Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 13 из 28



"Шәһзатты қазірет,

Жарылқаушы құдірет,

Қызылбас басқа,

біз–үмбет",-

( Бұл да сонда. І т. 51 б.).

деген жыр жолдары қызылбастардың (парсылықтар) бұлар сияқты Қазақ ұлысына кіретін түбі бір түркі тайпасы емес, ділі мен діні бөлек бөтен жұрт екендігін тағы бір аңғартады. Халқымыздың ұмытылмас ақиық, саңлақ ақыны Жұбан Молдағалиев өзінің көпке танымал, кезінде елұранымызға да арқау болған, тау суындай сарқыраған рухты өлең жолдарымен «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қатулана жырлағанда қазақ халқының тап осылайша бірде бірігіп, бірде ыдырап, басынан сансыз көп қысылтаяң, қиын шақтарды өткізген тарихи жағдайын меңзесе керек.

Тарихтың дәл осындай сын сағаттарында Қазақияның құрамынан оның біраз ру-тайпалары біртіндеп шығып, жаңа қоныс іздеп, көшіп отырған. Кезінде черкестерге де, қарашайларға да, балкарларға да, құмықтарға да, ноғайларға да осылай істеуге тура келген. Бірақ біз жақсы білетін бір жайт Қазақияның құрамына бірі қалмай кіріп, басқа түссе баспаққа дегендей, басқалар көшіп жатса да олар көшпеген, сол бағзы заманнан осы күнге дейін атын да, затын да сатпай, атауы аңызға айналған қоныс орнын да өзгертпей, біздерге мен қазақпын деп жеткен бірден бір тайпалар дені алшын мен қыпшақ, қаңлы тайпалары екендігі ендігі жерде ешбір күмән туғызбайды. Жоғарыда келтірілген фактілер мен бұл рулар Қазақстанның сол кездегі Қазақияға қараған батыс, оңтүстік-батыс аймақтарын күні бүгінге дейін мекендеп отырғандығы соның айқын айғағы.

Сонымен Қазақияның қасиетті қарашаңырағы бүгінгі қазақтардың ішінде алдымен соларға бұйырып, ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін оның атын, ділін, тілін сақтап, ошақтағы отын өшірмей жеткізу алдымен солардың еншісіне тиіпті, Қазақия құрамына алдымен кірген де, алдымен қазақ атанған да сол ру-тайпалар деуге әбден болатын сияқты.

Мана әңгімеміздің арасында арқаның арғындары да алшындармен бірге Алтайдан асып келген ру-тайпа екендігін тілге тиек еткенбіз. Өйткені Алтайдан бізге дейін созылған Ресей жерінде сақталып қалған жағрафиялық топонимдерден оларға да қатысты аргу, яргу тәріздес қоныс атаулары ұшыратылған еді. Бірақ олар алшындармен бірге Алтайдан асқанымен, батысқа қарай жылжып, Қазақияны құруға қатысты ма, әлде көш басын сол арқа жеріне тіреп, сонда табан тоқтатып қалып қойды ма ол жағын біз білмейміз. Бұл жөнінде бізде ақпар жоқ.

Бірақ арғындардың Алтайдан асып, арқа жеріне жетіп, тоқтағандары жөнінде жазба деректер де бар. Арқадағы арғындар жөнінде атағы төрткүл дүниеге мәлім әйгілі жиһангер, ғалым Марко Поло да, шығыстанушы, Орта Азия мен Қазақстан тарихын жете зерттеуші белгілі ғалым Н.А.Аристов те жеткізе жазды. Ал аты шығыс елдеріне мәшһүр ғалым В.В.Бартольд еңбектері мен Қазақ Совет энциклопедиясында бұл турасында: "Тарихи мәліметтерде А. аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғун, Тағ-Ғун. Мұндағы Ақ-Ғун, Аруғ-Ғұн–екеуі бір мәнді сөз. Мұндай аттар ежелгі тайпалар арасында жиі кездеседі… Әл-Бируни мен Ауфидің көрсетуі бойынша, Ғұн (Құн) одан бұрын Алтай тауының төңірегінде, Обь өзені бойында болған. Кайы (Оғыз) тайпасының Батысқа қарай жылжуына байланысты Ғұндар да қозғалып, "Сары" деген жерге келіп орналасады. И. Маркварттың зерттеуі бойынша, бұл уақиға 7 ғ-да болған. Ғалымдар "Сары" деген жерді Монғолиядан, Қашғариядан, Түркмениядан іздеп таба алмаған. Ғұндардың Ертіс бойындағы қыпшақтарды ығыстыруына қарағанда, олардың келіп тоқтаған жері Сары [Арқа] екені байқалады. Ауфидің жазуы бойынша, бұл геогр. атау сол кезде-ақ қолданылған (Бартольд В.В., Соч., т. 5, с. 395). Дешті Қыпшақта (Сарыарқада) жасаған А-дар Қыпшақ тайпасымен көршілес отырады. Қазақ шежіресі де солай дейді",-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1972 ж. 1 т. 450–451 б.б.). Бұлар басқа жағын болмаса да арғындардың Алтайдан асып келгендігін дәлелдейтін деректер.

Бүгінде Ресейдің құрамына кіретін Алтай өлкесінен берілетін кабелді телеарна хабарларын тамашалай қалсаңыз, оның халқының түр-түсі, киім-киісі, той тойлайтын әдет-дәстүрі, шаруашылық тірлігі, мереке күндеріне арнап тігетін киіз үйлері, айтатын ән ырғақтары мен сөйлеу мәшіні біздікіне өте ұқсастығымен қатты таңқалдырады. Сөз жоқ, бұл сонау әлімсақ заманда Алтай жерінде қалып қойған өзімізге туысқан тайпалар жұрнағы екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Ел арасында жиі айтылып жүрген «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген Тынышбай Рақымның әні де кезінде сол жақтан келген туысқан ару қызға арналған әсем ән екендігі күмән туғызбайды. Бұл да біздердің, қазақтардың дені Алтайдан асып келген халық екендігімізді растайтын тағы бір дәлел.



Сонымен сөзімізді түйіндерде жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, көне Қазақияның қарашаңырағы кезінде одан бөлініп кеткен бүгінгі черкес, қарашай, құмық, балкар, кабарды, абазиндер емес, одан қалған тәбәрік–Қазақияның байырғы қазақ атын бүгінге дейін ұмыттырмай жеткізген, кейін ұлы жүз–Үйсін, орта жүз–Арғын, кіші жүз–Алшын деп үш тарау ел болып біріккен біздер, бүгінгі қазақтар дегіміз келеді.

Бөліп-жарып айтатын несі бар, қазақпыз деп отырған осы алшындар мен Жетісу, Сарыарқаны ес білген ежелгі кезден мекен еткен ұлы және орта жүз тайпалары қазақтығымыздан бұрын да бір кездері шекарасы Алтайдың арғы жағынан Каспий жағалауына дейін созылған, тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бір, атақты Фирдоуси «Шаһнамасында» жырлаған, әйгілі Апрасиаф (Алып тұлға) баһадүр билеген Ұлы Тұран мемлекетін құраушы, о бастан-ақ туысқан, түркі қандас, бір ұлыстың жұрттары болғандығы еш талас тудырмайды. Қазахия, біздіңше, осы Тұран мемлекеті ыдырағаннан кейін құрылған Түрік, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш қағанаты секілді көп бірлестіктердің бір сынығы.

Қазақтың біртуар, мұзбалақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың атақты «Түркістан» атты өлеңінің мына жалынды жолдары да байырғы қазақтардың Ұлы Тұраннан қалған қарашаңырақ екендігін айғақтайтын жыр тармақтары екендігінде дау жоқ:

Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?      

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?

«Түркістан». Шығармалары. "Жазушы" баспасы. Алматы. 1989 ж., 173 б.

Сонымен жоғарыда келтірілген деректер, оның ішінде Қазахия құрамына кірген көне ру-тайпалар атауының бүгінгі қазақ елі құрамындағы заманауи ру-тайпалар атымен сәйкес келетіндігі, солардың ру-тайпалық таңбалары мен бүгінгі біздердің ру таңбаларымыздың бір-біріне судың егіз тамшысындай ұқсастығы көне Қазақ ұлысы мен бүгінгі Қазақ мемлекетінің туысқандығын танытатын, ежелгі «Қазақия» өзге мемлекет емес, бір кездері өз бабаларымыз құрған ел, біз ұлт атауын содан алып қалғандығымызға айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер.

Ендеше, «Қазақия» еліміздің сонау замандардағы бастау бұлағы болса оның тарих аренасынан алғаш көрінген уақытының да біздер үшін аса маңызды дата екендігі өз-өзінен түсінікті. Бұл Қазақстан кеше ғана құрылған мемлекет емес, мыңжылдық тарихы бар көне өркениетті ел екендігін растайтын дерек. Бірақ мұның байыбына барып, ойланып жатқан шенеунік, ғалымдарымызды көрмедік.

Оларға бәрібір сияқты. Тіпті кейбіреулері бұл мәселені шешуге келгенде кежегелері кейін тартып жүр. Тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қиянатұлының «Біз тарихтан қазақтың өз орнын іздеп жүрміз» деген «Жас алаш» газетінің 2005 жылғы 112 нөмірінде берген интервьюнде: «Қазақтың тегін сақтардан бастап қарастырған дұрыс дегенді қытайлық ғалымдар айтып келеді. Моңғолдар біздің халықты ХII ғасырда-ақ «Қайсақтар» деп атаған, қазір де солай ойлайды. Өзіміздің қазақ тарихшылары Қазақ мемлекеттілігін 14651466 жылдардан асыра алмай жүр, қайсыбірі тіптен асырғысы да келмейді», - деп таусыла сөйлеуінің түп төркіні, міне, осында жатыр. Ғалымның мұнысын қазақ атауы мен тарихының өте әріден бастау алатындығын әлі күнге дейін мойындамай келе жатқан билік пен ресми ғылыми орындарға деген қынжылысы, өкініші, жанайқайы деп түсінуге де болады.