Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 11 из 28



Ғалым кавказдық Черкештерде Қылыш атасының бар екендігін және олардың өздерін алшындармыз яғни қазақпыз деп атайтындығын, сол сияқты қазақтың Байұлы тайпалар бірлестігінде де осыған ұқсас Шеркеш руының және оның Қылыш аталығының бар екендігіне тоқтала келіп, мұның әсте кездейсоқтық емес екендігін айтады.

Черкештер Кавказдың ежелгі тұрғындары емес, оған өте ертеде Алтайдан қоныс аударған ру-тайпалар қауымдастығы екендігі жөнінде өз еңбектерінде тіл ғылымын зерттеуші С.Аманжолов та («Қазақ тіліндегі диалектология және тарих мәселелері». 41 б. Алматы. 1959 ж.), тарихшы И.Е.Фишер де («Сібірдің ашылуынан бастап бұл жерді орыс қаруымен жаулап алғанға дейінгі орыс тарихы», Спб. 1774 ж. 57–58 б.б.) егжей-тегжей айтып кетеді. Өзіміздің кешегі өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, кең танымал ақын, жазушымыз Сәкен Сейфуллин де шығармаларында черкестер тақырыбын қозғап, олар өздерін «қазақпыз» деп атағанын баяндайды (Шығармалар. VI том 19 б. Алматы. 1964 ж.).      Қазақ Совет энциклопедиясында құрамына черкештер де кіретін алшындықтарға мынадай анықтама беріледі: «Алшын–Кіші жүз құрамындағы Байұлы, Жетіру, Әлімұлы сияқты үлкен рулардың негізі болған тайпа. Алшын туралы деректер ертеден бар. Ежелгі мекені–Алтай. 10 ғ-да А-дардың бір бөлігі қыпшақтармен бірге (Қаңлы құрамында) батысқа қарай аттанып, Египетке дейін барған; онда Мысыр билеушілерінің қызметінде болып, мамлюктер әулетінің үстемдігін орнатуда айтарлықтай роль атқарған. 10–12 ғ-да Қырымдағы қыпшақ, комон, печенег арасында А-дар көп болған. 1214 ғ-да А-ның кейбір рулары Ноғай ордасының негізін қаласқан. Кейініректе олар қазақ халқының негізгі құрамы есебінде белгілі болған. А.Ұрпақтары татар, башқұрт және Орта Азия халықтарының құрамында да бар» (Қазақ Совет энциклопедиясы. 1 т. 311 б. Алматы. 1972 ж.). Бұл дегеніңіз, алшындарға қатысты жоғарыда келтірген деректемелеріміздің растығын қуаттайтын энциклопедиялық ғылыми тұжырымдама.

Шежіре зерттеуші Алшын Серік өзінің «Ұланақ» атты Кіші жүз қаракесектері шежіресінде «Алшын» атауының шығу тегін төмендегіше түсіндіреді: «Жолайы «Алшын» атауына келсек, ол «Алтай» сөзінің диалекті түріндегі синонимдік нұсқасы болуы ғажап емес. АлтайАлтау, қазіргіше Ал тауы деген тіркес екенін ескерсек, АлшынАл шыңыАлтай екені ешбір қарсылықсыз мойындатар шындық. Негізін топонимнен алатын бұл этномин, Алшын тайпасына бірігіп жүрген (Жетіру тайпасы кірмейтінін ескерген жөн) қазіргі Кіші жүздік рулар бір кездері Алтайдан ауған рулар екенін әйгілеп-ақ тұр.

Бұған М.Тынышпаевтың «История казахского народа» еңбегінің (1993 жыл. Қазақ университеті) «Материалы к истории киргиз-казахского народа» мақаласының «В. «Младшая Орда» тарауының «10. Алчыны» бөліміндегі топонимикалық мысалдар толық дәлел. Біздің ойымызша алшындардың ауу мезгіліТүркі қағанатының құлауымен тұс па тұс уақыт. Ал, әңгімені тереңдетсек «л-ға» тілі келмейтін Қытайдың «ашын» («аш-ин») деп жүрген жұрты да осы АлшындарАлтайды мекендеген жұрттарАлшындар болатын» (Ақтөбе. «Арсенал» баспа үйі. 1990 ж. «Рух» газеті. «Рушежіре»). Олай болса жоғарыда келтіріп отырған деректеріміз құрамында кіші жүз ру-тайпалары бар қазақтар тарихының IV ғасырға жататындығын тағы бір растап кетеді. Сондықтан черкештердің таулықтар емес, біздің он екі ата байұлына кіретін шеркештермен туыс, түбі түркі қандас бауырларымыз екендігін баса айтып кеткіміз келеді. Әйтпесе, олармен қоғамдық тіршілігі, салт-дәстүрі ортақ Қазақия қауымдастығында кезінде бірлесе өмір сүруіміз неғыйбыл емес пе еді.

Сөздің реті келіп тұрғасын айтқымыз келеді, атақты Бейбарс өзі мен Ибн Халдун жазған «Қыпшақтар шежіресінде», мәселен, өзін қыпшақтың брж-оғлы руынан шыққанмын дейді. Араб зерттеушісі Аль-Айни де өз жазбаларында осыны құптайды. М. Тынышпаев жоғарыда аталған мақаласында зерттеуші Л.Будаговтың «берж»(«брж») сөзі тобыл татарларының тілінде қайыспас, берік деген мағынаны, ал «бурудж» сөзі «қорған» деген ұғымды береді дейтінін, ал қазақ тілінде «берш» деп дененің қатқылданған жерін айтатынымызды жазады. Ғалым зерттеуші Леп-Пуль-Стенлидің египеттік мәмлүк сұлтандарының екі әулеті болды, 1250–1390 жылдар аралығында «бах-ри»(«өзен»әулеті) және 1390–1517 жылдар аралығында «бурджи»(«қорған» әулеті) әулеттері билік жүргізді деген деректеріне сүйене отырып, «Выше мы видели, что подводная скала на р. Томи названа «буриш». Кстати заметим, буква «ш» в словах восточных тюрок обычно переходит в «дж» у западных тюрок (например, у осмнлисов). Из сопоставления указанных слов надо думать, что наименование династии «буруджи» произошло не от слова «башня», а от рода «бердж» или «берш». Это вполне потверждается вышеуказанным показанием султана, что он «происходит от «брж» или «берш», тюркского народа», -дейді. Ұзын сөздің қысқасы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні–аты аңызға айналған әйгілі мәмлүктік Мысыр билеушісі Бейбарстың (1223–1277ж.ж.) да осы Алтайдан қоныс аударған аты алты алашқа мәшһүр болған атақты алшынның тілге тиек етіп отырған беріш руынан екендігін еске сала кету.

Шежіре зерттеушісі Жарылқап Бейсенбайұлы жоғарыда аталып кеткен өз шежіресінде араб жазушысы Аль-Айнидің деректеріне сүйене отырып, жасы 57-ге келген Бейбарсты улап өлтірген Қалауын сұлтанның да қыпшақтардың Берж руынан екендігін айтып кетеді. «Зерттеушілердің айтуынша Бейбарстың ата-тегі де сол Қазақия өңіріндегі Дербент маңынан, Үстірт, Еділ, Қаратеңіз аралығын жайлаған қыпшақтардан. Ол он жасқа келгенде елі шапқыншылыққа ұшырап, өзін моңғолдар итальян көпестеріне сатыпты, олар оны әрі қарай Мысырға жөнелткен. Сол жерде мәмлүктер жасағында тәрбиеленіп, өзінің әскери дарыны, қолбасшылық қабілеті арқасында мемлекет әміршісіне дейін өседі. Осы ретте Берж әулетінің билігінен кейін Египетті олармен туыс черкестерден (шеркештерден) шыққан мәмлүктер биледі),-дейді ол әрі қарай. Бұл Бейбарстың: «Мен қыпшақтың Брж-оғлы (берш-ұлы) руынанмын»,– деген жоғарыда айтылған дерегіне сай келеді. «Осы орайда алшындар, оның ішінде беріш атасы Қыпшақтың бір сынығы деген дәйектердің де түп-төркіні қылаң бергендей болады»,– дейді шежіреші, жазушы. Егер Алтай айналасы мен Дешті Қыпшақ жерінің бір шеті кезінде Еділ, Жайық, Қара теңіз аралығын жайлаған бұрынғы Қазақияның құрамына қараған болса, алшынның беріші қыпшақ жұртының ортасына қалыңырақ, тереңірек еніп, қоныс аударғанда өздерін олардың бірі деп санап кетуі, біздіңше, таңқаларлық жайт емес, заңды құбылыс. Көп қашанда көптігін жасаған да, ал азшылық өзін олардың құрамында әрқашан солардың бірі деп санап отырған.

Қазақия мен оның құрамына кірген ру-тайпалар жөніндегі деректерді ауыз әдебиеті үлгілерінен де табуға болады. Мәселен, халқымыздың Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез сынды айтулы жампоз ақын-жырауларының аузынан төгілген төмендегі жыр жолдары соның айқын айғағы дерлік.

«Тегінде ноғай-қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір» , – деген, сондай-ақ,



«Алаштан қазақ тараған,

Ноғайлыға қараған.

Жауға алдырмай ноғайлар

Бір-біріне жараған.

Ноғайдан қазақ бөлініп,

Үш жүз болып тараған»,– деген

өлең тармақтары қазақ пен ноғайлының кезінде бір одаққа бірігіп, бір қауымдастықта болғанын, бірақ түрлі себептермен бұл одақтың кейін ыдыраған кезін сипаттайды. Осы орайда, шежіре зерттеушісі Жарылқап Бейсенбайұлының кіші жүздің ішінде сақталып қалған «Ноғайлы-қазақ» («Ноғайты») руы сол Ноғайлы мен қазақ ұлыстары ажыраған шақта қазақтардың арасында қалып қойған ноғайлының бір атасы деген болжам, байламымен де келіспеске болмайды.