Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 5 из 28



Буынды ортақ атау дейтін себебіміз – өмірде бір әке, бір шешеден бір-ақ бала тумайды ғой, олардың бірнешеу болып келетіндігі әбден мүмкін. Бірақ осындай біртуған, біртуған болмаса да құрсақтас, құрсақтас болмаса да кіндіктес, кіндіктес болмаса да ағайын болып келетін аталар мен ұрпақтар саны қаншау болмасын реттік санын өзгертпей бір буын болып саналатындығы екібастан белгілі.

Бәз біреулер жеті атасын өзінен бастап тарқатады. Бұл дұрыс емес. Қандай ұрпақ болмасын жеті атасын әкесінен бастап санауы тиіс. Егер туыс буындардың жетінші аталары бір адам болса олар әлі де болса қыз алыспайтын жақын туысқандар. Себебі тұқым қуалайтын қандық белгілер биологиялық деректер бойынша жетінші буыннан кейін ғана әлсіреп, өше бастайтын көрінеді. Әлбетте, жеті ата дәстүрін тек бұл мақсат үшін ғана ұстанбаймыз. Бастысы–тегімізді білу үшін қолданамыз. «Тегін білмеген–тентек, жеті атасын білмеген–жетесіз»,-деп көне көз қариялар бекер айтпаса керек. Тексіз деген ауыр сөз. Тексіз болу қиын. Тегі мен жеті атасын қу жетімдер ғана білмеген. Кімнен туып, кіммен туыс екендігін білу әркімге шарт. Басы ауырып, балтыры сыздай қалғанда жанашыр болып кеңес берер, арқа сүйер жақыны жоқ жалғызіліктік кімге болса да ауыр сын екені анық. Жалғыздық Аллаһқа ғана жарасқан дейді халық. Төле би бабамыз: «Балығы жоқ көл жетім, құрағы жоқ жер жетім, бұлағы жоқ тау жетім, шежіресі жоқ ел жетім. Тегін білмеген ел жетім, жеті атасын білмеген ер жетім»,-деп бекер күңіреніп, тебіренбесе керек.

Арқалық қаласының тұрғыны жазушы, мәдениеттанушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының 2010 жылы "Ана тілі" газетінің 4 бетінде басылған "Жеті атаны білуіміз керек" деген мақаласында:"Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын білер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер",-деген жүйелі сөз қөп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің атабабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, ата мекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бұл жолды қазақтың аяулы әрі білімдар перзенті Дінмұхамед Қонаев та ұстанған. Өзінің "Ақиқаттан аттауға болмайды" атты кітабында ("Санат" баспасы, 1994 ж.) былай деген:"Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай: Жолын–Нұрмамбет–Азынабай–Қонай–Жетібай–Жұмабай–Меңліахмет–Дінмұхамед" (13–14 бет). Басқа білетіндер де, мысалы Сәбит Мұқанов та осылай таратқан, осыған тоқтаған. Ал бұған біз неге тоқтамай жүрміз?

Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып баталасып, осымен жеті атаға толып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр– текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден-ақ білген және оны қатты қадағалап отырған",-деп орынды айтады.

Сонымен қатар зерттеуші қыздан тарайтын ұрпақтарды: жиен, жиеншар дейтінімізді, ал одан кейінгілерін көгеншар, дегеншар деп атайтындығымыз ұмытылып бара жатқандығын тілге тиек етеді. Таңқалмасқа болмайды, арамызда жеті атасын қарапайым әдіспен–бармақ басып санай алмайтындар да бар. Қосылып-ақ санайсыз ғой, бірақ санай келе, мәселен, атасы не үшінші, не төртінші болса, түлен түрткендей «жоқ, олай емес, ол бесінші не алтыншы атам» деп жөн-жосықсыз табан астында айнитындар да табылып жатыр, оған не дерсіз. Біздіңше, жеті атаны жоғарыдағы мақаласында ғалым-этнограф, жазушы, С.Кенжеахметұлы тілге тиек етіп кеткен халқымыздың тарихы пен шежіресін бір кісідей жете білетін аяулы азаматтары–кезінде бірі еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері, патшасы, ал екіншісі қоғам қайраткері, айтулы классик жазушысы болған Д.А.Қонаев пен С.Мұқановтан артық кім бөле-жара дұрыс, жеткізе санай алмақ дегіміз келеді. Осы ретте бүйректен сирақ шығарып, «велосипедті» қайта ойлап табуға ниеттенбей, кезінде білетіндер салып кеткен сүрлеу, соқпақ жолмен неге жүре бермеске деп ойлайсыз?!

Мысалы, шежіремнің ұрпақ тарқату кестесінде көрсетілгендей, менің 5-атам Сұңқар болса, менімен туыс, құрдасым Шүкірбек бауырымның да 5-атасы Сұңқар. Демек біз онымен бесінші буыннан қосылатын ағайынбыз. Қарапайым арифметика емес пе, екеумізге ортақ осы Сұңқар баба кейінгі ұрпақтарымыздың 7-аталарына айналған шаққа дейін олар өзара туысқан жандар болып қала бермек. Туыстық ара-жіктері 8-атаға өтерде ғана ажырайды. Қалабай баба Айтмахан ағамыз бен әкеміздің 3-атасы болса, ал менің 4-атам. Ендеше мен Айтмаханмен төртінші атадан қосылатын туыспын. Әлібек бабаҚылышбайдың да, менің де үшінші атамыз. Сондықтан біз 3-атадан қосылатын туысқанбыз. Ал мен Асанмен әкелеріміз біртуған ағайынды адамдар болғандықтан 2-атадан, Мыңжасардан қосыламын. Демек ол менің, жұрт аузында жиі айтылып жүретін екі туып, бір қалған жақын бауырым. Сонымен осы аталған ағайындар арасындағы қыз алыспас туыстық қатынастар қашан да болсын жаңағы біз айтып кеткен тәртіп бойынша есептеліп, шығарылады.

Жеті атаны тарқатып, санаудың көнеден келе жатқан бұдан басқа жолы жоқ. Осы ретте айта кететін тағы бір жайт – көп әулеттер ағайындық қарым-қатынастарын тек жеті атасымен ғана шектеп қоймайды. Ақсақалдары жиылып, арнайы шешім шығармайынша олардың туысқандық қатынастары жетеуден асып, әрі қарай оныншы, он екінші аталарға да ауысып, жалғаса беретіндігі бар. Бұл әулет адамдары арасында қалыптасып, кең таралған аса бір үлкен бауырмашылдық белгісі екендігі анық. Жаһан халықтары арасында түрлі әзіл-күлкілі әңгімелерге арқау болған, туысқанға ең бай халық қазақ екендігі де содан ба дейміз.



Құлаққағыс ете кететін тағы бір мәселе–жөн сұраса келгенде арамыз 2 ата немесе 3 ата, 4 ата деп емес, 2– немесе 3-, 4– атадан қосыламыз деп айту дұрыстау сияқты. Өйткені туыстық ара-қатынастарды түсіндіру үшін бұл жеңіл тәсіл. Сонымен жеті ата жөнінде айтқымыз келгені негізінен осылар. Кезек күттіріп тұрған өзге де тақырыптар бар болғандықтан осымен жеті ата жайлы әңгімемізді тамамдаймыз. Келесі тілге тиек етіп айтарымыз–қазақ атауы. Енді соған көшейік.

Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы–қашанда қарға тамыр қазағымның осы «қазақ» деген атауы. Сондықтан біз де шежіремізді әрі қарай осы айтып отырған «қазақ» атауы тарихымен сабақтастыра жазғанды жөн деп санадық. Ендеше, жеті атадан басталар шежіреміз кешелері күн кешкен қазағым мен оның көне тарихы жайлы не дер екен, енді соны бағамдап көрейік.

2 бөлім

ҚАЗАҚТАР КІМДЕР, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Ана құрсағынан ән-күй мен сөз қадірін біліп туар от ауыз, орақ тілді қазағым үшін бұл керек-ақ нәрсе деп ойлаймыз. Өйткені бесіктен белі босамай жатып, жеті ата мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын ол, ал «қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп тікесінен сауал қоя қалсаң тілін жұтып қойғандай кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.

Қысылмай мойындауымыз керек, тегіміздің "қазақ" деген атауынан арғы жағын білмейміз. Бұл бүгіндері үлкеніміздің де, кішіміздің де, кәріміздің де, жасымыздың да басындағы кемшілік. Өзге ұлт өкілдерінің біразында бұлай емес. Мәселен, мұхиттың арғы жағын мекендейтін мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары беріде, еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп әлдеқашан жазып, қалдырып кеткендіктері белгілі.