Страница 67 из 74
Мұхамед-Шайбанидың бағы күннен-күнге көтеріле түсті. Шайх-Хайдар қаза тауып, Әбілқайыр Ордасы құлаған кезде әрқайсы өз ұлыстарына, шаһарларына, уәлиеттеріне тарап кеткен баһадурлар, әмірлер, бек, мырза, сұлтандар қайтадан Мұхамед-Шайбани маңына жинала бастады. Мұны көрген Яссы қаласының хакімі Мұхамед-Мазит-тарханның зәресі енді шын ұшты. Айбақ хан мен Ахмед ханнан қорқып, сонау Астраханьнан қашып келген Мұхамед-Шайбаниға құшағын жайып құрмет көрсеткенінде, ол қойнына қандай шұбар жыланды салып алғанын енді түсінді. Мұхамед-Мазит-тархан қойнына өзі салған осы жылан қанша кішкентай, әлсіз болғанмен де, өзінің қан құмарлығын істеді. Он-он бес жылдың ішінде қауырт өсіп, кәдімгі он кез қара шұбар айдаһарға айналды. Енді Мұхамед-Мазит-тарханның қойнына сыймақ түгіл, өзін жұтуға ыңғайланған жайы бар. Айдаһардың алғашқы ысқырынуынан зәре-құты қалмаған тархан жанымды қайтсем сақтап қаламын деп, жедел шара қолдана бастады. Егер дер кезінде Мұхамед-Шайбаниды тоқтатпаса, бір күні, әбден күшейіп алғаннан кейін, Яссыны да тартып алатынына шек келтірмеді. Ол ең алдыменен жанындай жақсы көретін он төрт жасар кенже қызы Ғибадат-Бегімді, қасына бірнеше батыр нөкерлерін қосып, баласы Күлмұхамед-тарханмен бірге, Самарқантқа жүргізеді. Бұл көшпен бірге бар қымбатты дүние-мүлкін де жіберді. Түркістан уәлиеті бұрынғы дәстүрі бойынша әлі де Темір Ордасына бағынды. Ал Самарқант болса, бұл Орданың астанасы. Тархан Самарқантты күшті санайтын. Қызы мен баласы, дүние-мүлкі Самарқантта тұрса, Мұхамед-Шайбанидың қолы жетпейді деген пікірге келген. Сол себепті де көшті тезірек жүргізуге асыққан. Бірақ бұл көштің шыққанын Мұхамед-Шайбани жағының адамы Маңғыт Орыс бек естіп қалады. Жиырма батыр, екі жүз сыпаймен келіп шабуыл жасайды. Күлмұхамед-тархан қасындағы серіктерімен жан аямай жауымен ұрысады. Бірнеше адамды найзалап өлтіреді. Бірақ ақырында жеңіліп, өзі қашып құтылады.
Орыс бек Мұхамед-Мазит-тарханның қызы мен дүние-мүлкін Мұхамед-Шайбаниға әкеп тапсырады. Жауының дүние-мүлкін хан бұл ұрысқа қатынасқан Орыс бектің жігіттеріне бөліп береді. Ал Мұхамед-Мазит-тарханның бар мал-мүлкінен қымбатты, ең асыл қазынасы әлі құрық көрмеген құлындай асау қызын, түкті кеудесінің астына салып, бесінші қатыны етеді.
Бұл қорлыққа шыдай алмаған Мұхамед-Мазит-тархан Бұрындық хан мен Жәнібектің балаларына бірігіп Мұхамед-Шайбаниды шабайық деп кісі салды. Бұрындық пен Қасым бұл тілекті қабыл алды. Мұхамед-Мазит-тархан үшеуі кеуделеріне құран басып, күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұрып, Түркістан уәлиетінен қумақ боп ант берісті. Содан кейін олар қалың қолмен келіп Сауранды қоршады. Жақында ғана бұл қалаға әмірші болған Махмуд-Сұлтан қала бекінісін жедел күшейтуге кірісті. Бірақ бұл кезде Қасым сұлтанның ақылы бойынша Мұхамед-Мазит-тархан кешегі өзінің баласы Күлмұхамед-тархан билеген Сауранның қала басшылары — ақсақал, бек, рабат ұстайтын белгілі адамдарына, қаланы бүлдірмей, қан төгіспей берсе, көп жақсылық істейтінін айтып хат жазды. Ақсақалдар жасырын жиналып, Сауран бұрын қазақ хандарынікі еді ғой. Бұрындық ханға берейік деп шешеді. Бұндай құпия сырдан хабары жоқ Махмуд-Сұлтан қамал басында шаруа істетіп жүргенінде, ақсақалдар бірнеше сыпайлармен келіп, тал түсте оны тұтқын етеді де, қала қақпасының кілтімен бірге Сауранды шапқалы келген Қасым сұлтанның қолына тапсырады. Бұрындық хан мен Қасым сұлтанның арасындағы қырғи қабақтық міне осы Махмуд-Сұлтанның қолға түсуінен бастап бұрынғысынан да шиеленісе түседі.
Қасым сұлтан мен Мұхамед-Мазит-тархан Сауранға кіргеннен кейін, Ақ Орданың бір кездегі екінші астанасын қайтып алғандарына шаттанып, жеңіс тойын тойламақ болды. Бұл тойға Бұрындық хан да келді. Қырмызы кілемге бөленген Махмуд-Сұлтанның диван сарайына орналасып, ақ мамық жастықты шынтақтай, күміс тай кесемен кестамды[54] сіміріп отырып, өзінің өр мінезіне салып, ол нөкерлеріне лепіре:
— Махмуд-Сұлтанды алып келіңдер, — деп бұйырды.
Махмуд-Сұлтанның орнына әмір-эль-умера Қасымның өзі келді.
— Махмуд-Сұлтанды неге әкел дедіңіз, тақсыр хан? — деді Қасым, ханға диван дәстүрімен тәжім етіп болғаннан кейін.
— Тыныш жатқан қазақ елін шапқан да Махмуд-Сұлтан батыр ғой, — деді Бұрындық Қасымға жауар бұлттай түйіле қарап. — Батырлық әлде қатындық мінез көрсетер ме екен, көз алдымда оның басын алдыртайын деп едім.
Қасым даусын көтермей салмақты үнмен жауап берді.
— Басыбайлы сатып алған құл, не болмаса құнсыз кетер қан майданда кездескен ұл емес қой Махмуд-Сұлтан… Ол Әбілқайыр ханның немересі, Махмуд-Шайбанидың жалғыз інісі. Оның басын алу үшін Тағанақ кеңесі жиналмаса да, Тұрымтай кеңесі жиналуы керек.
Құлаған тезек қаптай боп, дөңкиіп ақ мамық жастықты шынтақтай жатқан төртбақ Бұрындық, кенет тез қимылдап шарт жүгініп отыра қалды. Қалың қабағы түксиіп, қанды көзі шатынап:
— Махмуд-Сұлтан үшін Тағанақ кеңесі де, Тұрымтай кеңесі де мына мен өзіммін, — деді ол.
Қасым әлі де болса ашуын баса, өзін-өзі тежей сөйледі.
— Олай болса, марқабатты тақсыр хан, менің де әмір-эль-умера екенімді есіңізге алсаңыз деймін. Махмуд-Сұлтан менің олжам және менің шешем Жағанның апасы Аққозы-Бегімнен туған бөлем. Білгіңіз келсе, менің екі туып бір қалғаным…
«Иә, солай екен ғой» дегендей Бұрындық төмен қарады. Енді оның даусы сәл сылбырлау шықты.
— Сонда не қыл дейсің? Мойнында қазақ батырларының талай қаны бар Махмуд-Сұлтанды босатып жібер демексің бе!
— Босатып жібер деп отырғам жоқ. Бірақ Махмуд-Сұлтанның тағдырын шешу үшін Хан Кеңесі керек демекпін. Ал қазір Хан Кеңесін шақыратын мезгіл емес! Менің ертөлелерім әкелген хабарлар бойынша, Мұхамед-Шайбани қазір Яссы шаһарын қоршап алған көрінеді. Мұхамед-Мазит-тархан дер кезінде қаласына қайтқан. Яссы шаһары мықты бекініс. Мұхамед-Шайбани оны оңай ала алмайды. Хан о жақта әуре боп жатқанда, біз қан төкпей Отырарды басып қалуымыз керек. Ертең аттанғанымыз жөн.
Қасымның оп-оңай тағы бір мединаны аламыз дегені Бұрындыққа ұнады. Бірақ өзінің қайсар мінезіне салып:
— Жақсы, Отырарға аттануға дабыл қақ, — деді. — Демек есіңде болсын, Махмуд-Сұлтан мойынына түскелі тұрған қыл шылбырдан бәрібір құтыла алмайды.
— Оны дер кезінде көрерміз.
Қасым сұлтан басын иіп ханға құрмет көрсетті де шығып кетті. Бұрындық өз дегені болмаса, бөтеннің айтқанына көне бермейтін. Ал Қасымның сөзіне тіпті көнгісі келмеді. Енді бір ыңғайы түскенде ол әскер басы етіп өзінің екі ағасы мен бір інісінің біреуін қоюды ойлай қалды. Түбі Қасыммен тату-тәтті бола алмайтынын да білетін. Қазір Бұрындық «Қасымнан қалай тез құтылам» деп бір тұңғиық қайғыға бата берді.
—Қасым өз сарайына келгеннен кейін батыр Саянды шақырып алды. Жәнібек өлгеннен бері батыр Саян сұлтанның ең сенер досы, жақын адамы болып ал- ған. Қауіпті, құпиялы іске Қасым тек батыр Саянды ғана жұмсайтын. Қандай қиын тапсырма болса да, анау оны бұлжытпай орындап келген.
— Жиен аға, — деді сұлтан өзінің дәрежесіне қарамай, ананың төрт-бес жас үлкендігін есіне ұстап, — тағы бір қауіпті істі тапсырғалы тұрмын.
— Туғалы қауіпсіз бір күнім өтіп көрген жоқ, тапсыра бер.
— Тапсырсам… — Қасым сәл күмілжи сөйледі, — бұл ара Махмуд-Сұлтан- ға қатерлі… Оны Созаққа апарып, біз Отырардан қайтып келгенше тұтқын етіп ұстау керек…
Енді батыр Саян күмілжи сөйледі.
— Қиын іс екен… Махмуд-Сұлтанды Созаққа апару — ажалына апарумен тең ғой. Созақ ағаңыз Махмұт-Сұлтанның қолында ғой. О кісі бетін Махмуд-Сұлтанның қалай жаралағанын ұмыта қойды ма екен?
— Жекпе-жекте болған іс кекке айналмауы керек.
— Ет жарасы біткенмен, ер жарасы оңай біте ме?..
Егер Махмуд-Сұлтанды сақтай алмай қалсам қайтем?
— Сақтау керек. Нағашы апам Аққозыдан туған Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға өздері маған бірінші боп ажал ойлағанша, менен жамандық болмайды деп анама берген антым бар.
— Жақсы. Антыңды адал сақтауға қолымнан келгенімді аямаспын. Бірақ шеше жағынан сендерге жиен болғанмен, әке жағынан Рабиу-Сұлтан-Бегімнің інісі екенімді білмейсің бе?
54
К е с т а м — көне түркі елі дайындаған ішімдік.