Страница 4 из 75
Бірақ Тәуке Абылайды алғашқы көрген күні-ақ таң қалды. Қара сұр, ат жақты, үлкен сұр көзді. Түсі орасан суық. Адамның бетіне қарағанда, екі көзі тасырайып, ең болмаса кірпіктерінің ұшы да қимылдамай, өңменіңнен өтіп кете жаздайды… Оның үстіне, Күлмес хан тәрізді, езу тартып күлімсіреуді білмейді. Тәукенің өзіне де, атасы Есім ханға да ұқсамаған. Әлде арғы бабам Шағай ханға тартты ма екен, — деп ойлайтын кейде Тәуке, — со кісінің түсі осындай суық болған деуші еді қариялар. Көп кешікпей, Тәуке Абылайдың тағы бір жан шошырлық мінезін аңғарды. Ол өзге балаларындай емес, мал бауыздауға құмар боп шықты. Бұны Тәуке Шыңғыс тұқымына тартқан қаттылығы шығар деп ойлады алғашқы кезде, бірақ бертін келе бұның қанқұмарлығы мүлде шектен асып кетті. Жас жігіттің қанды көрсе, жаны жай табатыны байқалды. Жұрт оған сырттай «қанішер» деген ат тақты.
Тәуке енді Абылайдан өзі шошына бастады. «Бұл қалай? — деді ішінен, — әлде Алтын хан елі менің ұлымның орнына бөтен біреудің қанқұмар баласын жіберді ме? әлде менің кейбіреуге істеген қиянатым үшін құдай маған жаза ретінде осындай баланы бергені ме? — Тәуке аң-таң. Тек Тәуке бір-ақ адамды ұмытқан: Бұл қанды көз Уәли сұлтанның баласы еді.
Тәуке енді Абылайды көрген сайын, өз балаларының басына бір ажал қылышы төнгелі тұрғандай, мазасыздана берді. Кенет ханның есіне көкек балапанының қылығы түсті. Дүниеде көкек құстың жүз жиырма алты түрі бар. Солардың сексен екісі жұмыртқасын басқа құстардың ұясына тастап кетеді. Ол құсты аңдып тұрып, жем іздеп кеткен кезінде, ұясына ұшып келіп, басып отырған бір жұмыртқасын алып кетеді де, орнына өз жұмыртқасын тастайды. Қайта ұшып келген құс көкек жұмыртқасын өзінікінен айыра алмайды, балапан боп, аузын ашқанда да жем береді. Бұл құстың жейтін жемі де өзінің анасының жемімен бірдей болғандықтан, көкек балапаны да өсе береді. Ал осы жұмыртқасын бас- қа құстың ұясына салатын көкектердің балапаны да тасбауыр келеді. Ол жем- қор, ашқарақ боп жаратылады. Қауызын жарып шығысымен-ақ жұмыртқадағы өзге «бауырларынан» тез құтылуға тырысады. Мұндай көкек балапаны өзге балапандардан қауызын бұрын жарады және қауызынан шығысымен-ақ ұядағы өзге жұмыртқаларды біртіндеп ұяның шетіне апарып, жерге құлатады. Сөйтіп жемге ортақ болатын өзге балапандардан жұмыртқа күнінде-ақ құтылады.
Тәуке Абылайды өле-өлгенше, көкектің балапанындай жат санап кетті. Бірақ әкенің бір затқа көзі жетпеді. Қанішер Абылайдың баласы Уәлиден әбілмансұр деген ұл туып, ол он сегіз жасында «Абылайлап!» жауға шауып, қанішер атасының атын әлемге жаятынын білмеді. Қазақтың «Абылай» атаған әйгілі ханы осы әбілмансұр еді. Оған әйгілі Абылай аталуға әлі көп уақыт бар. Ал әзірге атасы «Қанішер» Абылай қанқұмарлы құлқыменен Түркістан маңын шошытумен болды.
Тәуке өлгеннен кейін Абылайдың ызғарынан ыққан іні-ағаларының бірі Сайрамға, екіншісі Ташкентке қашты. Тек Түркістанда, көп нөкерінің қоршауында қала хакімі Құдайберді баһадЇр қалды. Абылай нөкерлерін ертіп түн жамылып Құдайберді сарайына келді, бірақ жанашыр адамдары хабар бергендіктен ол Сайрамға қашып құтылды.
Құдайберді баһадЇрдің қаша алмай қалған емшектегі жас баласы мен зайыбы Айымбикені өз місетіне тиген үлес санап, қараңғы лабазға апарып тықты да, тірі жанға ләм-мим деп тіл қатпай, таң әлетінде төсегіне кеп жатты.
Таңертең шайын ішіп болғаннан кейін, кешегі нөкерлерімен Құдайберді баһадЇрдің сарайына кеп орналасты. Хакімнің бөлмесіндегі қырмызы қызыл кілемнің үстіне кеп малдасын құрып отырды да:
— Бүгіннен бастап, Түркістанға мен қожамын! — деді тұнжырап. Есікке таяу жақтағы серіктері шуылдап қоя берді:
— Иә, тақсыр, енді сіз қожасыз, — деді.
— Сендер енді менің нөкерлерімсіңдер, — деді жаңа хакім.
— Иә, тақсыр, біз сіздің нөкерлеріңізбіз.
— Мен тұр десем — тұрасыңдар, өл десем — өлесіңдер.
— Тұр десеңіз — тұрамыз, өл десеңіз — өлеміз!
Бұл содыр, сотқар бұзықтардың өздерінше берген анты еді. Абылай:
— әрқайсыңа олжа тағайындадым. Оны кеш әлетінде естисіңдер. Ал бүгін менің Түркістанға ие болған құрметіме үлкен той жасалсын! — деді.
— Құп, тақсыр, той жасалсын!
— Той Құдайберді баһадЇрді қолдайтын адамдарды бауыздаудан басталсын!
Бірақ бұл қан сасыған той басталмай қалды. Кенет қонақ үйдің есігі тарс ашылды да, қолына найзасы бар, сауыт киген алып денелі жас жігіт кіріп келді. Бұл Найман батыры Қаракерей Қабанбай еді.
— Жау келе жатыр, Абылай сұлтан!
— Қайдағы жау? Қанша?
— Жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптан! Жетпіс бес мың әскері бар!
Абылайдың беті бүлк еткен жоқ.
— Тым көп екен! — Ол есігінің алдында отырған нөкеріне қарады. — Ал менің бар жауынгерім жетпіс бес-ақ қылыш!
— Өзгелері қайда? Хан ордасы көшкенмен, ел бар ғой! Мұнда бұрын ең аз дегенде он мың әскер тұратын.
— Бұрын он мың болса, қазір он жауынгері қалған жоқ. Бәрі қашып кеткен…
Кенет Қабанбай қолындағы найзасымен оны отырған жерінде жайратып тас- тағысы келіп кетті. Бірақ, ел басына күн туғалы жатқанда төре тұқымын өлтіріп, тағы у-шу шығару… Ол тамағына тығылған ашуын әзер басып:
— Барлық әскеріңізден айрылып қалған болсаңыз, қаланы енді қалай қорғамақсыз? — деді.
— Қаланы қорғайды деп саған кім айтты? Жетпіс бес адаммен жетпіс бес мың әскерге қалай қарсы тұрмақпын?
— Сонда не істемексіз?
Қанды шелек адам қорқау қасқыр тәрізді өз басына шындап қауіп төнсе, су жүрек келеді. Қара сұр бетінің қуарып кеткеніне қарап, бұның қорқып отыр- ғанын Қабанбай енді білді… «Ел билеген төрелердің бәрі осындай болса, жетіскен екенбіз! Жоқ, төрелерге сенуге болмайды. Жауға қарсы халықты көтеріп, қазір дабыл қағу керек. Болат, Әбілқайыр, Сәмеке қарамағындағы руларға тезірек ат шаптырып хабар берейін», — деді ішінен Қабанбай. Сөйткенше болған жоқ, Абылай орнынан тұра берді.
— Қалаңызды кімге қалдырасыз?
— Уәлиге! Сосын… Өздеріңе!
Абылай шығып кетті. Нөкері соңынан тұра жөнелді.
Қабанбай атына мініп, қала халқы жиналатын, кісі асатын дарғасы мен жұртқа хабар жаятын жаршысы бар, Қожа Ахмет Яссауи мешітінің алдындағы алаңға қарай шапты.
Халық суық хабарды бұнсыз да естіген екен, алаң іші ығы-жығы жұрт. Кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға — бәрі де жетіпті. Сойыл ұстауға жарайтын еркек кіндік түгел аттарына мінген: қолдарында көптен бері сандық түбінде жатқан қылыштары, екі жүзді айбалталары. Кейбіреулері жаяу. Бұл жиналған еркектер жауға шауып жүрген жауынгерлер емес, қаланың тұрғын халқы, көптен бері қару ұстауды ұмытып кеткен ұста, диқан, шәкірт, мүрит, қожа, молдалар. Қалаға жау келе жатыр дегенді естіп, ғасырлар бойы бойларына сіңген әдеттеріне басып, бәрі қолдарына қару ұстап, қалаларын қорғамақ ниетпен алаңға жиналған. Әрине іштерінде қалтырай қорыққандары да бар. Мешіт маңы ың-жың, даурыға шыққан дауыстар.
— Қала әміршісі Құдайберді баһадЇр қайда?
— Түнде қашып кеткен!
— Жаудан қорқып па?
— Жоқ, інісі Абылайдан қорқып.
— Ол інісі қайда?
— Жаңа үй-ішімен атқа қонғалы жатқан.
— Сонда бізді кім басқарады?!
— Төресіз қолыңа найза ұстай алмайсың ба? Өзімізді өзіміз басқарамыз!
— Жоқ, үлкен баласы Уәлиді қалдырып кетеді деген!
— Онысы бір бозөкпе дейді ғой!
— Несіне әбігерленесіңдер? Келе жатқан шүршіт көрінеді ғой. Үйреніскен жау алысуға жақсы, содан қорқамыз ба, сыбағасын берерміз!
— Бұ жолы сыбағасын бере алсаң жарар еді, өздері тым көп деседі.
— Шүршіт емес, жоңғар деседі ғой.
— Жоңғар болса тіпті жақсы болды. Ана жылы біздің ауылдың жылқысын айдап әкетіп еді. Өзі келе жатыр екен қолыма!
Қалың жұрттың арасымен алаң ортасындағы жаршы мұнараға бара жатып, жаңа ғана Абылайға өзі естірткен сөз халық құлағына қалай тез жеткеніне Қабанбай батыр аң-таң. Бір жағынан, осыншама жұрттың іп-ілезде алаңға жиналғанына төбесі көкке тигендей қуанды. «Мұндай халықты жоңғар түгіл, Қытай да жеңе алмайды. Тек басқаратын ер болсын!» Ол атынан секіріп түсіп, иін тіресе тұрған жұртты қақ жара мінбе-мұнараға шықты.
— Уа, халайық! Мен Қаракерей Қабанбай батырмын! — деді жуан даусын кең кернеп, — ел-жұртымыздың басына қатерлі күн туғалы тұр. Күншығысың мен оңтүстігіңнен қаулап, қалың Жоңғар келе жатыр. Қала иесі қанішерлерің шаһарларыңды тастап қашқалы жатыр. Бастарыңды қосып, шепке тұрғызар еркек кіндік қайсың бар?!