай мүмкіншілігі жоқ. Оның үстіне Орта жүз көп ел. Бәрін бірдей көтере алмасаң да, соңыңнан еретіндер табылады. Әлің жетпей қуғынға түсер күн туса, батырлықты құрмет тұта білетін қазақ, кейбір ішіндегі әзәзілі болмаса көрер көзге ұстап бермейді. Ең болмаса Абылай ханның аруағын сыйлайды. Ал Қоқан мен Хиуа жерінде бұндай жағдай жоқ. Сыр бойы, Үстірт, Маңғыстау, Арал маңындағы көшіп жүрген қазақтардың шынтуайтқа келгенде басын қосу оңай іс емес. Қоқан, Хиуа хандарын жеңу үшін Жетісу, Алатау, Қарақалпақ өңіріндегі ағайындардың да бас көтеруі керек. Оған сену қиын. Үйсін, Дулат, Алатауды жайлаған көп қырғыз, Арал бойын мекен еткен Қарақалпақ сенің сөзіңді сөйлеп, жоғыңды жоқтай ма? Өз ошағының басы аман болса, сенің қан төккеніңде несі бар. Қоқан, Хиуа хандарының да күштілігі осында жатқан жоқ па, олар кімнің жүрегінің қалай соғатынын біледі. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ бірігіп бас қоспайтынын сезеді. Бүкіл Жетісуды алып жатқан Үйсін, Дулат та дұшпаныңмен шын белдесіп қалғаныңда сенен бөлініп жауға тастап кетуі де мүмкін…

Жоқ, оларға сенуге болмайды. Үйсін, Дулат, Қырғыз, Қарақалпақ өз басына Орта жүз бен Кіші жүздің ауыр жағдайы түссе ғана атқа қонады. Ал оның бер жағында олардан не үміт, не қайыр!

Кенесарының Арқаға оралғысы келуіне тағы да бір себеп бар. Ол — кек. Сәмеке, Бөкей, Уәли тұқымдарынан шыққан аға сұлтандарды Қасым балалары өртеп жіберуге бар. Бұл ескіден келе жатқан ескі егес, ел билігіне таласудан шыққан бақастық. Әсіресе Қасым балаларының өші Құдаймендінің Қоңырқұлжасында, Уәлидің баласы Шыңғыс пен оның шешесі Айғанымда, Бөкей тұқымынан шыққан Тәукенің Жамантай, Құсбегі мен Жантөренің Ахметі мен Арыс-танында. Бұл аға сұлтандар Кенесарының да ең аямас жаулары. Балық басынан шіриді, қазақ жерін ақ патшаға беріп отырған осы аға сұлтандар деп кектенеді Кенесары.