Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 8 из 28



Осы жерде еске мынау нәрсе түседі. Егер қорында мың сан кітабы бар, Азия жерінде теңдессіз деп саналған атақты Отырар кітапханасы шамасына қарамай осыған дейін жарты әлемді жаулап алған, әскері сан жетпес қарақұрым, алапат күшті, тоқтау дегенді білмейтін Шыңғыс әскеріне тосқауыл болам деп орынсыз менмендік танытып, жұртын қырып, қаласын жермен жексен етіп күйретіп алған, Қайырхан деген атына заты сай емес, сол бір қайрымсыз ханның тірлігіне бола жанып, жоғалып кетпегенде, бәлкім біз неге қазақ деп аталып келе жатқандығымызды бүгіндері осылайша тер төгіп іздемес пе едік, тегімізге қатысты мұндай этнолингвистикалық тарихи проблеманы шешеміз деп осыншама әлекке түспес пе едік кім білсін.

Мұндайда бабаларымыз ұрандатып, ту ғып ұстап, көтерген қазақ атауы этимологиясын «бармақтан сорып» «қаз» деп құстың атынан немесе кездейсоқ тілге оралған «қашақ» сөзінен іздеп әуре болмай, не де болса оны тарихымыздың әрірегінен, тереңінен орын алған көне тарихи деректерден асықпай іздеп тауып алар едік ойлаймыз.

Әйткенмен түк жоқ емес, қазақ атауы мен тегімізге қатысты әржер-бержерде аздылы-көптілі, там-тұмдап болсын мұндай деректемелердің сақталып қалғандығы белгілі. Бұл жөнінде біз әңгімеміздің басында айтып кеткенбіз. Ендеше, қазақ атауы мен тегіміз жөнінде солар не дейді екен енді соны бағамдақ көрейік.

Солардың бірі халқымыздың біртуар атақты ғалымы, академик Әлкей Марғұланның: «Қазақтар арабтар келмей тұрып Арал, Каспий теңізінің төңірегіндегі хазарлармен байланысты болған, Н.Я.Марр мен Б.Грозный келтірген «қаз», «хаз» сөзі екеуіне бірдей»; «Солтүстік Кавказдағы осетиндер кабарды мен балқарларды осы күнге дейін «қасақ», «кесек» деп атайды… Бұл атты кабарды мен балқарлар… ерте дәуірден не қыпшақтар заманынан (ХХV) сақтаған болу керек»,- деген тұжырым-байламдары (Тамғалы тас жазуы». «Жұлдыз». 1984. №1).

Қазақия ұлысының көне жұрты жөнінде кезінде патшалық Ресейдің 2-мемлекеттік Думасының депутаты болған, сыртқа да, елімізге де кең танымал, ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің «Қазақ руларының генологиясы» ("Генеалогия казахских родов") деген белгілі еңбегінде айтып кетеді. Ол онда орыстың ұлы тарихшысы Н.М. Карамзин де, атақты шығыс зерттеуші ғалымы Семёнов-Тяньшанский де өз заманында осетиндер черкестерді қазақтар деп атағандығын, ал Карамзин сонымен қатар олардың Х ғасырларда Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығын мекендеген торктар мен беренділерді де черкестерге яғни қазақтарға жатқызғандығын айтады («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.).

Сондай-ақ белгілі шығыстанушы ғалым В.С. Смирнов 1232 жылы шыққан жылнаманы зерделей келе, орыс князі Владимир Монамахтың 1095 жылы қолға түскен Берш руынан шыққан косогтар Ығлар, Қытан, Ақланды өлтіргенін хабарлайды ( бұл да сонда).

Қазақтар жөнінде өз еңбегінде әйгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд те Х ғасырда Кавказ черкестері «косог» деп аталған деп хабарлайды (Шығармалар, 2 т. 848 б. М., 1963–1968 жылдар). Бұл деректер мәтінінен қазақтар қауымдастығының біз пайымдағандай ертеректе, X–XI ғасырлардан бастап-ақ жұртқа белгілі ұлыс болғандығын аңғарамыз.



Ұлыс пен оның құрамына кірген ру-тайпалар туралы зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы да төмендегідей қызғылықты деректер келтіріледі: «…оныншы ғасырдағы Византия императоры Константин Порфирородный Кубаннан шығысқа қарайғы жерлерде «Касахия» деген жұрт жатыр»; «…орыс жылнамаларындағы «касог», грек тақуасы Епифани (VIIIIX ғ.ғ.) жазбаларындағы Кавказ төңірегінде мекендейтін «касогдиане» елдері туралы мәліметтер «қазақ» атауының осы төңіректе әуелден-ақ көрініс бергенін байқатады»; «Тарих осы замандарда Қазақия құрамында қазіргі қыпшақ тектес қарашай, балқар, құмықтардың арғы бабаларының да болғанын, бәрінің қазақ атымен қауымдасқанын ортаға тартады. Олар ғана емес, кабарды, черкес атты тілі бөлек жұрттар да қазақ атымен танылған.

XIII ғасырдағы моңғол жорығы Дешті Қыпшақтың батысындағы Қазақияны да шайқап өтті. Сол аласапыран кездері өзара тектес черкес, кабарды, қарашайлар, абазиндер черкес бас болып қазақтан ірге айырған сияқты. Дегенмен, талай уақыт аралас-құралас боп келген жұрттардың этникалық қарым-қатынасының іздерін осы күндері байқауға да болады. Жазушы Әнес Сараев Байұлы құрамындағы Шеркеш руы «Қазақия қазақ, черкес боп екіге бөлінгенде» қазақтар құрамында қалған ел болуы мүмкін дегенді айтады. Қазақ шеркештерінің ұраны–«Шағырай». Ал черкестерде «чахаркас» деген ата кездеседі абазиндер арасында әлі күнге дейін шегірей руы бар» («Кіші жүз шежіресі». «Ана тілі» газеті. 1992 мешін жылы. 4 наурыз). Бұл мәліметтер қазақтар құрамына кірген түркі рулары туралы ақпар бере отырып, ұлыс тарихын енді X–XI ғасырлардан асырып, VIII–IX ғасырларға жеткізіп тастайды.

Ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің жоғарыда аталған «Қазақ руларының генологиясы» атты зерттеу еңбегінде Қара теңіз бен Каспий теңіздері аралығындағы құйқалы жерді қоныстанған, құрамында беріш, черкес жұрттары бар Қазақия ұлысы болған деген деректерін келтіреді. Мәселен ол Қытайдың VII ғасырға жататын деректемелерінде («Тан патшалығының жаңа тарихы») Арал мен Хазарлық Каспий теңізінің аралығын мекендеген жұрттың «хаса», «каспилер» деп аталғанын әңгімелейді. Бұл, көріп отырсыздар, ұлыс тарихын енді VII ғасырларға апарып тірейді.

Қазақстандық ғалым-тарихшы Е.П.Алексеева да өзінің 1971 жылы жарық көрген «Көне және ортағасырлық Қарашай-Черкес тарихы» деген еңбегінде ертеректе құрылып, өркендеген Қазақия мемлекеті жөнінде айтып кетеді. Ол оның даму, қалыптасу кезеңдерін: VI–VII ғасырларда Батыс-Түрік қағанатының осы өңірді қамтуына, IX–X ғасырларда Сыр бойындағы қаңлы бірлестігіне қарайтын бешенектердің батысындағы осы аймаққа жылжуына және XI ғасырларда бұл мекенге қыпшақтардың лек-лек болып қоныс аударуына байланысты үшке бөліп қарап, оның о бастан түркі өркениетінің төл түлегі болғандығы туралы жазады. Демек Е.П.Алексеева қазақтар тарихын енді VI ғасырлардан бастайды.

«Қазақ» сөзінің этимологиясы, яғни шығу төркіні жөнінде әңгімелегенімізде оның түркі тобына жататын Сағай, Қойбол (В. Радлов. «Опыт словаря тюркских наречий. ІІ т. І бөлім. 629 б.) және Хакас («Хак.-рус. словарь». 1953 ж. 284 б.) тілдеріндегі мағынасы «қосу, үстеу, қосымшалау» дегенді білдіретін «козак» және «хозак» сөздерімен дыбысталуы өте ұқсас екендігін айта кету керек. Ал егер тіліміздегі «бірігу, одақтасу, ұлыстасу» сияқты сөздер олардың синонимі болса, онда түрлі ру-тайпалар бірлестігінен, одағынан, ұлысынан тұратын Қазақия тек дыбысталуы жағынан ғана емес ішкі мазмұны, мағынасы бойынша да жоғарыда келтірілген қос сөздің баламасы дерлік. Ендеше, Сағай, Қойбол, Хакас тілдері кезінде Қазақия болып біріккен көне ру-тайпалардың ортақ тілі болуы да ғажап емес. Демек, бұл тайпалар жұртын да түрлі тарихи себептерге байланысты бөлініп кеткен, тілі мен тілегі бір бұрынғы Қазақия ұлысының сынықтары деп топшылауға әбден болады.

Облысымызға ғана емес елімізге кең танымал этнограф, тарихшы ғалым, жазушы, журналист, тараздық жерлесіміз, марқұм Амантай Айзахметов те осы тақырыпты аша түсу үшін көп еңбектенген жан. Ол елбасына ұсынған «Колыбель царей человечества» атты зертеу еңбегінде «Қазақ» этнонимінің қайдан, қалай шыққандығы туралы деректерді осы ұлыстың тарих аренасынан алғаш көріну фактілермен ұтымды ұштастыра отырып, бізге қызғылықты түрде әңгімелеп береді. Ол не дейді екен, енді соған жүгініп көрейік.