Страница 4 из 28
Шежіреңді өз атыңнан емес көпшіліктің атынан жазыпсың деп жатқандар да бар. Егер оны Рашид, Шаймахан, Әлмахан, Шәдек, көзі тірі арамызда жүрген Үрия, Айтмахан сияқты аға, әке, көке, әпкелеріміздің аузынан, қалдырып кеткен жазу-сызуларынан алып, күнделікті қасымда жүрген өзге де бауырларымның айтуымен қағазға түсіріп жатсам неге ол тек менікі ғана болуы керек, көпшіліктікі емес пе дегім келеді.
Бүгіндері өзгелер шежірелерін басқаша стиль, жолмен жазып жүрген шығар, бірақ мен еңбегімді оқырманыма көпшіліктің атынан осылайша әрі шежіре, әрі төте оқу құралы, әрі қысқа, мәліметтері бір жерден табылатындай әмбебап анықтама сыпатында ұсынуды ниет еттім. Келер ұрпақ біз құсап баба, аталарымыз бен әже, апаларымыздың түр, кескіндері қандай болды екен демес үшін фотосуреттерді де табылғанынша мол етіп бердім.
Кейінгі ұрпақ шежіремізді осы тоқтаған жерімізден әрі қарай өздері жалғастырып әкетер, жазар деп ойлаймын. Біздікі–білгенімізше әулетіміздің бастау алар мұнар басын оларға мәлімет үшін ұмыт қалдырмай бастап беру, қағазға түсіріп кету болды.
СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар
07.03.2015 ж.
КІРІСПЕ
Алла-тағала сонау ықылым заманда әлемді бір тарының қауызына сиып кетердей жоқтан бар етіп жаратқанда оған алдымен берген асыл қасиеттерінің бірі кешегісі бүгінгісіне, ал бүгінгісі ертеңгісіне ауысып отыратын уақыт өлшемі болыпты. Содан бері төрткіл дүниеміз осы уақыт өлшеміне тәуелді болып келе жатқаны хақ. «Кешегімді білмей бүгінімді қалай түсінем, бүгінімді білмей ертеңіме қалай қол созам»,-деп көне көз қария, шешендеріміз тегіннен тегін тебірене жырламаса керек.
Сол айтпақшы, өткен дүниенің парқын білмей, өтіп жатқан дүниенің нарқын түсіну, кешегі тарихымызды жете білмей, бүгінгі өмірімізді жеткілікті түсіну біздіңше мүмкін емес. Бұларсыз көмескі келешегімізге қорықпай көз тігу де, қомсынбай қол созу да, жатсынбай қадам басу да қиын. Бұл ретте бізді табан жолымыздан жаңылдырмай, темірқазық жұлдыздай жетелеп алға алып жүрер жалғыз жолбасшымыз тарих-шежіреміз екені анық. Ендеше, әңгіме арқауы сол тарих-шежіреміз жайлы болмақ.
Юнесконың соңғы деректері бойынша әлемде 1500 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді екен. Мәселен, солардың бірде-біреуін шежіресіз деп айта алмайсыз. Бәрінің шыққан тектерін, басынан-кешкендерін ұрпаққа жыр етіп баяндап берер өзіндік қисса-дастандары мен жыр-аңыздары бар. Шежіре дегеннен шығады. Шежіре Қазақ Совет энциклопедиясында арабтың шаджарат–бұтақ, тармақ деген сөзінен шығатындығы, халықтың шығу тегі мен таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы екендігі айтылады (12 т. 231 б.).
Айтпағымыз, қазағымыз тегін білмейтін жетім ел емес. Жеті атасынан бастап, түптұқиянына дейін тарқатып, таратып бере алар шежіресі бар жетіскен ел. Өзге жұрттар қазақты жаһан халықтарының ішіндегі ең бір шежіре-жазбаларға бай ел дейтін көрінеді. Солай десе солай да шығар. Себебі халқымыздың өмірінен сыр шертетін жылнама іспеттес тарихи жыр-дастандарды былай қойғанда жүздер шежіресі, жүздер шежіресін қоя тұрғанда, бізде не көп әулеттер шежіресін саусақпен санап болмайды.
Әрбір әулет бабаларын, олар өмір сүрген орта тарихын, солардың басынан кешкен уақиғаларын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі, тағлым етіп тарту үшін аянып қалған ба. Олардың ерлік істері мен көшелі тірліктерін барын салып, көсем сөзбен кестелеп жеткізіп беріп отырған жоқ па. Ондағы мақсаты–оларды бабалар тірлігімен, аталар ірілігімен рухтандырып, бойкүйезділікке салынбас, өмірдің келеңсіз жайларына бой алдырмас жігерлі жан етіп өсіріп, үлкенді сыйлар, кішіні құрметтер, ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаушы, сұраушы болар намысты азамат етіп, тәрбиелеп шығару еді.
Шежіреге бай елміз деп отырмыз ғой. Олай болса, алдымен сол шежірелердің ірі, мазмұндыларын іріктеп алып, атын атап, түсін түстеп кеткен жөн сияқты. Шежірелердің ең үлкені, құндысы Рашид ад-Диннің «Түрік-моңғол шежіресі», Жамал Қаршидың «Оғыз-қыпшақ шежіресі», «Қарахан шежіресі», Ұлықбектің «Шад-жарат әл-атрак шежіресі», Әбілғазының «Шежіре-и түркі», «Шежіре-и тарахимесі», қазақ хандығы құрылған жылдары көп қолданылған «Насаб-наме Шыңғыс», «Насабнаме қазақ», Бейбарыс пен Ибн Халдун жазған «Қыпшақ шежіресі», «Жаһаннаме», ел арасына кең тараған «Абылай шежіресі» мен «Әбілхайыр шежіресі», кейіңгі қазақ оқымыстылары мен ойшылдары топтастырып жазған Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Қыдырғали Қосынұлы Жалаиридің «Көшен–Қарауыл шежіресі», «Жәңгірхан шежіресі», Ш.Уәлихановтың «Ұлы жүз шежіресі», Абдулла Ниязовтың «Үш жүз шежіресі», Мұса Шорманұлының «Шежіресі», Өтеу Бөжейұлының «Қазақ жұрты шежіресі», Қорғанбек Бірімжанұлының бастауымен жинақталған «Орта жүз және кіші жүз шежіресі», Ақмолданың «Ғажайып шежіресі», «Насаб Шыңғыс», «Шыңғыснама» шежірелері», Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі», Халиди Құрбанғалидың «Қазақ шежіресі», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», «Бұл қазақ қай кезде «Үш жүз» аталған шежіресі», Нұржан Наушабайұлының «Қазақ пен түрікмен шежіресі», сыр бойынан Торғай би жинаған «Үш жүз шежіресі», Диханбай батырдың «Ұлы жүз шежіресі», Қазыбек Тауасарұлының «Өзімнен түптұқияныма дейін» шежіресі, Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресі», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресі, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресі», «Қаратамыр шежіресі», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресі», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресі».
Өткен өміріміз мен тегіміз жайлы, ел бастаған биіміз бен қан майданда қаһарымен жауын қашырған батыр бабаларымыз туралы шымырлаған шындықты шынайы, бүкпесіз жеткізіп бере алатын тек осы шежірелер. Еліміз бен жеріміздің сол кездегі жағрафиясынан да, тарихынан да, ел басқару ісіндегі ерекшеліктерінен де, салт-сана, дәстүрлерінен де, тіпті тұрғын жұртының түтін саны мен талшық етер тамағы мен мал азығының түр, шамасынан да ақпарат берер осы шежірелер.
Қазақтың сол заманда өмір сүрген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтары үшін оқыр ілімі де, зерттеп, ойына тоқыр білімі де, ақ қағаз, көк сиямен жалықпай жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдырып кетер жазу-сызулары да негізінен осы шежілер болды.
Ардақтап "шежірем, алтын тұғырым" дейтініміз де, оны тәбәрік тұтып, жоғары ұстайтынымыз да осыдан. Құдайға шүкір, қазақ деген әулетіміз бар, сол әулеттің ешкімнен кем түспейтін әлеуетті шежірелері де бар екенін тағы айтып кетпекпіз. Солардан теріп алып жазарымыз жұқа болса да жұтаң емес, жұрнақты болар деп үміттенеміз. Кейінгі толқын буынға одан шама-шарқымызша сыралғылатып сыр қозғап көрмекпіз.
1 тарау
1 бөлім
ЖЕТІ АТАМ МЕН ЖЕТІ БУЫНЫМА ДЕЙІН
Қазақ шежіресі «әу» дегенде жеті атасынан басталады. Жеті атамызды білмейтін шежіре жетімсіреп тұратыны анық. Жеті атамызды білу үшін әкемізден бастап, жетінші буынға дейінгі тегімізді: әкемізді, атамызды, арғы атамызды, бабамызды, арғы бабамызды, түп атамызды, тек атамызды білуіміз шарт. Кері қарай санайтын болсақ бұл енді ата емес, ұрпақ санын білдіреді. Демек: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат (жүре келе жат) болып келеді де, сегізінші ұрпаққа жеткенде туажат деп аталады. Мағынасы: ол кім, мен оны білмеймін, ол маған қандас туыс емес, туғалы жат жан дегенді аңғартады. Сондықтан осы «туажатқа» дейін біздер қыз алыспайтын туысқан, бауырмыз. Қазақ бұл дәстүрді ұрпақ қанын бұзбай, оның ағза мен жан тазалығын сақтау мақсатында ұстанғаны белгілі.
Жақын адамдар қан араластырса бойларында белең алған ауру-сырқау, тағы басқа ағза кемшіліктері келесі ұрпаққа тұқым қуалап, күшейіп жетерін бүгінгі медицина мен биология ғылымдары әлдеқашан дәлелдеп берген. Ата, ұрпақ түсініктерімен қатар оларға туыс буын деген де ұғым бар. Бірақ бұларды бір-бірімен шатастырып алмауымыз керек. Буын сөзі ата мен ұрпақ түсініктеріне олардың реттік сандарын анықтарда қосылып айтылар ортақ атау. Мәселен, 13-ата немесе 5-ұрпақ деп емес, 13 буындағы атасы, 5 буындағы ұрпағы деуіміз дұрыс естілмек. Сонымен Ата дегеніміз атынан-ақ көрініп тұр, шаңырақ құрған, артында ұрпақ қалдырған буын. Ал артында ұрпақ қалдыра алмаған буынды ешкім ата дей алмайтындығы бесенеден белгілі. Ол тек буын күйінде қала бермек.