Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 2 из 28



Тура биде туған жоқ демекші, қазағымның атауы мен тарихын ақ қаз бен қашақ ұғымдарына теңеп, көпе-көрнеу қате пікір айтқандар мен ұстанғандарды шындық үшін бетің бар, жүзің бар, атың бар, затың бар демей жаңсақ тұжырымдарын ащы да болса бетке басып, дәлелдеп айтуға тура келді. Осы ретте аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалым Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосыла отырып, бұл жайында толық болмаса да білгенімізше біраз дәйекті дәлелдер мен мәліметтер келтірдік.

Бұл қазақтың қалай қазақ болғандығын бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та тауыса алмайтындығымыз екібастан түсінікті. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен зерттеу орындары, басалқалы үлкен ғалымдар бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысы деңгейінде шешілуі тиіс шара екендігі анық. Сондықтан ниетіміз тиісті орындарға тек ой салып, пікір тастау ғана болып отыр. Ал Қазақ хандығы жөнінде жазу себебіміз тарихымыздың 400 жылдық тай қазанында халқымызды ұлт қылып ұйытып, шымырдай шынықтырып, тау көтерген Толағайдай тәрбиелеп шығарған түрлі тарихи-әлеуметтік жайттар мен тар жол, тайғақ кештірген қилы-қилы оқиғалар, солардың басы-қасында болған тарихи тұлғалар жайлы жас ұрпақ шежіремізден қысқаша болса да мәлімет алуы керек ғой деп ойладық.

Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып жаздық. Сөйтіп оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырыстық. Мұны 3 бөлімде бердік. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстандық. Сөйтіп жас ұрпаққа тарихтың келелі тұстары мен айтулы оқиғаларын ықшам болса да жүйелі түрде тездетіп, төтелетіп қабылдауына мүмкіндік жасадық. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?"деген 4 бөлімнің бас жағында баяндап өттік.

Ер жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар болса, бұл үшеуі қазақтың үш жүзі мен жүздерге кірмейтін өзге топтарынан шығуы мүмкін екендігін ескере отырып, Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 бөлімдерде қысқаша болса да мағлұматтар беріп кеттік.

Әлбетте, Кіші жүз тақырыбы мен оның рулар бірлестігіне 8 бөлімде біршама тереңірек тоқталдық. Оның ішінде өзіміз өрбитін Әлімұлы бірлестігі бойынша, сөз жоқ, бар білгенімізді ортаға салдық. Оның құрамына кіретін басты рулар мен аталарды түгел атап өттік, оларға қатысты жазылған тарихи деректер мен аңыз, уақиғаларды толық дерлік келтірдік. Әрқайсысының шығу тарихына, алып жатқан жағрафиялық орындарына, кезінде белгілі болған түтін сандарына, таңбаларына жеткілікті түрде тоқталып кеттік.

Басты проблеманың бірі – көп авторлар мұндағы Алты ата Әлім мен Әлімұлы бірлестігіне қатысты түсініктерді, олардың құрамына кіретін аталық атауларын еңбектерінде әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүр. Осыған орай 9 бөлімде бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп, сараптап, сұрыптап жазып беруге тырыстық.

Ал әңгіме Алты ата Әлім мен Әлімұлы жайында болып отырғасын әулетіміз солардың сапынан шыққан аттары алты алашқа әйгілі болған өзінің айтулы ұлдарын білуі керек деп, төртқарадан өрбитін, Самарқанның жеке-дара билеушісі, атақты Жалаңтөс баһадүр мен оның ұрпағы кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның бас кеңесшілерінің бірі болған Әйтеке би тарихына шежіреміздің 10 бөлімінде аз-кем болсын тоқталып өттік.



Кете руының тақырыбы 11 бөлімде кеңінен әңгімеленді. Әлімұлына кіретін шөмекей руы, әлбетте, әңгімеміздің басты тақырыбының бірі болғасын шығу тарихына терең де жан-жақты талдау жасай отырып, оны 12 бөлімде етек-жеңін кең етіп бердік. Осы орайда көне де, жаңа да дерек көздерінен мәліметтер келтірдік. Оларды саралап, салыстыра қарау барысында оқырманға ой саларлық, қызғылықты, тың қорытындылар келтірдік. Солардың бірі – шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, ал екіншісі – Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шу хақан хикаясы шөмекей тарихымен байланысты қарастырылады. Мұның шөмекей тегін одан әріге, сонау ықылым замандағы тарих қойнауларына ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтірдік.

Әлбетте, шөмекей жайында келтірген бұл деректеріміз бұрын-соңды еш жерде айтыла да, жариялана да қоймаған соны тұжырым, байламдар екендігі анық. Осы ретте шежіреші тек өткен-кеткенді теріп жазушы жай жылнамашы ғана емес, деректер мен мәліметтерді саралай, салыстыра келе тың шындық бетін аша алар зерттеуші де екендігін ескертіп, есіңізге сала кеткіміз келеді. Төрт таңбалы шөмекей тамғасына талдау жасаған кезімізде де осылайша оны саралап, ой елегінен өткіздік. Оны оқушы қауым шежіреміздің "Тамға" тақырыбына жеткенде өзі-ақ жете оқып, зейіндей жатады.

Осылай жалпыдан жалқыға қарай жылжи отырып, шөмекейден берідегі аталарымыз жайлы баяндайтын деректер тұсына да жетеміз. Шөмекейден өрбитін 4 ата–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек ұрпақтарын білгенімізше толық тарқаттық. Бозғыл ұрпақтарын Келдібай бабамыздан бастап, аты әйгілі сарықасқа Келменбет бабамызға жеткенше ірі аталардан ешқайсысын қалдырмай түгел келтіруге тырыстық. Өйткені ағайын, туысқандай болып жақын араласып жүрген дос-жарандар баршылық ғой, сұрай қалса солармен ара қашықтығымызды жаңылмай дұрыс ажырата, айта білуіміз үшін керек ғой деп санадық.

Жеті ата тақырыбында атап кеткен тек пен түп ата, түп бабаларымыз жайлы баяндарда деректерімізді неліктен көбіне олардың отан қорғау жолындағы батырлық істері мен шешендік, даналық сөздерін насихаттауға құрғанымыз бәрімізге түсінікті ғой ойлаймыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың жалынды патриоттық істері мен жеке бастарына тән бірегей қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ретінде қалдырғымыз келгендігі. Келменбет бабамыз жайлы хикаяларымыз солардың бірі. Оны да өз алдына дербес, 13 бөлімде баяндап бердік.

Бұл үшін бабамыз туралы жазған Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресін тауып оқып, пайдаландық. Ол кісіге бұл үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал өз шежіремізді жазарда жатпай-тұрмай іздегеніміз осы Келменбет батыр жайлы көп бұрындары жазылған жыр-дастан еді. Таба алмай көп қиналдық. Мұның басты себебі – авторын, қай жылы, қандай атау, тақырыппен жазылғандығын біз ғана емес, сұраған өзге кісілер де білмейтін болып шықты.

Бірақ сұрай-сұрай Меккеге де жетесің дейді ғой халық. Сырдың Рашид деген сарықасқа жігіті өтінішіміз бойынша осы дастаны бар шежіреші кісіні ақыры табады. Хабарын күтіп, қуанып қалғанбыз.Бірақ өкініштісі әлгі адам сөйлесе келе дастанның көшірмесін түсіріп алу үшін алдына қиын шарт қояды. Ол бұған кезінде қордаланып, өтпей қалған, дастан жазылған басы артық шежірелерін түгел сатып алуды ұсынады. Шежіресінің біреуін, мейлі екеуін, мейлі үшеуін сатып алуға болар еді, бірақ бәрін емес ғой. Әу, бабамыз жайлы жазылған дастанымен тегін бөлісудің орнына оны қып-қызыл саудаға салып, әкесінің құнын сұраған мұндай да жан болады екен ғой деп әлгі бауырымыз қатты ренжіп, онымен әрі қарай сөйлесуден бас тартады. Бірақ абырой болғанда, атын, авторын білмесек те ғаламтор мұрағатын соқыр адамша күні-түні түрткілеп іздеп жүріп, ақыры құдайға шүкір, әлгі дастанды бір шежірешінің жинағынан кездейсоқ болсын әйтеуір таптық-ау. Аруағы разы болсын, оны 1946 жылы марқұм метей сарықасқа Молдахмет Дабылұлы деген ақын кісі жазыпты. Бұл туралы шежіремізде мағлұматтар келтірдік.