Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 72 из 75

— Орыстың Омбы тәрізді қалаларында талай рет болғанымды өзің де білесің. Сол қалаларға келісімен күзетшілерімнен бөлініп, көшелерін жеке аралайтынмын… Жан-жағыма қарап, көргенімді ойға сап ұзақ жүретінмін. Орыс қалалары біздің шығыс елінің көшелері қыңыр-қисық Бұхар, Хиуа, Самарқант секілді емес… Көшелері түп-түзу, кең, бірі мен бірінің арасы мөлшерленіп бөлінген.

— Онда не тұр? — деді Бұқар жырау. — Самарқанттың көшелері тар, қисық болғанменен Ақсақ Темір зиратының, Биби ханум мешітінің қайда екенін тауып баруға болады ғой…

— Жоқ, мәселе онда емес, басқада. Шыңғысхан әскері несімен күшті боп еді, есіңде бар ма?.. Өзінің тәртібімен, іріктеліп құрылған санымен күшті емес пе еді. Әр түменде он мың жауынгер болған. Әр жауынгер өзінің орнын білген. Бүкіл әскер сол қалпымен жүріп отырған. Әр сыпай жанындағы көршісі жа- йында жауапты еді. Осылай темір тордай боп қатып қалған қалың қол Шың- ғысхан тірі кезінде шебін бұзбай шабуыл жасап, бүкіл әлемнің тең жартысын жаулап алған. Ал ұлы хан өлісімен алдымен түмендер тәртібі бұзылды, біріне-бірі кесірін тигізе бастады…

— Иә, сосын?

— Шыңғысханның тәртіпті, мызғымас түмендерінен қорыққан басқа халықтар енді өздерінің өмірін сол Шыңғысханның түмендеріндей қатал тәртіппен құра бастады. Тіпті көшелерінің арасына дейін өлшеп қойғандай. Міне, бұл елдердің күштілігі қайда жатыр! Болашақтары да осында! Барлығы белгіленген, мөлшерленген! Егін еккен, қала салған. Қаласынан да, егінінен де ешкім қашып кете алмайды. Төрт тағандап жерге жабысып қалған. Жердің үстін былай қо- йып, астына да кіріп барады. Өскеменде көрдім, үстіндегі топырағын аршып, астынан темір мен қорғасын алып жатыр. Сол темірден зеңбірек пен соқа құяды. Ал біз болсақ малымыздың соңынан құла түзде қаңғып жүрміз. Даламыз үлкен деп мақтанамыз. Бірақ ол да қаншаға барады дейсіз. Көршілеріміз бізді жан-жағымыздан қысып келе жатыр. Егер егін егіп, қала салып, кен қорытып үйренбесек, түбі құрып кетуіміз де ғажап емес.

— Ертегіге айналған сонау көне заманда қазақ жерінде де қала салынып, егін егілген, — деді Бұқар жырау. — Сосын сенің бабаң Шыңғысхан келді, көш соңынан шұбатылған шаңдай біз де соңынан ердік. Сол күннен бастап дүние әлем-тапырық боп, шатысып, кетті ғой…

— Ұлы бабам қиратқан қалаларды, мүмкін, маған қайтадан тұрғызу керек болар?

— Орыс қалаларынан неге көзіңді алмайтыныңды енді түсіндім! — деді Бұқар жырау. Оның көзқарасында әрі таңырқағандық, әрі қобалжығандық бар еді….

Үлкен Орда ханы Абылай, осы кезде Омбы генерал-губернаторы бұнымен келіспей хан ауылының жазғы жайылымдарының бірі Зеренді көлі мен Сандықтау маңында жаңа бекіністер салып жатқанын естіді. Және дәл осы кезде «Россия» империясының іші бұлқан-талқан боп бүлінуде екен!» — деген хабар жеткен. «Өлді деген орыс патшасы Үшінші Петр тірі боп шығыпты. Ол қазір Жайық қазақ-орыстарын бастап Петербургке қарсы шығыпты. Петербургті алып, қайтадан таққа отырмақ екен. Оған башқұрт, мордва секілді бұратана ұлттар да қосылыпты».

Ақ патша басына күн туғалы тұрған осы аласапыран мезгілді хан пайда- ланғысы келді. Жаңа ғана ауыл-ауылдарына қайтарылған қазақ жігіттері қайтадан жиналсын деп, жан-жаққа ат шаптырды. Қол жиналысымен Көкшетау, Қызылжар қалаларына аттанбақ болды. Бұл хабарды естіген Орынбор гене- рал-губернаторы да өз әскерін қазақ даласының шетіне әкеп, тойтарыс беруге дайындалды. Бекіністердің қабырғаларына зеңбіректер орнатылды. Бұл зеңбіректердің біразы қазақ жігіттері шабуыл жасайтын далаға қарай қойылса, қалғанын бүгін болмаса ертең Пугачевтің барлаушылары келетін тұсқа бекітті. Ереуілге шыққан Пугачев жасақтары Жайық бойындағы, Орынбордан басқа бекіністерді түгел алған хабары естілді. «Жаңа патшаға башқұрт ауылдары да қосылып жатыр екен!» деген «ұзын құлақ» бүкіл қазақ даласын шарлап кетті.

… Иә, орыс патшасына кеткен жерлері мен оның сол жерлерге салған қалаларын алуға бұл бір ыңғайлы кез еді. Бекіністерінде шамалы ғана гарнизондары бар орыс қалаларының, көп жылғы соғыста әбден шыныққан Абылайдың атты әскеріне төтеп беруі екіталай болатын. Оның үстіне бұл гарнизондардағы солдаттардың өздері де «қатын патшаға» деген наразылығын жасырмай, ашық айта бастаған. Күн сайын әскер арасынан Пугачев жасақтарына қашушылар да көбейген.

Абылай, жорыққа шығу алдында хан кеңесін шақырмақ болды. Осы кеңесте өзін Үш жүздің атынан қимылдауға рұқсат алуды басты мәселе етіп қоюды ойлаған.

Бірақ хан шешімі күрт өзгерді. Оған себеп болған Жайық жағасында бір төлеңгіттің әкелген хаты еді. Бұл хатта Жайық бойының бір топ батырлары Арқа жігіттерін күреске шақырған. «Орыс бекіністерін талқандап, жасақ боп құралып, Жайық бойындағы жаңа патшаға келіп қосылыңдар — деген бұл хатта. — Жаңа патша орыс, қазақ, башқұрт, татар басыбайлы құл, хан төлеңгіті демейді, бәріңді бірдей бостан етеді».

Хан нөкерлері хатты таба алмаған, бірақ төлеңгітті ұстап Абылайға алып келген.

— Кімсің? — деген хан оның бетіне тесіле қарап.

— Төлеңгіт ханға басын да иген жоқ. Танау шеміршегі жұлынған, кең маңдайына темірмен күйдіріп басқан «ұ» деген әріп бар. Бұл «Ұры» деген сөздің белгісі. Мұндай таңба тәртіп бұзған, не қашуды ойлаған тұтқындарға патшаның кен шығаратын орындарында салынатын.

— Танымай қалдың ба мені, Абылай хан?!

Абылайға төлеңгіт даусы таныс секілді көрінді.

— Өздерін өздері батыр деп атаған алаяқтардың хаты қайда?

— Батыр деген ат әкесінің дәулетімен бірге келмейді, жігіт адам қан майданда ерлік көрсетіп өзі алады! — деді төлеңгіт кекете күліп.

Абылай жігітті енді таныды.

Бұл баяғы жалғыз көз Орақтан тараған Қияқ пен Тұяқ құлдардың ұрпағы Науан ұстаның жалғыз баласы Керей еді. Ол Бөгенбайдан кейін де талай қанды ұрыстарға қатысқан. Еңіреген ер бола тұрса да, ақырында хандарға еріп, адам баласы бірін-бірі аямай қырған жорықтардан жүрегі шайлыққан. Сөйтіп ол жылқы баққан ауылдың бостан жігіті боп отырып қалған. Бірақ өмірдің қиянаты оны қайтадан қанды тартысқа алып келген. Бірақ бұл жолғы тартыс өзгешелеу еді. Күндердің күнінде уақытында ханға деген гараж-қаражатын төлей алмай, ол бір сұлтанға бес байталға төлеңгіттікке сатылған-ды. Бір күні бұның жасөспірім қызын сұлтанның зорлап жатқан үстінен шығып, оны қанжарымен жарып өлтірген. Абылай ісін қарап, кісі өлтіргені үшін, патша үкіметінің қолына берген. Ал патша соты күміс шығаратын жерге каторгаға айдаған…

— Иә, қайдан жүрсің, жылқышы Керей! — деді Абылай, — өзің секілді кісі өлтіргіштер барып қосылып жатқан жаңа «орыс патшасы» кім?

Керей тісін ақсита күлді.

— Жай кісіні өлтіру обал. Ал сұлтанды өлтіру — сауап. Алла тағаланың өзі ондай күнәңнің тең жартысын кешеді.

— Бүкіл күнәңді кешу үшін не істеу керек?

— Ханды өлтіру керек! — деді Керей сабырлы үнмен.

Тақымына қыл бұрау сап қинағанмен, Керей Пугачев батырларының хатын кімге бергенін айтпады. Келесі күні оны асау айғырдың құйрығына байлап, азаптап өлтірді. Сол күні түнде хан төлеңгіт аулының жүз елу жігіті Пугачев ереуілшілеріне қосылмақ боп қашып кетті. Олардың ішінде Керейдің ер жетіп қалған екі баласы да бар. Ертеңіне мың жарым нөкерімен қашқындарды Абылайдың өзі бір кішкентай өзеннің жағасында қуып жетіп, алдына сап айдап қайтуға қоршай бергенінде, кенет гүрсілдеген мылтық дауысы шықты. Бірден он шақты нөкері оққа ұшқан Абылай амалсыз қамысты сайға барып тығылды. Жаңа салынып, жатқан бекіністің бір рота солдаты офицерлерін өлтіріп, қазақ жігіттерімен бірге Пугачев әскеріне қашқанын хан артынан естіді.

Амал жоқ, бұларға шегінуге тура келді. Абылай Ордасына қайтып келгеннен кейін, орыс бекіністерімен шектесе отырған Қарауыл руынан жорыққа шақырылған жігіттердің тең жартысы келмегенін білді. Ауыл билері мен ақсақалдары Абылайға «кедей біткеннің бәрі орыс ереуілшілеріне қосылып кетті» деп хабар берді. Осы күннен бастап хан төлеңгіттерінен де күніне екі-үш адам жоқ болып отырды. Кешегі «кәпір» деп өздері қорқытқан орыс қара шекпендеріне ауыл жігіттерінің еркімен барып қосылып жатқанын көрген сұлтандар енді зәре-құттары қашып сасайын деді. Жұрт қаһарынан қорыққан кейбіреулері орыс бекіністеріне тығылды…