Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 71 из 74

Ол әлі ешкімге айттырылмаған екі қызының бірін — қара көз Күлбаршын-Сұлтан-Бикені Махмуд-Сұлтанға, Жауһар-Сұлтан-Бикені Мұхамед-Шайбанидың шешесі бөлек кіші інісі Мұхамед-Темір сұлтанға берді. Отыз күн ойынын, қырық күн тойын өткізіп, қалың көшпен бір қызын, Мұхамед-Шайбани өзінен тартып алған Сауранға, екіншісін Отырарға ұзатты. Бірақ бұл қуаныш кейін Бұрындыққа қайғыға айналды.

Екі елді осыншама қан-жоса етіп бүлікке салып, мал-мүлкін талан-тараж етіп, ұл-қызын құлдық пен күңдікке айдатып, кеше қан майдан ашып ұрысқан екі ханның, бүгін елдің төгілген қанына, жерге тапталған ар-намысына қарамай оп-оңай ауыз жаласып кеткені халыққа қорлау сынды көрінді. Әсіресе қазақ рулары бұлқан-талқан боп ашуланды. Жұрт кәрі-жасы қалмай жерін, суын, малын қорғап атқа мінгенінде, Бұрындық хан оларды алдап кеткендей болды. Сонау талан-таражға түскен дүние-мүлік, төгілген көз жасы, — бәрі бірдей тек Бұрындықтың қыздарын Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қатынға беру үшін істелгендей тәрізденді. Өздерінің көкейкесті тілегін, ата жауына сатып кеткені үшін халық Бұрындыққа түйіле қарады. Оның қаһарынан қорықпай, бізге бұндай адам хан болуға тиісті емес деп өктем-өктем сөйледі. Лепірген, қорланған, намыстанған жұрт, ақырында өзінің сүйікті батырлары Найман Қаптағай мен Алшын Оңайды Қасымға жіберді. «Не Бұрындықты елімізді шапқан, ұл-қызымызды құлдыққа, күңдікке тартып әкеткен қас-жауымызбен ауыз жаласуын тоқтатсын. Не хандығын тастатып өз жайына кеткізсін» деді. Халық ашуы қарғыстан да жаман… Дәшті Қыпшақ Ордасына түйілген бүліншіліктің тағы да бір қара бұлты шоғырлана түсті.

Қазақтың көп аулын шауып, мал-мүлкін талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін өзіне қарсы қойған Мұхамед-Шайбанимен дәл бүгін құда бола қалудың қауіпті екенін айтып Бұрындықты көндіре алмаған Қасым, келген батырларды тік тұрып қарсы алды.

— Ел-жұртымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін қорлаған Мұхамед-Шайбанимен Бұрындық ханның құда түскені бізді қорлағаны. Хан не қыздарын бермесін, не бізден кетсін, — деді халықтың сөзін сөйлеп қарт Қаптағай батыр.

— Сонда сіздер ханның қыздарын бергеніне қарсысыздар ма, әлде бітім жасағанына қарсысыздар ма?

— Екеуіне де қарсымыз. Хан халықтың көзі. Олай болса хан қыздарын ежелгі жауымызға бере алмаса керек-ті. Ал бітім жасайтын болса, Мұхамед-Шайбани хан талаған мал-мүлкімізді, құлдыққа, күңдікке әкеткен ұл-қызымызды қайтарсын. Хан лашкарларының сойыл-шоқпарынан күнәсізден күнәсіз қаза тапқан мейірбан ерлеріміздің құнын төлесін. Сонда бітімге отырамыз. Ал қыздарын Мұхамед-Шайбанидың інілеріне қосып, бітімге келдім деп бізді қорламасын. Бұндай бітім бізге керек емес. Егер біз тілеген бітімге Мұхамед-Шайбаниды көндіре алмаса ерікті өзімізге берсін. Ақ найзаның ұшымен, қас батырдың күшімен ол кәззапты өзіміз көндіреміз.

— Сонда тағы соғыспақсыңдар ма?

Жаратылғалы соғысып келе жатқан жоқпыз ба? Бұрын ханға еріп соғыссақ, енді халық болып соғысамыз. Жеріміз, суымыз, намысымыз үшін бүкіл қазақ болып көтерілуге бармыз.

— Хан бұл тілектеріңді қабылдамайды.

— Онда ханды біз де қабылдамаймыз. Көшсін бұл арадан.

— Қайда көшеді?

— Құдасы Мұхамед-Шайбани жеріне.

Ел абыройына нұқсан келтіріп қайтесіңдер. Хан адасса да халық адаспау керек. Қыздарыңды бердің деп Бұрындықты елден қусаңдар, Мұхамед-Шайбанимен жасасқан бітім-шартын бұзған боламыз. Айып Мұхамед-Шайбанидың өзінен болсын. Шартты өзі бұзғанша шыдауымыз керек. Ал шартты Әбілқайыр бөлтіріктері алдымен бұзатынына дау жоқ. Оларға бұл шарт Түркістан мен Мауреннахрды алғанша ғана керек. Содан кейін қанды аузын бізге салмақ. Аталары Әбілқайыр билеген Дәшті Қыпшақты қайтарып алмай көңілдері көншімейтіні хақ.

— Біз де солай ойлаймыз. Мұхамед-Шайбанимен арамыз тым алшақ жатыр. Бір мықтап қан төгіспей екі жақтың дауының бітуі мүмкін емес. Хан бұны неге түсінбейді?

— Хан бұл арада шолақ ойлап отыр. Ал біздің борышымыз сонау келешек айқасқа осы бастан дайындалу. Қапы қалмауымыз керек.

— Сонда Бұрындықты қайтеміз?

— Екі бірдей қызын беріп отырған құдасымен алысуға Бұрындық қазір бара алмайды. Ол бұл тартыстан шығуы абзал. Майданға өзіміз дайындаламыз. Ал Бұрындық өз қатесін өзі түсініп, халқымен бір болғысы келсе, хан абыройын сақтап Арқа жеріне, не Сарайшыққа көшеді.

— Дұрыс айтасың. Ал Бұрындық көшпеймін десе?

— Көп қорқытады. Егер өзіне пайдалы шешімнен бас тартса, өз обалы өзіне!

Ертеңіне Қасым сұлтан басқарған бір топ ру бастықтары хан аулына келді. Бұрындыққа хан абыройын сақтап қалу үшін өздерінің шартын айтты.

Бұрындық хан шу дегенде бұлқан-талқан боп ашуланды. Бұл бүлікті шығарып жүрген сенсің деп Қасым аулын шауып алмақ та болды. Әйтсе де әрі тулап, бері тулап, қазақ батырларының темір тегеурініне шыдай алмай, Сарайшыққа көшпек боп пәтуаға келді.

Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған «Жалғыз көз» батыр бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді. «Жалғыз көз» батырдың бұл қылығына сүйсінген қалың бұқара қайтадан дүрлікті. Бірақ ол бір түнде жоғалып кетті. Басшыларынан айырылған кілең жыртық тымақ, жаман шекпен кедейлер ру батырларының айтқанынан шыға алмай тартыс іркіліп қалды, тұтаса жауыққан жұрт қатары жүдеп, халық қозғалысы енді лажсыз кібіртіктей бастады.

Екі апта өткеннен кейін Бұрындық хан жеті қатыны жеті ауыл болып, ырғалып-жырғалып Сарайшыққа көшті. Бірақ ол бос көшпеді. Малын шапқан «Жалғыз көз» батырды хан алтынына сатылған екі арамза серігі Бұрындыққа ұстап берген. Жұртқа таралып кеткен малын қайтара алмайтынын білетін хан «малымның өшін өзіңнен алармын» деп сырт көзден тасалап «Жалғыз көз» батырды қол-аяғын шынжырлап, тулаққа орап өзімен бірге ала көшті.

Бұрындықтан іргесін алыс сала бастаған Жәнібек балалары хан Ордасынан алыс отырайын деп Шу бойында қалды. Күз әкелерінің ескі қонысы Қараталға көшіп келді. Қыстауына жеткен күннен бастап Қасым сұлтан бұл арадағы қазақ руларының басын қосып, сонау болашақ айқасқа қамдану әрекетіне кірісті…

Қасым сұлтанның болжағаны дұрысқа шықты. Мұхамед-Шайбани хан аз жылдың ішінде дегеніне жетті. Самарқант, Бұқар, Андижанды билеп отырған әбусейіт ұрпақтары мен Ташкент, Сайрам уәлиеттерін билеп келген моғол Сұлтан-Махмұт ханның араларындағы наразылықты пайдаланып, Сұлтан-Махмұт хан берген бес мың әскерді өз әскерімен қосып, ең алдыменен Самарқант, Бұқар, Андижанды алды. Содан кейін барып, Жағатай әскерін өз әскеріне қосып күшейтіп, Ташкент уәлиетіне ауыз салды. Ташкент, Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін әбден өзіне бағындырғаннан кейін, Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Хорезмді шапты. Сөйтіп Мауреннахр, Түркістан өлкесін тегіс жеңіп болып, енді Дәшті Қыпшақты жаулауды ойлана бастады.

Мұхамед-Шайбанидың жиһанкерлік әрекеті мінекей осылай, Қасым сұлтан ойлағандай боп шықты. Мұхамед-Шайбани хан елу мың атты әскерімен Созақ пен Ұлытауға аттануға дайындалып жатқанын естіп, Қасым сұлтан Қаратаудан қайтадан Шу бойына көшіп келді. Бұл кезде Бұрындық хан Сарайшықта болатын, абыройын айрандай төгіп алған ханның құр «хан» деген аты ғана қалған, бүкіл билік әскер басы Қасымға көшкен.

Қасым Шу бойына көшіп келісімен, «бәлем, сені ме!» — деп Мұхамед-Шайбаниға әбден өшігіп алған қазақ халқына дабыл қақты. Мұхамед-Шайбанидың достық шартын бұзып Ұлытау мен Созақты шапқалы жатқанын хабарлады. Егер Созақ пен Ұлытаудан айрылса Дәшті Қыпшақтың басқа жерлерін қорғап отыра алмайтындарын түсіндірді. Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептәуір тынығып қалған Дәшті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды. Ұран салып топтанып, ру-ру боп өздерінің батырларының жанына жинала бастады. Дәл осы кезде Мұхамед-Шайбани елу мың атты әскермен Қорасанға аттанды. Ташкент уәлиетін билеп тұрған Сүйіншік сұлтанды жиырма бес мың адаммен Ұлытауға жүргізді. Рабиу-Бегімнің екінші баласы, Түркістан уәлиетінің осы кездегі әміршісі Күшкінші сұлтанды отыз мың әскермен Созақты алуға жіберді. Мұхамед-Шайбани бұл уақытта әбден күшейіп алған. Ол енді бұрынғыдай қалаларды біртіндеп алу саясатынан бас тартқан. Өз күшіне өзі сенген әміршінің ғұрпыменен оңтүстігі мен солтүстігіндегі екі елді бірден жаулап алуға кіріскен. Бірақ Мұхамед-Шайбани хан Қорасанда жеңіске жеткенмен, Созақ пен Ұлытауда сәтсіздікке ұшырады.