Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 3 из 75

Мұндай хат Қазан мен Уфаға да жолданған. Гагарин Қайып ханның хатын Петербургке жіберді. Сенат қазақ ханы мен халқының өтінішін шын ықыласпен қарсы алды. Бұған Бірінші Петр патша да қосылды. Тек бірігіп Жоңғар қонтайшысымен соғысалық деген Қайып ханның тілегін қабылдамады. «Қазақ жұрты бізбен дос елдермен соғыс ашпай, тату-тәтті тұру керек», — деді. Ал Қайып хан қазақ халқының тәуелсіздігі мен жер-суын сақтап қалу үшін, күншығысы мен оңтүстігінен қысып келе жатқан жауларына төтеп берудің жолы — Россияның көмегіне сүйену екенін есінен шығара алмады. Әсіресе, мұндай шешімге келуге бір мың жеті жүз он жетінші жылғы Аякөз өзенінің жағасында өткен ұрыс себепкер болды. Бұл ұрысқа Қайып пен Әбілқайыр бірігіп шыққан. Екі жақтан отыз мыңдай әскер қатысқан. Қазақ қолы Сыбан Раптан әскерінің осы бір бөлігінің өзінен жеңіліп қала жаздаған. Бұл ұрыс Сыбан Раптанның қазақ әскерінің қандай күйде екенін білудегі елеулі күш жұмсаған алғашқы барлауы еді.

Қазақ елінің жағдайын дұрыстап түсіну үшін, Бірінші Петр патшаның бұйрығы бойынша, Сібір губернаторы Гагарин қазақ жеріне Борис Брянцев басқарған арнаулы елшілер шығарды. Бұл елшілер тобы 1728 жылы Көкек айының бесі күні Жайық жағасындағы Кіші жүз ханы Әбілқайырмен, жаз тоқсанның алғашқы айының жиырма бесі күні Түркістандағы Орта жүз ханы Қайыппен кездесті.

Қазақ жеріне жеткен елшілер ең алдымен, бұл арада сауда-саттықты молайтудың сан жолы бар екенін ұқты. Қазақ даласы арқылы Азияның ұлы мемлекеттеріне, әсіресе, ар жағында жатқан Үндістанға қол созуға болатынын көрді. Қиял қанатты Бірінші Петр патшаның да күткені осы еді. Ол Азияның ұлы мемлекеттеріне жол ашу — Россияның дүние жүзіндегі ең құдіретті патшалықтарының қатарына қосылуы деп ұғынған. Әбден күшейіп алған және өзінің ұлы патшасы «аспанға шапшытқан» Россия бұл кезде Англия, Франциялармен қатар басқа елдерін отарлау бәсекесіне молынан кіріскенді. Бірақ қазақ даласы мен Орта Азияға Россияның келуі — отаршылық саясатының толып жатқан қиянатына қарамай шағын елдерге Қытай үстемдігінен көрі анағұрлым жеңіл зәбір еді. Бұл қоғамдық әрекет тарих жүзінде өзінің маңызды орнын алды. «Шынында да шығыс елдерінде Россия прогрессивтік міндет атқарып отыр… Россияның бұл үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңізінің тұсында, Орталық Азияға мәдениет әкелді» деп жазды соңынан Энгельс.

Орыс елшілерінің тағы бір түйгені — ол қазақ хандарының қазіргі күнде Жоңғар қонтайшысына қарсы тұра алатын күшінің жоқтығы болды. Бұл жөнінде Брянцев экспедициясы қазақ хандығына жәрдем беру саясатын қолдады. Сонда барып, Бірінші Петр Жоңғар хандығына елші жіберуге бекінді. Бірақ жіберген елшісі Унковский қайтып келіп, Петр патша тиісті қорытынды істегенше, жоңғар мен қазақ арасы әлем-тапырық болды да кетті.

әрине, мұндай жағдайда қазақ елі Сыбан Раптан секілді пышақтың жүзіндей қылшылдаған, қазірдің өзінде жетпіс мың әскері бар жауға қарсы тұра алар ма? Және жауы жалғыз Жоңғар хандығы ғана ма? Мұндай қиындықта тек хан ордасының маңындағы ағайын, туыс, төлеңгіт секілді аз ғана күшке сүйенген хандардың қолынан не келеді? Әр жүздің ханы, сұлтанымын деп отырған Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Күшіктердің өз ордаларының іші толған жанжал, бақталастық, қым-қиғаш тартыс.

Ал патша үкіметі, болғалы тұрған қанды уақиғалардың екі жағымен де түбі тіл табу керек екенін есіне ұстап, Орта Азия істеріне өте сақтықпен қарады. Қайып хан өлісіменен: «Арты не болар екен?» — дегендей күту саясатына көшті.

Осының бәрі қазақ халқының басына бір жамандық әкелгелі тұрғандай еді.

Жоңғар қонтайшысы жорық алдындағы кеңесін шақырды. Осы кеңесте қазақ елін шабу тәртібі шешілген. Ренат ақылы бойынша, ежелден шығыс жеріндегі жауды бір тұстан шабу дәстүрі қолданылмай, бірден қос бүйірден ала бастамақ болды. Жоңғардың бар әскерінің қолбасшысы етіліп Сыбан Раптанның інісі Шұна Дабо баһадур белгіленді. Бір жағы Қаратауды басып, Шу мен Талас өзенінің бойына түйілсе, екінші жағы Шыршық қойнауына шықпақ. Сол үшін Шұна Дабо әскерін жетіге бөлді. Әр қол енді тау бөктерлеріне, не жау жеріне қарай ағатын өзен бастарына өзінің туын тігіп, әскерін жорыққа дайындады. Бірінші қол Жетісу Алатауының етегіне, Балқаш көліне құятын төрт өзеннің басына жиналды. Бұл қолға Сыбан Раптанның баласы Қалден Церен қолбасшы боп белгіленді. Екінші қол Алтынемел тауларына таяу Іле өзенінің теріскей жағындағы Көктал мен Көктеректің ортасына туын тікті. Бұған қолбасшылыққа Сыбан Раптанның інісі Қорен батыр бекітілді. Үшінші қол Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағында жатқан Кетпен тауының бауырына жиналды. Бұған қолбасшы Қалден Цереннің он жеті жасар немересі Амурсана болды. Төртінші қол Шелек өзенінің басына туын тікті. Бұның қолбасшысы етіп, он сегіз жасар жас батыр Сыбан Доржыны (Қалден Цереннің ортаншы баласын) бекітті. Бесінші қол Түп өзенінің бойына, Ыстық көлдің жағалауларына қостарын тікті. Бұл қолға қолбасшы боп, Қалден Цереннің үлкен баласы Лама Доржы тағайындалды. Алтыншы қолды Шуға құятын Үлкен Кебен өзенінің алқабына жинады. Бұған қолбасшы етіп, Меркиттен шыққан ақсүйек ноян Церен Доржыны тағайындады. Жетінші қол боп, Сыбан Раптан қонтайшы өз туын (Жоңғар әскерінің бас туын), осы күнгі Құлжа қаласына таяу Талқы асуының оңтүстік-батыс тұсына тікті.

Осылай, Алатау бөктерін жайлаған қалың елді қоршай, Сыбан Раптан әскері тұрды. Тек қонтайшының «Алға!» деген әмірі ғана қалған.

Сыбан Раптан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жыл- қылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді.

Бүгін күн бүкіл Түркістан уәлиеті мен Жетісудың күншығыс-солтүстігін айнала қоршап тұрған қалың әскердің ызғары соққандай, бір түрлі сұсты еді. Дәл жер сілкінердің алдындағыдай, өзінен-өзі тұншыға безерген дүние. Бұл қорқынышты адамнан басқа өзге тірінің бәрі де күні бұрын сезеді-міс. Жылан інінен шығып, тышқан өзен жағасынан алыс кетуге тырысады деседі… Дәл осындай бір ауыр жағдай бүгін де күннің ашықтығына қарамай, адамның иығынан басып, бүкіл әлемді тұншықтырып бара жатты. Жоңғар қақпасынан соғатын салқын жел, әдеттегідей жұпар аңқыған жасыл шөп иісінің орнына төгілген адам қанының жылымшы иісін жеткізді.

Дәл осы күні түнде Түркістанда тағы бір оқшау оқиға болды. Хорезм, Хиуа елдерін Сайбанның баласы Темір сұлтаннан тараған Жәдігер, Хаджім, Ақатай атты хандар билеген — 1696–1697 жылдары Хиуа тағына осы хандардың соңғы ұрпақтарының бірі Уәли отырған. Бірақ өзінің тентек, есерсоқ және сәл есуастау мінезімен жұртты басқара алмай, қазақ жеріне қуылып келген. Осы кездегі Орта жүздің ханы Тәуке оны Яссыға даруға еткен. Уәли Түркістан әмірі болысыменен үш айдан кейін дүние салған. Тәуке әмеңгершілік салтыменен оның жесірі Нұрбикені өзі алған. Жеті айдан кейін ханым Абылай атты ұл тапқан… Бұл бала, емшектен шықпай жатып, шешесімен бірге нағашы жұрты Алтын хан еліне кеткен. Төркіндеп барған Нұрбике кенет ойламаған кеселге душар болып, сол Алтын хан жерінде қаза болған. Жалғыз қызынан айрылған қайын атасы Тәуке ханға: «Жалғызымыздан айрылдық — аққан бұлағымыз суалды, жанған шырағымыз сөнді. Өзі кетсе де көзіндей көріп бауырымызға салып өсірейік, бұдан да өзге балалары бар ғой, Абылайжанды ат жалын тартып мінгенше бізге қисын. Есін білген соң елін өзі де табар» деп елші салған. Тәуке жастары келіп қалған қайын ата, қайын енесінің көңілдерін қалдырмаған, екі жасар Абылай солардың қолында қала берген. Сол Абылай он жетіге шыққанда Тәуке хан өлерінің алдында сонау Алтын хан өлкесінен елін іздеп, өзі келген. Тәуке ұлан асыр той жасап, «он бесінде отау иесі» деген дәстүрмен, сол жылы Абылайды өзінің үзеңгілес серігі, қырғыз елінің шоң манабының бірі Тиестің кіші қызы — он төрт жасар Зеренге үйлендірген. Алдына қыруар мал салып, ақ отауын тігіп, оңаша ауыл еткен. Жыл өткеннен кейін Зерен арудан егіз ұл туған. Бірінің атын Уәли, екіншісінің атын Балқы қойған. Тәуке хан екі елдің қыз-бозбаласын, батыр-балуанын, игі жақсыларын шақырып, тағы ұлан-асыр той жасаған, егіз немерелері болғанына жас баладай қуанып, шаттыққа бір кенелген.